Бейбарыс Ұзақбаев 1999 жылы 5 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Қазтал ауданында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 4-курс студенті.
Әкем ылғи айтып отыратын...
Қартайып қазір бара жатқанын,
Өмірде кеткен алажақтарын.
Бұл өмір сонша жалған екенін,
Ескертіп қойып ана жақ барын,
...Әке-е-м ылғи айтып отыратын.
Қу тірлік талай құлатқандығын,
Анамды қалай ұнатқандығын,
Жас болған сəтін жанарға алып,
Жалғыздық мұңы жылатқандығын,
...Әке-е-м ылғи айтып отыратын.
Тізіліп тұрған күдіктер жайлы,
Қыл мойын қатын көріпкел жайлы,
Адасқан ашу адасып жүріп,
Аңдаусыз басқан шүріппе жайлы,
...Әке-е-м ылғи айтып отыратын.
Суық күндерде жалаң жатқанын,
Соңғы көрпені ажал жапқанын,
Оңаша қалса өксіп отырып,
Анамның қалай қаза тапқанын,
...Әке-е-м ылғи айтып отыратын.
Серік деп жүріп сенгендерін де,
Еліктеп жүріп көргендерін де,
Ажал ауызын айға қаратып,
Алапат дертті жеңгендерін де,
...Әке-е-м ылғи айтып отыратын.
Тағдыр айласын білем дегені,
Сонда да өмір сүрем дегені.
Əкемнің айтқан əнгімелері –
Құдайға үнсіз ренжегені...
сірә...
***
Сағынатыным бір,
Жазатыным бір түнімен,
Сағыныштарға жетелей берді толы үміт.
Жүрегіңізге жолаушы болып шығып ем,
Бір де бір жан да тоқтамады ғой жолығып.
Асығыс бəрі,
Асығып жүріп от басар,
Күнім де өтер, түнім де өтер күткенше.
Тым құрығанда біреуі келіп тоқтаса,
Өз жүрегімді берер ем саған жеткенше.
Махаббаттан да болып барамын мақұрым,
Сүйген жүрегім кеткеннен соң ба шалғайға?
Тіке жолменен өзіңе біраз шақырым,
Төте жолыңмен тікелей кетсем болмай ма?
Құрысын бəрі,
Бəрі де саған беттесін,
Күміс құлыппен кілтеулі тұрсын қамалың.
Кешігіп келсем, көріктім, айып етпессің,
Жүрегіңе жаяулап кетіп барамын.
***
Налып тағы намысымды жоқтадым,
Жүрек құрғыр тоқтап қалғыр тоқтағын,
Мені ұнатқан бір арудын арқасы,
Бүгін жалғыз отқаным.
Жер бетінен жоғалды ма мәңгі олар?
Махаббатта мазмұнда бар мән де бар,
Бұл кафенің қосып қойған әуені,
Жүрегімнің нотасына дәлме-дәл.
Өзі көркем көзі мөлдір, жаны жыр,
Ол сұлу да бір ақының бағы бір.
Сұлуымды әуенімен әрлеген,
Қай әншінін әні бұл?!
Қалғып кеткен көнілімді ояттың,
Осы маған таныс әуен сияқты үн.
Әнін жазған композитор кім екен?
Сөзін жазған қай ақын?
Отырмысың жалғыз болып өтсін деп,
Махаббаттың зар қайғысын төксін деп,
Саған бола жазды ма екен әуенді,
Сол әуеннің ырғағында кетсін деп.
Ей, өкініш, өкпе артумен əлі жүр,
Ұсынайын алшы, қалқам, тағы гүл.
Елесіңмен есім кетіп билейін,
Маэстро, қайталашы тағы бір.
***
Сен тағы да жыладың, тағы неге?
Өгейсіткен өкініш əлі де ме?
Періштеге үнсіз-ақ көз салғаным,
Тар көнілім себепші бəріне де,
Кешір!
Сен күнəһар емессің, аян бəрі,
Құштар көңіл төсіне аяңдады,
Талай сұлу қонақтап құшағыма,
Мен түн өлкесін тағы да аялдадым.
Кешір!
Кездесейік екеуміз кешке шұғыл,
Көше кезіп жүреді кешке сыбыр.
Бұл жазған өленімнің əр тармағы –
Кеш түсінген күндердің кестесі бұл,
Кешір!
Түн астында жатырсам күнə жасап,
Перде артынан сығалап тұра ма азап?
Жұдырықтай жүректі қансыратар –
Бұл күнə,
Бұл қасірет
Бұл мінәжат.
Кешір мені,
Мен бəрін де біліппін:
жылайтыныңды,
мен саған ұнайтынымды,
менен бақыт сұрайтыныңды,
Құдай менің дəптеріме жазғанды
Түк қатесіз оқығанмын, соны ұқтым.
Кешір мені, көріктім!
***
Сендік көңіл секілді ауа райы,
Кеше аспан түнерді. Салқындады.
Түнгі жұлдыз бұлттарды аралайды,
Қайғымды жұтындырып алқымдағы.
Кеше тағы мұңайдың не себепті?
Көңіліме ұшып кеп қонды бір ой.
Уайымың да көлемін еселепті,
Аспан айтты барлығын... белгілі ғой.
Қашан, айтшы, жадырап күн шығады?!
Қара бұлтқа көміліп өлмекпісің?
Күнді бәрі көруге құлшынады,
Бәріне Сен неліктен себептісің?
Жұбатумен жүремін жалғыз жанды,
Қоштасудың мəнсіз ғой, қайтшы, соңы.
Бүгін бізде тағы да жаңбыр жауды,
Бүгін неге жыладың, айтшы соны?..
Вокзал
Вокзалда қоштасып,
Қол бұлғап барамын.
Қолымнан ұстап ап,
Жібермей жанарың
тұр мені.
Жол серік асығып тұр керім.
Жүректей дүрсілдеп
Вагондар дыбысы,
Қоштасып барамыз,
Ал біздер кім үшін?..
Білмедім.
Жылап та, күлгенім.
Плацкарт.
Қызықты, күдікті,
Параллель рельстер.
Параллель сезімді ұғынтты
неліктен?..
Вагонда кім екен сезімді еліткен...
Мен тұрмын
түтінді толтырып тамбурда,
Әйнектің артынан
Көз салып жаңбырға.
Сенбісің?
Сезімім сенгісіз!
Көз салып әйнектен,
Мыңдаған шақырым.
Вагонда жатырмын,
Сағындым ақырын.
Шаршадым...
Өзіңді ансадым.
Көңілге түскендей қалың мұң,
Мен кетіп барамын жолында сағымның.
(Хабарым – хаттардың демінде)
Ал, сау бол, жарығым!
Байланыс тыс жерде...
Мен келдім
Күрсініп тұрғандай көктемім,
Жалғыздық сезімін жек көрдім.
Қолыма компосты алдым да,
Сендегі жүрекке беттедім.
Шығармыз тағдырдың сыйы – біз,
Күйініш...
Жүрекпен іздеген жолдарда,
Мыңдаған қиылыс.
Бәрі де өткінші, аңғарсаң,
Жол кешті аралап арман сан.
Асыққан кездегі өткелдер –
Қызыл түс сөнбейтін бағдаршам.
Кеудемде тартылыс тағдыры,
Біреуді іздеуде барлығы.
Адасып келгенде қуандым,
Сөнбеген үйінің жарығы.
Сені іздеп сан жолдар кештім де,
Бағытты айтпадым ешкімге,
Көз тастап терезе артынан,
Адасып келер деп күттің бе?
Мен келдім!..