Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласы еліміздің болашағының жарқын болуы жолында жасалатын нақты қадамдарын көрсететін маңызды құжат.Оның жүзеге асуына барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақтың қосар үлесі зор. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін үдеріс. Болашақтың кірпішін қалайтын жастардың қалыптасуына зор мән беретін бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдердің шығармаларын, оларға арналған әдеби шығармаларды, әдеби аудармаларды ақпараттық сүйемелдеу және ақпараттандырудың маңызы зор. Осы мақсатты көздеген мақаланың бірін назарларыңызға ұсынамыз.Қадірлі өлеңсүйер қауым орталарыңызға 17 жастағы жас талантты әкеліп отырмыз. Дәуреннің аяқалысы бәйгеге түскен жас тұлпардай өлеңі жұмыр, ұйқасы тастай. Парнас шыңын бағындыруға бел буған талант болашақта ізденуден, іздеуден жалықпаса Пегасты табатынына сеніп отырмыз.Дәурен Тілеухан Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Көрпе ауылында 2000 жылдың 28 қазанында дүниеге келген. Өлеңдері сайттарда жарық көрген, сондай-ақ облыстық Жасөркен, Жауқазын жинақтарына енген. Бірнеше республикалық, облыстық мүшайралардың жеңімпазы. Желдігер (экспромт) Толқыған көңіл, Бұлқынған сезім, Талпыныс... Талпыныстардан кеңейетіндей әр тыныс. Теміржолдарға өмір жолдары байланды. Жүрек пен жырда тартылыс... Үмітті қайтем? Үрейді бойдан жеңбесе, Еркімді босат! Шабайын бір сәт ендеше. Он алтысында арманның жолын бетке алған, Қуандық шыққан сапарға шықтым мен кеше! Тәңірден тілеп тынышын әрбір түнімнің, Бабадан қалған шежірелерге үңілдім. Бұйдасын тартып болашағыма беттеп тұр, Басталмай жатқан баспалдақтары ғұмырдың. Жанғандар да бар, Жарығы жасып қалған бар... Алдымда әлі атпаған қанша таңдар бар. Білемін сонау келер күндердің көшінде, Күтеді мені заманы бөлек заңғарлар... ...Алаңдап маған Алты Алашым тұр артымда, Алдамаңдаршы, армандар! Бала аспанның жұлдыздары Көрдің бе түннің мына тылсым нұрын? Паш етіп бір сұмдығын. Жанарымды еріксіз еліктіріп, Жүргімді жұлдызға жерік қылып, Сағынышқа сусаған көңілімді, Сырға малды, өлшеулі өмірімді. Осы аспанның астында өткен сәттің, Көбі шаттық шашатын, көбі мұңды... Сырласым мен мұңдасым мылқау ғалам, Көгінде бұлт аунаған. Күн кетсе Ай жететін алып-ұшып, Жұлдыздар ары-бері сабылысып, Жалын ұшып жататын ғарыштан да, Табысқандар, куә ғой қауышқандар, Құпиясын біле алмай мына түннің, Мен үнсіз көкке қарап тұратынмын. Мұң жастанып кенеттен түнгі аспанды, Жұлдыз болып кірпіктен бір жас тамды. Сосын қора маңына таяу бара, Бақылап жатамын мен баяу ғана, Жасыл шөптің үстінен нұрлы аспанды. Құштар боп, сезіне алмай көптен бері, Бір күйді бастан кештім өткендегі. Шіркін-ай, сол шақтарым көктем бе еді? Баяғы балалықтың өпкен желі. Бал шағым болашақтан безіп кетіп, Іздеп жүр көктен мені. Кеудемде орын алса көк тұрағы, Қиял боп кетті бәрі. Зуылдап жету үшін сол әлемге, Періштеге айналғым кеп тұрады. Ай күлсе, жымыятын қыр қызы да, Қарайтын күн қызғанып, гүл қызыға. Әлемнің бар жарығы жетпейді ғой, Дәуреннің бала күнгі жұлдызына! *** Ақиқатыма айналар бәлкім әр сағым, Көрмеген Жұмақ, жетпеген Арман-аңсарым. Келер күндерге үздіге қарап бал шағым қол бұлғап қалды... Арқалар екем қанша мұң? Қолымды алмайтын тәкаппар өмір түк емес, Орындалмайтын қиялдарымнан шаршадым. Естілер мейлі, еркімді билер нәзік үн, Ғаламның мынау көктемі күңгірт, жазы мұң. Жанымның үнін қағазға төгіп, қаламмен, Таңбалап келем Тәңірдің берген жазуын. Тағдырдың жүгін көтергеніммен жалықпай, Жасанды ойлардан қажыдым. Тасбауыр бұлттар төнеді, сірә, төбемнен, Бәрібір менің өмірім егіз өлеңмен. Жақсылық гүлін жатсынып жатқан әлемнен, Кеткім келеді... Қайырым нұры жоқ елден... Әділет іздеп жалған өмірдің жолында, Алданулардан алданыш тауып келем мен. *** Дауасы жоқ көңілім бүгін де алаң, Жұлдыздарды қайтейін жымыңдаған... Айғаулаудан қымсынып Айға қарап, Ішімнен сыбырлағам... Ай жасымнан айналған сырласыма, Жақынындай тартады бұл да, сірә. Есіңде ме, ерке қыз бар еді ғой, Қырсықтығы жететін бір басына... Мен оны ұнатушы ем... Қазір қайда? Оған арнап енді өлең жазылмай ма? Сазым қайда жүректі жылытатын, Жадыратқан жүздерді әзіл қайда? Жалғыздыққа жүрді ғой жаным көнбей, Көрінбеді ол... Жоққа сіңді сағым белдей... Махаббат майданында жараланып, Ғашығына жетпеген жауынгердей мен қалдым... Сол баяғы самарқау мекенімде, Байланып өткен шақтың етегінде. Қиял қанат қашықтап бара жатты, Ақкөбелек арманның жетегінде... Сол күндерде Сары күзге сағыныш тұрған бекіп, Жылдам өтіп кетті ғой... Жылдар да өтіп... Сосын ұзақ қарадым аққайыңға, Жапыраққа жазылған жырларды оқып... Сенің көзің... Өмір неге өксіген, өрекпіген? Өзіңсіз-ақ жетуде дерек кілең. Сенің көзің жүректің жұлдыздары, Сенің көзің маған да керек, білем... Есте жоқ... Пішін бе еді, мүсін бе еді? Мен құмартқан қыз ба еді ол түсімдегі? Қараңғы әлем тартады түнегіне, Мойыл қара көздердің ішіндегі. Кітаптардан бейнеңді көрдім бүгін, Көрдім бүгін көзіңнің мөлдірлігін. Мөлдір көзден мейірім таба алмасам, Мен кетермін арқалап сордың жүгін. Мақпал түнде мекендеп жыр сарайын, Сынық Аймен сырласып, мұң шағайын. Бар төзімді түгесіп кетер, бәлкім, Сенің көзің нұрланып тұрса дәйім. Теңіз болып толқыдым-тасынудан, Қайғың үшін жанардың жасы құрбан. Сенің сұлу, кіршіксіз кірпігіңде, Бар ғаламның бақыты жасырынған. Еркелесең жанымды емдегенің, Жанарыңа әлемді тең көремін. Көздеріңмен сөйлескім келе берді, Көздеріме қарашы сен де менің... * * * Жанымды жаулады нәзіктік, Аға, мен аспанға құштармын. Түндерге тілегін жазыпты, Сәлемін жіберші құстардың... Меңіреу, мүлгіген мына түн, Жанымның айқайын ұқпады. Таңдарда төгіліп тұратын, Мендегі мейірім шықтары... Қайда сол жабыққан жапырақ? Күзді аңсап көп уақыт кідірдім. Бұлттардың бейнесін бақылап, Аспанның астына тығылдым. Жүректі жесе де жалқы мұң, Табиғат тазартты уайымнан, Нөсердің нұрына малтыдым, Қуаныш байқадым қайыңнан... Сыр айтып ескірген сағаттан, Сағыныш сыйлады көлемді ой. Қамыққан сәттерде Жаратқан, Көкке бір қарасын деген ғой... Жанымды жаулады нәзіктік, Аға, мен ғарышқа құштармын. Түндерге тілегін жазыпты, Сәлемін жіберші құстардың... Бір өлең Толғанамын таңдарда, түндерде мен, Бір уайым бар жанымда, мұң кернеген. Бір бақыт бар алыстан алаулаған, Бір үміт бар бүр жарып үлгермеген. Бойды билеп бейтаныс күй арбаған, Сүйсе егер өз өзіне сыяр ма адам? Бір сезім бар бір қызды қиялдаған, Бір арман бар қылыш та қия алмаған. Сыр ақтарып сұрақтар, жауаптарға, Сағаттарға телмірдім таң атқанда. (Әмірім жүрмейді ғой Жаратқанға) Мен қазір-ақ көкке ұшып кетер едім, Қайтейін қанат бар ма? Мұңдар жатыр достардың көбі ұқпаған, Ойлар жатыр санама жолықпаған. Бір жарықтың нұрына сіңіп кетіп, Бір Сәуленің соңынан еріп барам. Жүргенмен жақсылықты жыр еткелі, Шығар әлі өмірдің мың өткелі. Жалғыз-ақ өлең үшін жаралған ғой, Ақындардың аяулы жүректері! Қолтаңба қалдырам деп заман жаққа, Жалынды жыр малады қаламды отқа. Ұлы өлең-міндет емес... Арманым жоқ Бір өлең жазып кетсем адамзатқа!