Ауылдан Алматыға кеше келген...

Ауылдан Алматыға кеше келген...
Фото: massaget.kz

Жаңа оқу жылы басталып, жас талапкерлердің білім жолындағы «жорығы» жалғасты. Оқушылар жоғары сыныпқа өтсе, енді бір түлектер студент атанып жатыр. Студент демекші, адам өмірінің ең қызықты кезеңінің бірі – студенттік өмір, студенттік шақ.

Студенттік кезең – адам жадында ерекше естеліктерімен жатталып жаңғырып тұратын, мәңгілік ұмытылмастай өз алдына бөлек дүние. Мектеп бітіріп, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан жастар тек білім алуға ғана емес, өмірдің ақ пен қарасын ажырата білуге де үйренеді. Бұл кезеңнің бал шақтарын бір жазбаға сыйдыру да оңай емес. Олай болса студенттер туралы жазылған үздік өлеңдерді назарларыңызға ұсынамыз.

Студент

Басталмаған қаланың дастаны әлі

Бірінші жыл дала деп жас тамады.

Бірінші жыл ауылы естен кетпей,

Бесінші жыл қимайды астананы.

 

О, жастық-ай, алмайтын өлмей тыным,

Ойын-тойсыз, өмірге көнбейтұғын.

Биге барса, баратын бір топ болып,

Жалғыз жүру дегенді білмейтұғын.

 

Ғашық болсаң, түн пана, терек пана,

Сұлу демі – дем емес – шарапхана.

Қызға барсаң кигенің – өзгенікі,

Өзіңдікі – жалғыз-ақ жүрек қана!

 

Өмір! Өмір! –

Деп жастық ұрандай ма?

Кекіректі кернейді бір ән  майда.

Бір жігітке он қонақ мейрам күні,

Он жігітке бір билет трамвайда.

 

Алматымыз жастықтың бағы іспеттес,

Қаншама гүл сол баққа қоныс тепті.

Бір жігіттің ойында он арманнан,

Он жігітке жалғыз-ақ конспекті.

 

Тауысса да ақыры нандық пұлды,

Тартпай қойған серілік, сәндік кімді!

Түніменен дуылдап,

Келесі күн

Отырғаны сабақта қалғып-мүлгіп.

 

Керемет қой,

Қызық қой сезім деген,

Көктемде кім үйден безінбеген!

Он ай бойы масайрап ойнағандар

Емтиханда отыз күн көз ілмеген.

 

Содан кейін әлгіні ащысынбай,

Жұтып-жұтып жіберіп тұщы судай,

Туған жерге ұзатып тұрғандары

Бірін-бірі

Бір елдің басшысындай!

Қадыр Мырза Әлі


*** *** ***

Ауылдан Алматыға кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

...Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,

Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен айналайын,

Бүлінеді екенсің неше жерден?

 

Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің.

Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін.

Өрмек тоқып отырған мыстан-қала

Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін,

Дайындап суық қолды сұр мергенін.

Сонда да жұмақ болсын жүрген жерің.

 

Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің

Жасырмай тұрады екен бар мінезін.

Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті,

Жарға итере салады нардың өзін...

 

Алматыға ауылдан кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

Сүрінбеймін десең де неше жерден,

Бүлінбеймін десең де неше жерден,

Қала деген сондай ғой,

жетегіне ап,

Жолмен емес, жүргізер көшелермен.

Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер

Ал, қалғанын көрерсің пешенеңнен!..

Бақыт Беделхан


Балмұздақ қыз

Балмұздақ қыз, бүгін сенің пәк күйің,

Жатақхана жанға жайлы сәтті үйің.

Құшағыңда мамық, үрпек ойыншық -

Дәл өзіңдей сүп-сүйкімді ақ тиін.

 

Сағындырса ауыл-аймақ, белес, көк,

Мынау қала мен күткендей емес деп,

Отырасың альбомыңмен сырласып

Өткен күннен естеліктер елестеп.

 

Саған таңсық түнгі қала, би кеші.

Сауық құрып қайтқың келед кейде осы.

Бірақ бөгет ұстаз берген тапсырма,

Одан қалса кәріс, түрік киносы.

 

Үйден қоңырау шалса жылап аласың,

Не етсең де саған бәрі жарасым.

Әрбір көзден, әрбір сөзден сабақ ап,

Күннен күнге сен бойжетіп барасың!

 

Саған кейде осы өмірің бал-дағы.

Ал бұдан да тәтті күндер алда әлі.

Құрбылармен қыдыртады бір үміт,

Қалашықтың жағылғанда шамдары.

 

Тәкаппарлау өте шықсаң паң күліп,

Елеңдейді сері жігіт, сал жігіт.

Бұл шағыңның әр сәтінде сыйлық бар,

Оны кештеу бағаларың заңдылық.

 

Мұны саған айтқандағы мазмұн не?

Оны өзің-ақ сезінесің аз күнде.

Сені құлай сүйетұғын бір жан бар,

Әл-Фараби атындағы КазГУ-де!

Асхат Қылышбек

Біздің майдан

(студенттік әзіл)


Уақыт мынау қу түлкідей құбылған,

Құйрығынан ұстатпай жүр бұрыннан.

Қайран менің студенттік күндерім,

Төрт-ақ жылдың тасасына тығылған.


Ізім өшіп бара жатыр дерексіз.

Көзге күйік болып жүрген себепсіз.

Группалас он бес қыздың ішінде,

Екі еркекпіз ешкімге де керексіз.


Мәз болатын баға алғанға «бес» дейтін,

Он бес қызға өкпемде бар кешпейтін.

бәрі бірдей байға шығып кеткірлер

Жүлде алғанда жұрттан кейін еститін.


Ал, Мейрамбек досым еді біртүрлі,

Емтиханнан екі құлап бір тұрды.

Төртінші курс аяқталар уақытта,

Енді сабақ оқимын деп жұлқынды.

(Сөйтіп менің келтіреді күлкімді).


Өз-өзіне жетпей жүрген ақылы,

Факультеттің «ақылы кем» ақыны.

Ерегесіп кетті ме екен, кім білген,

Степендия алып алды ақыры.


Ұстаздарға қоя алмаймыз түк талап,

Қашан бізді қаңқу сөзден құтқарад?!

Жиын сайын айтатыны екеуміз,

Кісі өлтіріп, жатпасақ та жұрт тонап.


Ертең біздер жүрген кезде түз-белде,

Ұстаздардан бізді біреу іздер ме?

«Жұлдыздары» біз болсақ та филфактың,

Жұлдыздары қарсы туған біздерге.


… Біз жүрген жол ылғи айқай, ерегес,

Апта сайын төрт бал үшін төбелес…

Төрт жыл бойы біздер көрген бұл майдан.

41-45-тен кем емес!

Талғат Мықи

Перваш қызға

Бөлмеңде отырсың ба, жалғыз-жарым,

Ешқашан көңіліңе қонғызба мұң.

Сен қазір ерігішсің, суықтаусың,

Бірақ та, тәп-тәттісің балмұздағым.

 

Бір ұстаздың жүзінен шуақ алдың,

Көзіне түстің, бәлкім, бір адамның.

Аулақтағы анаңды сағындың да,

Әкеңді ойлап тағы да жылап алдың.

 

Осылай арманыңнан әрі асасың,

Сабаққа таңмен тұрып таласасың.

Дәрісің болатын жер таппай қалып,

Алматыда сен талай адасасың.

 

Балмұздақ көңіліңнің сиқы қашты-ау,

Бойыңды бір ай болды күйкі басты-ау.

Курс сайын боларсың еріншіктеу,

Курс сайын боларсың ұйқыбастау.

 

Сөйтіп сен курсқа өтіп, жай табарсың,

Жел тербеген теректей шайқаларсың.

Өзіңе біреу айтқан осы сөзді,

Өзіңнен кейінгіге қайтарарсың.

Олжас Қасым

О. Сансызбай