Ернағыз Жанатқан: Мына әлем, мына күз, сіз болып сөйлейтін сияқты

Ернағыз Жанатқан: Мына әлем, мына күз, сіз болып сөйлейтін сияқты
Фото: Жеке мұрағатынан

Ернағыз Жанатқан2001 жылы 29 қарашада Шығыс Түркістан облысында дүниеге келген, 2008-2019ж Алматы облысы Жамбыл ауданы Дегерес ауылында Оспанхан Әубәкіров атындағы орта мектепте білім алды, қазіргі таңда Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогика институты филология факультетінің 2-курс студенті.

***
Мен сезген, сен көрген бақыттың,
Мезгілмен өштесіп несі бар.
Мехнат көрсемде ғашықпын,
Мен жазған өлеңді есіңе ал.
 
Жапырақ көңілім, жалқылық,
Жүзінде бағытсыз тамшы мұң.
Жаныңды жемейсің аһ ұрып,
Жағымсыз ән салар әншімін.
 
Сүйем деп айтам да, жек көрем,
Сен күткен үмітті елемей.
Сұмдық бір жаныңды өппеген,
Сүреңсіз бақытың телегей.
 
Алдыңа баруды жат көріп,
Арланып барама күз көңіл.
Алланың әмірін хақ бөліп,
Асырап алған жоқ бізді өмір.
 
***
Мына әлем, мына күз,
Сіз болып сөйлейтін сияқты.
Сіз болып күледі,
Сіз болып тық басып жүреді,
Дегенмен дәл сіздей,
Соқпайды жүрегі.

Тал терек біткеннің бәрі де,
Сіз болып билейді.
һәм сіздей тік өскен,
Олдағы дәмелі, сұлулық дейсің ба?
үлестен,
Немесе біз сынды,
Тағдырға ұтылды күрестен.

Оңтүстікке ұшатын құстардың,
бәрі де, сіз болып сайрайды.
Сіз болып қағады қанатын,
Көшеде кезіккен адамдар,
Сіз болып сұрайды сағатын,
Дәл сіздей бағдарсыз.
ең жарық жұлдыздай,
жарқ етіп,
содан соң ағатын…
 
***
Қоңыр кеште, шошайып отырып,
Хат жазсам болама сізге арнап.
Содан соң жанымды опырып,
Гүл құрап берсем бе қызғалдақ.
 
Қанатына іліп жіберсем дедім,
Сіз жаққа ұшқан құстардың.
Хат оқыр қызың күні ертең келін,
Жанымнан сен де тыс қалдың.
 
Сап – сары жапырақ дегенің,
Сізді еске салады сылдырап.
Сағымға алданам, еремін,
Арамыз тым жақын, тым жырақ.
 
Қоңыр күз, қоңыр көз, қоңыр мұң,
Қалтырап қағынған қоңырлық.
Өлең боп шашыңда өрілдім,
Ал жарың емеспін өмірлік!
 
***
Көмескі ойдан, көлеңкеңді іздеп,
Көңілге медет болар деп.
Сен айттың содан көлеңкем күз деп,
Жармасқым келді оған кеп.
 
Жармасқым келді, жапырақтарға,
Жарыса түстім жаңбырмен.
Сен жайлы сұрап ақымақтан да,
Ақымақ болып қалдым мен.
 
Содан бәрінен,оңаша қалып,
Сырласқым келді,
Сырды ашқым келді сыңарға.
Өзіме өзім орасан налып,
Шақ қалдым сірә, сынарға.
 
Ал кешқұрым…
Құшағым да ай тербеліп,
Қабағымда қоңыр мұң,
Қанатыма қайта өң беріп,
Қиялыңда, қиялымда көмілдім.
 
***
Сол үстел, баяғы ақ парақ,
Хабарсыз һәм жұмбақ дерегің.
Ай өтіп барады апталап,
Сен жаққа барғысыз өлеңім.
 
Сол үстел, баяғы көк сия,
Бұлыңғыр елесі бейнеңнің.
Сеніде біреуге қосты иә?
Етегін жұлқылап жейдеңнің.
 
Сол үстел, баяғы отырыс,
Ой бүрлеп барады санада.
Үздіге, қарайтын өкініш,
Кетті ұшып, сен тұрған қалаға.
 
Сол үстел, күнәсіз бейкүнә,
Қоңырқай жақтауы мұң кешіп.
Мен сені, түсінем дейтін ә?
Ақынмен, үн-түнсіз тілдесіп.

Т. Раушанұлы