Бүгін назарларыңызға балалар әдебиетінің белгілі өкілі, ақын Сәли Сәдуақастың 2012 жылы «Атажұрт» баспасынан жарық көрген «Ақ лақ» деп аталатын балаларға арналған өлеңдер, поэмалар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер жинағынан бір топ туындысын ұсынамыз. Балалар әдебиетінің өрендер ой-санасын, ақыл-парасатын дамытуға, парасат-пайымын жоғарылатуға көмегі мол.
Өлеңдер
Кел, ойна
Есік алды кең арна,
Арнадағы көгалға
Ағаларым еккен-ді
Сорты бөлек көп алма,
Екіде екем мен онда.
Есік алды кең арна,
Арнадағы көгалда
Әр ағаштың басында,
Құжынаған көп алма,
Таяп қалдым деп оған.
Біздің ауыл кең аула,
Жемісті ағаш көп онда.
Шым жатқызып жасадық,
Гүлді алаң, көгалда,
Кластастар, кел, ойна!
Біздің ауыл көп аула,
Әр ауылда көл – айна.
Жағалауы көк алма,
Піспей тұрып оларды,
Бауырларым жеп алма.
Саясында салқындап,
Көгалында кел, ауна
Гүлді алаңда көп ойна!
Ұлықпанның өкініші
Ерке бала Ұлықпан,
Ойынға әбден құныққан.
Алуан себеп айтады,
Амалсыздан қайтады
Қас қарая сыныптан.
Үй мен мектеп арасы,
Бес шақырым шамасы.
Түсте дайым жауапты –
Дәмдендіріп тамақты,
Ішкізуге ағасы.
Ол келгенде сыныптан,
Сөмкесін ап иықтан,
Жанашыры – панасы,
Тоңып қалса
Анасы
Құшақтап сан жылатқан.
«Түсте тамақ аштің бе?»
«Автобусқа түстің бе?»
«Ақылыңнан айналдым...»
Бір үйдегі жандардың,
Жаны соның үстінде.
«Жазуыңды жазасың,
Көп үйренсең озасың,
Деп жебесе ағасы,
Ара түсіп анасы,
Алма дейтін мазасын.
«Жақсы баға алдың ба?»
«Тапсырмаңды болдың ба?»
Деп сұраса тәтесі,
Шақыратын әкесі,
Теледидар алдына.
Жыл соңында Ұлықпан,
Көше алмапты сыныптан.
Ашуларын төкті-ау кеп,
Ұстаздарын сөкті-ау кеп,
Ата-анасы мұны ұққан.
Арқаланды Ұлықпан,
(Жол табылды тұйықтан)
«Талай білім игердім,
Деді, - ата-ана сіздердің
Шапағатты ұмытпан!.. –
Ойлап алыс, жуықтан,
Тәжірибем бір ұққан,
Болса ұстазым сендердей,
Көшеді екем бой бермей.
Сынып аттап сыныптан»
Деп өкінді Ұлықпан.
Атаның ақылы
Аққайыңның бұтағын кеспе, көкем,
Сен үлкенсің, бұл байғұс бесте ме екен?
Қол-аяғың секілді бұтақтары,
Аппақ болып әдемі өскен екен.
Жүрсін осы ақылым есіңде енді,
Жолатпағын келсе де досың мейлі.
Ұлы анамыз – табиғат, ағаш түгіл,
Бір тал шөбін жұлсаң да кешірмейді.
Айтқаныма өкпелеп қалма, сірә,
Көп келіп тұр атаңның ауласына,
Кім кепілдік ете алар
Осы бұтақ
Ертең саған шаңырақ болмасына?..
Ақ лақ
Ақ лағы Зейнелдің,
Ерте туған – сақалды.
Ортасында төлдердің,
Сүзеген деп атанды.
Қылығы да өзгерді,
Теке болды бақылдап.
Шықса өріске төлдерді,
Қуды бірден тақымдап.
Ермек болды Зейнелге,
Қызық көрді, шаттанды.
Орайы бар жерлерде,
Лағы жайлы мақтанды.
«Сырға» салды құлаққа,
Әдемі мыс жармақтан.
Күйек асты лаққа,
Алақандай жарғақтан.
Мұның бәрін ақ лақ,
Мәртебе деп санайды.
Тыншымады маңырап,
Сол әдетін қоймады.
Енесі де сүтті еді,
Расымен-ақ мәйекті.
Текешік боп шықты енді,
Үш, төрт ай өтті арада.
Бірақтағы басқа адам,
Мақтамады, кекеді.
Жөн-ақ, тартып тастаған,
Неғылады текені.
Осы үйге бір кеште,
Қожа келді,
Ел келді,
Отырғызды «сүндетке»
Ақ лақ пен Зейнелді.
Қылығына Қожаның,
Зейнел жатыр ұрысып.
Ортасында қораның,
Ақ лағы жүр бүрісіп.
Кішкентай достар,
Ойлаңдар бастан.
Деген сөз осы –
Асқанған тосқан.
Қойдырдым
Жеңгем айтты:
«Әлгі қайыным – түйнекке,
Десем бүйтіп үйретпе!
Тілімді алмай кенжемді
Дәндетті тіл, бүйрекке.
«Шешең болсам егер мен
Түсірмес ем төбемнен!»
Деп жетелеп қалмайтын
Той-томалақ дегеннен.
Төрттен енді асқан-ды,
Ас та әңгіме бастайды.
Тамақ құрлы көрмейді,
Ет пен майдан басқаны.
(Қиқарын-ай Ермектің!)
Не десе де көнбеппін.
Бірақ әр күн жеңсігін
Қайдан тауып бермекпін?..
Ел не десе, о десін,
Балалыққа көнесің.
Жалғыз лақ бар еді,
Ұры әкеткен енесін.
Алдасам да көнбейді,
Айтқаныма сенбейді.
Тірі лақтың бүйрегін –
Тілін алып бер дейді.
Ақыр соны сойдырып,
Қарынымды тойдырдым
Мал қалмады,
Ермектің
Қылығын да қойдырдым!
Жаңылтпаштар
Көктемеде
Көк пе төбе?
Көк төбеде –
Көп бетеге,
Бетегеге
Көк жете ме?
***
Көк шөп көрікті ме,
Көп шөп көрікті ме,
Көк кер көрікті ме,
Көк көл көбікті ме,
Көк бел келісті ме,
Көп тер жемісті ме?
***
Бала мысықты ана мысық,
Ана мысықты ала күшік.
Ала күшікті қара күшік,
Талаймын деп барады ұшып.
***
Шөжелерім шөптесінде,
Шөптесін де шөп жесін бе,
Шөп жемесе, кет десін бе –
Аулағырақ беттесін де,
Құрт-құмырсқа ет жесін де.
***
Құлатай, құбатай,
Құлатай мен құбатайды
Құлақтай алмағанның
Ұяты –ай!
***
Тұрған қара қабақта,
Жабысқан жауыр қара атқа
Сауысқан – ала қанат па?
Алыстан ана ала қанатқа
Тас ат!
Қара атқа жолатпа.
Арқасын қара аттың талатпа
***
Қойым көп пе,
Қозйым көп пе?
Қойша төлдер
Ойым көп пе?
Қойым бетте,
Қозым шетте,
Ойым көкте.
Қой мен қозым
Тойды көкке!
***
Кенеремен кенерелеп келдің бе,
Кенереден көп ебелек көрдің бе?
Жұмбақтар
Денесі жүрген сайын аласарып,
Сызады алуан кесте тамаша ғып.
Болғанмен діңі қатты, тілі тәтті,
Балалар жатады оны таласа алып.
Бес жігіт біреуінен біреуі аласа,
Тұрады төрті көрші, бірі оңаша.
Бастары бірікпесе кетер әлі,
Ырқына бір-бірінің ұнамаса.
Тастайды тау қпарып, көл қотарып,
Бесеуі бір ниетпе шыға қалса.
Күндіз бар,
Түнде жоқ.
Түзде бар,
Үйде жоқ.
Көз жұмсаң
Мүлде жоқ.
Тетіктерін игеріп,
Алсаң тілін үйреніп.
Ұшырады аспанда,
Алып қанат «инелік».
Бір итім бар үрмейді,
Ары-бері жүрмейді.
Тамақ берсең жемейді,
Су ішуді білмейді.
Ол тұрғанда еш адам,
Үй ішіне кірмейді.
Әріп, сөз жұмбақтары
Басы да «а», соңы да «а»,
Оқығандар ұғады.
Ортасына не қоссаң,
Ата болып шығады?
(T)
Басы «ш» мен басталып,
Жалғанады «е» менен.
Қайталасаң осыны,
Болар сенің неменең?
(Шеше)
«А» мен «қ»-ның арасы,
Бір-ақ әріп, санашы!
Онсыз аттап жүре алмас,
Адамзаттың баласы.
(Аяқ)
Балада бар,
Данада жоқ.
Бабада бар,
Ағада жоқ.
(Б)
Саңлақта бар,
Салмақта жоқ.
Қаңбақта бар,
Қалмақта жоқ.
(Ң)
Нарда бар,
Малда жоқ.
Нанда бар,
Қарда жоқ.
(Н)
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: hameleons.com, azbyka.ru