Қарашаның жетісі... Бүгін көпшіліктің сүйікті ақыны Ерлан Жүністің туған күні. Өлең оқитын кез келген қыз-жігіттерден бұл ақынды танисыз ба деп сұрай қалсаңыз, ақынның өлеңін жатқа соға жөнеледі. "Арманымен ақ таңына аман жетіп", "көз жасынан биік тұрып үйрене білген" ақынның отбасына амандық, деніне саулық, шығармашылық табыстар тілей отырып, бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Өттім
Алып қала – алаңғасар, аңғал тым,
Алданады қасынан да, досынан.
Марғау бұлттар мағынасыз маңған түн,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Тұрды жігіт, қызды құшып, иіскеп
Шылым иісі сіңіп қалған шашынан.
Мен де талай, бәлкім солай сүйіскем,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Духаналар – жүзім қаны, нан жасы,
Қайрауықтың күйіндей ме, ғасыл ән?!
Көңілімде келер күннің таңбасы,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Вокзал, вокзал… Қайда асығар адамдар?
Мен ғой менің ғасырыма асығам.
Әлдеқайда әлдеқалай қараңдап,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Қаңғыбастар, қайыршылар, кезбелер,
О, арымды қайда апарып жасырам?!
Сезім де өлер, сенім де өлер, сөз де өлер,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Үнпарақтар, қорғандағы жазбалар,
Жарнамалар, жол бойында жосыған.
Бойжеткендер… Нені бұлдап назданар?!
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Тұрғын үйлер – берілмейтін, берілмес,
Көшпес ақын, көше алмайды қосынан.
Мұңлы жырдай тағдырыммен көрінбес,
Өтіп бара жаттым үнсіз қасынан.
Сезбей сезіп, ойсыз тағы ойланып,
Кітаптардан күдіктеніп шашылған…
Бәлкім бәрі бір-біріне байланып,
Өтіп бара жатты ма үнсіз қасымнан?!
Қарашаның жетісі
Туған жерден 26 миль.
Қауыс.
Жұлдыздар ауысқан түн.
Таң.
«Күн
шықты, Сир!»
Рахмет!
Ерек!
Кімге,
Рахмет керек?
Күнге!
Фаренгейт: 19.4.
Жөтел.
Дерт.
Өтер.
«Миледи, кофе қайнатыңызшы».
Бұл күн келді!
Келді Бүгін!
Енді?
Не етеміз?
Бүгін –
туған күнім!
«Сир, кофеңіз...
Коньяк қосылған,
және шылым»...
Шашымнан
сипаңызшы... Күнім!
Ол – менің күнім!
Бүгін
еркелетуіңізге болады, миледи!...
***
Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс қарсы алады,
Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,
Бала сынды қаңғалақтап, алып-ұшып мəз болады,
Қуанғаны - тіпті мені жылата да жаздағаны,
Мені күтіп тұрған сынды жылдар бойы сол бір маңда,
Көшіп келген кезі ме екен Астана ма, Жамбылдан ба?!.
Алатаудан ауған бұлтпен қала ішінде бірге көшіп,
Шаштарына құс ұя сап, иығына гүлдер өсіп
Үлгеріпті!
Үлгеріпті шаттанып та, шерленіп те,
«Балқыбекке бармадық па, Зейіпханды көрмедік пе?»,
(дейді маған, білмей ме екен олар кетіп қалғандығын,
Білмей ме екен ақындарға жалған – екі жалғандығын?!.),
Мəйханаға ертіп барып, масайраған күйге енеді,
«Алматыда қалам – дейді – маған – дейді – үй береді»,
Білмей ме екен талай жылды – талай жырды кешкендігін,
Кешкендігін, өзінің де Жетісуға көшкендігін?!.
Гегель мен Бэконды айтып, «ой мəнісін тапшы» дейді,
Оқығаның – жаман емес, жыр жазғаның – жақсы деймін.
Сұлуларды санап шығып, «ең сұлуын тапшы» дейді,
Сұлулар да – жаман емес, сүйген жарың - жақсы деймін,
Ақындарды тізіп беріп, "ең ұлысын тапшы" дейді,
Ұлы ақындар - жаман емес, жас ақындар - жақсы деймін,
Көздеріме тіктеп қарап, кейін күліп жібереді,
Сол күлкіден еске түсер Лермонтовтың бір өлеңі...
«Ей, данышпан Ерлан Жүніс, пəлі, ғашық Ерлан Жүніс,
Қалған жұмыс – жаман емес, жақсы – деймін – барған жұмыс»,
Мен кетемін, ол қалады, беймəлім не аңсағаны,
Əлденеге тамсанады, əлденеден томсарады…
Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,
Алматыға барсам мені Ерлан Жүніс қарсы алады…
***
Кафеде, жол бойында, портфелім – кітап толған,
Портфелім – жас ақындар ақтарып, жұтап қалған.
Мен, бəлкім, бір ақынды шығарып салдым ба екем,
Мен, бəлкім, бір ақынды қарсылап алдым ба екем?
Мен, бəлкім, жолға шыққан шығармын қауырт, таңда,
Жанымды бір сағыныш құсадай ауыртқанда.
Мен, бəлкім, тырыстым ба, достарға ұқтыруға,
Мені іздеп келе алмаған – тіршілік тұтқынында.
Мен, бəлкім, тап болдым ба бұл кафе – бұл аралға,
Ауыстырып алмақ болып кітапты сыр-аларға.
Телефон қоңырауы… білемін, себеп сұрар,
Мен енді сүйген жарға қайтуым керек шығар…
Бекер
Күндер де өткен, көзін жасырған,
Селт етер біз жоқ сезімге ашылған...
Жаз кешін құйып ішеміз салқын,
Күз дəмі шығар... лимон қосылған.
Қойсаңшы, бұл бір сенімсіздікті,
Біз өмірді емес, өмір бізді ұқты.
Жаз таңын айтып күлгенмен балғын,
Күз кеші сынды... көңілсіз шықты.
Қалтықсыз бағам қозғалысыңды,
Əрбір қимылың – қозғады сырды.
Көңілсіз шықты, қайтейін, көкем,
Жайнаңдасаң да жаздағы сынды.
Байлаусыз, еркін жүргенде басың,
Басқаша еді-ау... мүлдем қарасың.
«Жаз гүлі көп қой жаныңызда əсте»,
Деп, əзіл айтып, күлген боласың.
Іштім бе жазды, іше ме мені,
Бəрібір түске күз енер еді...
Əдемі-ау бəрі... тек əжім түскен,
Қолыңа көзім түсе береді.
***
Туған күн сайын бір толқып қалар көңіл бар,
Айдынға бала тас атып тұрған секілді,
Туған күн сайын бір түлеп алар өмір бар,
Бір құсты тордан босатып тұрған секілді.
Сол бір тас терең жүрекке батқан секілді,
Сол бір құс алыс аспандап ұшқан секілді,
Сол бір тас – өткен, оралмас шақтар секілді,
Сол бір құс келер шақтарға құштар секілді.
Туған күн сайын толтырып кітап сөресін,
Туған күн сайын жаңа бір жейде киесің,
Əлдебір ғажап болар деп үнсіз сенесің,
Əлдебір жанды тағы да үнсіз сүйесің.
Кітапханалар да ортайып бара жатады,
Жейденің тағы күн менен жел жеп матасын,
Сəт сайын дүние қартайып бара жатады,
Өзің де бірге көнеріп бара жатасың...