- Негізгі бет
- Поэзия
- Ертең жұрт басқа...
Ертең жұрт басқа жылды қарсы алады
Санаулы сағаттардан соң есігімізді қағып Доңыз жылы кіріп келгелі тұр. Массагет порталы келе жатқан жаңа жылмен оқырмандарын құттықтай отырып, жаңа жыл туралы топтама өлеңді назарларыңызға ұсынады.
Басқа жыл
Ертең жұрт басқа жылды қарсы алады,
Тамашалап, күй тартып, ән салады.
Би билейді жастар да, кәрілер де,
Ұмыт болып жыл бойы шаршағаны.
Жайылған ақ дастарқан - ақ көңілдер.
Әжелер, балалар шат, шат келіндер.
Бәріңе айтатыным - бір-ақ тілек,
Бәрің де бақ көріңдер!
Бақ көріңдер!
Ертең жұрт қарсы алады басқа жылды.
(Тұрса екен тұман баспай аспанымды.)
Ертең мен түні бойы ұйықтамаймын,
Ұмытамын сырқатты, баста мұңды.
Басқа жыл келгенінше жер бетімен,
Құшақтап Дүниені тербетілем.
Ертең мен барлығынан айығамын,
Бір сүйіп Жаңа күннің келбетінен.
Бүрсігүні басқа жыл басталады.
Шал тұрар,
Қырау-қырау қас-қабағы.
Пенсияға шығуға таяды қарт,
Тағына отырғызып жас баланы.
Мұқағали Мақатаев
Жаңа жыл түні
Ақ жұлдыздар тойлап,
Ақ аспанда ойнап
Асығады жерге,
Жаралғандай ардан,
Ақ көбелек арман.
Қырдан қырға зулап,
Сәбилер жүр шулап,
Жарысып пәк желмен.
Пейілге нұр сеуіп,
Шаңғыларын теуіп.
Шатыққа ән қосып,
Алақанын тосып,
Шыршалар тұр әне,
Мейірім сыйлап миға,
Көктен қонған сыйға.
Сыймайтұғын сөзге,
Көрінбейтін көзге.
Тек Аллаға аян,
Ақ әлемде жарық
Бақыт бары анық.
... Жаңа жылдың күні,
Жаңа үміттің тіні.
Сол бір бақыт кірсін,
Бүгін әрбір үйге –
Жырылмаған күйде.
Маралтай Райымбекұлы
Жаңа жыл түні
«Алақай, бүгін Жаңа жыл келеді,
Жаңа жылды күтетін түн келеді».
Жұрттың бәрі біртүрлі қуанышты,
Кеуделерін осы ой кеп үрлегелі.
Ауыртпалық жиналып... кететіндей,
Жылмен бірге бір бақыт жететіндей.
Аспан жақтан нұр саулап түні бойы,
Ертең дүние өзгеріп кететіндей.
Е, Алла, кезек келіп, Ай, Күн аман,
Жақсылыққа дастархан жайдыр әмән.
— Аяз ата келеді! — деп қызым мәз,
— Білем, ол — Орал аға... — дейді балам.
Мәз болып қонақтың көп келгеніне,
«Жаңа жыл кеп жайғасты төрге, міне,
Тек қар жоқ. Жаңбыр жауып...» — дейді әйелім,
...Е, шүкір, ол да Алланың бергені де.
Жаңа жылдың таңы атты...
Лезде тіпті,
(Шүкір, таңның атқанын көз көріпті).
... Баяғы таң.
Тіршілік сол баяғы...
Иә, айтпақшы, күнтізбе өзгеріпті:
1 қаңтар 2010 жыл.
Бауыржан Бабажанұлы
Т. Раушанұлы