- Негізгі бет
- Поэзия
- Бауыржан Қарағызұлы: Поэзия...
Бауыржан Қарағызұлы: Поэзия – адамзат Рухының шынайылық пен шексіздікке ұмсынған қасиетті уілі
Бүгін "Жұмбақтасқа жауған күз", "Өң.Мен.Түс", "Жүрек кітабы" кітаптарының авторы, ақын Бауыржан Қарағызұлының туған күні. Осы орайда ақынның сұхбатын оқи отырыңыздар!
– Аға, сөз өнері қонған ақындардың бірісіз. Жалпы ақын ретінде поэзия деген ұғымды қалай түсінесіз?
– Поэзия – адамзат Рухының шынайылық пен шексіздікке ұмсынған қасиетті уілі. Жүректерде бүр жарған ақыл мен сезімнің киелі райханы. Поэзия шынайы, терең, көркем болу керек. Сөз шынайы болса ғана жүрекке жетеді. «Он күнәнің бірі тілден» дегендей мұқым ел назарына ұсынылатын сөзіңіз түзу болмаса, біреуді адастыруыңыз мүмкін. «Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады» дегенді бек ескеруіміз шарт. Құр сөйлемнен қуырдақ қуырып, қызылды-жасылды шимай салу поэзия емес. Мәселен, суретшінің қылқаламынан көктеп шыққан көркем картина да – поэзия. Өзің елестетіп көрші, әдемі картинаға абайсызда артық сызық немесе бөтен бояу жұқса ол мән-мағынасын жоғалтады. Сол секілді өлеңнің ішінде берекесіз "бөтен сөз" жүрсе ол поэзия емес. Жалпы, поэзия туралы ұлы Абай жарықтық жақсы айтқан ғой...
– Жастар поэзиясында бір кездері жаппай Тыныштықбекке еліктеу болды. Сіздің поэзияңызды көп оқып соның әсерінен шыға алмай, сіз сияқты жазуға тырысқандар да бар. Бұған не дейсіз? Жас ақындардың өзіндік бағытын таба алмауының себебі неде?
– Тыныштықбек ағамыз – қазақ поэзиясының құбылысы. Ол ұлттың түпкі дүниетанымын терең білетін ақын. Әр өлеңі қазақтың байырғы ұлттық танымымен тамырласып жатады. Ол интелектуалдық қазақ поэзиясының бір қырын, бір кеңістігін ашып берген ұлы тұлға. Әрине Тыныштықбек ағамызға бәріміз еліктедік. Оны жоққа шығаруға болмайды. Кейін біздің буындағы ақындар өз жолын тауып, өз кеңістігін аша бастаған сияқты. Мәселен, Ақберен Елгезек, Ырысбек Дәбей, Ұларбек Дәлейұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ерлан Жүніс, Азамат Тасқараұлы, Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар секілді қаламгерлердің өз бағыты бар. Ал мен сияқты жазғысы келген жастар кейін өз жолын тауып кететін шығар деп үміттенемін. Артымнан ерген іні-қарындастарыма айтарым, күні-түні агент, фейсбук секілді әлеуметтік желілерге арбалмай кітап оқығаны дұрыс. 20-25 жас аралығы кітап оқитын уақыт. Оқығаны есте сақталатын уақыт. Уақыттарын босқа шығындамаса екен. Кітап - Рух дәрумені, ақыл вакцинасы. Білімсіз ақыннан мүгедек өлең туады.
– «Өң. Мен. Түс.» деген кітабыңыздағы «Әлди» атты өленіңіздің ішінде «Жүрегім жылқыдай жылайды» деген жол бар. Бұлай жырлауыңызға не себеп? Жылқының жылағаннын көріп жаздыңыз ба жоқ әлде бұл экспериментке бару ма?
– Бұл ешқандай эксперимент емес. Өлеңнің бір тармағы тұтас бір өлеңді түйсіндіріп, түсіндіріп бере алмайды. Толық оқып түйсініп, сезінесің. Оны былай айтайын: біріншіден, қазақты жылқыдан ажыратып қарау мүмкін емес. "Қазақ жылқы мінезді" деп те айтамыз. Екіншіден, жылқы жыламайды деп кім айтты?! Үшіншіден, жылқының адам сияқты тебіреніп жылағаннын өз көзіммен көргенмін. Ол кезде мен 7 жастағы бала едім. Атам Қарағыздың көп жылдар бойы мінген бір ақбоз аты бар еді. Сол ақбоз ат қартайған соң күздікке сойып аламын деп шешім қабылдады. Жылқы жарықтық бәрін сезіп тұрады екен ғой. Мойнына шалма салғаннан бастап тықыршып, бір орында тұра алмай, бауыздардың алдында адамша жылағанын көрдік. Қос көзінен аққан жас толастамайды. Атпен қоса атам да жылады. Мен де жыладым. Бәріміз жыладық... Әлі күнге дейін сол көрініс көз алдымнан кетпейді. Сондықтан жүректің жылқыдай жылағанын түйсіну үшін өлеңді толық оқу керек. Жалпы осы тіркес, осы өлең жайлы бірнеше әдебиет сыншылары талдап, жазған болатын.
– Сіздің өлеңдеріңізді түсіну дайындықты қажет ететін секілді. Өзіңіз жазған жырларыңызды оқырмандарыңыз өзіңіздің деңгейіңізде түсіне алды деп ойлайсыз ба?
– Меніңше өлеңді түсіну үшін біліммен қоса жүрек те қажет сияқты. Әркімнің өз талғамы, өз танымы бар ғой. Жаратқанның жадыма құйғанын жазамын. Біз оқырмандарды терендікке, талғампаздыққа тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін Құдайдың беріп тұрғанын оқырмандарға жоғарғы деңгейде ұсынғанымыз жөн. Өп-өтірік өліп-талып, сүйіп-күйюден, сылдырлаған жаны жоқ, сезімі жоқ ұйқастардан қашуымыз керек. Ақыл айтып кетсем кешірім ет, кейде сөйтетінім бар...
– «Жұмбақтас» деген ұзақтау келетін өленіңіз бар. Сұлу Көкшенің табиғатын жырға қосқан ақындар бұған дейін де көп болды, бұдан кейін де көп бола бермек. Осы өленіңіздің жазылуына не себеп болды? Тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз?
– Көкшетау – Хақ Алланың нұры саулаған қасетті топырақ. Ала балақ бала кезімнен көрікті Көкшенің торғын топырағына аунап өстім. Көрсең көзіңнен қуаныш жасы мөлт ете қалатын Бурабайдың мәртебесі бір бөлек әңгіме. Жұмбақтастың жанына барған сайын жаным кұпия күбірлеп қоя береді. Әсіресе бала кезімнен құлағыма сіңіп қалған Жұмбақтас туралы аңыз қатты тебірентетін. Бір күні күз мезгілінде Астанадан Көкшетауға бара жатып, әдетімше жолдағы Жұмбақтасты көруге асықтым. Күз деген Рухыма жақын керемет бір мезгіл. Жұмбақтасқа жапырақ жауып тұр. Кәдімгі күз жауып тұр. Қатты әсерлендім. Сол күні "Жұмбақтас" деген топтама өлең жаздым. Кейін тұңғыш кітабымды "Жұмбақтасқа жауған күз" деп атадым.
– Сіздің шығармашылығыңызды сөз еткенде ең бірінші аталатын ол "SMS хаттар". Осы топтама өлеңдеріңізді неше жазыңызда жаздыңыз? Қыздың атынан жазылған өлеңдер екені рас па?
– Мен өлең жазуды 23 жасымда бастағанмын."SMS хаттар" менің алғашқы өлеңдерім. Иә, өзің айтқандай бұл топтама қыздың атынан жазылған болатын. Қыздың сезімін, қыздың жанын түсінгім келді. Осы лирикалық өлеңдерім үшін мені ешкім танымайтын кезде 2006 жылы Фариза Оңғарсынова апамыз жоғары бағалап, Халықаралық "Шабыт" жастар фестивалінде лауреат атанған болатынмын. Әрине, мәселе сыйлықта емес, жазған жырым бағаланғанына қуандым.
– Алматыны шығармашылық орта дейміз. Сіз бірақ Алматыдан алыстасыз. Ол сізге әсер етпей ме? Өзіңіз тұрып жатырған жерде шығармашылық ортаны қаншылықты қалыптастырып үлгердіңіз?
– Жалпы, мен үшін шығармашылық орта - менің сөремдегі кітаптарым. Әдеби ортам өзімнің ойларым. Қалам ұстаған жанның рухани өсуіне әдеби орта қатты қажет деп есептемеймін. Облыста жатып-ақ жалпақ қазақты мойындатқан ақындарымыз көп. Мәселен, ақындардан Қарағандыдағы Серік Ақсұңқарұлы, Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Маңқыстаудағы Светқали Нұржан мен Сабыр Адай, Ақтөбедегі Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Жанна Елеусіз, Оралдағы Ақұштап Бақтыгереева сынды аға-апайларымыз халықтың көңілінен шығатын шығармалар жазып жатыр емес пе?!
– Қазір не жазып жүрсіз?
– Ешқайда жарияланбаған бір кітапқа толатын өлеңдерім бар. Интернетке, газетке, журналға жарияламай отырған себебім ақ өлеңдер болғандықтан кітап ретінде ұсынбақпын. Біраз прозалық шығармаларым бар. Уақыты келгенде оны да оқитын боласыздар.
– «Шабыт» фестивалінің лауреаты, әрі Гран-При иегерісіз. «Шабыт» сізге не берді? Танымалдылықтың артуына септігі тиді ме? «Шабыттың» айналасындағы әңгіме өршіп тұр қазір. Дүркін-дүркін мақалалар да жазылды. Шабытта әділдік бар ма?
– Шабыт әділетсіз болса, мен Гран-При алмас едім ғой. Әңгіменің басында айтқанымдай танылуыма септігін тигізді. «Шабыт» маған еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастармен танысуыма, олармен араласуыма үлкен мүмкіндік жасады. Жалпы, «Шабыт» сияқты фестивалдердің жастарға берері мол. Бір кездегі Қазақ КСР-і шығармашыл жастарының «Жігер» фестивалінде танылған жас ақын-жазушылар қазіргі кезде әдебиетте өзінің орны бар ірі тұлғалар. Осы күнге дейін «Шабытта» Гран-При алып келген жас ақындардың барлығы әдеби орта мойындаған мықты ақындар. Ендеше қалай әділдік жоқ дейсіз?! Біреудің бағы ерте, біреудікі кеш жанады. «Жігіттің жігіт екеніне талас, бағына таласпа» дейді ғой. Жанайдар бауырым, мен өзі бос сөз, қисық пікірден қашып жүретін жанмын. Халықтың кірпияз көңіл тақытынан орын табатын жақсы жыр жазып жүрсең болды емес пе? Поэзия ешқашан да сыйлықпен өлшенбейді...
– Шынайы әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан: Жанайдар Болатбекұлы
Ж. Жұмағұлов