Айдын Байыс: "Күзгі әуеннен жауап іздеп сұраққа..."

Айдын Байыс: "Күзгі әуеннен жауап іздеп сұраққа..."
Фото: shalkarfm.kz, babyplan.ru, uamodna.com, el.kz

Айдын Байыс – 1994 жылы Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Өлеңдері «Балқаш аймақтық ақындар антологиясына» енген. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Көлік-Энергетика факультетінің 4-курс студенті.

Назарларыңызға жас ақынның бір топ өлеңін ұсынамыз.

ЖАҢБЫРЛЫ КҮНГІ АУЫЛ

Мүжіп тұрған түк сезбей тай ағашты,
Тас қораны үркіп кеп саяласты.
«Жынды Сәрсен» секілді жынды бұлт,
Көк шатырды сабады-ай аяқ асты!

Аңғал көрші жүр еді қи кептіріп,
Дәу етігін қашты үйге сүйреп кіріп.
Алақандай ауламыз көлге айналды,
Көлге айналды жүзбейтін үйрек тіліп.

Тұла бойым сәл мұздап, сәл ысынып,
Күркірейді көк аспан жан ұшырып.
Көк төбеттер іргеде қыңсылайды,
Түнде ұйқы бермейтін жарыса үріп.

Уа бүйтпе, ел шулап, уа сүйтпе,
Қарап тұрмай қарғыдым УАЗикке.
Егін жаққа жауса ғой деймін іштей,
Аянышпен көз салып буаз итке.

Төніп келіп салды ғой ойран бұлтың,
Апам бетін шымшиды:
- Жайған құртым!
...Әпкем ұзақ телмірді терезеден,
Кімді есіне салды екен, айнам, бұл күн?

НӨСЕРДЕН КЕЙІН

Бала кездей,
Отыра алмас, ехе-хей, дала кезбей,
Жасанып шық, аяулым, ки ақ көйлек!
Бұлттар – көшкен керуен сияқты ой кеп:
«Жосалы, жөн білетін тау-ақсақал,
Жол-жөнекей соқпасам ұят ғой» деп.

Бұлттар солай көшеді, тау асады,
Кеудемдегі маздайды ән ошағы.
Жұмбақ қыздың тұп-тұнық жанарындай
Тамшы қонған гүлдердің қауашағы!..

Сәби жүзге үйірілген күлкі қандай!
Шалғынға құлай кетсем шіркін, оңбай!
Қалтырайды ақ қайың - ару құсап,
Судан шығып, ұялған сүртіне алмай.

Ақындардан сүюді үйрен, ұқ дей,
Қамыс сырнай сөйлеткен күйге еніп кей,
Табиғатқа құнығып тұрмын енді,
Таңғы шықпен шөл басқан инеліктей.

АЛМАТЫ

Қасқа құлыны Хасеннің дос-Еламан,
Өз ауылы секілді осы ел оған.
Төрт қабырға тебеді қос өкпеден,
Түнде әйтпесе кезе ме көшені адам?

Тарқайтын түрі жоқ-ау бұлт еппенен.
(Мың бәлеге әкемдей мыңқ етпегем!)
Сау басына сақина тілеп алған,
Осы бізге расымен міндет пе өлең?!

Құнықтырып күрең бақ, күз дегенің,
Шеше алмадық жұмбағын біздер оның.
«Айнабұлақ» біртүрлі қарайды ғой,
Ізгі аруды дауыстап іздеп едім.

Жанымды ұғын, демеймін кейпімді ұнат.
Құлдыраңдап келемін, кей күн құлап.
...Паң Алатау, мұнарлап көзге ілмейді,
Әзірше ғой, әзірше деймін бірақ...

***

Майда жаңбыр жауып өтіп себелеп,
Кемпірқосақ керіледі керемет!
Көкірегім мыңсайрам боп хош иістен,
Отыр едім көк шатырды шегелеп.

Анда-санда шолам мұқым маңайды,
Күйбеңдеп жүр анау Сәбет шал әйгі.
Шұрық-шұрық мен жамаймын шатырды,
Сызаты көп жанымды кім жамайды...

Ән ысқырып отырған ем аңдамай.
Тұла бойы тамылжыған таңғы арай,
Жеңіл басып көне жолдың кеудесін,
Жанарымды бір сары қыз арбады-ай!

Шыға келді құлын мүше қайдан қыз!?
Жирен шашы – жанып тұрған айман күз!
Төмендегі аңғарғандай інім де,
(Оған не жоқ)
Таң-тамаша қайранбыз!

Жағылмаған ешбір бояу, далабы,
Ажарын-ай...
Аппақ аққу тамағы...
Таңғы шықтай беу, табиғи сұлулық,
Көзімізді қарықтырып барады!

Сүйкімді ару, үрлеп қойып кекілді,
Қапелімде сабырымды кетірді.
Мода қуған қуыршақтар жаныңда,
Күлге аунаған қотыр тайлақ секілді.

Кірпігімен қытықтайды күш мені,
Жайыменен қалды шатыр, іс тегі.
Көлеңкеде көрпе оранған кәрі әжем:
-Шыбыным-ау, шай ішейік түс,- деді.

Мұндай кезде шай өте ме өңештен?
Айналайын, есімің кім деместен,
Көзбен баяу ұзатамын мен оны,
Көңілімді жеткізердей жел ескен.

Шекемізді шуақ өбіп тарады,
Беу, табиғи сұлулық-ай, жан әні!
Қыркүйектің көшесіне өң беріп,
Көз ұшында Көктем кетіп барады!..

ЕЛ АЙЫРЫЛҒАН...

Көк жайлау кеңдік тілеп көкірегім,
Концерт көріп қайтпаққа бекіп едім.
...Сахнаға жайғасты көп қазақ кеп,
Көтеріп сырнай, қобыз, жетігенін.

Қарт күйші шықты ортаға сәл кешігіп,
Жорға-күй кетті кенет паң көсіліп.
Қара шанақ зар төкті тартқан сайын,
Салқыны кер заманның залға есіліп.

Күйге балқып, арқамыз қозар мына!
Кенет бұлдыр дүние бозарды да,
Қара нарға таңып ап шаңырағын,
Көп адасқан көш келді көз алдыма...

Шоңғалды асқан қалың көш ыңыранып,
Күнге барып тірелгей түбі барып!
Құдіретке қайран күй кетті айналып,
Көмейімнен қиқуды жұлып алып!

Зорға шыдап отыр ем, «қайрандадым»!
Жалт қарады жарты зал – жайдарманым.
«Этика! Бұл кім?!» деген шықты күбір,
Қара көз қазақпын ғой, аймандарым!

Соқтықпалы-соқпалы жол о бастан...
Өгей санап өзімді «қара басқан»,
Үйге қайттым, кеудемде күй құлазып,
Көз алдымнан көш кетпей көп адасқан.

СӘТ

Ақ саумал жұпар, тамшылағандай көктен сүт,
Ән сұрағандай жауыннан кейін шөккен шық.
Басуға және жасқанып тұрмын мөлдірді,
Күмілже сөйлеп, қысылған жандай көп тершіп.

Сайрауық құсым көтеріледі көкке нау,
Маржанды өлкеге сүйсіне қарап шетте тау.
...Жазамын деген өлеңнің өзі жан бітіп,
Ақырын басып, ақ жауын кешіп кеткен-ау.

ЖҰМБАҚ

Күзгі әуеннен жауап іздеп сұраққа,
Күзгі бақты көп кезеді күн-апта.
Шопенді айттым, шатастырды Шәмшімен,
Шәмші десең жаңылмайды бірақ та.

Қара желдің аңырауын ұнатты,
Жапырақтың жамырауын ұнатты.
Нені айтқысы кеп тұр демей, торғайдың
Көмейдегі қоңырауын ұнатты.

Көне күз кеп, о нені іздеп жүргені.
Бақ шуылын «мынау ғажап үн» деді!
Жұмбақ адам мұңын ұқпай күлдім мен,
Жұмбақ ағам күлмеді.

Жанарына мұң тұнады, күлмейді.
(Ал, ауылда гүлтобылғы гүлдейді)
...Көп жүрістен шаршап, қайттық, қайтарда:
- Мана, Шәкен дедің бе осы, кім? – дейді.

ЕШКІМГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ БІР ӨЛЕҢ

Қарлығашты көрдің бе, анау ұшқан?..
Жақын тартып тұрады жан алыстан.
Ең алғашқы досым – сол, ерке құсым,
Мақпал қара қанаты дала құшқан.

Мейірімі мамырлап ізгі күйдің,
Бұрышына ұя сап біздің үйдің,
Тату-тәтті тұрғанбыз, айырғанша
Жылан қабық мұз қатқан күз, қыли күн.

(Осы сөзге, білмеймін, сенесің бе?)
Құсым қайтып келмеді Дересінге.
Қармақтың қалтқысындай көлге салған,
Дір-дір еткен дем кетті-ау денесінде.

Бәлкім, еске салатын болар кей үн?
Санамда сағынышқа көп ән бейім.
Оған дейін бір досым болмап еді,
Болмайтын да шығар-ау одан кейін.

Н. Айдархан