Ай емеспін, адаммын

Массагеткз оқырмандарының назарына Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері, ақын Мақпал Жұмабайдың поэзиясын ұсынамыз.

Барокамера

Кең дүние тарылады

Бір жұтым ауа жетпей...

Ауаға зарлық болу –

Дәрігер, шын дерт пе, ей?!

Алматы желдетпеді

Жүрегім жел тіледі.

Дәрігер бұл  тілектің

орайын келтіреді.

Жатқызып камераға,

Оттегін жібереді.

Бұл көңіл алай-дүлей,

Тағы да түнереді.

Туған жер, жусан иісті

Далаңа не жетеді?

Оттегін жұтқан сайын

Жүрегім дір етеді.

Жасанды. Бәрі солай.

Ауа да жасалады...

«Жасанды» сөйлеп адам

Шындықтан қаша алады.

Мен сені ұнатпаймын,

Заман-ай, ұсақталдың.

Шыққанда камерадан

Санамда сызат қалды.

Ақиқат іздегенге

Айыбы  тағылар кез.

Ақылы бар адамның

Тынысы тарылар кез!

Мен сенен қорқам...

 

Ауа жетпейді...

 

 Мақпал шердің көмейінен шыққаны...

Біздің жұртта бар еді бір даралық,

Қазақтардың жаны мәңгі – далалық.

Дала иісін ұмытқанда – ұрындық,

Дала мұңын ұмытқанда – жығылдық.

Тұлымшағы желкілдеген өрім қыз,

Парасатқа жеткен күнді көріңіз.

Сол аруың атқа қонар Тұмар боп,

Тауларды да күзетеді ұлар боп.

Жаңғырығы, жаңғырығы сананың –

Туған жерге келері анық  Жаңа күн.

Шартарапты шарлап жүрген жаралы

Ойдың бәрі ақиқатқа барады.

Мақпал шердің көмейінен шыққаны...

Еркіндігің екендігін ұқ, қані!

Басқа айтсын тіршілігін былайғы

Сенің жаның елің үшін жылайды!

Сенің жаның елің үшін жылайды!

 Төзімдерім – жанартау

 Жүрегіме бір үміт тамызды Күн,

Екіжүзді емеспін.

                    Жаны ізгімін.

Мен –

       Жердегі

                жақсылық іздеп жүрген

Адамдардың

                соңғысы тәріздімін...

Ақиқатты сүйетін

                        жаным – жырау,

Төзімдерім – жанартау.

                          Жарылдым-ау.

Қабағына мұз қатқан заманаға

Қарсы шыққан

                   дауылды

                          шағым мынау.

Теңіз болдым.

               Туладым.

                            Тасыдым.

Минуттарым –

                    жоғалған асылым...

Тайсалмадым.

                   Бетіңе тас лақтырдым.

Селт етпедің  неліктен, Ғасырым?

Азаттыққа жеткізген Бірлігім ең!

Күн болам да кіремін

                             түндігіңнен,

Замандасым,

                  шақырам қатарыма

Тиістісің  келуге

                       шындығыңмен!

 *****

Сабыр деймін, санамның жанартауы,

Шамам келмей барады саған тағы...

Бұлқан-талқан болған күн

                                    миым менің

Миллион-миллион талшығын

                                      жоғалтады.

Көңілімнен көшкін боп жыр құлады,

Менің әнім, о, мама, шындық әні!

Алматыға сыймадым.

                                 Жүрегім де

Кеудемді бір жарардай бұлқынады.

Таңсәріде ұйқымнан күліп тұрдым,

Күліп тұрдым. Ойландым.

                                 Бүлік құрдым:

Туған жердің мұңдарын маған тастап,

Құстардың да ұзарын біліп тұрмын.

Қыркүйекке қона тұр, тоқта, құстар,

Алматыда бір ұлы аптығыс бар.

Аман жеткін ақырғы нүктелерге

Төзімдерді тиеген автобустар.

 

Мұңды ғасыр

 Алай-дүлей бір сезім кеп,

Жанарыма жас тығады.

Бұл жүрегім дамыл таппай

Аптығады, аптығады...

Дүние мынау мың құбылған,

Келісе алмай мен келемін.

Ұнамайды өктемдіктер,

Ұнамайды «көн» дегені.

Өзгертпекке ұмтыламын,

Бетон үйден атып шығам.

Бетонжүзді бұл қаладан

Мендік сезім қашық шығар?!

Сәбиімді әлдилеймін,

Ашуым-ай, сен де басыл!

Аналарын ашу қысқан

Біздің ғасыр – мұңды ғасыр!

Суреттер ақынның жеке мұрағаты мен chitalnya.ru сайтынан алынды