Ерзат Асылұлы. Жоңғария сағынышы

Е.Асылұлы - жас ақын. 1989 жылы өмірге келген.

Өлеңдері ел іші-сыртындағы мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады.

 

Жоңғария сағынышы

Жоңғария,

Құдіретті жастанып ап құлазиды құмды алап,

Мұң дария,

Көздерімнен құлап ап,

Құшағыма ап, ағыл-тегіл жылап ап,

Сосын кетем сонарларға жол тартып,

Ғасырлардан құпияңды қуалап.

 

Болсын саған Тәңір таудай анам жар,

Қасіретке қайыспайтын далам нар.

Жүрегімде жүйткіп көшіп барады,

Қарлы дауыл қаңбақ қылған замандар.

 

Тораңғының тозаңы,

Толқын-толқын жырларымның ғазалы,

Ежелгіден қалған ерлік елестер,

«Еркін аспан» көгіне қол созады.

Құлан жасын емген құмды төбелер,

Мәңгіліктің мазары.

 

Жаназасы жатыр қанша құмда іздің,

Жүрегімді сағынышқа жұлғыздың.

Күбір-күбір дұғаңды оқып жатсың ба?

Азасына аспанда аққан жұлдыздың.

 

Жоңғария – жұмбақ әлем,

Айта алмаспын тақсіретін тауысып,

Сап-сарала сағымдармен жарысып.

Сарындары сағынышпен табысып,

Көктем самғап кетті саған көк қанат,

Көз жасымды ап ұшып...

Барам сенен тұнған сырды қуалап

 

Естілгенде ескі жырдың сарыны,

Мұңлы әуенге бас ұратын барша қыр.

Тарлан шыңдар, қасіреттер талығып,

Қарауытып жататұғын Хан Тәңір.

 

Қандай ғажап туған дала іңірі,

Өз далаңды өлгеніңше сүй жүрек.

Ымырт кеште тұлпарлардың дүбірі,

Рухымды кететұғын түйгілеп.

 

Тамырында тарих қаны тасыған,

Дейтіндей бір дала дастан жырласын.

Отқа оранып отыратын жас ұлан,

Ойына алып бабалардың сұлбасын.

 

Көкірегін жарып аспан көгінің,

Беу заманның шежіресін безбендеп.

Жер бауырлап келе жатты қоңыр үн,

Ақын сезді, ал пенделер сензген жоқ.

 

Аспан кезіп бара жатты қоңыр үн,

Мәңгі ұлы еткен қорқыт шалдың өлімін.

Нені айтасың?

Құндақтағы сәбиге,

Қоңыр үнге қосақталған өмірім.

 

Жалын жыры, жатар көкпен шарпысып,

Сені тыңдар жалғыз жүрек бар мұнда.

Ақын тұрды ант ішіп,

Тәңір Таудың алдында.

 

Баба таулар батаңды бер дұғалап,

Дала менің дастанымның жыр тілі.

Барам сенен тұнған сырды қуалап,

Ілінгенше ғұмырымның кірпігі.

Жарық жұлдыз өлімі

 

Құшағыңа құндақтап ап түн ана,

Ұйықта ұлым, ұйықта дерсің жылама.

Мызғата ма жүректегі жұлқыныс,

Жаза көрме, күнәға!

 

Аңсап жатам алыстағы аспанды,

Аспанды аңсау ақынға емес астамдық.

Көкжиекке көп телміре берем мен,

Көкжиекте мен аңсаған бостандық.

 

Қараңғы түн, қашан жетем ғашық таң,

Көк жүзіне, жолақ-жолақ шашып қан.

Кенет ағып бара жатты бір жұлдыз,

Өзін-өзі өлтіруге асыққан.

 

Жарық жұлдыз өлімі...

Жүрегімді жалғыздыққа теліді.

Секундттардың сыртылымен жатқандай,

Ажал күнің, қоңырауың соғылып.

Жүрегіңді толқытып жатыр мұң мұхит

(Мұрат Шаймаран ағаға)

Кет жасындар жүрегімді оспалап,

Жет ғасырлар құпияңнан аш парақ.

Сенің жұмбақ жинағыңды жастап ап,

Мұңыңды оқып, сырыңды оқып жатырмын,

Кірпігімді мөлдір-мөлдір жас тарап.

Жүрегіңде толқып жатыр мұң мұхиттың толқыны,

Ал, кеуде іші сағыныштың дастаны-ақ!

Сұлу аспан, сұлу дүние көркіне,

Жүрсің бе аға, мас қарап!

 

«Еркін аспан» мені елітіп барады,

Тым құса мұң ақын жаны жаралы.

Тамып тағы, көз жасың боп іркіліп,

Бокалыңа тұр тұнып,

Ғазалыңның шарабы.

 

Ұстата ма,

Арман – тұлпар шылбырын,

Соны айтуда керуен күннің сыңғыры.

Дала жатты күйге елітіп өзгеше,

Құлағымда сан ырғақтың тұрды үні.

Бара жатты ғалам шарды тербетіп,

Бөрілердің ұлып салған түн жыры.

 

Маған ерен ерлік айтар сол үнді,

Маған өктем өрлік айтар сол үнді,

Сол үн айтты тегімді,

Менің жаным сол бір үнге телулі.

 

Ғасырлардан, аман қалған ажалдан,

Шайырлары жыр оқыды ғазалдан.

Оның әрбір ырғағына тыныстап,

Жылап жаттым уыстап,

Сар даланың топырағын бозарған.

Мен де сендей жан жарамды жаза алман...

 

Ғазал жырлар жерден бе, әлде көктен бе,

Уақытты басып озып жеткен бе?

Ажалдардан аман қалған ғазалдар,

Мәңгіліктің гиміні боп кеткен бе?

Жалын жанар, жалын мәңгі жанар тау,

Прометей алауындай от кеуде.

 

Айтшы ақыным, Ата Қорқыт тірі ме?

Кім жақты шам қара аспанның түбіне?

Ажал қалған арқанына байланып,

Кеткен бәлкім айналып,

Қыл қобыздың тіліне.

 

Аңғарамын алып таулар асқар-ақ,

Уақыт айтар кімді ұлы қып тастамақ.

Ақын үшін, нағыз бақыт –

Жырлау және жырлану,

Онсыз оған бұйырмайды басқа бақ.

Кет жасындар жүрегімді оспалап,

Жет ғасырлар құпияңнан аш парақ.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: art.eubank.kz