Әлімқұл Данияр - 2011 жылғы Жамбыл облысы әкімінің степендианты, 2011 жылы өткен Республикалық «Махаббат мүшәйрасы» жыр-додасының бас жүлде иегері. Оның өлеңдеріндегі жаңалықтарды оқырман бірден байқайды. Ақын айғайлап, қандай да бір пафосқа бара бермейді. Өлеңін пәлсапа мен лириканы кезектестіре отырып жазады. Бұлай дейтініміз, оның кейбір өлеңінде қате бар дегенді білдірмесе керек, тек дайындықсыз отырған оқырманның көз алдына оқиғаның кульминациялық сәттерін дәл суреттеп әкелуін, ащы қалыпты көрсететінін ақынның бір ерекшелігі десек артық емес. Даниярдың өлеңдеріне оқырман дайындықпен келу керек сияқты. Сіз де оқып көріңіз...
Өмір
...Алаңсыз асықпаулар... амалсыз кешігулер...
...Еркелік есіру мен еріксіз кешірулер...
...Тереңге батырулар... биіктен құлатулар...
...Күйікпен жұбату һәм күлкімен жылатулар...
...Шырайлы қалаулар мен шынайы ұнатулар...
...Сұрықсыз үзілу мен сыпайы ұласулар...
...Майдансыз қырқысулар... мылтықсыз оқ атулар...
...Ізетті сыйласулар... ізгілік орнатулар...
...Керіге шегінулер... кейінге ығысулар...
...Кемсітіп ұмытулар... кең пішіп ұғысулар...
...Келесі көрісулер... кезекті танысулар...
...Беймаза тарасу мен бейуақ табысулар...
...Үнсіз бір қыстығулар... үздіксіз солықтаулар...
...Әдемі тауып бару... әдейі жолықпаулар...
...Өткелдік ауысулар... өкпесіз достасу бар...
...Құшақтап қауышулар... қол қысып қоштасулар...
...Арнайы кездесулер... аяулы кезігулер...
...Ардақты сезімдер мен аялы сезінулер...
***
Айтып тұрып, айта алмауды қарашы,
Қайтып тұрып, қайта алмауды қарашы
Құрғыр тілдің байлануын қарашы,
Құрдым күннің айналуын қарашы,
Күшпен күйік, шер төнуді қарашы,
Іштен күйіп, өртенуді қарашы,
Көктемімнің күз болуын қарашы,
Көз жасымның тұз болуын қарашы,
Жүрегіңнің мұз болуын қарашы,
Тілегімнің жүз болуын қарашы,
Зарығымның мұң болуын қарашы,
Жарығымның түн болуын қарашы,
Жегір ойдың хас болмауын қарашы,
Жегенімнің ас болмауын қарашы,
Басқалардың жүрісіне қарашы
Қасқалардың күлісіне қарашы
Алып ұшып, асығуды қарашы,
Әрі құшып, бас ұруды қарашы,
Наласы жоқ кіл қауымды қарашы,
Қарашы деп тынбауымды қарашы,
Қараңғыңа күн қонбауын қарашы,
Қарағаның шын болмауын қарашы!..
Т-ға
Оянады екенбіз түн үстінде.
Сөйлеседі екенбіз тыныш тілде.
Жабырқау мен жалғыздық, жайсыздықтан,
Жаралғанды қабылдап.... (дұрыс, күнде!)
Білдірместей боламыз жайды мына,
Білмейді де екенбіз қайғыны да.
Арғы жақтан күт мені, бастайықшы…
Ар жолы мен ақ сезім айдынына.
Өткендерді өшіріп, жоямыз да...
Өпкенімді көшіріп, қой аңызға.
Күлмейді де екенбіз езуменен,
Тек жүрекпен жымиып қоямыз ба?
Сөйлей-сөйлей сендіре тыныш тілде,
Құрғап ауыз кеткендей, құм іштім бе?
Көбелекке айналып кетеді деп,
Тозаң болып тұрамын гүл үстінде.
Т-ға
Мөлдір мұң ие бізге,
Мөлдірге бола алдаймыз.
Тек қана сүйеміз бе?
Сүйікті бола алмаймыз.
Көзіңе қонайын ба,
Гүлдердің әуені боп?..
Жоқ әлде солайын ба, …
Әуелі мәуелі боп?
Содан соң тірілтесің,
Жасыңды бүркіп ащы.
Көктемім, түнім сенсің,
Өткеннің құлпын ашшы.
Соңғы рет келіп кетем,
Соңғы леп беріп тосын.
Ерніңде еріп кетем,
Көзіңде сөніп сосын.
Т-ға
Қолдан бәрі келеді жатпа налып,
Жолданбады себептер хат та қалып.
Ойымда жүрсің... оқи беріппін,
Өлең-жүзіңді жаттап алып.
Мазасыз Менен... айыққан елік,
Бояуын мұңның байытқан делік,
Сағыныш толы санама менің,
Сағым боп сіңші ғайыптан келіп.
Іздеген сені, емес пе ем кезбе?
Айдардан анау жел ескен лезде.
Шуақ боп және шумақ боп кеттің,
Өмір мен өлең теңескен кезде.
Ұзақ мұңыма ұрынды күз кеп,
Сызатты мына – бұрымды қыз деп.
Жанарыңа сонда қарай беріппін,
Жазылмай қалған жырымды іздеп.
Тым-тырыс түндер... көнермін... жоқ үн...
Байқатты маған өремнің жоғын.
Кім енді сендей оқиды екен,
Көзімде қалған өлеңнің жолын.
Гүлжүрек
(жазықсыздық)
Қыз қолында гүл сынады,
Гүл сынады өкініштен.
Кеуде қалай тұрсын әрі:
Күбірлейді Өкіл іштен.
Күбірлейді Өкіл іштен:
«Жүрекпін» деп таныстырған.
Гүл сынғанда өкініштен,
Өкініп ап алыс тұрған.
Елемейді жайтты үстем,
Гүл өлдіге сенетін кім?
Ауа ғана айтты іштен:
Сынған гүлдің семетінін.
Көздің маңы тұр ісініп,
Жігіт жылап құшып талды.
Ең соңғы рет гүл ұсынып,
Ең соңғы рет құшып қалды.
Ең соңғы рет құшып қалу:
Ең алғашқы – қоштасу.
Гүл сынғанда түсіпті ару,
Түскендей боп отқа су.
Ең соңғы рет құшып қалад,
Сұлу мұңы әсілінде.
Топ көбелек ұшып барад:
Гүлді жерлеу рәсіміне.
Аулақтағы заматта көкбөрілердің мекені – Аспандағы Ай болыпты.
/Өз аңызымнан үзінді /
Абадан
/Микропоэма/
Түндерін тауға, таңдарын тасқа,
Түнетіп жүрді аңдарың рас па?
Көп перілердің – ойлары ортақ,
Көкбөрілердің – заңдары басқа.
Аспан мен Айда қалады зары,
Қоршаудың қасы, қаланың маңы.
Адам мен аңның арасын алған.
Қазақ пен бөрі – даланың заңы.
Қазақтың басын – «құл санақ» деді,
Жұртым-ай, менің, күн санап келді.
Алаштың ұлы – аруды сүйген:
Құлпынай ерін, құмсағат белді.
Аспанның асты – сол қызық сонар.
Жортуда жүріп, жол қысып солар,
Қазақы қасқыр арыстан емес,
Торларда жүріп, қол мысық болар.
Жүзіне жалын, өң кіріп, тегі!..
Өзекті жанып, өлтіріп кегі:
Апанын Айдан қазамын деді,
Ата көкжалдың бөлтіріктері.
Содан бергіде мұң иді ме екен?..
Қайғы салынып, бір үйлі мекен.
Аспанға қарап, ақжал бөрілер,
Айды сағынып ұлиды екен.
Алаңсыз жүріп қуатын асық,
Атадан бала туатын асып.
Абадан болып Айдан құладым,
Қайратым қайнап, қуатым тасып.
Басқалар білді – екі елі мықты,
Қазақтың қасқыр екенін ұқты.
Жерге түскелі, жұрт болып кеттік.
Ай менен Аспан – мекенім құтты.
Тарихтан тартып, қайдан бұраппын?
Садақ асынып, сайман құрап түн.
Жыртқыш боп жерде жатырмын десем,
Абадан болып Айдан құлаппын.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Данияр Әлімқұлдың жеке мұрағатынан