Ерлан Жүніс: Жусаннан қалған жерге Шайыр өсер

Ерлан Жүніс: Жусаннан қалған жерге Шайыр өсер

Ақын Ерлан Жүністің топтама өлеңдерінен сусындаңыз. 

***

КЕЙДЕ ОЙЛАЙМЫН...

 

Кейде ойлаймын,
Шынымен мен өмірде бар шығармын,
Жапырақ, 
Топырақ па, 
тамшылардың,
Бәлкім, бірі шығармын, жо-жоқ, әлде,
Жай ғана кітаптағы жан шығармын.
Жабыққан, жан шығармын, жаңылысқан,
Үміттен, 
армандардан, 
сағыныштан,
Тұратын өне бойы өмірқұмар,
Мұратын әр ғасырға алып ұшқан.
Құдай-ау, бір шексіздік ой дегенің,
Жүргенің, қарағаның, сөйлегенің,
Шынға ұқсап кетеді, сеніп қалып,
Ғашық болғым келеді кейде менің.
Жоқ, әлде құс па екенмін, гүл ме екенмін,
Өзіме бір таныспын, бір бөтенмін.
Арудың түсіндегі бейне ме екем,
Жарымның ішіндегі мұң ба екенмін.
Мен осы бар шығармын бұл өмірде,
Сонау бір түкпірінде, түнегінде,
Арудың мөлт еттім бе жанарында,
Жарымның лүп еттім бе жүрегінде?
Қоғамның бар шығармын есебінде,
Кезегінде... неше жыл, неше күнге.
Өмір сүргім келеді кейде менің,
Шынымен бар шығармын осы өмірде?!.
Мұңлықтар, 
әулиелердің, 
жолшылардың,
Арманын аппақ-аппақ аршып алғым,
Келеді, 
ей, адамдар, 
айтшы маған,
Мен осы бұл өмірде бар шығармын?!
Білмеймін, қайдан келгем, қайда болғам,
Салдым ба күнге сарай, айға қорған?!
...Мүмкін, ақын шығармын, кім біледі,
Дүние күрсінгенде пайда болған!?.

 

БОЗ 

...Бір жарық мекен байқала ма алдан?
Болмаса, тоқта, мен түсем!
Духаналар мен мейханалардан
Мұңымды ішем,
Дерт ішем!
Алдымнан менің жарқылдап, күліп,
Ақжайнақ қалқа қарсы алар!
Маэстро-дос
Саңқылдап тұрып:
«Шайыр келді!» деп жар салар!
Шайыр келді деп, шарабын құяр,
Қыздың ерніндей шарабын.
Даяшы қыздың жанарында ұяң,
Жалт ете қалар жанарым...
Жалт етер сәуле «өкінбе!» деген,
Үнсіздік - әулие, 
сөз батар...
Маэстро-дос 
«Жетімдер»
менен
«Өкіл әкені» боздатар!..
Қоздатар бәрін, боздайды дүние,
Бозүміт, бозой, бозарман,
Дәл мендей өлең жазбайды дүние,
Мен дүниедей жаза алман!
Жаза алғам, 
жазғам, 
жазықты болғам,
Майына көздің жиі аққан...
Әлемнің мынау нәзіктігі - ардан,
Мықтылығы да - ұяттан!
Ей, сұлу қыздар, оқыңдар өлең,
Іштегі аңсар текке өлер...
Қорықса егер ақындар неден,
Арулар соған тап келер!..
Жетті енді, өшір!
Жарықты да өшір!
Жүдедім,
Жаздым,
Қамықтым,
Сағынғам,
Сүйгем,
Жалықтым, кешір,
Бәрінен, досым, жалықтым!
Жүректің қанын қотарып іштім,
Көтеріп іштім көз жасын,
«Ең ұлы ақын» атанып іштім,
Сенбегенменен өз басым!
Ішпеймін енді!
Мейханалардан,
Алып кет алыс жолдарға!
...Бір жарық мекен байқала ма алдан,
Бір жарық жүрек бар ма алда?!


***

Мен – парасатсыз,

Бұл әлемде махаббат барына сендім,

Адамдардың арына сендім,

Әулиелердің жолына сендім,

Қалалардың жанына сендім,

Таң дұғасын Шығыстан создым,

Түн дұғасын Батыстан создым,

Киесін корғағым келді Сөздің,

Нұрын сақтағым келді Көздің,

Оңтүстіктен ой шұғыласын шаштым,

Солтүстіктен сезім шұғыласын шаштым,

Құрлықтарды аштым,

Теңіздерді бастым,

Жаратушының берген Жырымен,

Табиғаттың берген Сырымен,

Қара тасты да шайыр қылғым келді,

Кара ағашты да биім қылғым келді,

Аш жүректерді тойындырғым келді,

Жалаңаштарын киіндіргім келді,

Бәрінің қасынан табылдым,

Бәріне құрбан шалдым,

Қара жерді жастандым,

Көк аспанды жамылдым,

Өз жүрегім жалаңаш,

Өз жүрегім аш қалды,

Өзім жалғыз қалдым!

...Ең ғажабы, бұл маған ұнайды!

 

КӨЗ ЖАСЫ

Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің

Бұлты ауып барады басымнан.

Мен биік тұруды үйрендім,

Өзімнің

Бір тамшы жасымнан.

Бала-аңсар сағымы ойнаған даланың төсінде,

Кезінде көктемгі жаңбырдың,

Алғашқы көз жасым тамғаны есімде –

Бір тамшы уыты тағдырдың.

О, сонда сезсемші,

Өтемін

Қаншалық азапты боларын төлеудің:

Әлемнің өзгеріп кетерін,

Өзгеріп кетерін өлеңнің!

Бұл дүние тым басқа болатын,

Жас ыршып түскенше жанардан,

Сол бір жас – қара түн,

Ақ нұрдан жаралған,

Тырс етті...

Қара жер дір етті!..

Топырақ болмысы өзгерді:

Өзгертті ол гүлдерді, құстарды,

жүректі...

Сөз де енді

Білсемші келмесін қалпына бұрынғы,

Ауытқып кетерін ғасырдан!

...Үйрендім мен солай биікте тұруды

Көзімнің бір тамшы жасынан.

Содан соң...

Таулар да жылаған,

Дала да жылаған,

Ешкім де болмады себебін сұраған,

Себебін білмеді бір адам.

Олар да өзгерген,

Өзгерген өлеңмен...

...Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден,

Күзетіп келем мен

О, сол бір тұманды жылдардан!

Кешсем де басқа мұң,

Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған,

Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..

ШҰҒЫЛАЛЫ ТҮН

1.

Ұлы бесін. Үмітті шақ.

Жазғы жаңбыр, өтпелі.

Түбіт мұртты жігітке ұқсап,

Толқығаны, не еткені,

бұл көңілдің?!

Тамылжулы,

Жастық әні – жас үміт,

Әлденеге абыржулы,

Әлдекімге асығып,

Келем...

Бір тал, жоқ, екеу ме,

Үш шоқ гүл ме, жоқ әлде?!

Тағдыр бізді тақ етер ме,

Жұп етер ме?

Обал не,

Ғалжа ғұмыр кешпек – күнә,

Сүймек – тағы сүннәттан,

Есіл күннен ес кетті ме,

Босқа өтті ме,

Мың батпан

Мұң көтеріп, жол таба алмай

Жан таба алмай жол сұрар?!

Бұл жолдарды бірге өтерлік,

Бір жан болса, сол шығар,

Деп, келемін,

Тамылжуда,

Жастық әні – жас үміт,

Әлденеге абыржулы,

Әлдекімге асығып...

 

2.

Сам жамырап... самаладай жұлдыздар,

Салқам күйге шомып жатқан шақтарда,

Адамдарды алаламай жұлдыздар,

Алақанға қонып жатқан шақтарда,

Аспан жерге құштарланған шақтарда,

Жер де аспанға сырын ашқан шақтарда,

Айналаға құстар қонған шақтарда,

Ай гүлдері бүрін ашқан шақтарда,

Әрбір сөзден бақыт гүлі бүр атып,

Әрбір демнен сол гүлдердің иісі аңқып,

Бір нәзіктік тұл бойыңды жылатып,

Бір ғажайып ту биіктен күй шалқып,

Тұрған сәтте...

ойды,

мұңды,

төзімді,

Бостандыққа ұшырдым да бір-бірден,

Кеудеме ыстық қыса беріп өзіңді,

Көздеріңнен үнсіз сүйіп тұрдым мен!..

 

3.

Жұлдыздар ауып, жұлдыздар ауып барады,

Адамдар түгіл, айға да «сүй» деп жүргендей,

Қисапсыз шырақ аспанды жауып барады,

Қиссауи ғашық айнала билеп жүргендей.

Тұп-тұнық көздер тұңғиық сырын ашардай,

Толықсып барып, тамып та кетер тәрізді,

Жап-жарық жүрек жалынын әсте баса алмай,

Жарқырап тұрып, жанып та кетер тәрізді,

Албырт бір сезім аңқылдақ тілді сөйлетпей,

Сөйлесем, тілім кесіліп түсер тәрізді,

Шілденің түні сусылдап шәйі көйлектей,

Үстіңнен қазір шешіліп түсер тәрізді,

Шабытты шақта шалықтап тұрып екеуміз,

Жұптасқан күйі жұмаққа кетер ме екенбіз,

Қона алмай бір сәт қалықтап тұрып екеуміз,

Ғарышқа түпсіз құлап та кетер ме екенбіз,

Ғаусар да ғұсни аңыз боп қалып әлемге,

Сүюге бәрін шақырып тұрар секілдім,

Айналып сосын асқақ та ақық өлеңге,

Аспаннан ғана оқылып тұрар секілдім!

АҚЫН-ПОЙЫЗ

Алматы Астанаға жақынырақ,

Арасы – мың екі жүз шақырым-ақ.

Пойыз-дос тамбурында теңселтеді,

Себебі ол менен гөрі ақынырақ!

Арқалап барам – дейді ол – армандарды,

О, мейлі арманынан алданғанды,

Қапыда көз жазысып қалғандарды,

Қайыра, қайта орала алғандарды.

Ал мен ше, мен өзімді бос алдаймын,

Өлеңді өзімменен қоса алдаймын.

Миллионды миллиондарға қосу түгіл,

Төртке екі оған бірді қоса алмаймын!..

Бойында мың шақырым кіл баған-ай,

Бұл достың ақындығын бұлдағаны-ай,

Түн ұзақ тым болмаса купедегі

Сұлудың ұйқысынан тұрмағаны-ай!

Бойында мың шақырым ай ілесер,

Ай болып азаптаушы ой ілесер,

...Мұң шалған арманды елде ақын өсер,

Жусаннан қалған жерге шайыр өсер.

Бойында мың шақырым күн ілесер,

Соңымнан күн боп туған кім ілесер?!

...Сағымдай көз алдымда көлбеу тартып,

Қалалар бірінен соң бірі көшер.

Астана Алматыға жақын екен,

Жақындық жалғыздықта жатыр екен.

Бұл жолдар менен гөрі данышпан ғой,

Бұл пойыз менен гөрі ақын екен!

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: Жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек