Ерғанат Қуатбектің ерке сезімі

Ерғанат Қуатбектің ерке сезімі

Өлең деген өлкеге өзіндік өрнек салғысы келіп жүрген жас ақындар көп. Алайда, соның бәрі бірдей ойлаған мақсаттың үдесінен шыға бермейді. Ондай жастар санаулы. Солардың бірі – Ерғанат Қуатбекұлы. Өлеңдері балғындықтан арыла қоймаған жас ақын ыстық сезім мен үлкен қуанышқа бөлейді.



Екі сезім

Таңғажайып көктемде көктегенің,

Жазда келсін, күзді де өткеремін,

Сенмен бірге бақытқа беттемедім,

Тұқылына тақалған махаббаттың

Дұрыс педі шылымын шекпегенім?

Бал мен уын ұсынған падишаны,

Жақсы көрем жәнеде жек көремін.

Мейлі бұған қалқашым өкпелегін,

Шұрық тесік жүректі жамап отыр

Көңілімді аулап көктерегім.

Жаннан сырлас таба алмай жабыққанда,

Тамырым бір терекке көп келемін.

Сағыныштан сарғайып зарыққанда,

Қамшылаймын шабыттың көк дөненін.

Бұйра-бұйра бұлттарға хат жазамын,

Білмейм бірақ жеткенін, жетпегенін.

Найзағайға сілтеймін бишігімді,

Төбемнен күн қалаймын кетпегенін.

Сенсіз бірақ көңілім қара түнек,

Сол себепті мен сені жек көремін.

Түлкі сезім қиылсын тілерсегі,

Тарымады-ау көңілдің күй өлшемі.

Жек көремін, алайда неге екенін,

Жан дүнием қалайды, сүйем сені.

 

Арман

Бұлттар, бұлттар, ақ ұлпа мамықтарым,

Аспан теңіз, бетінде қалықтадың.

Таудың басын бүркеген алыптарым,

Келеді сенмен бірге шарықтағым.

 

Көктен қарап дүние келбетіне,

Бұлтпен бірге көшерме ем тербетіле.

Тоң боп жатқан жібітіп топырағын,

Тамшы болып оралсам жер бетіне.

 

Құлпыртарма ем тауымның бөктерлерін,

Пенде болып жарамас текке өлгенім.

Ақ қайыңның нәр беріп тамырына,

Бұтағынан бүр жарып көктер ме едім.

 

Табыларма ем гүлдердің сабағынан,

Іздегенде Алатау алабынан.

Не болмаса, сия боп ақ қағазға,

Тамар ма едім ақынның қаламынан.

 

Пенделіктен тәркі етіп бұл ғаламды,

Өзіне тәнті еткізер тыңдағанды.

Тауда, таста, оқитын тебіреніп,

Айналып кетсем, шіркін, жырға мәңгі.

Кесім

Жын келіп бойымды буғандай,

Кесірме бұл өзі, кер бақты?

Аспанды хор қызы жуғандай,

Хат жазар бұлттарда қалмапты.

 

Жаз айы, жайқалған жапырақ,                

Сан түрлі бояуда кең дала.

Күн өтпей, күйзеліп, тоқырап,

Бұл күні сарғайған мен ғана.

 

Сылдырап төгілген бұлақтай,

Сезімді қайтемін бұрмалап.

Сен мені жүре бер ұнатпай,

Жүрегім сенімен бір болад.

Қимаймын ешкімге бірақта-ай,

Өксік ой ішімді тырмалап.

 

Тарланды қысып-ап тақымға,

Сыр суын негізгі бағыт қып.

Барамын Періштем жақында,

Тұлпардың шылбырын ағыттық.

 

Сыр қызының сіңілісінен

«Маған сізден басқа жезденің қажеті жоқ» (2012 жыл көктем)

«Қалайсыз аға?» (2012 жыл күз)

 

Өмір өтер, таңда атар, күн батар,

Балдызым ең, «жездем-ау»деп тіл қатар.

Жүрегімді жамай алмай жүргенд ,

«Аға» деуің естіледі тым қатал.

 

Сенің әпкең періштедей жаны ізгі,

Көңіліме кәусар тамшы тамызды.

Періштеге пенде қолы жетсін бе,

Кімнен сұрап, кімге айтамын арызды?

 

Мен әпкеңе жақын және алыспын,

Жақсы көрдім, жек көрдімде, табыстым.

Ортамыздан қыл өтпеген күндері,

Өзіңменен Жездең болып таныстым.

 

Өмір осы берген бағын бұлдаған,

Қуанышың баста мәңгі тұрмаған.

Татулыққа сызат түсті, сор татты,

Ал әпкеңнен алыстадым бір қадам.

 

Сол алшақтық таспа салды өзгермес,

Күйге түстім құлақ естіп, көз көрмес.

Әпкең кетті жетегінде басқаның,

Содан бері қалмай қалды «жездеңде ес».

 

Бойдақ көзге бұлаңдайды бұрымдар,

Сыртым бүтін, ішімде «жәй» мұңым бар.

Әпкең кетті, ал балдызым сен қалдың,

Құлағымда «жезде» деген үнің бар.

Иін ағаш-өмір

Иін ағаштың, бір басында мен тұрмын

Бір басында өткенім.

Менде ұлғайып барамын жиырма көктем көктедім.

Ол да ұлғайып барады, әрбір шимай беттерім.

Тағдырымнан бәлендей қайғы-уайым шекпедім,

Неге екенін?

Алайда өмірге бар өкпе-мұң.

Тармаданған тармақтар, жүріп өткен жолдарым,

Иір-қиыр ирелең,

Әр күнімнің арбасын, әр бағытқа сүйреген.

Күдікпенен басылады, алға басқан әр қадам

Әр күнімнен қорықамын, қобалжимын, қорғанам.

Өткен күннің аламын сәлемдерін жолдаған.

Бір күн жазады ақ тілек, өркенімді қолдаған,

Бір күнімнен келеді, суық хаттар қарғаған,

Өз-өзімді құлыптап, өз-өзімше қарманам.

Ішімде бар бір кірбің, түйіншегін жармаған.

Жүрек құрғыр қысылады, мына әлем тар маған.

Бастан асып жақсылық істемеген шығармын?

Жәбір қылып біреуді кезімде жоқ алдаған.

Таң ату мен күн бату.

Бұл өмірдің бар мәні,

Түйіседі шеңберде адамдардың арманы.

Еселеніп барады екі жақтың салмағы,

Бұл, жер қазан пісірген күналардың қайнауы.

Мойынында ажырғы, пенде деген мүсіннің.

Ақылы бар, есі бар, жерде жүрген пішінмін.

Қорықам тіпті өлімнен,

Кеудемдегі келмейді көгершінді ұшырғым.

Таң атады, күн батады

Бағыт қайда бет алған?

Қанша биік ұшсамда жерден алыс кете алман,

Жерден шықтым, қайтадан жерге түбі енемін,

Қас-қағым сәт арасы, осы менің көрерім.

Иін ағаш теңселеді, сынарына көрінгір,

Морт сынады бір күні, морт сынатын өмір бұл.

 

Алатауға шағыну

Сен неге үндемейсің, маубас шалым,

Көрмейсіңбе таңдардың таңға асқанын?

Бір сілкініп көрсетші жер әлемге,

Әділеттік әлемнің алдаспанын.

Кенже қызға келетін келімсектер,

Көріп жүрмін жағаңа жармасқанын.

Балағыңда жүретін Батыраштың,

Көріп жүрмін атағы айға асқанын.

Оян енді, көтеріл, маубас шалым!

Көзі тірі жалғыз қарт замандағы,

Аялап бір көрмедің балаңды әлі,

Ақ табанның аққан қан тарамдары,

Ақ патшаның жазықсыз бодандары,

Аштықпенен қырылған адам хәлі,

Желтоқсанда жастардың таланғаны,

Көрген түстей өтті ме саған бәрі?

Тарихымнан бермедің бағамды әлі.

Көз жасы еді анамның бұлақтарың,

Қаны еді  бабамның суаттарың,

Қатпар қатпар тастарың қайғысы еді,

Біле алам ба, ендігі сұрап бәрін.

Неге менен осынша жырақтадың?

Қайда сенің бір кезгі жұмақ бағың?

Бабам жайлы айт енді көріндегі,

Бөтен жайлы баянда төрімдегі,

Бақыт жайлы баянда жерімдегі,

Қасіретті баянда елімдегі,

Сенің анау басыңда аппақ сәлде,

Менің қатқан іштегі шерім бе еді?

Бір тасыңда бір ғасыр тарихым бар,

Қара тасың неліктен бөлінбеді?

Атам келіп аһ ұрып айтқан мұңы,

Қара тастың бетінің өрімдері.

Қыранымның нахақтан атылғаны,

Қарақшының майланып тақымдары,

Тарихымның бұрмалап шатылғаны,

Тулақ болып атымның тоқымдары,

Ұлық болып халқымның шоқынғаны,

Ұлтан болды ел деген батырлары,

Алған жоқпын ел болып ақымды әлі.

Басы кеткен бабамның кегі үшін,

Белгілі ғой кек қуар қақым бары.

Мен тасыңа айналып кетем бір күн,

Сен оянар күн бірақ жақындады.

Қарт пен көрік

Қарт өлгелі, көріктің демі өшкелі,

Гүрілдеген таныс бір желі еспеді.

Ұйықтап жатқан анау қарт дөңестегі,

Кеше ғана қолына балға алған

Ұста үйінің батыры емеспе еді?

 

Көрік пен қарт, осы-ау ұғысқаны,

Қорғасындай балқиды құрыштары.

Қызыл тілді жалынға жан бітіріп

Қатар шығып тұратын тыныстары.

 

Бағынатын темірде, құрышыңда,

Төтеп берер кім бірақ ұлы сынға?

Қарт тұрақтап молалар мекеніне,

Көрік қалды қораның бұрышында.

 

Қоңыр самал, қоңыр жел ұйықтама,

Көрік демін көтерші биікке ала.

Бұрынғы қарт баласы бүгінгі шал,

Жел әуенін тыңдайды ұйып қана.

 

Теріскейдің сағынтқан желі келіп,

Қобыз әуен тартады тебіреніп.

Қалтылдақ шал, гуілдек жел үнінен,

Көрік демін таниды еміреніп.

 

Көре тұра уақыт ойысқанын,

Жіті қарап ағашы майыспауын.

Талыс көрік сыланып құйрық маймен,

Жіптей есіп отырады қайыс бауын.

 

Әке үміті артылған балаға кеп,

Мазалайды сұрақта санада көп.

Күңіреніп отырып құран оқыр,

Қабіріне шырақ боп жанама деп.

 

Өркениет тартады өрге жүгін,

Жаңа әлем жайлады төрге бүгін.

Көрік үнін жұтатын заман келді,

Тағдыры бір әйтеуір көрдегінің.

 

Орамалды тең санар бөріктіні,

Бүгінгі қарт күйзеледі көріп мұны.

Бабалармен тынысы бір жалғасқан,

Шал кеткесін не болмақ көрік құны? 

 

О, менің, Кәусарым!

О, менің Кәусарым!

Көңілім өзіңе ауса мың,

Жетелер сен жаққа жол сағым,

Ізіңнен адасып шаршадым,

Үйіңе жеттім-ау дегенде

Құлпыңды ашалмай қаусадым.

О, менің, Кәусарым!

Бойыңа бар асыл жиылған,

Қос қасың туған ай қиылған,

Жанарың күн нұры жымиған,

Ерінің құлпынай,

Сүйгенде кетердей езіліп

Албырап тұрады шіркін-ай,

Осынау әлемді сезініп

Жүрегім тұрарма бұлқымай.

Мінезің, жібек қой, жұмсақ тым

Бұны мен, Періште пейілге ұқсаттым.

Жақсылық дегенге құмарсың,

Сол үшін бағалы шығарсың?

Майысып тұратын гүлсің сен,

Қалайша оп-оңай сынарсың?

Көз қиып кете алмай бұл гүлден,

Жәнеде қай дәтпен жұларсың?

Күлкің ше, үніндей бұлақтың,

Құрышын қандырған құлақтың,

Жоқ онда жасанды қоспалар.

Табиғи дәмінен арылмай,

Өзіндік ағыннан жаңылмай,

Естіліп тұрады жағымды-ай.

Мендік жан шыдар ма, қалқашым?

Осынау күлкіңді сағынбай.

Жымиыс не деген керемет,

Көңілім шаттыққа кенелед,

Дыбыстық толқындар секілді

Бойымнан құштарлық не түрлі

Сен жаққа жөнелед.

Тал бойың, майысқан тал шыбық,

Көрмеген бір гүлі аршылып.

Сүмбіл шашыңа тигенде салалы саусағым

Еркімнің бәрін де тауысамын.

Оңымнан ай туып, нұрым сен.

Қолыма жарқырап қонса Күн.

Мәңгілік шаттанып жүруші ем

О, менің Кәусарым!

Шеше

Шеше,

Күнім қайта келер ме құндақтағы?

Сынап өмір, сырғыды, сарғақтады.

Адастырып барады ай далаға,

Түлкі құйрық заманның бұлғақтауы.

Шеше,

Бір тәңір және сенсің табынғаным.

Заман түлкі, тазы боп соңындамын,

Ауа қармап қаламын қапылыста,

Кедергілер кездесіп жолымда мың.

Шеше,

Күнім қайта келер ме жөргектегі?

Нәзік әуен, тал бесік тербет мені.

Бір кездегі әжімсіз ақ жүзіңе,

Өрмекшінің түсіпті-ау өрмектері.

Шеше,

Арқалап ап жүруден жалықпадың

Жалықпадың аяулы «Алып жаным»,

Мен арқаңда маужырап мызғып кетіп

Түс әлемнің көгінде шарықтадым.

Шеше,

Сезінбестен, шөлі мен сортаңдарын,

Жалпағынан жалғанды талтаңдадым.

Жатқа күнім қарамай, жәутеңдемей,

Әлі де мен өзіңнің арқаңдамын.

Шеше,

Мейріміңде өткізген жаһұт күнім,

Алмасатын кез келді уақыт бүгін.

Сеннен алған  шуақты өтеу үшін

Маңдай терім көл болса бақыттымын.

Шеше,

Әке асқар тау, сен қайнар бұлағымсың,

Кәлимадан кейінгі ұранымсың,

Қараңғыда адасып қамыққанда

Жол көрсетіп тұратың шырағымсың.

Шеше,

Көкте самғай алмаса қыранға сын,

Сені ардақтай алмасам, ұланға сын.

Тек Тәңірден тілеймін амандықты,

Тауым құлап, Бұлағым суалмасын.

 

 

сурет: mymodernmet.com

Л. Лига