Бауыржан Мырзақұлдың "Қарға тілек" поэмасынан (IV)

Бауыржан Мырзақұлдың "Қарға тілек" поэмасынан (IV)

Басы

2-бөлім

3-бөлім

 

        Ескі сурет

                                     Жұмабайдың Мағжанына

 

Сурет бар менде ескірген,

Жүрексіз уақыт кімді аяр?!

Бояулар оңып кескіннен,

Ұқтырды сырлы бір баян:

 

Өй, мынау сері, сал ақын!..

(Өзіңе мәлім ар жағы.)

Еңбектің таптым дәл атын:

«Жұмабай шалдың Мағжаны».

 

Түсірер еске Түркіні –

Өмірі – бұйра шашындай.

Ниеті – көздің кірпігі,

Көптігі – соқа басындай.

 

Толған Ай бейне түр-түсі,

Көңлінің ағы – жағасы...

Аруларға арман – күлкісі,

Керімсал, кербез – қарасы.

 

Ұяты бетін маздатқыр,

Жалыны сумен өшпегір.

Төгіліп кете жаздап тұр,

Жүзінің мөлдір қос көлі.

 

Қайшылап қасы маңдайын,

Жазмышқа қатпақ өктем үн.

Азапты татып балдайын,

Еріні еске алды өпкенін.

 

Керілген иық, иекпен,

Қыранның сенсің қағаны.

Мағжанға тағдыр сый еткен,

Абайдың жанын жаралы.

 

Сағынған сорлы анасын,

«Мұңлық пен Зарлық» күйісің.

Сен, әттең, сурет ғанасың,

Сезе алмас жусан иісін!!!

 

Анама хат

 

                                                                                             Қамығып, тіршілікте ойға қалсаң,

                                                                                            От алып жылытайын жүрегімнен.

                                                                                                                     Бала-жырдың үзігі                     

Сүйікті анам о, менің, сүйікті анам, 

Сағыныштың өртіне күйіп барам.

Мен мұңайып отырмын, бергендей-ақ,

Мағжандардың тағдырын қиып маған.

 

Сүйікті анам о,менің, сүйенішім,

Туған жердің төсіндей киелісің.

Шығар мүмкін әкемнен қалған әдет,

Бұл қалада болмай жүр жүйелі ісім.

 

Сүйікті ана, сұрама хәлімді сен,

Тәнімді емес, соғуда жанымды сең.

Әкеме айтшы, мен оның баласы емен...

Халқым үшін етпекпін бағымды кем.

 

Қыран – ана, мен сенің тастүлегің,

Оқ жонуды үйреткен қасқыр – ерің.

Шындық – шыңын қорғаймын торғайлардан,

Құрбандыққа мал түгіл бас тігемін.

 

Жаным, ана, жабықсам сені іздедім,

Зере әжеймен зейінің егіз бе еді?!.

Ұлы Абайдай немере сүйгің келіп,

Мені ешқашан дәретсіз емізбедің.

 

Жан-жағымнан жатқаны торып қайғы –

Ұлжан болар келінің жолықпай жүр.

(Қайта айналып «Хәкімдік» келсін десең,

Әй, арулар, шешеме солықтай біл.)

 

Аяулы ана, арманың көп білемін,

Келмесе де бойыңмен көк тірегің.

Адам болсын деп едің ақын болдым,

Кіл жүректі жырларым өпті менің.

 

Табанына жасырған жәннат бағын,

Ана затын Адамзат ардақтағын.

Менің анам асыл ғой, асыл тегі,

Ұқсасы жоқ бейне бір бармақ табы.

 

Ауылға алып баратын жол қадірлі!

Мені күтіп маматай болма мұңды!..

Тоғыз шумақ өлеңмен өтей алман,

Тоғыз айлық толғатқан толғағыңды.

АНАШЫМ!!!

Е. Қайрахан