Дәурен Тілеухан: "Қимас сәттің елесі жүр перронында Вокзалдың"

Дәурен ТІЛЕУХАН — 2000 жылы 28 қазанда Ақтөбе облысы, Әйтеке би  ауданы Көрпе ауылында  дүниеге келген.  “Сағыныш сыбыры” кітабының авторы. Халықаралық "Алтын қалам" байқауының "ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯ" аталымының жеңімпазы. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ-нің студенті.

Қазақстан жазушыларының шығармашылығын қолдау мақсатында жас ақынның топтама өлеңін ұсынамыз.

ШЕР
        
Бес-ақ күн—
Бесік пен көр аралығы,
Сол ара сынға салар саналыны.
Жүрегін жарып шықса, жанға батып—
Айтылсын бір ақынның нала-мұңы!
 
Батырып зіл-батпандай таңдарды Ойға,
Жас үміт жарық нұрға жалғанбай ма?
Қалаға арман қуып келген ем ғой,
Сондағы аңсап келген Арман қайда?!
 
Бас — қағаздан арылмай,
тән — құшақтан,
Адамдар аз ба мұнда Арды сатқан?..
Балаға бәрі қызық болады екен,
Қалаға қайдан келдім қарғыс атқан.
 
Сүйекке сіңіп барад санамдағы У
Аңқаудың бар амалы — тағы алдану.
Қомағай қожасы көп, не дейсің ал
Қоғадай жапырылған қоғамға бұл?..

"Қазағым, қайран жұртым, қалың елім"
Мен сенің бір түйіршік қаның едім!
Қайғыдан қансыраған хәлді ойласам
Көкірегім күрсінеді әлі менің.
 
Түнектей түндерде осы түнеремін,
Түнерсем — ақ қағазға жыр өремін.
Мазалар мұңымды айтқым келіп еді,
Жә, жарар,
Кімге керек бұл өлеңім?..
 
ЖҰБАТУ
 
Мезі боп мағынасыз мұнша күннен,
Келмей жүр тұмса жырға мұрша мүлдем.
Мейірсіз жүректердің табасынан,
Жұбатар жалғыз сөзге сусадым мен!
Қиырдан қылаң берсе таң елесі—
Басталар күйбең күннің жаңа көші.
Кеткен қыз, қашқан досқа қапа болған,
Қайран жыл қайда зулап барады осы?..
Сыздаған,
солқылдаған,
сор қайнаған,
Сәттердің е-ең ауырын таңдай ма адам?
Сен бар деп сүйген мынау махаббаттың,
Сағымға айналғаны қандай жаман!
Көңілге медет көрмей көп өлеңді,
үйрендім — ессіздікті, елемеуді...
Ақан сері көшесін кезуменен,
Ақын шерін ақтарып келем енді.
Бәлкім, сен де сенбессің сандырақ деп?
(Бізден де өтер асау кез, арғымақ кез...)
 
"ӨМІР" шығар, кім білсін қам көңілді—
Жұбататын жалғыз сөз, жалғыз-ақ сөз?!
 
САҒЫНЫШ
 
Ең аяулы көктемнің әні қалған,
Ең аяулы сәттердің сәні болған,
Қай көшеде жоғалып қалды екен, ей,
Ауылымнан ап келген алып арман?..
 
Сезіміне сабырсыз сәт қосылар,
Көбелектей көңіл-ай отқа асығар.
Сар даламды сүйем мен!
Бар ғаламда—
Бұдан асқан махаббат жоқ та шығар?..
 
Қала осындай:
                      тоқтаусыз көш, дүрмегі...
Жанашырдай келгенмен кескіндері—
Қасқа маңдай соғылса тасқа келіп,
Самалыңдай сипамас ешкім де оны.
 
Содан жүзім жабырқау, солғын өңім,
Содан бері әйтеуір көп жүдедім.
Балалығым жерленген жазыққа кеп,
Жан ауруын жазсам ғой деп жүр едім!..
 
Балпаңдаған балғын кез, бұла күнім,
Байғұс жүрек сені іздеп жылады мың.
Киік қашқан қырларды кезсем дейді,
Жусан иісін сағынған мынау ұлың.
 
(Мен бәрібір уақытқа бағынышты ем...)
Дертке дауа болатын сағынышпен—
Жан-дүнием тазарып қалар еді-ау,
Атам қазған құдықтан қанып ішсем!
 
Көңіл солай көп ойға көндігеді,
Есіл күннен күтемін енді нені?—
Ауыл жаққа жетелеп бара жатқан,
Жалғыз жолға жанарым телміреді...
 
...Күйбең тірлік таусылса—жалықтырар:
Туған жерде жатармын қанып құмар.
Жүрек солай жүргенде елегізіп,
Жұлдыз-ғұмыр бір күні ағып тынар!..
Өкінішті-ақ!!!
 
***
 
Бәрін соның түске балап, бәлкім мен—
жолда жүрмін арты—азап та,
алды—Мұң.
Енді міне, біз өртенген әр Түннен–
теріп келем Қуаныштың қалдығын.
Шоққа айналды шалажансар от-Үміт,
көкірегімде көлдей Мұң.
Сен тұрмысқа шықты дейді ел—
                                                       ө - ті - рік!
Ешбіріне сенбеймін!..
Миға кірмей көңілді Ой,
тыңдадым ба-ей өзгелердің өсегін.
...сондай Сұлу боп жүретін едің ғой,
сондай Суық боп кеткенің не сенің?..
Ей, жүрегім, үмітіңді үзбеші,
(біліп тұрып бүлдіреді кейде адам.)
Қателіктің Қайғысы емес, бізді осы—
Дұрыстықтың Азабы ғой қинаған.
Азабым ба — көңілімнен кетпеуің?
Табылмай жүр жан емі.
Өкініш сол — өртке оранған өткенім,
Сені есіме салды бүгін - әдейі!..
Рельс-өмір: арты—алыс та,
алды — ұзақ,
Бәлкім, мен де бақытыма аз қалдым(?)
Қимас сәттің елесі жүр (жалғыз-ақ!)—
перронында Вокзалдың...
 
OBSCURUM
 
...әлдебіреу даусыңды сағынғандай,
әлдебіреу қасыңнан табылғандай —
бір Өмірге бергісіз сәттеріңді
жүрегіңе жерлеген ауыр қандай!..
 
Білем, білем, бұл күйдің қандайлығын.
Арамызды, әйтеуір, жалғайды Мұң.
Екеуміздей ессіз жоқ дүниеде,
құшағына құлаған әр Қайғының.
 
Сағынышты, сағымдай сәтке алданып,
Есіңе е–ең аяулы шақтарды алып,
Көкке қарап күрсініп қалдың ба екен,
Ақтөбенің аспанын жапқанда бұлт?
 
Тағдырмен таусылмайтын күресі көп,
Құдайдың бұл қалаға "сыйы" осы ма ед? —
Бүгін тағы беймаза көшелерді
Көлеңкелер кезіп жүр /иесі жоқ.../
 
Ақ бұлттардай алыстан жетіп едім,
ақ бұлттардай адастым, сетінедім.
Көзсіз Мұңға көр қылып көкірегін,
ол да мендей таппай жүр дертіне емін.
 
Өкініш қой өзекті өртер кейде:
дауысыңды сағынғам — дерт емдеуге...
Көз жасыңдай бейуақта құрбан болған,
Түнге сіңіп кетемін ертең мен де...
амал қанша?..