Бұған дейін белгілі ақын Асылзат Арыстанбектің "Жүрек құрғыр тек сөзінде тұрмайды" деген атпен бір топ махаббат лирикасын жариялаған болатынбыз. Бүгін ақынның тағы бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Бесінші маусым
Әй, дегенмен, бесінші бір маусым бар...
Тыныштықбек.
Төрт-ақ маусым, төрт мезгіл, төрт құбыла,
Талайына пенденің шақ ғұмыр, ә?!
Бір маусымнан көшкенше бір маусымға,
Басыңнан да көшеді бақ құбыла.
Бақ көшеді, қонады қайда барып,
Ақын отыр аларып, Айға налып.
Құлагер-қаламына мініп алып,
Қалыңдық іздеп кетті бойдақ әріп.
Аспанда алақанын жайған Ай-ды,
Алайда ол да бізді ойламайды.
Қаламын жетектеген әріп-ақын,
Қағаздың аппақ тәнін аймалайды.
Тағдырдың тісін санап кетілмеген,
Келеді ақын тобыр, нөпірменен.
Екі ғасыр өмірге бұрын келіп,
Еліне жаны ашиды жетілмеген.
Ес – бүтін, ақыл – аман, сана – сергек,
Өмір өзі жүзіңе салады өрнек.
Бесінші бір маусымды күтіп ақын,
Бейітінің басында қала бермек.
Қыс өтер көрпелері құрақтанып,
Көктем келер көзінен шуақ тамып.
Жаз бен Күз, сонан кейін тұрады ылғи,
Тағы да бір маусым бар сияқтанып.
Төрт маусым жол тартады кезеңдерге,
Тағдырдың талқысына төзер мен бе?
...Беу, ақын, бұ жақта емес, бақи жақта,
Бесінші маусым барын сезем мен де.
Суретші
Шеберхана... Мәз өмірмен мұңдасып,
Бояу біткен күбір-күбір сырласып.
Суретші отыр көшіре алмай қағазға,
Ойындағы әлдекімнің сұлбасын.
Ойындағы сурет – анық, сұп-сұлу,
Қарашығы қара түндей тұп-тұнық.
Езуіне күлкі үйірген... Күлкісі
Күллі әлемнің құпиясын ұқтырып.
Ал кекілі кескінімен үйлескен,
Шашын жайып жіберіпті түйместен.
Еріндері ерін емес – қызыл шоқ,
Бар еркіңнен айырады сүйместен.
Күннен сәуле суырады кірпігі,
Кірпігіне кілең маржан іркіліп.
Көтеріліп-басылады демімен,
Кеудедегі қос тарыдай бүртігі.
Бұл суретке аз-ау сірә құр мақтау,
Суретші де өз мұңына мың батты-ау.
Жақынынан жақын болған бұл әйел,
Джакондадан әлдеқайда жұмбақтау.
Қабырғалар қоңыр мұңды күй тыңдап,
Қоңыр сурет – аяулы арман, сүйкімді-ақ!
Түніменен жан бітіріп суретке,
Ал таңертең жыртады оны қиқымдап.
Суретшінің жаны толған шер еді,
Қалам ұшы – қара бояу қорегі.
Аяулы әні көшкен кезде қағазға,
Бояулары жылап қала береді.
Араласып сағыныш пен самалы,
Қаламының құрып біткен амалы.
Бүгін оны ұмытуға бекінген,
Ертең тағы сол суретті салады.
Ертең тағы үркітеді ұйқыны,
Бояулардың басталады сиқыры.
Сағынышы күлсалғышта түтіндеп,
Арманының шашылады қиқымы.
Шеберхана... ауасы – ауыр, түнек дем,
Суретші отыр өз ойынан дір еткен.
Бір суретті көшіре алмай қағазға,
Не онысын өшіре алмай жүректен.
Асқар таулардың да аласарғаны ма?
Мына ақбас таулардың
аласарып кеткені қалай?
Құзар шыңдарына қарғаның
ұя салып кеткені қалай?
Шынында қария-шыңдардың
шөккені ме бұл?
Әлде:
Көлеңке құштар шыбықтар
өкпелі ме құр.
Биік деп беделін сыйласам,
Аласа – бөтен.
О, тоба,
Таулар да теңгеге таласады екен.
Ғаламат өрлік беретін ғапыл жаныма,
Ақбас таулардың да ақшаға сатылғаны ма?
Ұлылық деген ықпаушы ед үкім-әмірге,
Шапанға құмар шыңдарым шікірә кімге?
Арқа сүйейін десем –
Алатау аларып қарап,
Қаратаудың да басын қара бұлт қамап...
Жалынды ұлға жараспас жетекке жүру,
Көк бөрілерге күн туды етекте ұлу.
Асқарлар аспанға тіреп басымды
өлсем дей ме екен?
Білгенім:
Биіктік шыңдармен өлшенбейді екен.
Пәс тартса Памир
Күн туар пысық біреуге.
Маңғаз таулардың мызғымай тұрғаны жақсы,
Мүшәйра жасап қайтеді мысық тілеуге.
Көкке ұлып тұрған бөрі едім,
Тыңдар ма таулар, тыңдар ма олар даусымды,
Жағыну сірә, жараспас, Жарықтықтар-ай,
Жарылып неге кетпейді жанартау сынды!
Қуыршақ
Біз бәріміз қуыршақпыз түбінде,
Басқаруға, бағынуға көндіккен.
Қуыршақтар сөйлейді адам тілінде,
Бірақ олар сөйлей алмас өрлікпен.
Қуыршақтар, құлыншақтар қылығы,
Сізге мүмкін көрінеді әдемі.
Ол – кәдімгі саясаттар былығы,
Сайлау алды сабылысқан әлегі.
Сізге, сірә, оны ұғу қиын-ақ,
Нәзік жіппен басқарады нән күштер.
Бес саусаққа бес қуыршақ киіп ап,
Өз тілінде сөйлетеді әртістер.
Иесі емес ой, қиялдың, сананың,
Түр-тұрпаты аумай қалған өзіңнен,
Жанған оттай жылтылдайды жанарың,
Бірақ ұшқын көрінбейді көзіңнен.
Ауыз да бар, сүп-сүйкімді оймақтай,
Тілге бірақ танытыпты сараңдық.
Саясаттың тереңіне бойлатпай,
Сахнада ойнатады алаң қып.
Шыға алмайсың белгілі бір қалыптан,
Сценарийге бағынасың әуелгі.
Сахнаны биік қойып халықтан,
Тек әртістер басқарады әлемді.
Ұйқыдамыз, сияқтымыз айкезбе,
Ә, айтпақшы, жанымыз бар рухсыз.
Саясаттың сахнасы кей кезде,
Бізбен тіпті ойнауға да құлықсыз.
Көшірмесі ғана сынды тәніміз,
Айтшы өзің «Адаммын!» деп жар сап пе ең?
Олай болса, қуыршақпыз бәріміз,
Бізді біреу басқарады саусақпен.
Қане досым, кіріс енді ісіңе,
Жаратпайды ол жатып ішер жалқауды.
Білек емес, саусағының күші де,
Сені мыжып жіберуге қауқарлы.
Ұнатпаса, ойна, жыла басқаша,
Көрінуі керек мұнда сан қырың.
Сахнадан кете алмайсың ешқашан,
Ол драма – сенің мәңгі тағдырың.
***
Есілді ен жайлаған ерен қала,
Көзден ұшып барады көген дала.
Өмірде бәрі өткінші,
Өртенеді,
Өлмейтін Ақын жазған өлең ғана.
Шыны қала ішінде шекпенділер,
Ал шайырлар күлсе тек кекпен күлер.
Қаланы да жалғыздық жайлайтынын,
Жалғыздықтан мұң-нала шеккен білер.
Ығыстыр, шыны қала, құмдарыңды,
Қызды – күң, құл ет тағы ұлдарыңды.
Несіне емексітіп әурелейсің,
Ұяттан күнде өлетін сір жанымды.
Есіл де еркеліктен ада қалып,
Қала мұңға батып тұр,
Қала налып.
Ауылдан ат тондарын ала қашып,
Қайда жөңкіп барады қара халық.
Безерген бетон үйлер не біледі,
Қамалған қала соған егіледі.
Есіл жасым Есілге құя беріп,
Ернеуінен бір күні төгіледі.
Дала көркем емес пе?
Дала ғажап!
Жаным қайрақ боп кетті қала қажап.
Әйнектің арғы жағы – әдемі өмір,
Бергі жағы – боз тұман, алабажақ.
Бірді білмей өтерміз, бірді біліп,
Көкжиек жоқ қарсы алар Күнді күліп.
Момын қала едің ғой мен сияқты,
Мінезің де барады мың құбылып.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: Vk.com