Бауыржан Мырзақұлдың "Қарға тілек" поэмасынан (III)

Бауыржан Мырзақұлдың "Қарға тілек" поэмасынан (III)

Басы

2-бөлім

ХХІ жас жұмбағы

Тар құрсақтан білмей дүние кеңдігін,

Қайбір жылы осы өмірге енді мұң.

Шарана да шерлі болады екен ғой,

«Бер, - дегендей, - көтеремін жер жүгін!».

 

Жиырмадан ассаң-дағы сен бүгін,

Әй, шарана, қайда әлгі бір ерлігің?!.

Қос ғасырды қос қолына шылбыр қып,

Кентаврдай бола алар ма кер құлын?!

 

Тастүлектер қайда ұғатын тас тілін?

Бүтін бе өзі, азу тісің қасқырым?!

Жанартаудай, біз, жарыла алдық па,

Жетсек-тағы жиырма бірдей жасқа ұлы?!

 

Ескі заман естелігі – шырғалаң,

«ХХІ-дің» арғы жағы – нұр ғалам.

Қарсы алдымда шашын жайып тұман – күн,

Сыр – сұлуым еркін бермей тұр маған.

 

Заманақыр, жастымысың Ғайсамен

Мұхаммедті танымайды қайсы әлем?!.

Жеті жаста мен оқыған әл-Құран,

Емес қой Ол – Құдай берген «жәй сәлем»!

 

Мен сіміргем ғасырлардың көз жасын,

Тістерімдей неге ғана тозды асыл?..

Жыртығынан жел ысқырған жүрегім,

Ботасы өлген бозінгендей боздасын.

 

Қара аспанның жұлдыз жайлар төрін кіл...

Көк аспанның Бұлт пен Күні – Көңіл, Діл.

Текеметтей төрт бұрышты Жерменен,

Тотықұстай түрлі-түсті Өмір бір.

 

Сәулесіне шомдырмаса Сәуір кеп,

Сан ойларым тоғыспайды қауым боп.

ХХІ жас!

Мен есейіп қалыппын,

...Қос өкпеме кіріп-шықты ауыр леп.

 

Әй, дүние, саған бір мін тағамын,

Саған сия алар ма енді нала-мұң?!.

Араб тілді кітаптарды ашқандай,

«ЗАМАН(?)»-ымды терісше оқып барамын.

Сен де Оны оқы, қарағым!!!

Жалғасы бар

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: fresher.ru

Е. Қайрахан