Дәулет Телманов: "Жапырақты өтінем, таптамаңдар..."

Дәулет Телманов: "Жапырақты өтінем, таптамаңдар..."
Фото: Жеке мұрағатынан

Құрметті жыр сүйер оқырман, осыған дейін еш жерде өлеңдері жарияланбаған жас ақынды орталарыңызға алып келдік.

Дәулет Телманов – 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Берел ауылында туған. Қазір Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің 4-курс студенті.
 ***
Бауырлап келем бұлт кешіп,
Бауыр да бауыр жолменен.
Қойнауы толы құт-несіп,
Қоңыр белдермен көлденең.
 
Тағалап торы тарпаңның,
Тақымға қыстым тағдырын.
Жаннәтін кешіп жалғанның,
Ат жалын құшып қалғыдым.
 
Сауырын сипап көк шалғын,
Бүлдірген бояп тұяғын.
Мұзартты сонау бетке алдым,
Кеткен-ді заулап қиялым.
 
Қызығын сарқып аз күннің,
Жанымды қисын жол дедім.
Гөй-гөйлеп тұрған бағзы үнін,
Шыңдардан шыңға өрледім.
 
Өр рухым билеп кеудемді,
Жарылқаушым бір Тәңірім.
Жанды ойлап жарты жолда енді,
Жайым жоқ жалтаратұғын.
 
Бұл жақта шыңдар тәкәппар,
Бұл жақта бұлттар жылауық.
Етегін қымтап қасат қар,
Сейілмес тұман бірауық.
 
Төсінде толқын өрілген,
Тылсымға тұнған тұнығы.
Құлдилап өрден төгілген,
Қос өркеш шыңның бұрымы.
 
Тұманға сіңдім, жоғалдым,
Жаурадым, бұлтқа орандым.
Тұрағын аңсап бабамның,
Туған жеріме оралдым!
 
***
Жасыра алман жанымның таңданысын,
Қарсы тұрар ғаламға бар ма күшім.
Өлең оқып бердім мен жұлдыздарға,
Түн іші...  Сені есіме салғаны үшін.
 
Ауырлатып жүректің мұңданысын,
Қауызында гүлдердің тұнғаны үшін.
Өлең оқып бердім мен, таңғы шыққа,
Дәл өзіңдей мөлдіреп тұрғаны үшін.
 
Тәтті шақтың білсем де өтпелісін,
Кіршіксіз көңілімнің көктемі үшін.
Өлең оқып бердім мен самалға да,
Өбектеп, өн бойыңнан өпкені үшін.
 
Көздеріңдей дәл сенің қою, қара,
Өлең оқып бердім мен мойылға да.
Бұла жаның секілді бұлттарға да,
Нәзіктікпен иілген қайыңға да...
 
Бұлақтарға, құстарға, дала, гүлге,
Қара шашың секілді қара түнге.
Өлең оқып бердім мен, өр еңсесін,
Көкжиектен көтерген жаңа күнге.
 
Тауларға да, қырларға, алаңға да,
Тастарға да, құмдарға, көгалға да.
Күллі әлемге тыңдаттым өлеңімді,
Оқып бере алмаған, саған ғана...
 
***
Тұнық ауа, тыңшы жел, тынған алап,
Қиялымды қай жаққа бұрмаламақ.
Шұғыласын тұс-тұстан жинап алып,
Құбылаға сүңгіді күн домалап.
 
Бұлт бауырын күйдіріп таңдағы нұр,
Тірлік пен түн арасын жалғады іңір.
Бұлтқа ұмсынып, бұлқынып кеуде ішінде,
Қызыл бауыр ойлардың арманы жүр.
 
Төбесіне көтеріп момын Айды,
Азан-қазан төңірек жамырайды.
Төл үніне тұншыққан тыныштықта,
тербетіліп отырып қоңырайдым.
 
Бір күніме жеткізіп бір күнімнен,
Мезгіл мынау, тұмсығы түнге ілінген.
Жұлдыз біткен жұтылып жанарыма,
күмбез көкке шаншылдым кірпігімнен...
 
Жан бітіріп ойлардың елесіне,
Жарқын сәттің оралар көбі есіме.
Өзеннің сыңғырынан орман мызғып,
Самалдың әлдиінен тау есінеп...
 
Шырқыратып соңғы рет шыбын жанын,
Тәмәдаған жандар ма ғұмырларын.
Ағып түскен жұлдызды санап әрбір,
Арманымды күбірлеп, ырымдадым.

***

Көңіліме өшпестей салып кірбің,
Баянсызын жалғанның тағы ұқтырдың.
Сені ұмытып кеткем жоқ, себебі әзір,
Жүрегімнің дүрсілін танып тұрмын.
 
Мың құбылып күніне, мың адасып,
Жүрейікші тағдырды кінәласып.
Өмір деген – үмітсіз аңсау ғана,
Аңсау деген – таңменен түн арасы.
 
Мейлі мені бұл жалған жалықтырсын,
Мейлі бақыт аңсатсын, зарықтырсын.
Сені ұмыта салар ем, бір-ақ сәтте,
Кеудемді неге үздіксіз қағып тұрсың.
 
Сенсіздік...
(бірінші өлең)

Құлақ түріп кеудеңдегі мұң-зарға,
Тірі жан жоқ тілдесерге, тыңдарға.
Сүреңсіздеу ғұмыр кешіп жатырмын,
"Сенсіздік" деп аталатын бір маңда.
 
Сәттері бар, мағынасыз кешкен құр,
Жұбанышы... Жүрегіңе көшкен жыр.
Бұл өлкеде "уақыт" деген ұғым жоқ,
Күзден басқа жоқ мезгіл.
 
Ауа-райы секунд сайын құбылар,
Секунд сайын суынар.
Бұл өлкеге түскен емес күн нұры,
Түспейтіндей түрі бар...
 
Қаhарына мінді екен деп жел күзгі,
Жанымыздың жапырағын ерте үздік.
"Өмір" емес, өмірімнің атауы,
"Сенсіздік"...
 
(екінші өлең)
Түңілгенде, санамды көміп елес,
Сезімімнің алдында егілер Ес.
Өзіңді жоқтап әлі бұл өлкеде,
Өлең сүріп жүрмін мен, өмір емес.
 
Таңды ұзатып, күтумен келер кешті,
Білінбей жылжып жатыр менен бес күн.
Жетіспейді жаныма жалғыз нәрсе,
Жетіскеннен жазбайды өлеңді ешкім.
 
Сенсіздікте – сезімнен ада ғалам,
(Сезімге жүгіне ме саналы адам).
Жатсынып қалам жиі бұл өлкені,
Жындыдай иесіз үйді паналаған.

***
 
Жұбатпайды сені ешкім көңіл бөліп,
Қоңыр күзім, жетті енді, егілмелік.
Жел үзген жапырағың жерден бұрын,
Жүрегіме құлайды менің келіп.
 
Жазды аңсаған жаралы хәліңді ұқпай,
Пендеуи ойлардан құр арылдық қай.
Күрең шашың дудырап, күйінесің,
Күйеуін жоқтап тұрған қалыңдықтай...
 
Жылу іздеп сөздерден, ізгі ойлардан,
Кеудесіне жібімес сыз байланған.
Ақ құсымды аңдаусыз тоңдырып ап,
Мен де өзіңдей сүреңсіз күзге айналғам.
 
Қоңыр күз-ау!
Соншалық Мәжнүн бе едің,
Күні ертең сезінерсің жаздың лебін.
Көктемің де оралар, оған дейін,
Көңілімді аулай тұр аз күн мені.
 
Ей адамдар!
Адалдығын сезімнің сақтағандар,
Ішімде беймәлім бір, жат ғалам бар.
Жапыраққа көміліп жатыр жаным,
Жапырақты өтінем, таптамаңдар...
 
Соңғы хат...
 
Жарығым...
Бұл сезім біздерге опа бермес түбі,
Мендегі өлең – өткеннің өлмес құны.
Торығу – сағынышты күндерді аңсау,
Сағыныш – сол күндердің келместігі.
 
Бақыт деген – арманға ұмсынуың,
Уақыт құнын сондықтан білші күнім.
Бейдауа дертіңді құр асқындырып,
Артық енді бейуақта күрсінуің...
 
Көңілді Күн, теңеген сезімді Айға,
Бұла мінез, тәкәппар кезің қайда.
Аямайды сені ешкім бұл қоғамда,
Сен де жаным, дұрысы өзіңді ойла.
 
Қызық емес, өмірдің ендігісі,
Өлім ғана – біздерге белгілісі.
Өкініштен ада бол, әрбір сәтің,
Сағынышқа айналсын ең дұрысы.

Т. Раушанұлы