Бөркіңді жел тербесе, қызғанамын...

Бөркіңді жел тербесе, қызғанамын...

Массагеттің жырға жаны құмар оқырмандары, бүгін біз сіздерге тағы бір жас ақын Ақан Марғұланның өлеңдерін ұсынбақпыз. Жырымен жүректі тербейтін автордың өлең шумақтарын қабыл алыңыздар!

Соңғы кеш

Сүркей күздің сүйкімсіздеу бір түні,
Жұтып жатыр қуанышты, күлкіні.
Көктен түсті табиғаттың қызғаншақ,
Періштесі серік еткен түлкіні.

Ай аспанда жарығымен таласып,
Жатқан кезде біз де тұрдық жарасып.
Көкте жұлдыз жымың қағып өзінше,
Тіршілікке тіл қатуда санасып.

Мен суреттеп аңсап жүрген күз дала,
Алыста айқай, ал жақында біз ғана.
Түн және мен – егіздерміз селбескен,
Үшінші адам – мен сүйетін қыз бала.

Торып мені пері қызы айуанмен,
Жүрген сәтін біліп көрдім қайдан мен.
Қол ұстасып арман құшып тұрғанда,
Ұшқын ұшты бізге қарай айдан кең.

Бұл ғажапқа сезім толы ән арқау,
Екеуміз де тұрмыз солай самарқау.
Қайдан келген алапат күш білмеймін,
Ай жүзінде атылды кеп жанартау.

Қап-қараңғы, аспан бетін жапқандай,
Ақыр заман төніп келе жатқандай.
Түнек жарып маған ытқып келеді,
Пері қызы пері түлкі, от маңдай.

Шоқты тырнақ кеудемді кеп тырналап,
О, құдірет, жатыр түлкі тырмалап.
Тілім-тілім, көкірегім көнсе де,
Жүрек байқұс талпынуды тұр қалап.

Тырысып та, талпынып та жініткім,
(Шарасызбын)
Кетіп қалды көкіректі тіліп түн.
Махаббаттың шоғы сөнген соңғы кеш,
Осы екенін ес жиғанда біліппін.

Қалықтап тұр тәнім бұлттың үстінде,
Пері қызы ұйықтап жатыр үстімде.
Қиял емес, табиғаттың қызғаншақ,
Әлеміне алданып кеп түстім де.

Ойлап едім түсім бе деп басында,
Тап болғаным ғажайыпқа тосында.
Ғажап емес, азап екен көргенім,
Өйткені -
Сүйген қызым кетіп қапты расында...

 

ҚИЯЛДАҒЫ АРУ

От көрік көкіректе күй тынбастан,
Бет беріп нұрын төкті сиқырлы аспан.
Естелік жазылады өлең болып,
Өткеріп талай түнде ұйқымды ашқан.

Бағына барам деп ем сағым қырдың,
Сарыла күттім сені, сағындырдың.
Жабыға жатам ылғи тілсіз түнде,
Жаныма жарық қылып шамын жырдың.

Сен десе, ынтық көңілі тоқтамайды,
Емдесе, бабын тапқан бақ талайды.
Келмесе амал қанша дәл өзіңдей,
Бермесе сыйға маған көктегі айды...

Бордай қып тоздыруда мұз денені,
Жылды ай қып сендік сағым жүз келеді.
Құлпырған көк белдегі қызғалдағым,
Жыр тұнған шумақтардан ізде мені.

Өткеннің айтар емен тіпті шетін,
Өкпемнің жөні бар ма бүк түсетін.
Көзімнің жайлауынан маужыраған,
Сезімнің аспанынан шық түсетін.

Өңде емес, түсімдесің жыр жазамын,
Кемеде емес қылықтысы қыз баланың.
Көркіңді жат көздерден сүзіп өткен,
Бөркіңді жел тербесе қызғанамын...

Сертіме тұрушы едім сен дегенде,
Дертіме сол сабырым ем берер ме.
Сағымды гүл - бейнеңе елестетем,
Жаныңды жабырқау мұң тербегенде.

Өзімді жұбатуым текке менің,
Төзімді, күтуді де жек көремін.
Жылатып кеткен мынау дер сезімге,
Уақыт емші болар деп келемін...

Суреттер: secretgardenisalwaysthere.punt.nl, vk.com

А. Әбілхан