Ерлан Жүністің «Ұлт болмысы» сыйлығына ие болған өлеңі

Жақында поэзия және проза жанрлары бойынша «Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік ел – тұрағым!» атты байқау өз мәресіне жетті. Байқауды республикалық патриоттық, әдеби-танымдық «Ұлт болмысы» журналы мен Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы бірлесе отырып ұйымдастырды.

Қазылар алқасының шешімімен 1 000 000 теңгелік «Ұлт болмысы» сыйлығын, яғни, бас жүлдені Ерлан Жүністің «Жалғыз сөздің өмірі» атты туындысы жеңіп алды. Аталған шығарманы Массагет порталының оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жалғыз сөздің өмірі

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады
Ахмет Байтұрсынұлы

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!
Қол емес, қызыл тілім кісенделуі...
Мағжан Жұмабаев

Ұлт жаны – жұмбақ жалғыз сөз. Сөз – ой, сөз – дерек,
Өмір дейтін де шығар-ау соның өрнегін:
Айтуға адам туғанын қанша сөз керек,
Қанша сөз керек айтуға адам өлгенін?
Қандай сөз айтар жаңа дәуірдің келгенін,
Қай сөзде тұрар – заманның жұмбақ болмысы,
Қай сөзде тұрар – болмысы жұмбақ пенденің,
Қандай сөз екен – сөз біткендердің арлысы,
Қандай сөз екен – ұлы даланың жарғысы?!
Мағынасыз бүкіл нәрседен мәні де өзгерек,
Сол жалғыз сөзді жаныммен іздеп, аңсап ем!
Өзгерту үшін әлемді қанша сөз керек,
Өзгерту үшін бір сөзді керек қанша әлем?
Болашақ, саған жолданар ертең әр сәлем,
Келешек, сендер айтатын ертең әр ұран,
Жас өмір, саған қалатын мұра –
Мен сенем! –
Сол жалғыз сөздің жаралатындай жанынан,
Сол жалғыз сөздің нәр алатындай қанынан!
Жаңа әлем ұлы сөздерге мағына беруде,
Жаңа әлем ұлы сөздерге мүсін қоюда,
Сөздерде – мұрат, арман да, үміт, сенім де,
Сөздерде – қайғы, қасірет, шер де, уайым да,
Аңыздар айтып ұлы сөздері жайында,
Тергеуге алып, салады бірін тезге көп,
Қандай сөз керек бір ұлтты мәңгі жоюға,
Құтқару үшін бір ұлтты қандай сөз керек?!
Құтқару үшін бір ұлтты қанша сөз керек?!
Көтерді сөздер заман мен адам күнәсін,
Қылмысын барлық мойынына алды ғасырдың,
Тағдыры үшін ұлттардың сөздер жыласып,
Қара жер үшін, о, қанша сөздер асылды?!
Сөздердің жүзін қара топырақ жасырды!
Зұлымдықтардың ашады қай сөз түнегін,
Сүртеді қай сөз, жас әлем, сенің жасыңды?
Сол сөзді іздеп жартасқа соғып жүрегін,
Жалғыз сөз үшін ақындар өмір сүреді!

***

Қаған сөз қайсы, қараша жұртты қаратқан,
Асқақ сөз қайсы, аспандап мені шалқытқан,
Бекзат сөз қайсы, бойынан нұрын таратқан,
Сұлу сөз қайсы, сиқыры бойды балқытқан,
Батыр сөз қайсы, баһадүр бабам зор тұтқан,
Жалын сөз қайсы, жанары от боп қараған,
Ақын сөз қайсы, замана жанын толқытқан,
Биіктеу туған бескүндік біздің санадан,
Сөз іздеп келем – көретін өзін әр адам!
Сөз деген айна – айнадан нені көресің,
Даланың жанын, адамның жанын, о, нені?
Жоқ, әлде зулап өткен замандар елесін,
Балбал тас болып бұйығып тұрған көнені,
Тастағы қына секілді шер мен шемені,
Айқай далада адасып қалған көшті ме,
Қайраңдап қалған уақытта тағдыр-кемені,
Иен бір өлкеге еге боп тұрған Есті ме,
Жүректі ме, әлде қан беріп тұрған Дештіге?
О, нені көрдің, көрсетер нені сөз саған,
Ескі сөз – ебі желіндей болып тұр есіп,
Сөздер де тозар, тулақтай болып тозса адам,
Сөздер де түлер, көк тудай болып түлесе ұлт!
Ұл ғана емес, ұлт үшін сөз де күресіп,
Арыстан сөздер ақырып кешер майданды,
Бірі өліп, бірі от болып лаулап, бірі өшіп,
Ал бірі – қанжар секілді еді қайраулы,
Ал бірі – садақ секілді еді сайлаулы.
Ұлыстың көзі секілді сөзде от бар ма,
Қылыштың жүзі секілді сөзде қан бар ма,
Аттың жалында атой сап жүрген шақтарда,
Алдаспан сөздер жеткізер еді арманға!
Ешкімнің ұлтты хақысы жоқ-ты қорлауға,
Ешкімнің бізде ақысы жоқ-ты алатын,
Алдаспан ұлдың жанынан артық ар барда,
Жалғыз сөз керек – бәрін де сақтап қалатын,
Жалғыз сөз үшін кешеді ғұмыр бар ақын!
Жалғыз сөз қайсы? Жалғыз сөз қайда – ұлт жаны,
Сәбидің алғаш іңгәлап айтқан сөзі ме,
Кейуананың күрсінісі ме жұрттағы,
Өлімнің дағы тік қарап тұрып көзіне,
Маңдайын тосып тағдырдың барлық тезіне,
Сөзі ме батыр ерлердің айтқан ақырғы,
Есесі кетіп екіжүзді мен езіне,
Сөзі ме әлде ашынып айтқан ақынның,
Сөзі ме әлде опынып өлген от ұлдың?!.

***

Ұлттардың барлық күресі – сөздер күресі,
Тарихы сөздің – тарихы бүкіл ұлыстың,
Өмір я өлім! Жоқ одан басқа үлесі,
Арасында тұр қаламы менен қылыштың!
Сөздерден шыққан, сөздерден туған ұлы ұшқын,
Жанарларына от беріп барлық халықтың,
Сен үшін бәрі, сен үшін, ұлы тыныш күн,
Қаһарынан да сескенбеді олар алыптың,
Қақпасынан да тайсалмады олар тамұқтың!
Қазаққа біткен сөздердің бәрі – ұлы еді,
Сүтпенен келіп, сүйегіне оның сіңетін,
Кей-кейде биік ағаны көріп, білерім:
Ұлы сөз айтар, болмаса үнсіз жүретін.
Бұл мінез – текті ұлт мінезінің сыры етін,
Далалық ұлы үнсіздік! Үнсіз қалғаны –
Қырдағы жатқан қазақтың ашық үні етін.
Даналықтың да осында ма еді, бар мәні,
Осында ма екен қазақ сөзінің салмағы?!.
Бір сөзбен жауды, бір сөзбен дауды тоқтатқан,
Бір сөзге өзі кезегі келсе, тоқтаған,
Баласына да бір ғана сөзді жаттатқан,
Бір ғана сөзді жүрек түбіне сақтаған,
Бабаларыммен, даналарыммен мақтанам!
Өзінен сөзі қымбат тұрады олардың,
Қымбат та сөзін арзанға балау жат маған!
Биігін көріп бір-ақ сөзінің бабамның,
Өзім де кейін үнсіз жүретін боп алдым!
Сөздердің ұлы күресі қашан басталды,
Басталғанда ма алғашқы қазақ өмірі,
Бұлт шалғанда ма алқаракөгі – аспанды,
Бос қалғанда ма бұйыққан жұрттың көңілі,
Сатылғанда ма үміті менен сенімі,
Күрескер қаған қашағанда ма тасқа оны,
Қабылан хандар айтты ма сөзді ең ұлы,
Бектерді әлде алаңдатқанда ма бас қамы,
Билердің, бәлкім аласарғанда ма асқары?!
Сарбаз боп сөздер, сап түзеп, мұздай құрсанды,
Қара жер дағы қуатты сөзден тербелді,
Қара тас дағы қуатты сөзден жұмсарды,
Қуатты сөздер шайқады шалқар көлдерді,
Жалғыз сөз ғана ұлысқа рух, дем берді,
Ұйқыға кеткен тауларды олар тұрғызды,
Тұрғызды олар ұйқыға кеткен ерлерді,
Арыған ерді алшаң бастырып жүргізді,
Ақ ордаларға аға ерлерді кіргізді!
Ұйытқыған дауыл секілді кезді даланы,
Толассыз жауын секілді құйды санаға,
Абадан сынды алысып өлер жаралы,
Алапат толқын секілді ұрар жағаға,
Шайқасты сөздер, айқасты сөздер,
Шарана
Шыр еткеніндей жаңа бір күнді шақырып,
Бабаның рухы берілгеніндей балаға,
Ақынның сөзі секілді от боп оқылып,
Арыстан ердің аузынан шықты атылып!

***

Өзінен бұрын ел едік сөзі жаралған,
Өмірдің сыры кем еді қазақ білмеген,
Самұрық сынды ұшушы еді әр арман,
Тобылғы сынды үміті оның гүлдеген,
Көңілде – әні, көкейде – күй де, тілде – өлең,
Далада тұлпар, аспанда сұңқар ойнаған,
Сал менен сері секілді өмір сүрген ем,
О, менің бекзат, о, менің бейқам, бай далам,
Қара да басың қағандай еркін жайлаған!
Өзіне өзі хан еді, өзі бас еді,
Ақынды еді, батырлы еді, әулиелі,
Ешкімнен оның қайтып көрмеген меселі,
Ешкім де келіп баса алмаушы еді кеудені,
Өзімен өзі, сөзімен сөзі әурелі,
Самарқау ғана күй кешуші еді сөз де енді.
Кім білген бір күн өтерін осы дәурені!?.
...Зарзаман қалай талайыңа бұл кез келді,
Қалайша бәрі, қалайша бәрі өзгерді?!.
...Байырғы жұрттан бір аңыз қалған, әпсана,
Бір батыр жайлы, суға да салса батпаған,
Отқа да күймес, ажалсыз екен атса да,
Ол батыр жанын басқа бір жерде сақтаған,
Жанынның орнын айтушы ма еді жатқа адам?!.
Қазақ – сол батыр, өз жанын тілге жасырған,
Қаймықпас содан қандай бір жаудан қаптаған,
Айылын жыймас ата дұшпаннан ашынған,
Атойын салып, алапасын да асырған.
Бұл ұлы дала – бір биік тілдің даласы,
Түркіден қалды түмен тіл, түбі – қазақта,
Асқақ бір жұрттың ағайындасқан баласы,
Түркіден қалды түмен ел, ділі – қазақта,
Алқалап тұрған ақ таулар, шыңы – қазақта,
Арыстан ер көп, қазақта еді – алыбы,
Аяулы жар көп, іштегі сыры – қазақта,
Қалың сол жұрттың қазақ даласы – төрі ұлы,
Ал қазақ жаны – тілінде, тілде – тамыры!

***

Тұтқиыл келген дауылдан дала шошынды,
Тұтқынға түсті, тұтқынға түсті тілі оның,
Айдауға салып ардақтап келген асылды,
Байлауға салды бекзат та әзиз жүрегін!
Кім тыңдар оның аманат арзу тілегін,
Кім таңар енді тағдыры салған жараны,
Кісендер қиған көрсетіп елге білегін,
Қызыл вагонда – қызыл тіл кетіп барады,
Қара көлікте – қара өлең кетіп барады!
Тергеуге салды әр сөзді, әр сөз – жазалы,
Әр сөздің – қара абақты болды мекені,
Сонау бір маңнан естілді дауыс азалы,
Сонау бір тұстан шынжырдың даусы жетеді,
Бірінен бірі бар ма еді сөздің бөтені?
Бір сөздің бір сөз көтеріп алып сүйегін,
Сүйеді зарлап, басқа енді олар не етеді?
...Ал, анау жақта көтеріп көкке иегін,
Жарықшақ даусы саңқылдап жатты жүйенің:
Тектілік, байлық, батырлық? – бәрі айдалсын!
Кедейлік, шаруа, жасықтық? – қайта сайлансын!
Еркіндік, мендік, егелік – бәрі атылсын!
Бодандық, топтық, тобырлық? – таққа отырсын!
Аманат, мирас, ата жол? – бәрі қамалсын!
Салт-дәстүр, тарих, әдебиет? – олар қаналсын!
...............................................................................
Тек жалғыз сөзді, бір сөзді қазақ бермеді,
Сот жүрмейді оған астында мынау аспанның,
Ұлт болып қазақ ұйысқалы сол көргені –
Айтқаны сол сөз дүние есігін ашқан күн,
Жасырды оны жүректеріне жастардың,
Жасырды оны бесігіне кеп баланың,
Жасырды оны әр түйіріне жас қанның,
Жасырды оны жаулығына кеп ананың,
Жасырды оны жусанына кеп даланың!
Кеудесі ұлттың – қабірі болды сөздердің,
Сезілер еді кітаптар иісі өрт көрген,
Өзгеше тағдыр кешкені жоқ-ты өзге елдің,
Бәрінің жаны, бәрінің жаны дерттенген,
Бәрі де іштей, бәрі де іштей серт берген –
Жанынан артық жалғыз бір сөзге – киелі!
Бодандық күйін, басқаға көз қып шерткенмен,
Орнында тұрмас ойнақшып оның тиегі,
Ал, жаны тартқан жалғыз күй – басқа күй еді!

***

Халықтар тағдыры – алмасқан мезгіл секілді,
Бір маусым мәңгі тұрмайды оның басында,
Жетілер сөздер – баладай кеше кекілді,
Жарқ етер сөздер – айналу үшін жасынға!
Тік қарап сосын самарқау мынау ғасырға,
Ұйқыға кеткен мыйларды олар оятар,
Жаңа бір сөзді, жаңа дәуірді ашуға!
Келместей болған келешек күнді таятар,
Әлем картасын сан алуан түске боятар!
Тарихты сөздер жасайды! Тарих тұлғаны!
Тұлғамен бірге туады сөздер – жаңарған,
Даланың байтақ, даланың биік ұлдары,
Қарсы алып тұрар сөздерді аман оралған,
Қарсы алып тұрар сөздерді кеше жоғалған!
Сөздермен бірге оралады екен адамдар,
Айдалған, кеткен, атылған, жаны тоналған,
Сөздермен бірге жаңғыратұғын санаң бар,
Жаңғырады екен, жаңарады екен замандар!
Атылған сөздер, сатылған сөздер ақталды!
Серпілді тағы, сергіді ұлттың кеудесі,
Сызаты қалған жүрекке өткен шақтардың,
Жарқырап түсті кісілік, ерлік сәулесі!
Жарқырап түсті батырлық, өрлік сәулесі!
Сарқырап ақты сергек саналар бұлағы,
Кеудесі ұлттың – күрескер сөздер көрмесі,
Көрмеде ұстап келешек күннің шырағын,
Жап-жас балалар, жап-жас балалар тұрады!
Аралап көріп, меруерт сөздер тізбегін,
Ғажайып сөздер қағанатына ендім мен,
Ендім де жалғыз бір сөзді ғана іздедім,
Жалғыз сөз – мені сүйдірген, мені сендірген!
Жарасы әлі жазылмағандарын көрдім мен,
Көрдім мен әлі кетпеген сөзді сызды мұң,
Көрдім де бәрін, сертімді бұзбас бердім мен,
Сөздерді сақтап тұратын сарбаз – біз бүгін!
...Жалғыз сөз қайсы?
Жалғыз сөз – Тәуелсіздігім!