Астана жақтан келеді хаттар көңілсіз

4 ақпан күні түнде «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанада өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылғы 5 қыз баланың денесі табылды. Олардың кішісі небәрі 11 айлық сәби еді. Өрт кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған. Бүгін 5 баланы елордалықтар ақтық сапарға шығарып салды. Болған қаралы оқиға мұқым қазақтың жүрегін ауыртты, қабырғасын қайыстырды. Ақындарымыз бес періштелерге арнап жоқтау өлеңдерін жазды.

ШАПАҒАТШЫ

...Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі,
(шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!)
Бес Періште - жасыл қанат бес Сәби,
Көкке ұшып кете барды түн іші.

Үркер қайда -
Төбеде ме?
Батыста?
Не жорамал - бүк түсіп бұл жатысқа?!
Кете барды бес Періште - бес Сәби,
Қала алмады жалын қамап,
От ұстап.

Жыла, жүрек,
Жүде, көңіл, оязып,
Берер ме екен Күн емшегін,
Ай азық?
Ұстап қала алмады ғой арқаның
Ақ шалмалы аязы.

Енді оралмас,
Мекен болмас кір ғалам -
Мың бояулы дүниесін бұлдаған.
Еске салып егілтеді біздерді,
Күл орнына өскен райxан гүл ғана.

Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,
Еліктірмес "Үйшік-үйшік" ойыны.
Терезеден жаутаң қағып жанарлар,
Тас қаладан іздемейді мейірім...

Азам -ауыр,
Қайғым - қалың,
Ой - терең,
Бірақ бізді түсінбейсің, БӘЙТЕРЕК...
Бұтағыңа қонақтайтын балапан,
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?!

Жұмақ кірер -
Сарай,
Хауыз,
Кіл шағыи,
Ертегілер әлеміндей тұмса күй.
...алақанын жайып маған талпынып,
Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби.

Мен де мұңды,
Туған өлкем жырақта,
Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта.
Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап,
Жуындырам көзден аққан бұлаққа...

Бес Періште тәмамдалмас сапары,
Шырақ жағып жүрер түнге от алып.
...Шапағатшы болсын саған Сәбилер,
Менің сорлы,
Менің ұлы Отаным!

Мұрат Шаймаран

Жоқтау
(Ашылса алақан, жұмылса жұдырық болатын бес саусақты жоқтау)

Басбармақ-ай, басбармақ,
Қарабауыр қасқалдақ...
Жұртың сені жоқтауда,
Жанарынан жас парлап.

Титтәй баланүйрегім,
Жалын, отқа күйгенім.
Қалай жерге қияды ел,
Сүйінгенін, сүйгенін.

Ойбой, ортантерегім,
Келте болды-ау дерегің.
Мемлекетің менсінбей,
Болды Аллаға керегің.

Шылдыр, шылдыр шүмегім,
Ата-анаңның күні едің.
Тәтті-ақ еді тілегің,
Әппақ еді жүрегің.

Ей, кішкентай бөбегім,
Ей, қайғылы өлеңім.
Талбесіктен суырып,
Жер бесікке бөледім...

Кеттік рас кердеңдеп,
Тұрмын міне шер меңдеп.
Қош деуге де шара жоқ,
Шолақ қолың ербеңдеп...

Бейбіт Сарыбай

***

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,
Өміріміз тар бөлмеде басталған.
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!

Қастарыңда болсын дайым анаңыз,
Әкетайың болсын дайым панаңыз,
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,
Ұжымақта зәулім сарай саламыз!

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын!!!

Кеңшілік Тышқан

***

Қайран Әке,
от оранып өзегің,
аяз-қайғы қарыды.
Сорлы шешей,
тартылды ғой өзенің,
Кімге жетер зар үнің?!
Бес балаңды
құрықтады тез өлім,
Қызғалдақтар
қыршын қиды тамырын.
Ажал-оты
ерте салды-ау кезегін,
Құлыншақтар
құшақтатты-ау қабірін!
Кім біліпті,
ет жүректі езерін?!
Қайран әкей!
Сорлы шешей!
Қорған болсын сабырың!

Мерей Қарт

***
Жарық күнім Түнге айналды,
Шаттық үнім Мұңға айналды.
Аппақ Арман күлге айналды,
Үміт, Сенім құмға айналды...
Бес күн тірлік...
Бес күндігім...
Кешірместі кештім бүгін!
...Жаңа ғана бүр жарған-ды
Кетті үзіліп өскін гүлің.
...Әрбір сәтін жеңіс көрер
Біз бе осы ең үстем Ел?!
...Аяусыз-ақ ұшты
Көкке Ең аяулы Періштелер...
Өмір сүріп Жын-қоғамда.
Қорланам да, жынданам да?!
...Өзі-ақ Отқа тастай салар
Нәлет онда, тұл қоғамға!
...Жарық күнім Түнге айналды,
Шаттық үнім Мұңға айналды
Аппақ Арман күлге айналды,
Үміт, Сенім құмға айналды...

Саян Есжан

***
Күн қатты боран дейді, ертең дейді,
Боранға кешегінің дерті өлмейді.
Болар ма аяз қатты одан асқан,
Жүрегің оған неге өртенбейді?!

Бола алмай шырыл үнге ешкім қорған,
Будақтап түнге сіңіп көштің бе арман?!
Бір шарпып жүректерді өтті-ау бүгін,
Бес сəби -
Бес күн жалған.

Ақпанның аза түні нені ұқтырдың,
Қандайлық қасіретке жолықтырдың?!
...Көңілсіз хаттар əлі келіп жатыр,
Қалшылдап тоңып тұрмын...

Асылан Тілеген