Ершат Қайболдин: "Мен қыз іздеймін..."

Ершат Қайболдин, 1993 жылы мамырдың тоғызыншы жұлдызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, Қайыңды ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық айтыстардың, жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Ершат жазба ақындықты жастайынан жанына серік етіп келеді. 

Маралым...


Доғарамын бұл сезімді шарқ ұрған,
Жоғаламын арнап саған сан түрлі ән.
О, Маралым, келінісің басқа үйдің,
Орамалың дәлел оған тартылған.
Жүзігің алтыннан.

Жүзіммен бал тұнған,
Қызумен шарқ ұрған.
Алтыным,
Бармаймын іздеп артыңнан.

Жоламадың, жүрдің менен жырақта,
Жоқ амалым, шыдау керек сынаққа.
Бола аламын мен де өзгемен бақытты,
Оған арым жібермейді бірақ та.
Сен маған кінә артпа.

Кеттің бе жыраққа,
Жеттің бе мұратқа?
Алтыным,
Тек үнің қалды құлақта.

Ораламын десең егер сәріде,
Жоға, жаным, құшақ ашық әлі де.
Үйленді деп сен де мені сөкпессің,
Сүйген жүрек кешірімді бәріне.
Бәріне, бәріне.

Қосамын әніме,
Тосамын әлі де,
Алтыным,
Өмірдің сенсіз мәні не?


 

Мен қыз іздеймін...


Мен қыз іздеймін...
Үзіліп-ақ тұратын сызылып-ақ,
Иманды болу керек жүзі бірақ.
Бойынан ойы биік қыз іздеймін,
Тілі қысқа, етегі ұзынырақ.

Мен қыз іздеймін...
Көп көзіне түсуге ұялатын,
Мені ғана жүрекпен сүйе алатын.
Әке-шешем мақтанып қонағына,
"Мынау менің келінім" дей алатын.

Мен қыз іздеймін...
Әңгіменің айтатын шын-айқынын,
Жындылау мінезіме шыдайтұғын.
Мені біреу жамандап отырғанын,
Естіп қалса еңкілдеп жылайтұғын.

Мен қыз іздеймін...
Біреудің байлығына қарамайтын,
Мендегі бар нәрсені бағалайтын.
"Ерім ғой" деп алдымда бас иетін,
Өзін менен ақылды санамайтын.

Мен қыз іздеймін...
Жүректе Алла, аузында тәубасы бар,
Араласа бермейтін дауға шұбар.
Жоқ нәрсені іздеу де қиын екен,
Бірақ, бар да шығар...

 

Алып арманым... 


Жаным, ардағым,
Алып арманым.
Сезімімді сен неге қабыл алмадың?
Өмір өтер, менің де табылар бағым,
Қалауымен болады бәрі де АЛЛАНЫҢ!!!

Жаным, жарқыным,
Сабырлы алтыным.
Мен өзіңсіз өмірде жарым-жартымын.
Сенсіз сыздап таппайды қабырғам тыным,
Көрмейсің бе Жаныңның сағынған түрін!

Жаным, жыр-әнім,
Лағыл-бұлағым,
"Бақытым" деп мен сені бағым қыламын,
Өткен күннің қу жүрек сағынды бәрін.
Өзің келіп жұбатшы жанымды, Жаным!




Сен де өкінбе...

"Мені ұмыта алмайсың" - деме, Күнім,
Шаттығымды қалайша жеңеді мұң?...
Сен күліп, мен мұңайып қоштасқанда,
Апырай, өкінгенмін неге бұрын?

Ал бүгін ойламаймын сені мүлде,
Көлеңкең де қалмапты көңілімде.
Есімің де дәл қазір есімде жоқ,
Болмаған секілдісің өмірімде.

Мен енді бақыттымын, солай Күнім,
Сол қалпында баяғы өр айбыным.
Маған ғашық сұлулар көп болса да,
Саған ғашық болғанмын қалай бұрын?!

(Ол кезде сен де қырсық, мен де қырсық,)
Көзімнен жас құласа желмен ыршып.
"Өткінші махаббатқа өкінбе" деп,
Еркелетіп алатын жеңгем ұрсып.

Өткінші өміріңе сен де өкінбе,
Ешқандай мұң болмасын келбетіңде.
Менің де құқығым бар бір аруды,
Бақыттың құшағында тербетуге.
Тең-теңімен емес пе жер бетінде?!

Дайындаған:Жасұлан Исакаев

Суреттер: vk.com, massaget.kz, blogtime.kz