Құрметті оқырман, бүгін сіздерге жас ақын Адал Сағдаттың өлеңдерін ұсынбақпыз. Поэзияны жанына жолдас еткен Сағдаттың жырларынан туған елге деген сағыныш пен саф алтындай таза сезімдер самалы есіп тұр. Өр Алтайда туылған өр ақынның өлеңдеріне үңілейік.
Аңсау
Торсық бет, тобылғы рең.
Баласы ем кең жайлаудың қозыкүрең,
Асфальт, мені қайда апарасың?
Құдай-ау, саған қайдан жолығып ем.
Аунаған боз көдеге,
Бүлдіршін балалығым боз бөдене.
Қалаға арман қуып жеткенімде,
Тағдырым осыншама өзгере ме?
Қол бұлғап қымыз бұлақ,
Сағыныш күйін шертті-ау сыбызғы бақ.
Мен сені аңсап жүрмін ару дала,
Саумал ауа, сары бастау уыз қуат.
Ай дидар, ай сырғалы.
Періштемді аңсатып ай туды әні..
Мен сені сағынамын, дала қызы,
Сырымды үлгірмедім айтуға әлі.
Шалқы төс,шабдар дөнен.
Бәсірем болат тұяқ қазған белең.
Шарласам туған жердің шартарабын,
Шалқытып көңілімді шабдарменен.
Үрей
Жақұт үзіп көзінен,
Көкте біреу жылайды.
Бір үрейге кезігем,
Еске аламын Құдайды.
Сора-сора ақ бұлттар,
Солқылдайды сұмдық-ай.
Айғыз-айғыз жасты ұрттап,
Улап өлген шындық-ай.
Дерті асқынған дүние,
Беті теріс бұрылған.
Бассыздыққа кім ие,
Бесжүз түрлі құбылған.
Күте-күте шаршадық,
Бедеу үміт туған жоқ.
Ақиқатқа қарсы ағып,
Күнә артқан құрбан көп.
Сақ-сақ күліп сатқындық,
Мазақтайды адалды.
Мейрімсіздік асқынды,
Маймыл қылған бағаңды.
Жақұт үзіп көзінен,
Көкте біреу жылайды...
Бір үрейге кезігем,
Еске алып құдайды...
Ай қызы
Жүрекке жайған от,
Сүйіктім, сен бүгін қайдасың,
Теңеуші ем айға көп,
Айналып кеттің бе айға шын?
Тып-тыныш түн мынау,
Қалқиды күлімдеп шарайна.
Көңліме нұр болып сіңдің-ау,
Осылай сүйе бер, жарай ма?
Ай қызы үлбіреп,
Сәуледен жаралған қымбаттым.
Бақытты бұл жүрек,
Сезімін сен ғана ұрлапсың.
Құшайын. Ғайыптың елесі,
Бар ма онда ғашықтар қаласы
Ұшайын. Сен мені демеші,
Арманның қауырсын қанаты.
Сурет: dakota-asphalt.org