Белгілі ақын Ерлан Жүністің бір топ жаңа өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Тыныш дүние
Тыншымаймын. Тыным таппан мен тегі,
Түскен емес тағдырымның желкені.
Дамыл таппай кеземін де жүремін,
Дамылдаған мынау байтақ өлкені.
Жердің жүзін ой қанаты айналдым,
Жұлдыз құштым, күнді көрдім, ай бардым.
Кеземін де жүрем мыңжылдықтарды,
Кезегінде жүрем ұлы ойлардың.
Күнге қарай бұрғам баста-ақ бетімді,
Күн түбіне мұрат еткем жетуді.
Қас-қағым сəт тынып қалсам қимылсыз,
Бүкіл əлем тұрып қалар секілді.
Ең бір ұлы ырғақтарға құштармын,
Ең бір ұлы ырғақтардан күшті алдым.
Жолаушылар қалмауы үшін сапардан,
Қанаттары талмауы үшін құстардың,
Жұлдыздардың сөнбеуі үшін жарығы,
Гүлдерімнің сембеуі үшін тамыры,
Мен бір ұлы ұмтылуды тудырам,
Тудырамын бұлқынуды жəне ұлы!
Менің сұлу армандарым өр кезде,
Аттанамын, атанамын елкезбе,
Бір сəтке де жұма алмаймын көзімде,
Бір жаманат болмауы үшін сол кезде.
Үндемеуден сақтап қалды сөз мені,
Жүрегімде – заманалар безгегі.
Мен бір ұлы қозғалыстан жаралғам,
Жердің шары жаралатын кездегі.
Еркін жүріп, ерек ойлап ержетіп,
Жүріп келем, шығып келем өрге тік!
...Жер бетінде бір тыныштық туғанда,
Отырармын тыныштықты тербетіп.
Даңқ
Ақын да бір ел еркесі,
Еншісі елден бөлінбейтін.
Даңқ – таланттың көлеңкесі,
Күн түспесе көрінбейтін.
Шыққан күндей өлең келсе,
Кейде сыймай кең өлкеге,
Біреуіне көлеңке ерсе,
Бірі ереді көлеңкеге.
Өмір өтер, өлең қалар,
Кеш пе, мейлі, қалды ма ерте.
Қыранда да көлеңке бар,
Құрқылтайда бар көлеңке.
Қол ұстасып қыз-арманмен,
Жүрдік талай,
Қыз – арбайды...
Көлеңкесі ұзарғанмен,
Кісі бойы ұзармайды.
Артар азап, артар қайғы,
Жырақтар күз, жырақтар қыз...
Көлеңкелер қартаймайды,
Қайта алмайды бірақ жалғыз.
Көлеңкесіз жарық қана,
Күнге болар кім көлеңке?!
Көлеңке бар табытта да,
Сол көлеңке – шын көлеңке!..
***
Уақыт баяу... тез өтеді,
Жылап аққан жылға сынды,
Бізді жылдар сөз етеді,
Сөз етеміз біз ғасырды.
Қандай еді парқы, білсең,
Біле алмасаң - сорың дағы.
Өмір деген - жарты күлше,
Жетім ұлдың қолындағы.
Бəлкім соны көз етеді,
Оң мен теріс – ызба сынды.
Бізді жылдар мезі етеді,
Мезі етеміз біз ғасырды...
Келері – жұп, кетері – тақ,
О, не деген бейқам адам?!
...Жан жұмбағы – көне кітап,
Соқыр ойың сипалаған.
Ана жайлы ең жақсы сөз...
"Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді,
Ана жайлы...
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.
Ана жайлы - қара жердің төзгені,
Ана жайлы - уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.
Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты,
Тауды,
Көлді,
Ай сəулесін,
Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.
Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!
Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені -
Ана жайлы айтқан сөзі болады.
Ана жайлы - кең дүние - бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде -
Ұлым, сенің есімің!..
Қарөлең
(триптих)
1.
Əппақ қар,
Аспаннан қалықтап келеді,
Бұлттан да биік бір əлемнен.
Ол соған сенеді –
Сенем мен!
Сенеді ол,
Күтер деп бір адам,
Бір адам – сенетін арманға,
О, мейлі ол таза емес күнəдан,
О, мейлі ол ақ емес қардан да,
Бір адам – үмітке сенетін,
Көнетін, сол үшін, көнсе де,
О, мейлі ол кітаптай көне тым,
О, мейлі ол отызға келсе де.
Сенеді ол,
Күтер деп көз ілмей,
Өзіндей, жүрсе де қай маңда,
О, мейлі ол жабайы – сезімде,
О, мейлі ол ақымақ – ойлауда.
Бір адам – сенетін жаңаға,
Келетін жол кешіп қаншама,
О, мейлі ол ұқсайды балаға,
О, мейлі, ол ақын болса да.
Əппақ қар,
Шалықтап, қалықтап келеді,
Періште тұратын əлемнен.
Ол соған сенеді –
Сенем мен!
2.
Ақ қардың,
алқызыл жүрегі болады,
Сұлудың жүрегі сыңайлы,
Сондықтан кейде олар тоңады,
Кейде олар сондықтан жылайды.
Жап-жасыл жаны да болады,
Шайырдың жанындай шалдыққан,
Сондықтан кейде олар жаралы,
Кейде олар ериді сондықтан.
Бар оның аспан түс жанары,
Сəбидің көзіндей арайлы,
Сондықтан бəріне ол жауады,
Сондықтан бəріне ол қарайды,
Алалап бөлмейді ешбірін,
Кетпейді ешкімді қалдырып,
Жауады – секілді кешкі мұң,
Жауады – секілді таңғы үміт.
3.
Қалықтап келеді –
Құстардай, көліне оралған,
Ұлдардай, еліне оралған,
сəттердің бəрі үшін жоғалған,
сəттердің бəрі үшін тоналған,
Қалғандар үшін де оралмай!
Келеді,
келеді асығып,
Азырақ тұрады қона алмай,
Азырақ аптығы басылып,
Жəутеңдеп жоқ күткен жанардай,
Кешіккен көп күткен адамы,
Қанаты талса да қона алмай,
Тауларды, көлдерді, даланы
Айналып ұшады əппақ қар,
Өзінің ұясын таба алмай,
Талдарға, шатырға, соқпаққа,
Мүсінге, сымдарға қона алмай,
Сұлудың шашына қона алмай,
Қона алмай қолына баланың,
Мылтықтан үріккен маралдай,
Төсінде дүркіреп даланың,
Ұшады əппақ қар төбеңде,
Ұшады ең көркем сəлем боп,
...Бір кезде қонады өлеңге,
Жауады содан соң өлең боп!
Қарадым
Бір інжу,
Іңкəрлік теңізі түбінде сақталған –
жүрегің,
Шəкірттей, пірінің алдында ақталған
жүрегім.
Пəкзада гүлдері бағында лаладай
келбетің,
Дүниеге ең алғаш таңданған баладай
келбетім.
Парасат аспаны жаратқан бір жұмбақ –
болмысың,
Ғашықтар адасқан ымыртта тұнжыр бақ
болмысым.
Гауһардай - сұлулық перісі қолында –
саусағың,
Иілген сəмбі тал секілді жолыңда
саусағым.
Сағыныш түндерін нұрлы еткен ай сынды
ерінің,
Сол жайлы шексіз бір ой сынды
ерінім.
Мəңгілік сиқырдың тарқамас дуасы –
жанарың,
Сен сүйген əлемнің ең үлкен күнəсі –
жанарым...
Жиырмасыншы қараша
Бүгін күнім босқа өтті,
Сол бостықтан діл де азды...
...Қанша сұлу жас төкті,
Қанша шайыр жыр жазды,
Қаратауға қар түсті,
Қара Ертіске мұз қатты,
Қанша жұлдыз шарпысты,
Қаншама адам дыз қақты,
Тұман басты Алтайды,
Қарт Хазарға кеш кірді,
Жер бір күнге қартайды,
Күн бір күнге ескірді,
Бір елде жер қазылды,
Бір елде ер ашынды,
Жаңа тарих жазылды,
Ескі қабір ашылды,
Қанша тағдыр түйісті,
Қанша жолдар ұзарды,
Бозбала алғаш сүйісті,
Қызбала алғаш қызарды,
Біреу таққа ұмтылды,
Біреу байрақ көтерді,
Бір ауылда ұл туды,
Бір ауылда əке өлді,
Біреу бақыт тілерде,
Біреу қарғысты ойлады,
Оқ атылды бір елде,
Бір елді аштық жайлады,
Бір сəуле ойнап жанарда,
Бір от ойнап қандарда,
Бір тіл өлді аралда,
Бір ұлт өлді орманда,
Менің күнім текке өтті,
Бəрінен тыс қалғаным,
Мені қызық жеп кетті,
Мені, қала, алдадың!..
Сағыныш
Ұлы күндей бір сағыныш бар менде,
Ыстығы оның сезіледі əр демде.
Соның қалай тоңдырарын білсең ғой,
Жүрегімнің домбығарын кеудемде.
"Өлең қалай жазыларын айт" дейсің,
"Жанның қандай назы барын айт" дейсің,
Алапат өрт жүрегімді аяздай
қарығанда - өлең жазбай қайт дейсің?!.
Көк нөсердей сағынышым бар менің,
Жанардан ол жас боп ағар хəлдемін.
Оттай болып жанып тұрып - жаураймын,
Көк нөсерде қалып тұрып - шөлдедім.
Не істе дейсің, айтшы енді, айт емін,
Қара жұмбақ айтшы менің қай теңім?!
Тұнжыраған көзді не етем мені іздеп,
Батылсыздау созған қолды қайтемін?!.
Отты жерде ормандай боп ой қалып,
Ұйықтарға желқайықтай байланып,
Сағыныштан қаша-қаша ақыры,
Барам өзім сағынышқа айналып.
Ерлан Жүністің жырлары және ол жайлы:
Мен бе келген отызға, сен бе келген?
Алғаш рет Қазақстанда "егіз кітап" шықты
"Ерлан Жүніс: Жусаннан қалған жерге Шайыр өсер"
"...Күзге жалғыз барарымды кім білген?!"
"Гүл салған ән" бөлімінен"
"Бұл қалада гүлдер әлі солған жоқ"
"Тебеген тағдырлы емеген арманның иесі"
"Жаза алғам, жазғам, жазықты болғам..."
"Дала - Жүрек"
"Мұңұрған"
"Қызжымиған"
"Ақын, қызға гүлсіз барсаң, не етеді?!"
"Сұлудың мұңы"
"Дәл қазір..."
"Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет"
Сурет: Vk.com, brightsidelive.com, epochtimes.com.tw