Бауыржан Мырзақұлдың "Қарға тілек" поэмасынан

Алғашқы махаббаттың мұңға толы күрсіністері мен терең иірімдері, көктеммен қайта оралған сезім мен алғашқы көрісу, түнімен жылаған жаңбыр және қалада оянған тіршілік - бәрі-бәрі Бауыржан өлеңдерінің әрін келтіріп, табиғаттың төл туындысы есепті жанды елітеді. Жас дарынның жастық пен албырттыққа, үлкен ойлар мен асқақ пафосқа берілуінде нендей сыр жатуы мүмкін? Ендеше, оқып көріңіз.

ҚАРҒА ТІЛЕК

Абылай хан рухына ескерткіш

 немесе

Әбілмансұрдың 300 жылдығына арнау  

 

Жол жүріп келем түн қатып, 

Қаспағын қырып түнектің.

Шаншылған бір тал қырға тік,

Тырдай боп лезде дүр етті.

 

Дүрліккен не екен, немене?

Қарғалар екен үріккен.

Тездетіп шықтым төбеге,

Жол бермеу үшін бүлікке.

 

«Қарғаға қарға жауықпас»,

Не болған мына елге өзі?

Тұмсығыменен жарып тас,

Кетердей көр қып жер көзін,              

Алардай тартып жер бөзін.

 

Бәтуәсі оңбай бұл істің,

Өзекке кетті-ау, өрт түсіп.

Ұлардай шулап ұлыс тым,

Ұлығын тастап кетті ұшып.

 

Жоралғы мұндай жаман ба?

Қалдырған кейін кәрісін.

Үн қатқым келіп қағанға,

Қолдандым сүлей әдісін.

 

                       ІІ

 

Жұлардай ағаш тамырын,

Қарға отыр бұтақ тербеткен,

«Қарқылмен» мақтап Тәңірін,

Тілдескен жандай Жер, Көкпен.

 

Көп жасап әрі көп білген,

Қосып та ішкен балға шер.

Сақалыңда ойнар тоқ бүрге,

Кемеңгерсің-ау, Қарға, сен!

 

Әй, Қарға, сені неліктен,

Жағаңнан алып жеңді мұң?

Қарға айтты: «сырға берік пе ең?..

Үш жүзге толдым мен бүгін!».

 

Әй, Қарға, оның несі айып,

Құдайдың берген өмірі ол.

(Мастықтан мүлгір ес айық,

Түсі емес, ғұмыр өңі бол!).

 

Әй, Қарға, маған бер тінді,

Мұңыңды бізбен бөліскін.

Ашып сал ішкі дертіңді,

Өкпеңе – оттар өріспін.

 

Әлқисса, Қарға толғанды,

Көзде елес өткен күндері.

Үш ғасыр – қалың орманды,

Аралап шығып бүй деді:

 

«Баласы сенсің қазақтың,

«Аппағы» менмін қарғаның.

Сен бүгін еркін, азатсың,

Құлысың жалғыз Алланың.

 

Сен тудың еркін, азат күн,

Мен туғам – Мансұр туған күн.

Мына күн, қандай, ғажап күн!

Азап күн зармен уландым!

 

Домбыра – дүние долданғыш,

Қобыздың күйі – қасірет.

Қанжылар, қыңсыл қорланды іш,

Сұрымды көздің жасы жеп.

 

Бейнетсіз бақыт болмаған,

Нұрлы емес, білем, әр күнім.

Қасқа ұл болдық толғаған,

Қазақ пен қарға тағдырын.

 

Арайлап атқан арда таң,

Осыдан үш жүз жыл бұрын.

 

«Қазтуған-Қарға» – арғы атам,

Мансұрға, ал, өзім құрбымын.

 

Мансұрға жазған жүз дастан,

Мен – Бұқар жырау – пір баспын.

Баһадүрлермен құзды асқам,

Төледен өткір тілмашпын.

 

Атырау Алтай арасы,

Ұшқанда қанат талдырар.

Алатау, Арқа даласын,

Жайлар-ды кілең малдылар.

 

Жамандар қарап қалсын ба,

Жабайы, жәутік құзғындар.

Қазақтар түсті ал сынға,

Жайлауын тақыр түз қылған.

 

Найсап пен кім бар құтқарар,

Нәубеттен аман нәсілін.

Жұмақтық жарқын жұртқа адал,

Тамұқтық төнді асы-ірің...

 

Жат болып кетсе жер деген,

«Қарқылдап» қимай қарғандым.

«Елім-айлаған» елменен,

Езіліп бордай зарландым.

 

Әй, қазақ, мұнша қамықтың,

Көгіңде Күн мен Ай барда.

Қорғаны болар халықтың,

Мансұрым шықпақ майданға.

 

Көзінде жалын, жасын бар,

Көгермек оғлан баталы.

Жақұттай жаны асылдар,

Жұрт үшін захар татады.

 

Тұқымы текті төреден,

Атасы – Шыңғыс, Темір-ді.

Болған соң Мансұр ерен ер,

Жаулары сорлап жеңілді.

 

Ізгілік самалы ескендей,

Үні өшті байғыз-даланың.

«Бәдікпен» бәле көшкендей,

Жоғалсын жоқпен нала-мұң.

 

Абылай дара хан, шахтай,

Жасады бір іс ұлылық.

Қосылмас басы саусақтай –

Үш жүзін қылды – ЖҰДЫРЫҚ.

 

Сөзімнің айтқан бәрі шындық,

Бәріне мендік көз куә.

Кетейін енді Мансұрлық,

Аманат жайын сөз қыла.

Жалғасы бар

                             Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: fresher.ru