Алматыдағы Alatau Creative Hub орталығында талантты ақын Асылан Тілегеннің "Бойтұмар" атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті.
"Бойтұмар" кітабы 2021 жылы желтоқсан айында Алматы әкімдігінің қолдауымен Abai баспасынан жарық көрген болатын. Аталмыш шараға қаламгерлер, оқырмандар мен журналистер қатысты.
Кітаптың тұсауын белгілі ақын Мұрат Шаймаран кесті.
"Осы жігіттердің заманын сағынамын. Ол кез біздің қырықтың ішіндегі қылшылдаған кезіміз. Бұлардың филология факультетіне енді түскен кезі еді. Содан бастап осындағы отырған бірқатар ақындармен аралас-құралас болдық, ұстаз-шәкірт атандық. Бұларды сағынатын себебім, ол кезде поэзия, көркем әдебиет бар болатын. Әдебиетке, қазақ өнеріне деген үлкен махаббат бар болатын. Осылардың бәрі тың идея еді. Бұлармен бірге жүру, бірге әңгімелесу – оның бәрі қимас сәттер еді. Тағы бір қимас себеп, сендерден кейін ҚазҰУ-ға үлкен толқын келген жоқ. Сендердің замандарың поэзияға үлкен серпіліс әкелгендей сезіледі. Сол орта кейде суып кеткеніне, өзіңді іздеп келетін жас таланттардың жоқ екенін ойлағанда, кейде көңілің жетімсіреп қалады. Сіздердің дәуірлеріңіз бір керемет, алтын дәуір – сағынып еске алатын кезең болды", - деді ақын Мұрат Шаймаран кітаптың тұсауын кесе отырып.
Ақын Мұрат Шаймаран Асыланның өлеңдеріне баға бере келе, оның өлеңге жауапкершілікпен қарайтынын тілге тиек етті.
"Асыланды өте жақсы білем. Ол менің туған інім, сырласым, замандасым секілді. Асылан өмірге, адамдарға өте адал жігіт. Таза дүниеден ғана таза өнер шығады. Асыланның поэзиясы жеңіл, эстардаға құрылған емес. Бірдеңе айтайын, ақыл айтайын дейтіндей дидактикаға, публистикаға құрылған емес. Оның поэзиясында өмірді тану, ақынға тән мұң жатыр. Асыланның өмірі, жүрегіндегі арпалысы қалай болса, поэзиясыда дәл сондай. Тіл қолданысы да шебер, оқығаны, алдыңғы классиктерді өзіне ұстаз тұтқаны білінеді. Өлеңге ол өте жауапкершілікпен қарайды", - дейді Мұрат Шаймаран.
Мұрат Шаймаран өзінен кейінгі буынға әдебиетті сеніп тапсыруға болатынын айтады.
"Болашақта сендерге қоятын талап та ауыр. Біз жасай алмаған, жаза алмаған дүниені сендер жазуларың керек. Өйткені заман өзгеріп, сана-ой өсіп келе жатыр. Әдебиеттің, поэзияның бағыты мүлдем басқа жаққа кетіп қалды. Қазақ өлеңінде поэзияны түсінбей келе жатқан ақын да, оқырман да көп. Қазақ поэзиясы кезінде көптеген жүкті мойнына алды. Публистиканы да айтты. Қазіргі кейбір ақындарымыз әлі де сол публистиканы өлең деп қабылдап жүр. Асыланды жаңа өлеңде ақыл айтпайды дегенім сол. Асылан тек қана адамның жанын, мұңын, тағдырын суреттейді. Қазіргі жаңа поэзия бізді соған жетектеп келе жатыр. Біз болашақта сендермен қуанып, мақтанатын боламыз. Жалпы, айтқанда осында отырған жас ақындардың кез келгеніне поэзия болашағын сеніп тапсыруға болады. Ол үшін сендерге ізденіс, үлкен күш-қуат керек", - деді Мұрат Шаймаран.
"Бойтұмар" жинағында мезгіл әуендері, көңіл пернелерінің үні естіледі. Дәстүр мен жаңашылдықтың синтезі байқалады. Автордың табиғаттың сан тарау құбылысынан поэзиялық картина жасауға талпынысы мен ел тарихындағы тұлғалар өмірінің бір мезетін жырлай отырып, оның кесек сұлбасын көрсетуі оқырманның танымын арттырады.
"Кейінгі уақытта өлең жазуым сиреп кетті. Себебі, өзіме үлкен талап қойдым. Содан кейін жазуға отыруың да қиын боп қалады екен. Бірінші талап, сенің өлеңің кімге керек? Кітабыңды оқыған жұрт ішінен не алады? Қазір әлеуметтік тақырыпты көп іздейді. Қоғамның дерті – адамның өзінің дерті. Өзінің дертін көркем шығармадан көргісі келеді екен. Шахановты оқырман не үшін жақсы көреді? Себебі Мұхтар Шахановта әлеуметтік тақырыптар көп. Осыны мен басты талап етіп алдым", - дейді кітап авторы.
Ол бүгінгі ақпарат ағымы жылдамдаған заманда да, оқырман сиреп кеткен уақытта да қаламгерлердің жазуды тоқтатпағаны қуантатынын айтады.
"Кез келген шығармашылық адамы халтурадан аулақ болуы керек. Ізденіске ұмтылуы керек. Қуанатыным – замандастарым оқуға ұмтылады. Қазір бір кітап шықса сын жазылмайды. Пікір жоқ. Сөйте тұра ізденісін жоғалтпаған қаламгерлер бар. Қанша кітап жазсаң да оқырман ішінен сұрыптап алады екен" - дейді Асылан Тілеген.
Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай егемендіктің 30 құрдасы – 30 қаламгердің кітабы шыққан болатын. 102 мың данамен шыққан кітап Алматы қаласындағы кітапханаларға таратылды. Оның ішінде бүгін кітабының тұсауы кесіліп отырған ақын Асылан Тілеген де бар.