Динара Мәлікова: "Әр жүректе жылап жатыр бір – Жалғыз..."

Динара Мәлікова: "Әр жүректе жылап жатыр бір – Жалғыз..."

Динара Мәлікова нағыз лирик. Оның қаламынан туған әрбір өлең жүрек, мұң, қуаныш секілді сезімдер жайлы. Бір өлеңінде ақын айдай мұңайса, екінші бір өлеңінде күндей қуанады. Көпшілік оқырман қауымның сүйікті ақынына айнала білген автор бүгін Massaget.kz сайтында!  

***

Қыс та кетті өртеніп,

Құшағында көктемнің!

Құлап кетті еркелік,

Қанатына кептердің!

Сәуір сүйген армандар,

Мамырлаған таңдар бар!

Жып-жылы түн жүректер,

Жолығыспай қалмаңдар!

Аппақ-аппақ сезімдер,

Қара жердей төзім бер.

Оралмаса сол бір жан,

Үмітімді үзіңдер!

Керек емес ойланып,

Кетем десе Айға алып.

Жұмыр жерді жүз көрем,

Жүрегімде айналып.

Бұлтта болса тұрағым,

Жұртта қалса жыр-әнім.

Періштеге айналса,

Пенде кейіп сыңарым.

Келген жаңа көктемдей,

Өмір сүрсем кектенбей...

Жердің бетін сүйемін,

Жауымды да жек көрмей!

Арда қалсам биіктеп,

Арманымды ұқ, сүйіп кеп.

Аллаға паш әлемде,

Ақ некемді қиып кет!

Ерекше көңілдімін,

Алтын түске бояды көгімді кім?

Күтпеген сый көрердей

күмілжимін,

Келетін кезің бе еді сенің бүгін?

Ауамен тілдесемін,

Жыр жазуға асығам түнде несін?

Дала мені құшады әлсін-әлсін,

Кешір енді... жалғыздық күндемесін!

Сен бардай назданамын,

Саған жетер бірінші жазған әнім.

Мен сыйлаған бақыттың бәрін сезін,

Сен сыйлаған жетеді аз ғана мұң.

Ақ қардай алып-ұштым,

Сырын ұққым келді ме сағыныштың.

Қауырсын қанатымнан қалам жасап,

Жұп-жұмсақ жерге түсіп жаңылыстым.

Ал, бүгін қуанамын,

Жанын жайған шыршалар куә, жаным!

Адам болып жүргенім қандай бақыт,

Ақ қар болып қайтадан туа аламын!

***

Гүлден де нәзік жанымның,

Керегін таппай жаңылдым.

От болып жанған өмірдің,

Шоқ болар сәтін сағындым.

Базары басым көңілдің,

Жүзіне қарап жеріндім.

Көппенен бірге күліп ап,

Елеусіз қалып егілдім.

Достың да білмей ниетін,

Сенім бар бірге жүретін.

Құдай-ау, бір жан бар шығар,

Күнәсіз келіп сүйетін!

Сезім жүр мені басқарып,

Ақыл тұр одан жасқанып.

Көзімде уақыт көктейді,

Барады өмір басталып.

Адалмын десем пендемін,

Жаман да емен, сенбегін.

Күрсінгім келген... шүкірмін,

Жалғызбын десем Елдемін.

Тағдырдан нені таба алдым?

Табайын десем таландым.

Еркекпен құны өлшенген,

Әйел боп қана жаралдым!

Әйел боп саған ораламын да,

Құшағыңда мәңгі қала аламын ба?

Ән салсын дала, ән салсын әлем,

Тіршілік тынып, тамсансын деп ем.

Білдірмей келші, сезімін бәрін,

Сағынта түсші, төземін жаным.

Тұманнан ізде түн болып еніп,

"сүйемін" деші күрмеліп келіп.

Жазылмай қалсын өлеңдегі үнім,

Шабытың қалсын денемде бүгін.

Ұшайын сосын, жасымды тимай,

Ақша бұлттарды басуға қимай.

Мендегі нұрды жастанды дала,

арқамды жайдым аспанға ғана!

Қап-қара жерге батыра берме,

Шарықтап кетсем шақыра көрме!

Мендегі жүрек, асықты көктем,

Сендегі тағдыр бақытты неткен!!!

***

Анамның көз жасында іркілемін,

Мұңсыздау сұқтанды екен көркіне кім?

Жырымды жайнамаз ғып жайдым, Алла,

Құлыңның қабыл етші бір тілегін!

Әкемнің қиялында үзілемін,

Ілесе алар оның ізіне кім?

Өмірдің саусағынан сүйіп тұрмын,

Тірі боп одан қалай безінемін?

Әжемді әнге қосты дала бүгін,

Ғасырлар жазып алып даналығын.

Ақылымен есейтіп жіберді ме,

Жаулығына байланып бала күнім.

Ауылды аңсағанмен бара алмадым,

Жат жер үшін рас екен жаралғаным.

Қара жолда қалды ма аласарып,

Әке сенің аяулы ақ арманың?

Бүгінде неге сонша мұңданамын,

Табанында тозамын бір қаланың.

Жаныңның ауырғанын жаным сезді,

Осы екен ғой өмірде мұздағаным...

***

Деміңе мені кіргізіп алшы білдірмей,

Сөнейін сосын сөйлеуіме де үлгірмей!

Байқайын бәрін, сезімін алар төгіп кім,

Көзіңе мені қондырып алшы, көріктім?

Езуге енер күлкің боп қана тұрайын,

Жүзіңе жылы үйіріп иман шырайын...

Иығыңа сенің періштелер түнеп сөйлесін,

атымды атап, сол қызды ғана сүй десін!

Ойыңда сенің қалуға бармын адасып,

Жұбымыз енді жүре алмаса да жарасып...

Түніңді түріп, сәуле боп енсін Жарығым,

Сағынып жүрмін, сынаққа түсіп сабырым!

***

Мешітте тәубаның таңдары,

Тірліктің белгісіз ар жағы...

Қара жер қойнында ериді,

Пенденің қар-жаны...

Жанымның көгершін құстары,

Белгісіз қай кезде ұшқаны.

Қона алмай жүр ме екен бақтарға,

Жібермей жүр ме екен аспаны?...

Далада шашылған тағдырлар,

(Балаға тән емес бір мұң бар...)

Ақпаным аялдап көп тұрды,

Ажалдың қақпаны кімді ұрлар?!

Таудан да тәкәппар көрінген,

Ақын да көшеді-ау өмірден.

Фариза-поэзиям жоқ енді...

Көре алмай көп жүрмін өңімнен.

Іздедім, салтанат кештерден,

адам боп жүруші ем ес білген.

Өмірді ертегі деп ойлап,

Ертегі емесін кеш білгем.

Үйімде үміттің жырлары,

Сезілмей қалады мұң бары...

Ауаны нұрменен сөйлеткен,

Бұл үйдің кешкентай ұлдары!

Анасы біртүрлі күйге еніп,

Жүрегін іздейді түнге еріп.

...Мен осы бақытты шығармын,

Армандап алған соң үйреніп...

Сағынсам да ыстық отқа оранып,

Кездесе алман, ол - анық.

Екеумізді алыстатып сынаған.

Жер мен Көктей аралық.

Сен жүретін көшеменен, қаладан,

Сенсіз жүріп соқпағымды қалағам.

Бұрылуға, ұғынуға, хақым жоқ,

Жалғыз болсаң, жалғыз жүріп таба алам!

Іздегенде мұң татыған уым боп,

Тіл ұшында күрмелесің жырым боп.

Сен болмаған тағдырымды қайтейін,

Құмырсқадай құным жоқ! Күнә жайлы,

Ей, Жарық күн қозғама,

Күнәм жайлы күбірлесін сөз ғана.

Өмір сүріп кетуіме рұқсат ет,

Сүйіп тұрып, сағынайын ... аз ғана!

***

...Кетем деп ең әлі кеткің келе ме,

Аңсарыңды ұмытып...

Кетер болсаң ләззатыңа бөлеме...

Сөнер мейлі бір үміт!

Бұл үміттің өмір сүрген кезі жоқ,

Өз сәулесін таппаса.

Әйелдердің арманынан сөзі көп,

Мен де бәрі басқаша!

Кетем десең, жыламайтын шығармын,

"Дұрыс" дермін өтірік!

Үнсіз ғана құшағыңа құлармын,

Ұмытуға бекініп...

...Қайда екенсің?

Бұрын мені сүймегендей жан адам,

Ой ішінен сезім таппай оралам...

Көңілімді қыс кетті ме суытып,

Кім болды екен, тонаған?

Бұрын мені құшпағандай бір адам,

Сезім қалды су бетінде жылаған...

Толқынменен тербелгенім есімде,

Ол кім еді ұнаған?

Үмітіңді нұр етеді үн деген,

Мен ешкімді тәріздімін сүймеген.

Бір құшаққа құлап барып қурайтын,

Бақытты ма гүл менен?

Махаббаттың маздаттым ба шырағын,

Қашан, қай кез, кімге арналды бұл әнім.

Гүлді адамдар бақытты деп ойлайды,

Бөліп алып сыңарын.

Көкіректің көзін ашып күн көрер,

Табиғат та тілін жұтып сенделер.

Жұп болуға міндетті екен тек қана,

Жер бетінде пенделер!

Тау секілді кеудемізде орман-құз,

Бұл жалғанда, бір арманға қорғанбыз.

Сыздататын, мұздататын сыр бермей,

Әр жүректе жылап жатыр бір – Жалғыз...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Динара Мәлікованың жеке парақшасынан

А. Құлтай