Батырхан Шүкеновке арналған өлеңдер

Батырхан Шүкеновке арналған өлеңдер
Фото: voxpopuli.kz, vk.com

Қазақ музыка өнерінің майталманы Батырхан Шүкеновтың беймезгіл қазасы жанымызды мұңға бөлеп, қабырғамызды қайыстырып кетті. "Батыр бақилық болды" дегенді естігенде сенер-сенбесімізді білмей абдырап қалдық. Қазақ өнері қара жамылды. Күллі қазақ аза тұтты. Бірнеше күн бойы алаш аспанында Батырхан әндері қалықтады. Көңілі тыныш таппай, әлдебір мұңға арбалған ақындар қауымы өкінішін өлеңге төкті...

Silentium...

Жақынды қойып...
Ақынды қойып...
...

Аяулы әуен құлады көктен,
Бұлады көппен жасын - жыр.
Тағдыр да солай тұр - алып, өктем,
Жыланып өткен басым кіл...

Мейірің қайда көкек - ай, күнім,
Күй-үнің қайда кешегі?!
Менен де бір күн кетеді айбыным,
Жетер,
Айныдым,
Кеше мұң...

О, Жарық жұлдыз, елесің қайда,
Сенесің бе айға егілген,
"Сен кетті" деген көнесің бе ойға?!
Өресінде - айла,
Жеңілгем...

Ғажайып мұңға қаныққан шынар,
(Табыт-тамшылар...
Кім едің?!...)
Ғасырдан мына жалыққан шығар,
Зарыққан шығар жүрегің...

Ғайыптан жерге төгілген әнсің,
Сөгілген әнсің жотадан...
Бағынбай кеткен өмірде барсың,
Табылмай кеткен нотада...

Сұрама менен тек күш-дәрменді,
Кеп құшқым келді...
Зорға мен...
Періштелермен көкке ұштың ба енді?!.
Соңғы әнші...
Соңғы...
Соңғы әуен...

Айбол Исламғалиев

Ән-арғымақ
(Дарабоз әнші, дарынды сазгер
Батырхан Шүкеновтың рухына)

Батырханның жүрегі шыдамады,
Шыдамады соғуға бұдан әрі.
Жүрегі оның кішкене жер шары еді,
Жер жарылар қойнына толса кені...
Тоғыз баллмен соққанда,
Тозған жүрек:
Тағдырым деп бұл да бір сыбағалы –
Талқан етті бекініс-бұғананы.

Бұғанаң не?
Тербетер күміс үнді
Сыңғыр көмей бір суып, бір ысынды.
Тас еденнің табанда тақтайы еріп,
Көз алдында көп нүкте қаптай өріп,
Сұм жазымыш қарақшы-ұры сынды
Қылыш ұрды қиқалап ұлы шыңды.

Деп соқпайды қылышты қиқаласын,
Шамаң келсе ұлыңның сипа басын.
Кербез еді өзі бір,
Керім еді,
Кербезім, – деп көрсетті елі нені?
(Еске түсті тағы да Иса, Қасым)
Сипадық па маңдайын тірісінде,
Жасадық па жылылық ишарасын?
Ажал билеп алғанда ми-санасын –
Зарлап қоя бергені-ай қара қобыз,
Сарнап қоя бергені-ай гитара-сым.

О, әуеннің әлемі!
Епті қылық
емге болмай, еміне жеттің ұлып.
Көп шашылып әз үнің,
Көп тізіліп,
Көп суынып саз үнің,
Көп қызынып
Жеті нота жетпей қап,
Ер Батырхан
сегізінші нотада кетті үзіліп.

Ғұмырының кесіліп бір белесі
Қайран ердің өзі емес, тұрды елесі.
Кеше бар да бүгін жоқ, қарағым-ай,
Кім самғады өзіңдей дара бұлай.
Ажал ашып кеткенде іргені осы
Азынаған азаңды көтере алмай,
Енді ғана еліңнің кірген есі.
Алыстатып асылды аялайтын,
«Батырын» да, «ханын» да аямайтын
Тағдыр – тарпаң.
Біздегі білген – осы.
Сазды сауық, – деп жүрген,
әнді мамық
кімдер осы, апыр-ай, кімдер осы?!

Жан жылады,
Жартастан ән құлады,
Ақырғы рет көре алай таң – құланы.
Құла таңда,
Қайғылы ұлы Отанда
Батырханды Батырхан жоқтағандай
Барқыт даусы бебеулеп жаңғырады.
Қош, құлыны қазақтың,
Қош қыр үні,
Қош халқымның сарқылмас ән бұлағы.
Ауыздыққа бой бермей,
Ажал-шепке
өтіп кеткен әуеннің Арғымағы!

Абзал Бөкен

Батырханға

Жылап жатыр қала мен дала, Батыр...
Не болғанын ұғынбай жан Ана тұр.
Не болғанын ұғынбас санам ақыр -
«Джулия» қыз жүгіріп бара жатыр.

Көрдің жырдың ыстығын, ызғарын да,
Жапырақтар сарғайып күз бағында.
Қалды даусың, әуенің, сағынышың
Өзің кеше «сүймеген қыздарыңда».

Әнсіз мен де шөлдедім, қаталап тым,
Ұқтым сырын қол соққан шапалақтың.
Әрбір әнің – алдыңда атар ақ күн, 
Әрбір адам – «солдаты махаббаттың».

Қарап тұрсаң, шынымен жақсы-ақ Өмір,
Жүрек, шіркін, ретімен тапса көңіл.
Салдың сырын сақтаған сан мыңдаған
Жетімсіреп тұр әне саксофоның...

Жүрегімді шарпыды от аламан,
Анаң қалды артыңды боталаған!
Саксофонды қайтесің – орнын табар,
Жетімсіреп қалды ғой «Отан-Анаң»...

Әміржан Қосанов

Ұқсас жазбалар:

Қазақ музыка өнерінің майталманын сағынатын болады...

Батырхан Шүкеновтен қалған мұра

Ш. Талап