Азамат Әлібек: "Бүгін тағы ой кездім, көз ілмедім"

Әлібек Азамат Ерболатұлы 1999 жылы 8-наурызда Кентау қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің Филология: қазақ тілі мамандығының 4-курс студенті.

Intro

Бүгін тағы ой кездім, көз ілмедім,
Жанымды ұғар дейсің жақыным қай?
Кеуде ішінде тұншыққан сезімдерім,
Бөлме ішінде шыңғырған ақылымдай.

Шаршаймын кейде барлық кідірістен,
Жалығамын тоқтаусыз жүгірістен.
Өмір жолы - күтпеген кездесулер,
себепсіз қоштасулар, түңілістер...

Мұңлығындай ғасырдың күйген кезім,
Ешкім аяқ баспаған бір мекенге,
Шығып кеткім келеді үйден безіп,
Жан әйнегін аяймын кірлетем деп.

Иллюзия - бақыт пен сордың мәні,
Мұңнан да ауыр санаға жат ұғымдар.
Құдайға апаратын жолдың бәрі,
Жүрек деп аталатын шақырымдар.

Suspicion

Түндерге жырын, күндізге сырын,
Айтар үкімін қай бір қу?
Өмір дегенің жұлдызды өшіру,
Жапырақ етті қайғырту.

Жылылық сезіп тоңған аяқпен,
Жолдарға төсеп от басу.
Ақын дегенің оңбаған атпен,
Тағдырға қарсы соттасу.

Тәңірді кейде елемей мүлдем,
Тәкаппарсынып жақ ашпау.
Адам дегенің телегеймін деп,
Ақиқат үшін адаспау.

Сапырып ішіп сусынның бәрін,
Сарқылды - уақыт, бой - күнә.
Өлім дейтұғын бір сұмның барын,
Сарша күз айтып қойды ма?

Күзгі инстинкт
 
Жапырақ - дос. Күз - мұңдас. Қазан - құрбым.
Жаңбыр - мөлдір тамшысы ғазал мұңның.
Гүлдер - нәзік жанымның жұпары ғой,
Күлтесіне жиналған тозаң құрғыр.
 
Қолшатырлар. Саябақ. Сыршыл қала,
Ең аяулы үр әуен тырсыл ғана.
Тұнжыр аспан астында тұнық өмір,
Қайшылықтар жымдасқан тылсым ғалам.
 
Тынымсыз жел еркіне жүз билеткен,
Қанатын көктем сүйіп, күз күйреткен.
Құстар менің тәуелсіз көршілерім,
Туған жерден сәлемін үзбей кеткен.
 
Жұлдыз ақсын, бұлт көшсін, жай құласын,
Жалт қарауға шыдамай қаймығасың.
Шашылады моншақтай жапырақтар,
Жасырады, дүние-ай, қай күнәсін?
 
Қайтқан құстар бақ дерсің орнамаған,
Жапырақтар хат дерсің жолдамаған.
Балконымның алдында селдір ағаш,
Қол қусырып қарап тұр ол да маған.
 
Тамсанғанын сеземін ай алыстан,
Ой түбінен іздеймін баяғы ұшпақ.
Жаутаңдайды әлдекім айна алдында,
Жанарынан таныдым. Аянышты-ақ.
 
Көлеңкелер әлдене күбірлейді,
Бейне күн де іңірге күлімдейді.
Тым құрыса жазмышты жазар кезде,
Құдай неге маңдайға үңілмейді?
 
Бәлкім бәрі басқаша болар ма еді...

***
– Самал, көктемге барып қалсақ:
 
Шай ішейік өріктің гүлін қосып,
Оңашада сырласып, күбірлесіп.
Бақыт жайлы сүркей жел сыбырласа,
Төбемізден бұлт емес ғұмыр көшіп.
 
Шай ішейік бірге естіп құстар әнін,
Менің жаным өмірге құштар әлі...
"Carpe diem" дегенің латын сөзі,
Тәржімәсы "Сәттерді ұстап алу"
 
Шай ішейік бал қосып, лимон қосып,
Сенің нәзік жұпарың сирень хошы.
Ерні күйген біз ғана емес шығар,
Сүркей желден үрлеуді үйрен, досым.
 
Шай ішейік сүт қосып, шекер қосып,
Көргендер тәттіқұмар екен десін.
Жалықтырса кей-кейде кофехана,
Сен ұсынған шайды аңсап кетем, досым.
 
Шай ішейік сынғанша үміт кесең,
Тұнық десең өзің біл суық десең.
Амнезияға шалдықсаң, мені қойшы,
Көктемге барар жолды ұмытпа сен!
 
Ұмытпа сен мені де..

Аңсар
 
Білем, күнім, бір тылсым үміт барын,
Ұмытпадым, жалғыздың ұғып хәлін.
Желдей тонап жүр ме әлде есіл күндер,
Жанымның жапырақтай сынықтарын?
 
Қауырсыным қайғыдан көп өртенді,
Дертті жанға: ой - жегі, өлең - шерлі.
Кінәлі кім? Адассақ, араша кім?
Күннен қалай жасырам көлеңкемді?
 
Шексіз сауал, мөлдір мұң, кіл үнсіздік,
Безіп кеткім келген. (Хош, жұғымсызбын!)
Ең қиыны - "Кешір..." деу, "Сүйемін..." деу,
Сезімсіз өмір сүру - ұғымсыздық.
 
Назына елтіп біз күткен қарашаның,
(Аңсарым - сенің нәзік алақаның)
Тым аяулы, тым аңғал қарашықтар,
Сөрелерден іздейді "А" қатарын.
 
Қағаз кейпім қол созар өзің жаққа,
Сағыныштан сарғайды ол өзің жоқта.
Ұсындым мен армансыз кезімді оққа,
Түсірдім мен алғаусыз сезімді отқа.
 
Соның бәрі баянсыз кезең үшін,
Байқаймысың, түнекті кезеді шу.
Ауырлығын сезіндім күрсінудің,
Езілгенін жүректің сеземісің?
 
Құшақтап ал, саусағың дірілдесе,
(Бәрі жақсы, әлдене күбірлесем).
Кірпігіңнен үзілген моншақты аяп,
Жасың тамған өлеңде ғұмыр кешем.
Қайтейін...

 
Эйфория
 
Жан қиналар кезеңді елемей көп,
Ғұмыр кешіп келеміз сағынышпен,
Саңылауын сананың көлегейлеп.
 
Сығалайды ессіздік, бозбала мұң,
Түйсігімде бір шаттық кемсең қағар,
Бейуақытта жоғалта жаздағаным.
 
Қай тарапты бетке алсам жарық әр шам?
Мені бәлкім жолымнан адастырды,
Жалғыздарды Құдай деп таныған шақ.
 
Жұпар иісі гүлдердің елтеді кіл,
Ауық-ауық күрсінем даланы аңсап,
Айықпайтын кеудемнің дерті еді бұл.
 
Қайырылмас бағзы миф, өткен аңыз,
Жұмақ- тамұқ, ақ-қара... жаға жыртып,
Көбелектей күйгелек боп барамыз.
 
Азғын ойлар ұйқымды көп ұрлайды.
Бәрі де енді басталды... Сүйемін мен
Ертегіні өмір мен өлім жайлы.
 
Ақиқатты сүйемін Тәңір жайлы!..

 
Va-Bank
 
Себеп іздеп арамызды жалғайтын,
Жүрген шығар сағынышың сарғайтып.
Жастығыңа сіңіп қалған жасыңды,
Қапелімде құрғатармын мен қайтіп?
 
Дала мынау даналық пен ой кезген,
Ойлы адамға бақыт бөтен, қайғы өзге.
"Сүйгендерді Тәңір сүйер" дейтін-ді,
Біз құдайдан алыстадық қай кезде?
 
Күнделікті сабылыстан қол үзіп,
Өзің жақтан қол бұлғайды көп үзік.
Өтті ғұмыр мәңгі аңсайтын түстей боп,
Кеттік қалай? Бітті неге? Со, қызық...
 
Куә соның барлығына кәрі аспан,
(Көл боп тұнған өксігіңді толастат.)
Қарашығың талғанынша қарарсың,
Жүріп өткен жолдарыма адасқақ.
 
Бұлдырайды шерге айналған сол бейне,
Жалған үміт, арзан уақыт емдей ме?
Жалғыз қалсаң егілерсің сен үнсіз,
Жалғыз қалсам күліп те алам мен кейде.
 
Өзің түгіл есіміңді құрметтеп,
сүйер едім... Сүю бізді жынды еткен.
Жалықтық па? Ең аяулы сәттерді,
Арашалап ала алмадық дүрмектен.
 
Мейлі бәрі керісінше, дұрысы,
Жазығың жоқ, жазарым көп мұң үшін.
Кешір жүрек, кешір кезең сезімсіз,
Естеліктер құрысын ба? Құрысын!
 
Мейлі бәрі керісінше... (дұрысы)

Ереже

Сен кеткенде...
Үзілді, рас, жанарымда жәудір мұң,
Аңсарымды қай нүктеде қалдырдың?
Қуысында сақталмадық кеуденің,
Уысында кете бардық тағдырдың.

Өкінішті-ақ, ара ақыры мұз болып,
Көңіл тағы сарғаяды күзге еріп.
Сіңіп кеттік көңілсіздеу ғасырға,
Кешір құдай, кешір тағы бізді өмір!

О, неғылған керітартпа заман бұл,
Тебірене оқыр едім саған жыр.
Түстерімді өзің жорып беруші ең,
Жорылмайтын түстей болдың маған бір.

Қайтем енді кезеңге елтіп, жоққа арбап,
Өмір деген - мәнді естелік, тәтті арман.
Біз ешкімді кінәлаған емеспіз,
Жадымызда сағыныш пен сәт қалған:

– Үп еткенге үміт шырақ сөне ме?
– Сен жайлы ойға шарасызбын о, неге?
– Жапыраққа өкпеңді айтқың келе ме?
– Күнтізбеңе өткен қайтып келе ме?

Санам іші бітпейтұғын сан сұрақ,
Жандауысым сан сұраққа жаншылар.
Ережеге бағынбасақ жарар ед(і),
Терезеге үңілмесін тамшылар.

Сен жанымның жазылмайтын бүршігі ең,
Бәлкім содан ғұмыр емес мұң сүрем.
Күз жыласа жыры болар ақынның,
Қыз жыласа ғалам қоса күрсінер.

Сен білсең ғой. Кездім сосын түнекті,
Жалғыздыққа жұтылдым да түн өптім.
Аспан тектес қайғымызды ұмытып,
Жұбатам деп аласұрдым жүректі.

Жазмыш құрғыр, бұл - Тәңірдің жазуы,
Оған сенің жазығың жоқ, жазығың...
Ұялымнан естілердей наз үнің,
Қандай күйді кештің екен, нәзігім?
Мен кеткенде..