- Негізгі бет
- Поэзия
- Ернімде - әлемнің...
Ернімде - әлемнің шөлдері...
Құрметті оқырман, бүгін біз белгілі ақын Жанна Елеусіздің шығармашылығынан сыр шетрпекпіз. Әдеби әлемде псевдонимі Жанна Ғалам деген псевдониммен танылған ақынның "Мен көктемнен сұрап өтем кешірім..." деген атпен жыр топтамасы біздің сайтта жарық көріп те үлгерген. Ол ЮНЕСКО ұйымдастырған ұлы Абайға арналған республикалық мүшәйраның лауреаты. Осы уақытқа дейін "Мен сүйетін Дүние", "Тіршілік трилогиясы" сынды кітаптарды жарыққа шығарды. Өлең мен өмірді егіз көрген ақын ақ айдында жүзген аққудың сырын білетіндей, күрең күзде кәрі ағаштан сусып түскен сары жапырақтың мұңын білетіндей... Ол сергелдеңге түсіп сенделген сезім құлдарының ішкі жан дүниесінде сайрап жатқан сырды айтқысы келеді. Ол ұғу қиын әйелдің сан қақпалы әлемін жырлайды. Әрбір сөзі мен ұйқасы бірін-бірі үйлестіріп тұратын ақынның поэзиясы әсемдікке толы. Ендеше жүректен шыққан жырларды сіз де жүрекпен оқып шығыңыз, оқырман!
Авеста
...Сені көргенім - Түс.
Түс - әлі...
Біреу тойлады - мені өлді... деп.
...Гүлдер қурағанда -
дәндері ұшады.
Көрісіп қалуға - соңғы рет...
Дала махаббаты!
Неткен Жетім ең!..
Үзе алмай тағдырың шылбырын
тұрады - Сүйе алмай бетінен!
Құша алмай бір - бірін...
Күн, маған өзіңдей Төзім бер!
Түн - алдайды айтып.
Жаным шашылып қалатын Жол жайлы...
Қалада, көшеде өсетін сезімдер
дәл мендей Сағынбағасын да - солмайды...
Түсіне ешкім де, ештеңе кірмейтін
Гүлдер, сендерге бөтенмін...
Жел
қауызын мен жаққа үрлейтін
Тағдырды үнсіз күтумен - өліп кетермін...
Сені көргенім - түс.
Түс әлі...
Сенбе, айтса сол біреу - мені өлді!.. деп.
Гүлдер қурағанда - дәндері ұшады.
Көрісіп қалуға - соңғы рет...
...ммм?
...Білмедің бе?
Мен - мұңды шығармын?
Жолдасы - күндізгі шердің.
Сырласы - түнгі Құсаның...
Жатың еш бола алмас едім!
Тыңдай ма ақылды - санаң?
Дүние ортаға алса да сені.
Мен әлі Жақынмын ба - саған?..
Сұп - суық Ой салды мұңым.
Жылаған -Жаным еді...
Сөйлеспей қойсаң да (бүгін...)
Сағынасың ба әлі мені?..
Күз - бізден көшірген несін?
Күрсініс. Кіл жетім өлең...
Жауымның кешіргем өшін!
Жақынымды - ренжіте берем...
Жолдасы - күндізгі Шердің.
Сырласы - түнгі Құсаның.
Сен сұрап білмедің бе?
Мен - мұңды шығармын...
Қош...
...Ұқпайтын не деген Жан едік!
Шықпайтын не деген Жан едік...
Шеңберден.
Мен жоқпын жерлерде - сен жүрген.
Сен жоқсын жерлерде - мен жүрген.
...Екен ғой менсіз де көп Қайғың!
Екен ғой көп күнің - жылыған.
Мен енді
тағы бір Ғасырға - тоқтаймын.
Тағы бір Жүз жылға - тығылам...
Бүгінгі бұйырған бес күнім
болады біреуге - Өмірдей.
Көзге ілмей Ұлы - ның ешбірін!
Ал,өзім.
Кетемін - Көрінбей...
Мұңымды жасырам - көнерген.
Мұңымды жасырам - басталған...
Жанымды сезесің Өлеңнен!
Жанымды көресің Аспаннан...
Жұрт, мейлі, өршітер өсегін.
Жүректі жүр дейсің сақтай кім?..
Мен енді
тағы бір Ғасырға - көшемін!
Тағы бір Жүз жылға - аттаймын...
Қазіргі бұзуға болмайтын
қорғандар - жеңілер түбі!
Сен.
Әзірше - қасыққа толмайтын
бір Гүлдік ғұмырды түгесем...
Ернімде - әлемнің шөлдері.
Ғарыштың әуені - тынысым.
Кездескен Ғасырда...Бір күні...
Сүйетін боласың Сен мені -
сүймеген осы Жүз Жыл үшін!..
Дат
...Сағыныш!
Сары түс - Әлдиің.
Қоңырым - Қорғаным. Азабым...
Мені - олар Оқиды сәәл кейін.
Мен - қәзір Сен үшін жазамын...
Сен үшін Тауымнан түсемін.
Шығамын үйренген Үңгірден.
Жанымнын жан бұзбас Шебін
тарқатып,сөгемін бір - бірден...
Жинаған жүгімді шешемін.
Ішемін Жер - Ғұмыр шалабын.
Керегі жоқ маған көшенің...
Мен өзім бір Үлкен Қаламын.
Қаламын - қаңғыбас Айдағы.
Тағдырым Жерге әкеп байлады.
Ішімді бір Өлең - жайлады!
Түсімді бір Адам - жайлады...
Тас болып көрінем алыстан!
Мас болып көрінем - алыстан.
Бір Адам - Жақыным,себебі...
Бір Өлең - Жақыным,себебі...
...Сағыныш!
Жіберме Ғарышқа!
Мені олар Оқиды - сәәл кейін.
Мен - әәлі Жазғым келеді...
Көрейін...
...Күлкі сұрап.
Жүрегіме қол салып...
Әлем мықты - мені қайта жасардай.
Мен - жәй кунде қуансам да соншалық!..
Жымиюдан...отырамын аса алмай.
Көңіл тілер
жадыратар, жақсартар -
Кешті қайтем?..
Керегің жоқ, Тереңдік...
Өмір - менен адам жоқтай басқа артар
мұңды тегін бере сапты... Өлең ғып.
...Өзім деп ем! Ол да бүгін -
өгей үн...
Өксіп, өксіп алғанымен...ӨР- ішім!
Сілкіп Түннің жамылғысын...көрейін?
Сусып түссе қойынынан бір Сыңғыр…
Сен - Дауыстап күліп алшы, мен үшін...
Ең...
...Ең Ұлы Сөз жазылды.
Ең Сүйікті адамға...
Ең Терең көр қазылды.
Ең Нәзікке - ғаламда...
Ең Қорғансыз тілектің
Ол - не Жауы. Не Бауыр...
Ең Аяулы жүректің
үнсіздігі - еең Ауыр...
Ең аппақ Ар алдында
бар - не Бақыт...не Тұзақ...
Ең Жазықсыз жанның да
ажалы екен - еең Ұзақ...
Кім білген Күн не дерін...
Түн шошытты түрімен!
Ол өлтірсе - өлемін.
Ол тірілтсе - тірілем...
Постскриптум
Өмірдің көрмесінен
жұлып ап Ғұмырымды
Кетсем ғой!
Ахматова бөлмесіне...
Өзімдей – түні мұңды.
Өзімдей – мұңы Жынды!..
Ажарлы аз ба мұнда?
Қызықпа!
Қаламаймын...
Мен – Өлең жазарымда
айнаға қарамаймын!..
Бір Күш бар!
Көтереді...
Құласаң,құла! Түспей...
Мен – жазбасам кетер еді
бір Қыз – жылап іште...
Жақын да. Жат қабақ та.
Шат. Шерлі шақтар – ұлып!..
Түседі ақ параққа
Ғұмырым ақтарылып!..
Төсінен Тоғыз көктің
Ай болып жарылыппын!
Адамды – көөп іздеппін!
Алланы – сағыныппын...
Шомылган Ар жасына.
Шоқылған қарғасына –
Орыстың Аннасы ма?
Қазақтың Жаннасы ма...
2
Ғашыққа толы ғалам.
Әйел боп – жаралаймын!..
Қаламды қолыма алам.
Айнама қарамаймын...
Өмірдің көрмесінен
жұлып ап ғұмырымды
кетсем ғой!
Ахматова бөлмесіне...
Өзімдей түні мұңды.
Өзімдей мұңы – жынды...
Жан еді Ол жалынды! Асқақ!
Менің де мұңым батыл!
Суретін алып тастап.
Бейнемді іліп жатыр...
Билейтін.
Билеген де
Тағдыр ғой!
Кеш келемін.
Эх!..
Сені сүймегенде!
Білмеймін... Не істер едім?..
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер ақынның жеке мұрағатынан және picswalls.com сайтынан
А. Әбілхан