Еламан ҚАБДІЛӘШІМ. Нықтұрақ (Поэма)

Қазақстан жазушылар шығармаларын қолдау мақсатында жас ақын, Баянауыл аудандық "Баянтау" газетінің редакторы Еламан Қабділәшімнің әлі сиясы кеппеген "Нықтұрақ" атты поэмасын назарларыңызға ұсынамыз.

***

...О, менің бәңгі басар нық тұрағым...
Төлеген Айбергенов

            Сөз басы

Ертеде емес, ертегі емес, шындық – бұл,
Болған жайды толғайыншы жыр қып бір.
Болмаса егер қоғамдағы олқылық,
Қайдан білсін, құлдық пенен сұмдықты ұл?!
 
Осы ғасыр, осы өлкеде болған жай,
Мүмкін емес сөйлемеуім толғанбай.
Тұрағы жоқ пенде қайтіп күн көрер,
Соқа басқа бұдан ауыр сор қандай?!
 
Бастағанда бір сапарды енді-енді,
Тұрағы жоқ қанша жігіт сенделді?!
О, Жаратқан, табан тірер жері жоқ,
Жұбат енді шерлі көңіл пендеңді!
 
Қала кезіп қаңғырғанбыз біз-дағы,
Елең қылмай тас көшенің ызғарын.
Жоғалтпадық адамдықтың ізгі арын,
Таттық талай түз дәмін.
 
Пәтерлерден пәтер кездік қоныс қып,
Сол бір шақтар – ең аяулы, ең ыстық.
Біздің тағдыр – жолайырық секілді,
Біздің тағдыр – жол үсті.
 
Жол үстінде елемедік суықты,
Жол үстінде небір жырлар туыпты.
Жол үстінде белуардан «зар кешіп»,
Дүр жігіттер белді бекем буыпты.
 
Әппақ, әппақ армандарым – байлығым.
Арашасы тірліктегі қайғының.
Сөмке-сөмке кітапқа алсам, жететін,
Пәтерпұлға жетпесе де айлығым.
 
Өмір, саған айналдым ба масылға,
Аяр ма едің, теңесем де асылға?!
Еркелеймін,
Өкпелеймін,
Күйінем,
Ақындарын қаңғытқан бұл ғасырға!
 
            1
Қаңғып жүріп жолыққан ер – сол еді,
Оның-дағы бар тіреуі – өлеңі.
Ол дегенім ақын еді дәл мендей,
Арғы беттен ел деп жеткен – дерегі.
 
Он екі жыл пәтер жалдап тұрыпты,
Сонда-дағы жоғалтпаған ғұрыпты.
Ол тұрмаған пәтер жоқ бұл қалада,
Таршылықты дәл сол жандай кім ұқты?!
 
Көңілі – көл, дархандығы даладай.
"Тұрмыс жайын – ауырлыққа санамай,
Студенттік шағым еді, сонда да,
Отау құрдым ештеңеге қарамай", -
 
деп бастады әңгімесін аға ақын,
менің-дағы жайымды ұғып – бағатын.
"Ол кездегі мұрат бөлек, ой таза,
Арман дейтін арғымағым дара-тын.
 
Айтылмаған сөз екен ғой бекерге,
Ұқсамайды өмір дәмі шекерге.
Үй болудың қиындығын мол таттым,
(Жылап алсам, көңілімдегі кетер ме?)
 
Жеңгеңменен пана етпедім қай тұсты?
Қай кезде де кедей – әлсіз, бай – күшті.
Бай мырзаның жалға алдым бір пәтерінін,
Бірақ, маза бермей қойды ой да ішкі:
 
"Өз елімде күйін кешіп өгейдің,
Өз жерімде кейпіне еніп кедейдің,
Келешекке не айтамын бұл бетіммен,
Ұрпағымды қалай баққа бөлеймін?!"
 
Тұрып жаттық бай үйінде еппенен,
Солай біраз уақыт азап шекпеп ем!
Түзу кіріп, түзу шығып жатамыз,
Тек тынышпыз.
"Тыныштықты" – жек көрем!
 
Жеңгең-дағы көніп алған осыған,
"Үйімізде" айтылмайды тосын "ән".
Үйге ешкімді шақырмаймыз қонақ қып,
Тек тынышпыз.
"Тыныштықтан» – шошынам!"
 
                        2
Қос батырға әке болған кезі оның,
Аздап шаттық жайлаған еді өзегін.
Бұрынғыдай жек көрмейді ол өмірді,
Бұрынғыдай тілдемейді өз елін.
 
Қос құлыншақ құлдыраңдап шабады,
Жер аймалап жерге тиген табанын.
Аяулы жар тіптен бөлек кейіпте,
Сәттен сәтке жадыраған қабағы.
 
Бай үйінің тірлігіне көндіккен,
Қалған кезі жоқ олардың кемдікпен.
Қос балақай асыр салып ойнайды,
Ойын алаңы – аула біткен, жер біткен.
 
Балаларда таусылмайды тамаша,
Бұл да асыр сап бірге ойнайды балаша.
Қызығына берілді де ойынның,
Бастады ермек жаңаша.
 
Окоп қазып "майдан" қылды үй ауласын,
Ұлдары үшін кішірейтіп дәу басын.
Күні бойы ойнап-ойнап үшеуі,
Ерте ұйықтады шаршаңқырап қалғасын.
 
Тәтті ұйқының құшағында – ай ауды,
Құшағында қос құлыншақ аяулы.
Таң атқанын байқамай да қалыпты,
Қожайынның ащы үнінен оянды.
 
– Не істегенсің ауласына бұл үйдің,
Неге қаздың?
(Өңі солай бүлінді...)
Кет бұл жерден, жина кәне жүгіңді...
Ойлады әке: "Кетсем үйден, құримын!"
 
Зорға алды кешірімін ең соңғы,
Бұл кешірім – ең шерлі.
Содан кейін асыр салып, ойнап көр,
Содан кейін көтеріп көр еңсеңді.
 
Содан бастап, сол баяғы тыныштық,
Шуламайды баяғыдай дыбыс қып.
Үнсіз ғана ғұмыр кешті бұйығы,
Үнсіздікте – ырыс-құт.
 
Жаны шығып кете жаздар, жыласа ұл,
Ұлдар шерлі сала да алмай бір асыр.
Үйден қуып шығар, - деген үреймен,
Өз қалпында өтіп жатты күн-асыл.
 
Қос пақырда мың ой артық, бір ой кем,
Қос батыр да қорқады сол дүлейден.
Қызығынан бір отбасы тыйылды –
Үйден қуып шығар, - деген үреймен.
 
            Үрей
Өмір, саған
(бұл – шын ойым),
Танытпап ем құлықсыздық.
Неге ұшады мұнша үрейім?!
Үрей деген – үмітсіздік.
 
Сенімсіздік және күшті,
Тағдыр қатал – торыққанда.
Көлеңкемнен зәрем ұшты,
Қос көрінер қорыққанға.
 
Еңсем биік емес онша,
Түсіп алған жолым көне.
Үміт әлсіз неге сонша,
Қалтырайды сенім неге?!
 
Дегбірсіздік дертім үстем,
Маңайымның қалпы – сұсты.
Тұрады өмір қорқыныш пен
дәрмені жоқ талпыныстан.
 
            3
– Дәл осылай жалғасса егер әр күнім,
Тастаймын да барлығын,
Мекеніме кетем туған, - деп жүр ем,
Әкем жетті.
Сол баяғы нарлығы.
 
Ұнатпады, әкей ұлдың жүрісін:
"Қожайынға қараған күн құрысын!
Шық бұл үйден, жеке үй ал, дұрысы,
Ауылдағы малды жидық кім үшін?!", -
 
деді де әкем шорт кесті,
Өз өзімен күбірлесті, серттесті.
Солай біз де қам жасадық көшуге,
Көше-тұғын күлікті өзі ерттесті.
 
Аз күн жүріп, қаладан бұл жер алдық,
Жер емес-ау төр алдық.
Кідірместен бір сәтке де үй тіктік,
Содан бастап сауықшыл үй боп алдық.
 
            Жер-Ана
О, Жер-Ана, сен көрген шер мен күйік,
Шымырлатар бойымды кеудемде ұйып.
Болса да елден биік, төрден биік,
Пақыр басым емес тек жерден биік.
 
Куәгер көне күнге даламсың кең,
Жасыңдай сенің – ғұмыр адам сүрген.
Ақ сүтіңдей, Жер-Ана,
Перзентіңнің
қаны, тері, көз жасы саған сіңген.
 
Мейірім мен зұлымдық – ұлы сын екен,
Махаббат – нұр,
Ғадауат – бір сұм екен.
О, Жер-Ана, қабырғаң қайыспастан,
Бәрін қалай көтеріп тұрсың екен?!
 
Төзген...
Төзе береді ұлы сынға,
Қатер емес қылышың, ұрысың да.
О, Жер-Ана, Тәңірдің алақаны,
Адамзатты ұйытқан уысында.
 
Адамдар!
Зияны жоқ жол табыңдар,
Атадан жеткен жосық-жөн таныңдар!
Жер-Ана!
Кеудең басып жүргеннен соң,
Салуға салмағымды қорқамын бар...
 
            4
Күткен ісі болғаннан соң сарыла,
Ертіп алып қос батырын жанына,
Қолына алды ол кетпені мен күрегін:
"Айналдырам, осы жерді өз бағыма".
 
Қаза бастап еді жерді әкесі,
Кенже ұлы кеп түзеткендей қате ісін:
"Әке, қазір қожайын кеп ұрсады,
қазба жерді"...
...Ғұмыр құны – сәт осы...
 
Жанардан жас парлап ақты еріксіз,
Жанардан жас парлап ақты – желіксіз.
(Ұлын құшып еңіреген әкені,
Шыдай алар ма едіңіз, ал, көріп, сіз?!)
 
– Балам, бұл жер сенің жерің, меншігің,
Қадай алмас бұған бөтен ел сұғын.
Ойна, ауна, ән сал, лаула, өз еркің,
Сол ісіңді көреді, ұлым, ерсі кім?
 
Өз жеріңде өз еркіңде не істесең,
Өз жеріңде кете қоймас босқа есең!
Тек қана енді елде жатқан сарылып,
Осы жерге шөгере алсам көшті есен, -
 
деді осылай босатпастан құшағын,
деді осылай – құсалым.
Еркіндікте еркіндікке жетті қол,
Тек сағыныш – тұсауы...
 
            5
Қалай бұрып әкелем деп көшті әлгі,
Қалай қайта жаңғыртам деп ескі әнді?!
Ақын мұңға батып солай шерлене,
Бала күнін  еске алды.
 
Шәкірт еді мектебінде өзге ұлттың,
Көркі еткен шекпенін де өзге ұлттың,
Өзге ұлттың тілін-дағы меңгерді,
Түгендеді өткенін де өзге ұлттың.
 
Ал, оқудан оралғанда отауға,
Оралғандай күй кешетін Отанға.
(Ата жұртыңды ұмытпауың – парызың,
Адамдықтың соты алды).
 
Әулет осы салтқа берік, тас мығым,
Сақтап отыр ата-баба дәстүрін.
Тілім, дінім, ділім, тінім – өр қазақ,
Қазақтықтан жоқ оларда басқа ырым.
 
Екі елдің шекарасы – босаға,
Рухыңның сақшысы да осы ара.
Шаңырақта тек қазақша сөйлейді ұл,
Ата ғұрып қалған емес тасада.
 
Сыртта, мейлі, кисін өзге ұлт киімін,
Тарқатса да өзге тілде түйінін.
Қазақстан басталатын ол үшін,
Босағасын аттағанда үйінің.
 
            6
Өз жерінде болар әркім зор, мықты,
Ұмытты ақын сол баяғы қорлықты.
Табан тіреп, тамыр жайып ақыры,
Жаңа құтты тұрағына орнықты.
 
Жанын өртеп азаматтық оты ірі,
Емеспін, - деп - өз жұртымның жетімі...
Пұшпағына ұлан ғайыр даланың,
Әке ордасын қондырмаққа бекіді.
 
            Қауышу
Көш келеді,
Өрбіген-өскен елі.
Өзгеден биігірек,
Еңсесі,
Ес,
Беделі.
 
Көш келді ортаға аман,
Жүзіне әр тараған.
Ел-жұрттың ар жақтағы,
Мұратын арқалаған,
Сәлемін арқалаған.
 
Артта қап қатер өмір,
Артта қап жат ел, өңір.
Басталды ғұмыр қайта,
Қауышып әке мен ұл...
 
            7
Екі бала ойнап жүрген шақ еді,
Ойнап жүрген шағы – қандай әдемі.
Көздеріне тұнып тұрған қуаныш,
Сәні еді сол, жабырқаған жан емі.
 
Тайсалмастан асыр сап жүр қос құлын,
Елеместен сырт көздердің ешбірін.
(Еркін, қамсыз, ада үрейден олардың,
елжірер ең көріген сәтте кескінін).
 
Солай ойнап жүрген кезі бүгін де,
Құмығу жоқ қос баланың үнінде.
Қарайғанға қарап еді екеуі,
Бөтен біреу отыр қоршау түбінде.
 
"Басқыншыны" көрсе қалай шыдар ер?!
Жетіп барды екі батыр – мұрагер:
"Неге отырсың, бар, жолама бұл жерге,
Әкем айтты, менің жерім – мына жер!"
 
...Менің жерім – осы жер!
Осы жерде көңіл тұлпар көсілер,
Ұлтарақтай болса-дағы – ұжмағым,
Азаттықтың бесігі ол.
 
            Сөз соңы
Азат күннен әрбір қазақ күтті бақ,
Сонысымен өзгелерден мықтырақ...
Өз жерімде ұлтан болсам деп едім,
Сұлтан қылды – табан тірер нықтұрақ.
 
Жанарыңдай сақтау керек құтты осы,
Ақиқат бұл – бүкпесіз...
Нықтұрағым – құлдық пенен сұмдықтың
бітер жері һәм ең соңғы нүктесі.

Баянауыл.