Бауыржан Игілік: "Көкмойнақ мұң кісінеп сан бұзылдым..."

Бауыржан Игілік: "Көкмойнақ мұң кісінеп сан бұзылдым..."
Фото: facebook.com

Бауыржан Игілік – 1990 жылы 4 тамызда ШҚО, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы жалпы білім беретін №42 орта мектепті бітіріп, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетінде жоғарғы білім алды. Қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен айтыстардың жүлдегері, республикалық өнер фестивальдарының лауреаты. «Абай әлемі» фестивалінің Гран-При жеңімпазы, алтын төсбелгі иегері. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай төсбелгімен марапатталған.

***

Селеу қабағы түксиіп, 
Сырғалы талын шық сүйіп. 
Көрінген тастың астынан 
Көңілшек бұлақ сықсиып. 

Бұта бастарын жел серпіп, 
Жұпарлы аспанды теңселтіп. 
Тәттімбет саусақ дүние 
Табиғат күйін тең шертіп. 

Құдашама ұқсап құбылған, 
Сүймесем, аузым уылған. 
Жынданып сүйдім серідей, 
Айғыр қымыздың буы ұрған. 

Барыңды сүйем мен сенің, 
Бағыңды сүйем мен сенің. 
Сұрапыл сүріп сынбаған, 
Сорыңды сүйем мен сенің. 
Отаным менің еңселім, 
Отаным - күлкім, кемсеңім. 
Бейнеттің бәрін мен сенің 
Қабағыңменен өлшедім. 

О, менің аңқау жас балам, 
О, менің момын тас молам. 
Сәбидей сүйіп, анамның 
Ақ білегіндей жастанам. 

Кіндігім, жұлын-жүйеммен, 
Боздаған - қыдыр, киеммен 
Тәңірлігіңе тәу етіп, 
Сабырлығыңды сүйем мен. 

Шырғалаң күнде бір ағам 
Құл күнін жерлеп сыбаған. 
Итжеккен барып иленіп, 
Ирелең жолдан шұбалаң. 
Ілмиіп әбден жеткенде, 
Ілініп елге құлаған. 
Күлдіреп кеткен ернімен, 
Күлдігін сүйіп жылаған. 

Көзімді дымдап бір рет, 
Құдірет дегем... 
Құдірет... 
Туған жер ол да тағдырым 
Тәңірі берген нығмет. 

Тәу етем дүние жаңылып, 
Аспан аясы тарылып. 
Ысрафыл мініп күшіне, 
Тастан да тамыр табылып, 
Қиямет туып, от-күнді 
Шығармайынша мағүрүп!  

***

Жыламадық... 
Күлмедік... 
Күрсінбедік... 
Көрген жоқпыз түндерде бір сыр бөліп. 
Мазасы жоқ әлемнен оңаша қап 
Тұрған жоқпыз жауында су-су болып. 

Кірпігінен сен емес жас тамызған. 
Мұң шаққам жоқ мас болып досқа қызған... 
Сенің тәтті иісіңді есім кетіп, 
Мен емеспін іздеген басқа қыздан. 

Мен өлеңге қосқам жоқ сені мүлдем, 
Суретіңе мен бе едім көп үңілген?! 
Қоштасып ап кете алмай, жалт бұрылып, 
Қайта сүйген жоқсың сен ерінімнен... 

Жалғыз-жалғыз кештерде көп жүрмедік. 
Жүгіргем жоқ өзенге өлгім келіп... 
Әр әуеннің ішінде кезігіп қап 
Телефонға үмітсіз телмірмедік. 

Іштей жылап, күлімдеп деппіз бе «қош...» 
Жоқ...сағыныш көздерге өткізді елес. 
Соның бәрі болды ғой...болды бәрі! 
Болды бәрі шынымен! 
Тек, бізде емес.... 

Көктем келді, жаз - таяу...Шыда жүрек! 
Көптен бері екеуіміз құлазып ек. 
Біз алданар бақыттың біразы алда, 
Бізге жақын адамның біразы жоқ... 

Жоқ біразы... 
Қайда еді?! 
Жалмады күз! 
Қыдырсақ қабір болды-ау барғанымыз?! 
Жалған өшті олардың жанарында, 
Таңдайда қап тамсаған арман - уыз. 

Бәрі алдамшы дегенді жүрсем де естіп, 
Марқайтатын үмітті бір сенбестік. 
Өмір деген білгенге - қиын өткел 
Тайып, құлап, тасырқап, құм, сор кештік. 

Тағы көктем... 
Тағы да құзғынсәрі... 
Енді тоят тілеме түз құрсағы!!! 
Қыстай сұлқ жүргенде есеңгіреп 
Әзірейілде болыпты-ау біздің шабыт?! 

Кел, жүрегім қарсы алып бұл көктемді, 
Алданайық уақытша дүрмекке енді. 
Өлілерді білеміз сағынуды, 
Үйренейік тіріні құрметтеуді...

Жапырақпен қоштасу... 

Көктем – сезім, жаз – сайран, ал, күз – ақыл, 
Тірлік бар ма қыс түсе қар бұзатын?! 
Берілгені жалпыға жалғыз өмір – 
Секілденген жарлының жалғыз аты. 
Бесін ауса бассыз да есін жияр 
Күздің өлім себебі – арғы заты... 

Табиғаттың жүрмейді күзге әмірі. 
Жапырақты тұр күтіп сыз қабірі... 
«Саған дағы өлім бар» дегені ғой 
Қара аспанның қабарып сыздануы. 

Жапырағым... 
Жүрегім... 
Жарықтығым... 
Табандарда өлдің-ау қалып тінің... 
Біз де бірде саулаймыз сендерге ұқсап, 
Өссе екен деп жаңа ұрпақ жарып бүрін... 

Бізге өмірдің жетеді-ау күз боп шегі. 
Бізді де ессіз қара жел үзбекші еді... 
Қош, жапырақ! 
Әзірше қош болып тұр! 
Біз де бір күн барармыз іздеп сені... 
Қош... 
Қош...

Иіскетші маңдайыңнан... 

(А. Шеризатқа)

Иіскетші досым-ау маңдайыңнан! 
Қазақ иісін жұтайын мал қайырған. 
Осы иісті сезуші ем кәрі апамның 
Саусағынан жалаған сары майымнан... 

Иіскетші, иіскет тамсанайын 
Боз жусанмен аңқысын жан сарайым. 
Бұл кеудемде қанша мұң, қанша уайым 
Үмітіме өлмелі дем салайын. 
Сен де жалғыз, досым-ау, мен де жалғыз 
Тау тасымен тістескен аршадайын. 

Жалғыздықтың демессің мәнісі не... 
Кім танытпақ қарсылық Жар ісіне?! 
Жалғыздықтан адамзат қайда қашар 
Үріп салған жан жалғыз тән ішіне. 

Ал, біздікі? 
Біздікі – көп тереңде. 
Сөгуге де болмайды, өкпелеуге. 
Әлденені аңсаймын... 
Айтпан бірақ! 
Жалғыз жанды, білмеймін, көп көрем бе?! 

Иә, сондай, досым-ау, ақымақ ем. 
Сезім ерте дарыды, ақыл – әрең... 
Менің Тәңір емесім қандай жақсы, 
Мың құбылып әр сәтте, шатымақ ем... 

Бәрін қойшы! 
Бәрінен арылайын, 
Иіскетсең дүр досым мамыр айын. 
Бұл кеудемде – күрең мұң, сары уайым. 
Айта беріп қайтейін, неғылайын?! 
Иіскетші, шайырым, маңдайыңнан 
Иіскетші апамның сары майын! 

Шық 

Тып-тымық таңда тұрған ем, 
Үрпінен ойдың емдім сүт. 
Жалғыз-ақ тамшы нұрлы әлем - 
Жәудіреп тұрған көрдім шық. 

Тұр екен жалғыз дірдектеп 
Алақанында жас талдың. 
Беймаза тірлік - бір мектеп 
Маған да солай басталдың... 

Мені де әкелген ғаламға 
Толғақты таңы тамыздың. 
Құйып ап сосын жанарға, 
Мөп-мөлдір өлең тамыздым. 

Жүрексіз туған не білмек?! 
Мұңымыз - егіз мөлдір шық... 
Әрі үрлеп сені, бері үрлеп, 
Құлатар ма екен жел қырсық! 

Жаутаңым жүрдің сүйген мен 
Ішінде мұңлы жанардың, 
Өмірдей маған сый берген 
Көзінен көрдім анамның. 

Адасып шиыр соқпақпен 
Үрпиген шақта, үркіп мен, 
Бетімнен сүйіп ақпап па ең 
Үзіліп түсіп кірпіктен?! 

Күлімкөз Күн де құйып нұр, 
Өтеді сенен сыңсып түн... 
Күллі әлем саған сыйып тұр - 
Көзіндей ғана шымшықтың. 

Көзіме бір мұң келді ыршып, 
Жетпейді-ау саған сірә тіл?! 
Жүрегім менің мөлдір шық 
Үзіліп кетпей тұра тұр...

Көкмойнақ мұң 

Білесің бе мұңдасым осы дала –  
Шандыр болған емшегі жесір Ана. 
Ақсөңке боп сүйегі арғы жылдың, 
Көкмойнақ мұң кісінеп, сан бұзылдым... 
Құзғын шоқып көзімді, дүр-дүр ұшып, 
Оянбадым нешеме түн бүрісіп?! 
Оянбадым нешеме сыздап ішім?! 
Аштық. Соғыс. Қиянат.Қыз намысы... 
Ата-бабам жел мүжіп қорымдарын 
Азынайды. Жүректе соның бәрін –  
Қайта-қайта қайнаттым... 
Ине жұттым... 
Жұрттың сөзі рас-ақ – күйреуікпін. 
Рас, рас өлеңім – зары бар мұң. 
Зары бар мұң астарын ал, ұғар кім? 
Кешегінің обалы – дұшпанда ғой, 
Бүгінгімді ұға алмай әлі далмын... 
Жылауыма ,мұңдасым, себеп осы 
Неге?! 
Неге?! 
Неліктен?! 
Неге досым?.. 
Туу үшін, тойынып өлу үшін –  
Арам тәнмен толтырып жер уысын 
Момын адам жылайды, қоңыр далам? 
Қасарады тіс жармай өмір маған... 
Жаман ба еді адам мен жер кенеше 
Мейірімнің қанына шөлдемесе?! 
Зұлымдықты неліктен осы күннен –  
Махаббатпен, рахыммен, кешіріммен, 
Кірпіктермен мөлт еткен бір шық тұнып, 
Аналардың сүтімен түншықтырып, 
Күлкіменен күмісті  - сәбидегі 
Бар аталық кеңдікпен фәнидегі –  
Өшірмеске?! 
Әйтпесе, осы дала –  
Шандыр болған емшегі жесір Ана. 
Ақсөңке боп сүйегі арғы жылдың 
Көкмойнақ мұң кісінеп сан бұзылдым...    

Ж. Жұмағұлов