- Негізгі бет
- Поэзия
- Дархан дала еркесі...
Дархан дала еркесі өлді неден?
Киік - даланың киесі, еркіндіктің символы. Қазақ үшін қастерлі жануар. Оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. 2014 жылғы есеп бойынша елімізде 250 мың киік тіркелген екен. Кеше ғана қазақ даласында киік қырылуда деген жаман хабар тарады. Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы жаппай қырылған иіктердің саны жүз мыңға жуықтаған. Бұл қасіретті жағдай кімді болса да ойландырмай қоймасы анық. Иә, ақынға қара сөзден өлең оңай. Бетпақдаланы жайлаған бейкүнә жануарлардың қайғысы ақындар қаламында былай сөйледі...
***
«Қазақ едім дегенше» киік едім десеңші,
Әзер-әзер есімді жиып едім десеңші...
Құлағына Құдайдың жетер ме екен зарымыз,
Құзғын шоқып, қуартқан қу басыңды көтерші!
Қу басыңды көтерші!..
Құлазыды қу дала,
Үзілмейтін тамыры бұл не деген мұң, нала...
«Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз...» - дерт еміп,
«Ұлы достың» қолынан татар зәһар у ғана...
Ырысбек Дәбей
***
Киік - қазақ секілді, ҚАЗАҚ - КИІК,
Кім басына берді екен азапты үйіп?
Қасіреттің күрмеулі қыл арқаны,
Мойынымды барады қажап, қиып.
Дархан дала еркесі өлді неден?
Шерді көрем...
Көзінен мөлдіреген.
Жер-Ананың қамығып қайғысына
Жылайды аспан.
...Жүрегі елжіреген.
Жылайды аспан...
Жауынын нөсерлетіп,
Есеңгіреп отырмын есем кетіп.
Сахараның уланып сəні кетті,
Зымыраннан зулаған кесел жетіп.
Еңсені езіп ауыр мұң,
Жаншып нала,
Қан сасиды киесіз қаңсып дала.
Жалақ-жұлақ жұтынған қарақшының
Көзі өтті ме, қараған сан сұқтана?...
Опат қылған оқ па, əлде, есер атқан?
Құрылды екен жолына неше қақпан?
Түйесі өліп..,
Тұлпары -
Киесі өліп,
Нардың жүгін ел болдық есегі артқан.
Иесіз қап...
Құлазып дала жатыр,
Жауап күтіп сан сұрақ санада тұр.
Көпті көрген көнекөз қариялар,
Күрсінеді, келді - деп, заманақыр.
Кеше көрген қайғым бар мəңгі ұмытпас,
Бір білерім, енді ешкім шаң жуытпас.
Көбеюге ешқашан қақысы жоқ,
ҚАЗАҚ пенен КИІКТІҢ тағдыры ұқсас.
...Қыран құсап ұшпайды құзғын биік,
Өлексе жеп жетеді ол күзге ілмиіп.
Бір кездері нақақтан нақақ кеткен,
Жүз мың қазақ секілді жүз мың киік.
Қалқаман Сарин
***
Ақбөкен-ау, Ақ бөкен
Орныңды тауып жат, көкем.
Даламды саған қимап ем...
Мүйізіңді кімдер қақты екен ?
Қай оңбаған әрі Қытайға
Қаншаға пұлдап сатты екен ?
Орныңды енді тапқандай
Көріңде тыныш жат бекем.
Ақ бөкен-ау, Ақбөкен
Бәрінен де сақ бөкен.
Қиюын салмас бұл мекен,
Сендерсіз - бізге бақ па екен?!
Әбдірайым Омаров
***
Ақ бөкені даламның,
Басындағы қараң күн...
Тілгілейді жанымды,
Қасіретті жараң мың...
Әп-әсем боп жаралдың,
Кең далама таралдың.
Ажал құшып жатқаның,
Кесірі ме адамның?..
Оқ жауғандай жотадан,
Жұмбақ қырғын, топалаң.
Болып жатқан жеріме,
Дауаңды бер, Жасаған!..
Мұнайдар Балмолда
Ақбөкен
Дертімді менің қозғама,
Онсыз да ғұмыр аз ғана.
Айта алмай кеткен сырың бар,
Жадырап тұрған жазға да.
Адасып жүрген ақбөкен!
Қай жаққа ауып барасың,
Қай жақтан пана табасың?
Өзегі өксік дүние-ай,
Өртеніп, күйіп-жанасың!
Асарсың шаршап сан қырдан,
Ақ боран шығар алдыңнан.
Қорғансыз болып туған соң,
Жақсылық күтпе тағдырдан.
Адасып жүрген ақ бөкен!
Қай жаққа ауып барасың,
Қай жақтан пана табасың?
Өзегі өксік дүние-ай,
Өртеніп, күйіп-жанасың!
Шексіз ғой мынау қара жер,
Өзіңді өзің пана көр.
Ажалдан қашқан тіршілік,
Сағымдай заулап аға бер!
Адасып жүрген ақбөкен, ақ бөкен!
Қай жаққа ауып барасың,
Қай жақтан пана табасың?
Өзегі өксік дүние-ай,
Өртеніп, күйіп-жанасың!
Несіпбек Айтұлы