Еділбек Дүйсен: "Сағат үні – Əзірейіл өкшесінің дыбысы "

Еділбек Дүйсен: "Сағат үні – Əзірейіл өкшесінің дыбысы "
Фото: Еділбек Дүйсен

Экзистенция фрустрациясына көбірек ұрынып, нигилистік философияға әуес болуды бір жағынан рухани жетістік деп қараған да жөн шығар. Өйткені ішкі жалғыздықтың жанайқайын құрғақ байбалам емес, тегеурінді сөз, тосын оймен жеткізу – интеллектуалды тазалық екенін сау қоғамның есті адамдары әлдеқашан айтып кеткен. Еділбек жырларын оқып отырғанда осы құбылыс жас ақын шығармаларынан бірден байқалады. Өте сезімтал адам басына түсетін бұл "дерттің" сипатын интеллектің күшімен бірге, эмоцияның қуаты да көрсетіп тұрады. Жақсы ақынға тән осы қасиет автордың "Қыс. Дағаджукке оралу", "Түн. Меланхолия" секілді өлеңдерінен анық көрінеді. Еділбек өлеңдеріндегі ой сонылығы, еркін форма ақынның эстетикалық талғамын, сыртқы дүниеге ұмтылысын байқатады. Сананың бақылауынсыз, таза өнер ожданымен осындай ізденсітерге бару, әрине, оқырманға жақсы көңіл күй сыйлап ғана қоймай, көркемдік кеңістігіне де әсер етеді. Бірақ осы ісденістер шартты түрде бақылауға алынған кейбір ережелердің бұ дүниелік "сыңғырынан" әманда биік тұрғаны абзал. Ақын поэзиясындағы поэтикалық панорама осы еркіндіктің де ауылы алыс емес екендігін аңғартады.

Ырысбек Дәбей, ақын


Жол

Түртіп асып жаныңды қалам ұшы,
Қағаз алды жан беріп - жан алысып,
отырғанда –
басыңнан аттап өтер,
сары допқа жүгірген қара мысық.

Сосын...
Сосын...
Ойлану Өлім жайлы
(Ойыңды ермек ету де көп ыңғайлы)
Жазылмаған жарадай - жазылмаған
ақ қағазға,
етем деп сорыңды əйгі.

Сөз іле алмай ой- орпа, мұң-құдықтан,
Қоғамдағы жерініп кіл былықтан,
Дүниеге жан үнін естірте алмай,
Кітаптарға жаншылып, шыңғырыққан.

Күрсінесің. 
Қамығып...
Қорланасың
Мүсіркейсің маңдайдың сор-наласын,
Өз ішіңнен іздейсің- қырық "ініні"
Қырық інге тығатын көр баласын.

Тағы... өзіңді үңгисің "табам" десіп,
(Қара мысық сары добын "алам" десіп...)
...Уақытқа байланған Д.Е.М. де бітер,
"Барар жерің Үргеніш!*"
Амал нешік!

*"Көрұғлы" жырынан

Құрбыңнан келген сəлемдеме

Ол да мендей,
Қолына гүлдер алып,
Кездеспеген кешегі күнге налып,
Жыртық балақ Есентай жағасында 
Арасында өткеннің жүргені анық. 

Əлде, тағы...
Көзіне мұң көшіріп
Жұлдыз санап жатты ма түнде сұлық.
Қолындағы қаңғыған көк тамырлар 
Ырық бермей, кетті ме гүлге сіңіп...

Ескі шері қозғалып ауық-ауық,
Елжіреді-ау:
(Жеңінен сәуір ағып)
Қаңғып кеткен ойларын қияндағы 
Маңдайынан толқынның тауып алып.

Бəлкім...
Бəлкім...
Кешпеді мұның бəрін 
Түсінбейді Ол махаббат ұғымдарын! 
Езу тартып тұрғанын көрсең еді,
Жылағанда, шырқырап шыбын жаным.

Жылап-жылап, сарқылды іштің көлі,
Ал, Ол əлек, сезем деп "құстың демін".
Шамға түсіп өртенген екем, құрбым,
Оның жазу үстелі үстіндегі...

Қиялидың көзі
(Экспромт)

Бұлт ішіндегі Ай –
Жұмыртқа қуырылған.
"Түн" деген қара табада тұрып-тұрып дымы құрыған.
Төменде, селеу байғұс тамырынан бөлінгісі кеп,
Сыңсиды Тəңірге жалынып.
Тəнін суық ұрған...

Жанын суық ұрған-
Құдайы үндемегесін.
"Желге еріп қаш!"-дейді, айтып күлге кеңесін.
Біз де күл секілдіміз, нəпсі-хайуанды,
Сəт сайын үстімізде аунатып жүрген елесін.

Өзгермейтін көрге кіргенше, Пенделік! Жаса!
"Періштелер" түсінбес мұны, біз секілді көрген ұқпаса.
Сағат үні – Əзірейіл өкшесінің дыбысы секілді,
Мықты болсаң, Желге еріп қаш, ал!

Балкон. Сəт

Таң атқан.
Айғыз- айғыз әйнек беті бұлдыр әлі
Әйнекті ұрғылап, аржағынан керең- жел шыңғырады...

Періште өмірді пенде емес, АДАМша көргісі келеді
Ал, пенде АДАМ емес, Періште болғысы келеді...

Жесір жер, ала жаздай еріні жібімеген
Соры жайлы, сыбыр- сыбыр сыр айтқысы келеді
Қылып өлең...

Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады Күн- көк еркесі
Жерді тұтас жапсам дейді жапырақтың көлеңкесі...

Электр шамдары арқан тартыспақ боп, жұлқынады
(Ееее...
Бәрі де мен секілді қолынан келмеске ұмтылады)

Абыздың ақырыаңыздың басы
(Әбіш қазасына. Экспромт)

Жанарымда жас балалап...
Құлағыма жел үріп...
Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп
біткен шақта-
Жусан иісін Ажал иісі құшақтап...
Қабырғасы арса- арса бұлттар тұрды егіліп...

Нарға да ауыр нала арқалап
Жүрек, байғұс, әбігер...
Мұңы- жұпар, Ділі- бекем.
Ділі- бекем, Жаны да Өр.
Шөңгесіне табан емес, тосып өткен маңдайын,
Қара жерге қалай қияр Әулиесін Тәңір- Ел?!

Қоңыр ойдан тін таратқан қоңыраулы жыр кеуде
Тәңірінің нұрлы жүзін көретұғын күндерге-
Әулиелік пішінімен аяқ басты!
біз пақыр-
Зағип жанның аяғындай ғұмыр кешіп жүргенде...

Қабырғасы арса- арса алып бұлттар егіліп...
Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп
біткен шақта-
Тұр-ау елі Ұлы Абызын қия алмай-
Жанарында жас балалап...
Құлағына жел үріп...

Т. Раушанұлы