- Негізгі бет
- Поэзия
- Асылан Тілеген: "Өлең...
Асылан Тілеген: "Өлең оқып берейін екеуміз жайлы..."
"Әлемдегі толып жатқан "измдердің" ішіндегі ең шуақтысы - лиризм" деп еді-ау Сұраған Раxмет. Рас сөз. Бұған иланғанымыз кеше. Тыныштықбек "Өз басынан өткермей сенген бе өзге" деді. Біз де өз басымыздан өткеріп барып сендік. Кешкен сезімді пернесін дөп басып күмбірлете салу көптің қолынан келе беретін шаруа емес екен. Ондай өлеңді лирика, ондай ақынды лирик дейміз. Асылы, табиғатында лирик ақындар болады екен. Лириканы солар жазсын...
Асылан жазсын! Мұны біз ғана емес, Есенғали көкеміз де айтты. Өткенде "Қазақ әдебиетіне" шыққан өлеңдерінен соң біздің Асекеңе Есенғали көкесі xабарласып: "Асыланжан, мына өлеңдеріңді оқып тебіреніп отырмын. Бұл күйді жіберіп алуға болмайды. Көп жаз. Кейін жазам деген - далбаса. Осы шақ өлең жазатын шағың", - деді. Асыланның қаламы қашанда қайраулы. Жазып жатыр. Момынның сабырындай, маусымның жауынындай жырлар - соның дәлелі.
Бекзат Смадияр
***
Үнсіздікте
Өмір бардың мысалы,
Алай-дүлей көңіл бардың мысалы -
Жауып тұрған мына қар.
Үнсіз,
Тілсіз жұбатар.
Жауатыны - жаңбырдай,
Қонатыны - (паң) қылдай.
Құдайым, мұны кешер ме ең,
Нөсерден көркем десем мен.
Көктемгі жаңбыр жылатып кеткен еді ғой,
Тағы бір мұңы бүр атып кеткен еді ғой.
Ал мынау жауған үнсіз қар,
Жұбатып тұр ғой,
Үр аңқып тұр ғой.
Мұң сыздар.
Жауыңдар əлі,
Жауыңдар таңға,
үнсіз қар.
Үнсіздігіңнен үрдей аяулы жыр сыздар.
Аяққа мына тапталу үшін емес-ау,
Шаттану үшін жалғыздық жандар,
Жүрекке жауып тұрсыздар.
***
***
Бұл күннің таптық қайдан көркемдігін,
Мына күн бүгінгі күн емес мүлде,
Адасқан кешегі əлде ертеңгі күн.
Төгіп тұр əлдеқайдан жап-жарық нұр,
Бір өлең жазғанымша күн өзгерді,
Ал қазір Алматыда қар жауып тұр.
Сол үшін алғыс айттық біз Құдайға,
Сыйыңа алақайлы адам біткен,
Қалдырып бара жатыр күзді қайда?
Уақытқа қараңызшы - қараша əлі,
Сұлу қыз кемпір рөлін сомдағандай,
Неге ерте оранады қала шəлі?!
Жанымыз қалды біздің ұзақ қанша?!
Мархабат, мен қалайын күз-сұлуды,
Көңілден көз ұшына ұзатқанша.
?
Жалғыздығым - жаныңнан,
Жалбыр мұңың - жолымнан.
Жарықтығың - барымнан,
Жалғандығым - жоғыңнан.
Жанқиярың - жаралым,
Жұмсақтығым - жібегің.
Жұмбақтығың - жанарым,
Жүректігім - жүрегің.
Жарықтығы - күнненбіз,
Жұпарлығы - гүліңіз.
Қайта туып жүргенбіз,
Бірімізбен біріміз.
Жүргендігім жан мұздай,
Құрысын ба?!
Құрысын!
Жапандағы жалғыздай,
Жан кешкенім - кім үшін?!
ҚАЙЫРЫМ
Уақыт қанша, білемісің?!
Əріптеске айтыңыз қош!
Сүйген жардың жүрегі үшін,
Үйге ертерек қайтыңыз, дос!
Күткен жардың көңілі шын,
Үміттердің бəйтерегі.
Күтеді сен келу үшін,
Күтпей қалса қайтер еді.
Əлденеге ұшыраспай,
Келер қазір сүйіктісі...
Отындағы ыстық астай,
Отыр ғой ол күйіп-пісіп.
Тірлік бітер қинап әрең,
Бүгінше оны бітіре тұр.
Көзіңде ме күйген әлем,
Әлем үйде күтіп отыр.
Күткен ауыр қиналысы,
Көңіл ғана тездетеді.
Бар əлемді сыйлау үшін,
Жалғыз ауыз сөз жетеді.
Қала ма ол көңіл жерде,
Жүрек-талды гүл дәметер.
Бүкіл əлем бөліп жеуге,
Жалғыз түйір құрма жетер.
ҮР
Шағымдымыз тағдырлардың атынан,
Оралуға сол бақыт.
Жылады Ол жаңбырлардың атынан,
Мені қанша жауратып.
Күн атынан күлген болдым, таңғы арай,
Күйіп кеттім соңара.
Қарашада құлап кеттім аңдамай,
Өліара...
Бізді күтіп тұрғандығын алда не,
Білетін кім?
Сауап па?!
Үр атынан кім сөйлейді, ал, қане?
Ол өзі жоқ сабақта...
ПОЙЫЗ ТЕРЕЗЕСІНДЕГІ ӨЛЕҢ
Пойыздың мынау алқынған,
Пешінің шоғы ұшты ырғай -
Жанып та кетпей жарқылдар
ғашықтың көзі ұшқындай.
Қап-қара түнді қақ жарған,
Сол бір от - сөнген сезімдей.
Жоғалып кеттім вокзалдан,
Қоштасу қалды сезілмей.
Əнді кім айтар ол ескі,
Алдыңда қызық -
бар қайғы -
Шығарып салған жоқ ешкім,
Ешкім де күтіп алмайды.
Санамда расы - тек өлім.
Сыралғы досым - періштем.
Шырқырап жаным келемін,
Шығып та кетпей релстен.
ПЛАЦКАРТ
Еріп кеткен мұз секілді,
Жүргендігі жиып қайғы.
Барлық əйел сіз секілді,
Неге бірдей ұйықтайды?!
Тұншыға кеп демаламын,
Кірпігіңнен күн санап ем.
Ұйқыдағы неге бəрің,
Омырауың - мың сан əлем?!
Ерте оянған күз секілді,
Күзетерім менің онда.
Барлық əйел - сіз секілді,
Ұйықтайтын еді ол да.
Жолдайтыным - аят-өлең,
Өзі ғашық нəзігі еді.
Мен қазір-ақ оятар ем,
Оята алсам қазір оны.
Мына пойыз мен секілді,
Баяу ғана үн қатып тұр.
Барлық əйел - ол секілді,
Ояныңыз...
Күн батып тұр.
ХАТЫМ
Өткенге оралғым келді,
Өзің бар жылдарға аттағым.
Бақидан хабар білмеді,
Жолданған жұмбақ хаттарым.
Неліктен гүлге ғашық ең,
Ғұмырын білсең еді оның.
Мен енді мұң ғана сүрем,
Гүл ұстап жүрсе де қолым.
Жыламан. Жыла демесең,
Жасым ол жылап ағатын.
Мен гүлге құмар емес ем,
Өзің ғой сұрап алатын.
Келістік.
Жат алаң жоқ-дүр,
Кеудеде көктейді күн-үр.
«Гүлім» деп атаған жоқпын,
Жүрекке жетпейді ғұмыр.
Гүл іздеп қырға да шықтым,
Адастым беткейде бекер.
Мен енді Күнге ғашықпын,
Жоғалып кетпей ме екен Ол?!
***
Жар дегенің жанға керек жан екен,
Жалғыздарға жалқы Құдай жар екен.
Шаңырақтың шырағы екен келіншек,
Күллі əлемге күйіп-піскен көңілшек.
Көз-қуанышы екен үйдің келіні -
Сайын дала сəні болған елігі.
Сұлтанының асылы екен жеңгесі,
Бауырымен ең аяулы жерде осы.
Ақын-көңіл аңғал екен, байқапты,
Дос жырынан жары құйған шəй тəтті.
Жар дегенің жанмен кетер болсайшы,
Жалқы жүрек жармен кетер болсайшы...
ЖҰМА
Тазарған тəнмен бардым, жанмен қайттым,
Мен онда аңсарды айттым, арманды айттым.
Мен үшін қала біткен дұғаланды,
Жетімнің жанарында күнəм өлді.
Тартқанда нəпсі биік, заңғар шүлен,
Жүректің жарқыраған жан даусымен
Көкке ұштым. Аспаныңды көктей тілдім,
Жарыма жартыс қарыс жетпей тұрдым.
Асылан ТІЛЕГЕН, Ұлт порталы