- Негізгі бет
- Поэзия
- Бағдат Мүбәрак: "Біздің...
Бағдат Мүбәрак: "Біздің жұлдыз жанғанша кім бар, кім жоқ..."
Бағдат Мүбәрак - 1978 жылы, 17 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында, Ақтоғай селосында туған. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін 1998 жылы тәмамдаған. Қалалық «Балқаш өңірі», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде және «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында, «Қазақ радиосында» қызметтер атқарған. Облыстық, республикалық жыр мүшәйралардың лауреаты. 2009 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Жалын» баспасынан «Құсни хат» атты жыр жинағы жарық көрген. Назарларыңызға ақынның бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
Өзіме Эпиграмма
Қанша тыраштансаң да тағдыр шымыр,
Ей, менің құрсүлдерім шандыр-сіңір.
Қарағанды қаласы – қаңғыбастың,
Қаңғыра алмай жүр едің қаңғыршы бір.
Ел сияқты болмасаң есепке дүр,
Дәлізге сан түнерсің, көшетке бір.
"Көмір болса, өмір бар" - деп отырар,
Шешеңнің үйі емес қой шешек келгір.
Сұрағым көп... Ал, қайдан жауап табам?
Өз обалым өзіме сауап маған.
Көшелерді кеземін кездесер деп,
Пешенемді түзейтін сауатты адам.
Күлтөбенің басында күпірлік көп,
Ол да бізге, біз де оған түкірдік деп.
Тағдырымның кім қояр леп белгісін,
Бұ не қылған бітпейті нүтір, нүкте ед.
Қолдан «жұмақ» жасаған жұмбақ елі,
Тірі жан түсінбеді мұнда мені.
Ақшам ауса күндегі уайымым -
Бүгін қайда қонамын?
Кім бар еді?
Қаршадай қыз
Қаршадай қыз,
Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.
Бірімізге айта алмай сырымызды,
Түк таппаған адамдай тал санаймыз.
Есте қалар күніміз бүгіндейміз,
Бәденді едің бәйшешек, бүріндей қыз.
Бір қоштассақ айрылып қалатындай,
Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.
Иран бағым,
Қалай сонда кеудеме сиған жаным?
Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,
Ибалылық белгісі қиналғаның.
Мамықтай маужыратып жасыл желек,
Кеудеме кеп төсенді басың кенет.
Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,
Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?
Сосын түк те айтпаймыз ақтарылып,
Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.
Маңайыңа қарайсың мұңға батып,
Бақыт тауып алардай бақта жүріп.
Айдыныңда алаңсыз тәуір сырғып,
Қанатыңды алмашы қауырсын ғып.
Өріктей өңің сынып отырғаның,
Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.
Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,
Сонда бізді табиғат тек түсінген.
Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,
Найзағай да суретке көп түсірген.
Ғашықтар мен тағдырдың арбасқанын,
Аңғардың да түсіндің алғаш жаным.
Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,
Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?
Жаратқаным жар болшы жандарға әсем,
Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.
Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар:
Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,
...таңқалмас ем.
ӨКСІК
Алматы,
Гүлзар бағы,
Самал - әтір,
Санама селкеу салған қала кәпір.
Жыр қанат қомданады деген арман,
Сырғанап жанарымнан бара жатыр.
Ақындар,
Кімге абырой әперген мұң?
Шіркін-ай, құлдыраса пәтерден құн.
Жанымның қиналарын біліп тұрып,
Тәнімді әрең сүйреп әкелгенмін.
Қалай арулады екен дәті шыдап?
Көрге құлай бергендей, қапы сұлап.
Біздің буын – жалғасы Кеңшіліктің,
Кеңсайға жерленбейді ақы сұрап!
Ауыл-ай, аңғал ұлдың кетті бәрі,
Аз жазып, іштен байғұс көп тынады.
Айтуға құрғыр жүрек дауламайды,
Қайтуға жібермейді беттің ары.
Құрдымға кеткен қоғам құбыл ама?
Құлай берген дұрыс-ау, құбылаға.
Өгей ұлдың өксігі демесеңіз,
Өлең деуге бола ма мұны да, аға?
Муза
Үзіліп түскен үлбір ме дедім,
Қарақат – меңді, бүлдірген – ерін.
Сезбейсің рахат жүзіңді көріп,
Дуалы ауызда тіл күрмелгенін.
Балқытты бойды саусағың сырғып,
Қараптан-қарап, қаусадым сұмдық.
Көзіңнен тұнық-өзімді көрдім,
Мөлдірдің жүрген кәусарын сүңгіп.
Сымбатты жансыз ер оңа ме екен?
Сеңсеңім болса сені орап өтем.
Қаңтарда бұлай құласам саған,
Маусымда Құдай не болады екем.
Аңсарым ауған-гүл көрмей далмын,
Сол кешке сәулем білгендей бардым.
Үмітке бола бір жұлдыз ақты,
Арманымды айтып үлгермей қалдым.
Хафиздің саған бергісіз жыры,
Әспеттеу деме енді Сіз мұны.
Шаһарға бір мең татитын болса,
Менде де мең бар – белгісіз құны.
Жалыны іспеттес жанары оттардың,
Шарпыған өртке қарап оқталдым.
Жігері мықты жігітпін деуші ем,
Жүрегі жасық бала боп қалдым.
Балқаш
Серілік құрып, сауыққан жерім,
Алаң да, алаң балаң жүр.
Көресінімді зауыттан көрдім,
Әйтпесе менің қалам бұл.
Желмая мінген абадан жырау,
Тамсанып айтқан текті өлең.
Жетпіске келген қаладан мынау,
Жетіскенімнен кетпеп ем.
Мұржаңнан шыққан жаңбырсыз бұлт,
Көшірмесіндей тамұқтың.
Аққудың бәрін тағдырсыз қылып,
Жаратпағанын жаңа ұқтым.
Ажары тайып, солған гүл жылап,
Ғазалыма көрші ал шыдап!
Өзімше күткен сол жаңбыр бірақ,
Көзімнен шықты тамшылап.
Меселім қайтып, мысым басылды,
Баз кешіп қайда беземін?
Көкше теңізім құсын жасырды,
Көкшетау жақта сеземін.
Бөктерде емес, көкте гүлдеген,
Шынарға біздей қайыр бар.
Шапанға сыйып кеткеніменен,
Шаһарға сыймас шайырлар.
Сорпадай қылып сорыңды ішкенде,
Қайғымды менде ұлғайтам.
Көңіл айтармын жолым түскенде,
Көліңе айтам ба, кімге айтам?!
Есіл өмір
(ақын бауырларыма)
Ауылдан алғаш келген құлыншақтар,
Құлыншақтар, дәл мендей ұрыншақтар.
Есіл өмір Ертістің ағысындай,
Ертең жоқ қып жіберед!
Бүгін сақтар.
Жастық шақта жауқазын жыр көп еді,
Қазір мазаламайды күнде мені.
Ақыл айтқан адамды кім жақтырсын,
Ақын айтса біледі ол бірдеңені.
Қаңғыдым,
Қалжырадым,
Қалғыдым да,
Вокзалда Бұқар жырау даңғылында.
Талай сығып алғанмын көз жасымды,
Арқаның аспан тұтас жаңбырында.
Есерсоқ кездер түсіп есіме дүр,
Таусыла берген екем несіне құр.
Сөйлегің-ақ, келеді шешіле бір,
Сөйлесуге тұрмайды есіл өмір.
Қалғаның қандай жақсы жұмбағым боп,
Жылы сөздер естіді жырларым көп.
Мен де биік боламын...
Әттең, бірақ,
Біздің жұлдыз жанғанша кім бар, кім жоқ...
Сағымға айналған соң сәулемдей қыз,
Қатынның қабағына тәуменді үйміз.
Ақылдың бәрін ішіп тастасақ та,
Біз байғұс сол бір кезде «дәурен» - дейміз.
Тірлігің құрсын мынау шәрідегі,
Сандалып жүру екен әрі-бері.
Аузыңа өлдім десең су тамызбайд,
Көбісі сондай (әлде бәрі ме еді).
Құрдай жорғалауды да білмей барам,
Кейде осы тірлігіңді күндейді адам.
Тарыдай ойдан жасап, таудай қайғы,
Зәредей мұңның өзі зілдей маған.
Сеземін көп ішінде ит өлгенін,
Жалған сөзден жұқарды жүйкем менің.
Батпандай шер өлеңге сыймайды екен,
Дос жоқ қой,
Досым болса бүйтер ме едім.
Р.S. Күз келді күлім қаққан жастар міне,
Махаббаттың маусымы басталды де.
Тек қана қыз-қырқынның орны бөлек,
Ол енді...
Басқа әңгіме...
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: almaty-info.net, namys.kz, skyscrapercity.com
Ш. Талап