- Негізгі бет
- Поэзия
- Ертай Ашықбаев: "Алматының...
Ертай Ашықбаев: "Алматының тәтті еді... Күзі... Мұңы..."
Ертай Ашықбаев 1956 жылы 24 сәуірде Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Бабатай ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Темір аудандық «Жұмысшы туы — Рабочее знамя», Торғай облыстық «Торғай таңы» газеттерінде қызмет істеген. Венгрияда Кеңес Армиясы қатарында екі жыл әскери борышын өтеген. 1983 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргеннен бері облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет істеп келеді, қазір бас редактордың орынбасары. Сегіз жыр жинағының авторы.
Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы және Қазақстан Журналистер одағының Төлеубай Ыдырысов атындағы сыйлықтарының лауреаты. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының құрметті профессоры. ҚР Мәдениет және ақпарат минстрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің, «Шапағат», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медальдарының иегері. Үш дүркін халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің, бірнеше мәрте республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
Назарларыңызға ақынның бір топ өлеңдер топтамасын ұсынамыз.
ЖАРЫССӨЗ
Зор қоғамның, не беделді Кеңестің,
Төрағасы емеспін.
Олай-былай барған кезде, әрине,
Мәшинемен алып жүрмес мені ешкім.
Жазу, сызу — маған қонған бақ, талап,
Дерсіз, бәлкім: «ал, не жаздың, мақтан-ақ».
Әттең, әкем халық жауы болмапты,
Жазар едім бір поэма... ақтап ап...
Қозы бақтым. Үйрек бақтым. Қаз бақтым.
Ғашық болдым — тарттым сонда аздап мұң.
Диссиденттік маған қайдан бұйырсын —
Үкіметке қарсы өлең жазбаппын.
Жаза қояр дерек таппай мүлде мен
Қиналамын. Жиналыста үндемен.
Алматыдан кетіп қалғам ертерек —
Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен.
Брежнев, асыл задам, құрметтім,
Сізді... және Қонаевты үлгі еттім.
Өкілімін ду қол соққан дүрмектің,
Мен — күріштің қасындағы күрмекпін.
Жиналыста көбеңсиді көңілім,
Маған назар аудармайды көп інім.
...Жарыссөзде айта салар ерлігі
Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.
КӨКТЕМ. ҚҰСТАР
Бұл қыста да озық жұртқа теңелмей,
Мемлекет абыройын төксек те,
Күн жылынды —
Сенбеймін бе, сенем бе, ей?
Табан тиді көк шөпке.
Жердің үсті, обалы не, құлпырды,
Жылытайын тоңып қалған күлкімді.
... «Кешіріңіз, біз осында тудық» деп,
Келіп жатыр кеткен құстар былтырғы.
Рұқсат та сұрамай,
Қонып жатыр — бұ қалай?
Тағы қашып кетер ме екен бұл құстар
Желтоқсанда алағай да бұлағай?
Тағы да сол ақ қар, көк мұз тайғақта,
Бұларсыз-ақ мінеміз бе қайратқа?
...Көктем жайлы өлең жазу қызық-ақ,
Шіркін, біздің аймақта.
Қонды құстар... жек көрдік пе оны біз?
Ұя бұзып кірленген жоқ қолымыз.
Сендер емес келгендердің алды-арты,
Үйренгенбіз.
...Құстар, уа, қоныңыз!
ТАҢ
Жұлдыздарын жинап болды Ай мақтап,
Жапырағын сілкіп қойды жайлап бақ.
Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе,
Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап.
Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді,
Дем алмайды тіпті жел мен желкемі.
Демалып-ақ жатыр жалғыз амалсыз,
Анау үйдің жұмыста жоқ еркегі.
Жатпағанда... қайда бармақ, не істемек?..
Әйел байғұс бұрқылдайды кешке кеп.
Ұясынан Күн шығып тұр ұялып,
Еш пендеге көрсете алмай еш көмек.
Жасырғысы кеп тұр көзін бұлтпенен,
Күн шыққанда шаттанбайды жұрт деген.
Жаңбыр тілеп жаутаңдайды аспанға,
Көңіл-әйнек кірін ешкім сүртпеген.
Бүгін жаңбыр жаумайды ғой — белгілі,
Елдің майдай ерімейді терлігі.
Тек тарихқа жаңа беттер қосады
Базардағы әйелдердің ерлігі.
Айтылмайды түйіні бар сөз әлі,
Тек көліктер бір-бірінен озады.
Тез қартайған жеңгелердің өңіндей
Ақтөбенің асфальттары тозады.
Бола қоймас төтен хабар, тосын жай,
Бір күн өтер еш жаңалық қосылмай.
«Өзің біл, — деп, — тұрмасаң да, тұрсаң да»,
Ақтөбеге таң келіп тұр осындай.
АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ
Курстастарға
Сол кеткеннен, әйтеуір, шешпедім бел,
Көп сортақты біледі кешкенімді ел,
Біледі кейде жел боп ескенімді ел,
Енді сәл дес беріңдер.
...Алматыны... сол жылы... бұл менен де...
Алып қалып едіңдер... не істедіңдер?..
Күндіз кімдер жүреді біздей қалқып,
Біздей балқып жүреді кешке кімдер?
...Маң-маң басқан әнеу бір кербездердің
Көкейлерін неліктен теспедіңдер?
...Альбомда қандай сурет сақталыпты,
Түседі оңашада еске кімдер?
Мына жақта жүрегім жүз ұлыды,
Алматының тәтті еді... Күзі... Мұңы...
Көп еді аңқау аға, қызық іні,
Әрине, көркем еді... Қызы... Гүлі...
Алматының сол сәнін тартып алған —
Өмір деген ақылсыз бұзық ұры.
Солай ма, құрметті М.Талдыбаев,
Солай ма, қадірлі М.Ізімұлы?!
Ашылмайды, әйтеуір, күн қабағы,
Бұлақ бастан осылай бұлғанады,
Осылайша дүлділ күн ұрланады.
Біз көрмеген біреулер тепсінеді,
Біз көрмеген біреулер бұлданады.
...Біздер кезген бақтарға кім барады?
Алматының мөп-мөлдір жылғалары
Жүрген жоқ па шілдеде құрғағалы?
Құм астында көміліп жатыр ма екен
Біздің шашпа қыздардың сырғалары?
...Сол кеткенде... сол жылы... бұл менен де...
Алып қалып едіңдер бұл қаланы...
Мұңайғаным болмаса күзде кей күн,
Мен сендерді аса көп іздемеймін.
Бір бөрікке сыймайтын бір басымда
Кесірлігі бар, сірә, жүз кедейдің,
...Ақтөбенің шаттығын үзбегей күн.
Мынау Күләй ханымның мойнындағы
Жоғалмайтын ақ моншақ тізбедеймін.
...Сондағы... алып қалған Алматыңыз...
Қайырлы бола берсін Сізге деймін.
БІР ӘҢГІМЕ
Ұсынылған жоқ бізге де төр бірден,
Көп тірлікке өзімді өзім көндіргем.
Ойыл — мынау,
Қиыл — анау,
содан соң...
Алматыны көргім келді,
көрдім мен.
Ерте солып біздің жақта бүлдірген,
Бөлісуге жарамады құрбыммен.
Бақша — шағын,
көше — шолақ,
әрине,
Алматыда жүргім келді,
жүрдім мен.
Қызыл-жасыл гүлге толып кетті іргем,
Көп таныстым ылғи жаңа тек-түрмен.
Күндер болды көкірекке леп кірген,
Түндер болды аздап азап шектірген,
Шуақ анау,
көз жасымды кептірген.
Мен —
Ақтөбе өлкесінің өзені,
Алматыдан кеткім келді,
кеттім мен.
Алматыңыз сол еді,
Енді, міне, ертіп келіп көнені,
Аспан неге мазалайды,
о, мені,
Бұлттар неге ұсақ тамшы төгеді,
Жұлдыз неге бірте-бірте сөнеді?
Бір сынық мұң түрткілейді,
төнеді,
Мен білмеймін,
не сұрайды ол менен?
...Ай, жөн еді Алматыны көрмеген,
Алматыға бармағаным жөн еді.
БӨЛМЕЛЕСТЕР
Есік ашық шыққанға, кіргенге де,
Бес азамат тұрамыз бір бөлмеде.
Қиялымыз сияқты бесеуміздің
Бес құрлықты айналып жүрген кеме..
Студент кезгі өлеңнен.
Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, бөлмелес!
Өткен дәурен өздерің ғой, өңге емес.
...Поезд жүрді. Іш өртенді. Сөнді елес.
Қалды Алматы төсек қабын тартқылап,
Бөлме қалды енді біздер төрлемес.
Мұңайды ма көрікті таң, көрме-кеш,
Біздің көңіл енді неге шөлдемес?!
Еш жан енді дәурен кешіп біз болып,
Алматыны ешкім біз боп өңдемес,
Аяқталды заңды сапар, зор кеңес,
...Сол — біз едік, өңге емес. О, бөлмелес!
...Бізді басқа таң оятты... Күн батты...
Одан соң да... О, зырлапты, зырлапты...
Беу, қайда жүр күндеріміз қымбатты?!
...Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, біздерді
Мынау өмір әркімдерге ұрлатты.
...Көптен бері кешпедік қой гүл-бақты,
Неге біздің тірлігіміз тым нақты,
Анау қыздар қолын неге бұлғапты?..
Бөлмемізге кірейікші... баяғы...
Іздейікші сол баяғы... жұмбақты...
Бір, екі, үш, төрт... және мен... О, бұл — бізбіз,
Қарсы алмай тұр неге сол бір құндыз қыз?..
Титықтапты түнгі сейіл, күндізгі із,
Ояныңдар, басқа емеспіз, бұл — бізбіз!
Орал, Көктем! Құшағыңа кіргіз, Күз!
Үндемейсіз. Оу, кешегі жырмыз біз.
...Ай, біз, сірә, қайта ашылмас есікпіз,
Ай, біз енді жана алмайтын Жұлдызбыз.
Біз — құрлыққа шыға алмайтын Кемеміз,
Бір, екі, үш, төрт... және... шексіз Мұңбыз біз.
ЕСКІ ЕЛЕС
Мен деген —
үнсіз ғаламмын,
Қоштасқам дүрмектеріммен.
О, не деп тұрсыз маған, Мұң,
Не істеуге міндетті едім мен?
Тоқтадым ескі өлеңіме,
Білмеймін,
қанша аялдаймын?!
Сүймеймін ештеңені де,
Әрнені аңсай алмаймын.
Мен деген —
көктем емеспін,
Сөйлейтін асқақ үнменен.
Мен —
зулап өткен елеспін,
Елеспін басқа мүлде мен.
Жүрмеймін күліп құрбыммен,
Мен —
егде құрметті елеспін.
Күюді ұмыттым мүлдем,
Сүюге міндетті емеспін.
Жоғалды сәруар елес,
Күз келді.
Келеді мұз-қар.
Ол менің шаруам емес,
О, менде нелеріңіз бар?..
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағат, massaget.kz, Vk.com
Н. Айдархан