- Негізгі бет
- Поэзия
- ЕРНАҒЫЗ Жанатқан:...
ЕРНАҒЫЗ Жанатқан: "Алматыда өз бетінше жылайды қиылыстар"
Массагет порталы жас ақындарды қолдап шығармашылығын жариялап келеді. Бүгінгі жыр-қонағы талантты жас ақын – ЕРНАҒЫЗ Жанатқан. Ол қаншама азулы ақындарды түлеткен Шығыс Түркістанның тумасы. Көктемде жас дарынның өлеңінен оқып, поэзия мен табиғаттан нәр алыңыз.
***
Мәңгілік көктем
Ооо,жасаған!
бәйшешек кірді түсіме, өткенде менің
сағынып жүр-ау, тәйірі, көктемде мені
асықпа қарғам,
иә, күні ертең көктем келеді
құшады сосын біздерді, құмарын басып
аққұба келген бір ару, бетпердедегі
ертіп апарар мүмкін,бөктерге мені
оның дауысы- қылдан да нәзік
естісең ғой, шіркін
естісең, төккенде лебін
(тек сен, жек көрме мені)
мен оған, бәрін айтамын
жүрегімді,қып—қызыл өрт кернегенін
жырларымды,жып—жылы от кеудедегі
бәәррін,бәәррінн...
құс қанатымен ілесе келген
"көктем аруы"
жақында сосын, мың есе бермен
езіліп менің, өкпе—бауырым
қарай берейін, үздігіп
кел, екеуміз,көктемнің тілінде сөйлейік
жапырақ, тыңдасын,
ееууу, менің мұңдасым әм сырласым
сен жайлы жырлауға, жетеді бір басым
алақай, құстарға қарашы
сүйретіп келеді,сарша күз ұрлаған сұлбасын
олар, менің жанымда қалады, тіпті бір ғасыр
мүмкін, бұл көктем мәңгілік
яки, менің құрдасым
ақпанның, сарышұнақ аязын,мерт қылып
сағыныш гүлдерін,гүлзәрдің төсіне бөктіріп
—қош келдің!
МӘҢГІЛІК көктем
April, cәуір айы
Арпалысқа түседі, жан ұдайы,
Ерте есейіп кететін “қызғалдық қыз”
Сол біз үшін қуаныш, әрі уайым,
Тек, жыл құстары келмеді демесеңіз,
Біздің жақта бәрі бар, бәрі дайын ,
Бәрі дайын, көктемнің нөсері де,
Тентек желі, естісі,есері де,
Жармасады жағаңа әумесерлер,
Жібергісі келмейді есе мүлде...
Аспан жақтың хабарын алып ұшып
Жыл құстары, келеді неше күнде?
Қызғыштары, аққуы, бұлбұлдары,
Жетім көлдер жылайды,тұлдыр маңы.
Жұбатуға ешкім де үйретпеген,
Қатігездеу қаланың тұрғындарын.
Қанып ішіп, мөп-мөлдір тұнығынан,
Көзімді алмай, тамшының қылығынан ,
Өткен күздің жанарын көлегейлеп,
Көктем қыздың асылып бұрымына.
Өлең оқып берейін, мезгіл саған,
(сонда кереметпін),
Қанатындай жұп-жұқа көбелектің,
Қайран көңіл, қайда әлгі елең еткір?!
Жан нұрына жылынып бар әлемнің ,
Жаңбырыңа келеді ере кеткім,
Содан кей-й-йін,
Жанарларда мөлдіреп,тамшы ғұмыр
Кірпігіне қонады,жан сыры дүр,
Бәрі өзеріп кетеді, белгілі ғой,
Десе де, дәл осылай,
осылай қалсын іңір.
ӨЛЕҢ.ЖАР
Мен үйлендім
Үйлендім жырға сұлу
Керемет ә?!
Мөп—мөлдір мұңға сіңу
Маужыраған даланың құшағында
ғажайып қой, онымен ымдасуым,
Ымдасуым, содан соң қырға шығу...
Ол бар да, нұр да сұлу
Мұң да сұлу,
Маған ғана сыйлайды күлкілерін,
Маған ғана береді, күллі ашуын.
Осы менің тоқалым, бәйбішем де,
Өзің қорған боларсың, байғұс ерге.
Шіркін, сенде мұңлықтың сыңарысың,
әйтпесе, бокалмен түйістіріп қайғы ішерме ең?!
Ағайын ем, естіңмен, есеріңмен
Сүю жайлы,кеш білген, кеше білгем
Жақұтымды құрайын, неше жырмен?
Бақытымды сұрайын, неше гүлден?
... уай,құр елес!
Мен емес ем, жаның да,кеше жүрген
Үйлендіріп қойғалы мені қашан
Келін ал деп айтпа енді, Шеше мүлдем!
Таңбозында
Самиян самалға еріп, сергелдең мұң
маңдайымнан соғады,солқ еткізіп
содан соң сенделемін
сенделемін
күйімді ұғып көрсеңші сенде менің...
мына ессіз түн, білген жоқ күні кеше
тық-тық басып,тық басып сен келерін,
келген жанның білмей дал, ел дерегін
содан болар,
қуанып қарсы алған жоқ ешкім сені
қуанып қарсы алған жоқ, жеңгелерім...
сен келіп кет, содан соң іңір келер
жарасындай сенімнің іріңдеген
оған қиын,
жүрегімнің ең ауыр жүгін берем,
жалбарынғым келеді жесір айға,
жолменен жүргіз деймін сүрінбеген,
бар ойымды, содан соң айға ұшырам,
жұлдыздар хат күтеді бүгін менен,
...таңбозында құлаймыз жер бетіне ,
өзім тағы жұлдыздан бұрын келем.
Алматы. Қар
Кеше, Алматыға
ақшамда қар жауды ғой
үмітке үдірейіп таңданды үрей
көңілдің перделерін түріп тастап
тереземнен құлады таңнан бір ой,
уа, ақ ұлпа!
сендер жақта білмеймін қандай екен,
біздің жақта адамдар аңғал, дүлей...
Содан, жанымның бүршіктерін дірдектетіп,
жапырақтың жүзінен құрмет кетіп,
аспаннан ақ сәлделі періштелер,
келеді қырбақ-қырбақ дүрмекті ертіп,
Білесің ғой,
тоңдыруға аяздың күй құштар,
бой көрсетпес аспаннан, жиі құстар,
өңмен қаққан, өңім де күйініш бар,
менің жаурағаным да шаруасы жоқ,
Алматыда
өз бетінше жылайды қиылыстар...