- Негізгі бет
- Поэзия
- "Балалар, сабақтан қалмаңдар":...
"Балалар, сабақтан қалмаңдар": Алғашқы қоңырау туралы өлеңдер
Бірінші қыркүйек – әрбір ата-ана үкіліген үміті – кішкентайын жетелеп мектеп мектепке апаратын күн. Бірінші қыркүйек – көптеген мектеп бітірушілері өмір-көгіне қағат қағып, студент атанатын күн. Бірінші қыркүйек – "кел балалар, оқылық" деп қоңырау соғылатын күн. Мұқағалиша айтсақ, бірінші қыркүйек – әріп тануға алғаш аяқ басқандардың "тарыдай боп" мектеп ғимаратына енетін күн. Жалпы, мектеп табалдырығынан аттаған алғашқы сәтіміз, оқиғалар әрбіріміздің есімізде жақсы сақталған, оған қатысты күлкілі де тәтті естеліктер бәрімізде бар. Ал білімге шақыратын бірінші қыркүйек туралы ақындарымыз не дейді?
Ғафу Қайырбеков. Мектебім
Қолыма ұстап хат, қалам,
Балалық жүзбен сүйкімді.
Босағаңнан аттағам,
Бөліп тұңғыш ұйқымды.
Алғашқы бір жазуым,
Есімі қамқор көсемнің.
Жанымның тауып азығын,
Жарқырап, күліп өскенмін.
Балалық атты бір досты
Шығарып салдым партаңнан.
Жастығым маған гүл тосты,
Аялап қағып арқамнан.
Көрсем сені осы күн,
Түседі еске жаңарып,
Алғашқы сол жазуым,
Алғашқы дос - балалық!
Қадыр Мырза Әли. Асып-сасып
Бүгін қатты ұйықтаппын,
Бір кез шошып ояндым.
Сағат сегіз боп қапты,
Қар басыпты үй алдын.
Татқам да жоқ тамақтан,
Асып-сасып киіндім.
Кешіктім деп сабақтан,
Өз-өзімнен күйіндім.
Біраз жер бар мектепке,
Біздің одан үй алыс...
Аптығыппын мен текке,
Жетіп келсем — демалыс!
Жарасқан Әбдіраш. Портфель
(Ұлы Рүстем Әбдірәшқа арнаған өлеңі)
Жатқызды қыртыс, қырымды,
Жылжыған жылдар өтектеп...
Мектепке тұңғыш ұлымды
Келемін үнсіз жетектеп.
Салқыны күздің соғады,
Ойлантпас қалай ол сені.
Жанымда томпаң қағады,
Жанымның құйттай бөлшегі.
Бұл күнді көріп түсіңде,
Асыға күткен аз ба адам,
Шаттығым да бар ішімде,
Тәтті мұң да бар аздаған.
Екі ұдай сезім тербеумен,
Күлген де болам сыр сақтап,
Жарасқан атты сүрлеуден,
Бөлінбек қазір бір соқпақ.
Жақындай бере:
– Ал, енді,
Тоқтама, – дедім, – тарт! – дедім,
Шапқылап ала жөнелді
Арқалап шағын портфелін.
Емірендім сол сәт, егілдім,
Сезінсің қайдан сотқарың:
Алғашқы жүгін өмірдің
Арқалап бара жатқанын!..
Ерлан Жүніс. Үлес
О, біздің қанша күз жоғалды тектен-тек,
Қаншама сұлуға сыйладық көктемді!..
Ойымыз,
Жанымыз
əлі де көкпеңбек,
əлі де шикілеу,
əлі де шектеулі.
О, біздің піспеген алмадай жасыл бас,
Жастықтың тұп-тұнық иісі аңқыған!
Ойымыз тым қышқыл...
Уыты басылмас,
Түкіріп тастардай жұта алмай артынан.
Нөсерде қарсы алдық не көктем,
Не күзбен қоштастық тұнжырап жыр оқып!..
Күтпеген жерлерде пайда боп кенеттен,
Ғайып боп кеткенбіз дүр етіп.
Өмірді іздедік əрнеден,
Ойыншық сағаттай көрдік-ау уақытты...
Біздерді сүрленген ан-то-логия-ларменен,
Түксиген эн-цикло-педия-лар оқытты!..
Олардан бар еді безуге,
Һəм ақын, һəм сұлу масаң ұл!
Гүлденген шақтарда ең іңкəр сезімдер,
Бүр жарып жатқанда жас өмір!..
Асау ой тебісіп,
Тынжылар шыңғырып іш тескен,
О, талай жүрекпен келісіп,
О, талай бастармен тістескем!
Күреңдеу жүзбенен жел өпкен,
Күн сүйген маңдаймен таңдағы,
Біз айқай салғанбыз əлдебір себеппен,
Бізге айқай салды енді салдары...!
Жүрегі көзедей у құйған,
Дəтің де шыдамас ішуге –
Ақынның барлығы – сүйкімді хулиган,
Академиялары өзінің ішінде!
О, қайда қалмады балғын да балғын күн,
Балғын күн мені енді танымас:
Қаншама сұлудың көңілін қалдырдым,
Қаншама жігіттер əлі мас...
Осындай екен-ау үлесі ақынның,
Тым биік кетіпті армандар.
Енді үйде кітапқа көміліп жатырмын...
...Балалар, сабақтан қалмаңдар!