Әсел Кәрібай: “Омар Жәлелдің емес, әкемнің қызы болғаныма қуанамын”

Адамзаттың өнеріне, әдебиетіне, мәдениетіне 3 мың жылдан бері әсер етіп келе жатқан әлемдегі ең ұлы соғыстардың бірі (мүмкін бірегейі) “Троя соғысы” әйел үшін басталыпты. Гомер атақты Иллиадасында сол Еленаның сұлулығын бір-ақ ауыз сөзбен берген. “Патша мен уәзірлер Парис ұрлап келе жатқан Елена үшін соғысамыз ба, соғыспаймыз ба?” деп дауласып жатқанда айдай сұлу Елена кіріп келген деседі. Сонда патша мен бірге уәзірлер де бұрылып қарап: “соғысуға тұрарлық әйел екен” деп бірауыздан келісіпті...

***

– Әсел, адамзат жаралғалы әйелдер әлем сахнасында басты рөлді ойнап келе жатқан жоқ па? Неге енді әйелдер қауымы наразылық білдіріп, “феминизм” сияқты ұғымдар пайда болды? Ерлер үшін әйел қашан да бірінші орында болған.

– Аға, қаталесесіз! Еркектер үшін әлимсақтан бірінші орында сұлулық, атақ, байлық еді. Әйелдер құқықтарының шектелуіне, зорлық-зомбылыққа қарсы. Күш көрсетуге қарсы. Дулат Исабековтің шығармасында қарындасыма ие болмадың деп күйеуі әйелін шаңыраққа шашынан асып өлтірмей ме? Шын мәнінде қыздың ұрлануына сол әйелдің қандай кінәсі бар еді. Түзге бірге шықты, әккі барымташы жеңгесін итеріп құлатты да, қызды қолтығына қысып кете барды. Көрдіңіз бе аға, осы екі жағдайда да әйел құрбан болып тұр. Қазіргі әйелдер өздерінің осындай құрбан болмауы үшін күресіп жүр. 

– Әсел, дүние жаралғалы күшті әлсізді түтіп жейді, азулының қашан да мерейі үстем келген. Бұл өмірдің бұлжымас заңы емес пе?!

– Аға, “махаббат әлемді құтқарады” дейтініміз қайда?

– Махаббат емес, “мейрімділік әлемді құтқарады” дегенімізде әлем басқаша құрылар ма еді.

– Мен бәрібір әйел мен еркектің құқығы тең дегім келеді…

***

Біз аяңдап Абай көшесімен Тұрғыт Озалға бұрылдық. Менің бүгінгі кейіпкерім, өлеңдерін сүйіп оқитын ақын қыз – Әсел Кәрібай. Әселмен сұқбаттасқым келген себебі соңғы уақытта “әйел – тауар, әйел – маркер” деген қоғамның қызу пікірталасы еді.

***

– Әйелдер қауымына феминист болған қаншалықты орынды? Қазақ қоғамында еркек пен әйелдің құқығы тең бе?

– Қазіргі қазақ қоғамында білім алу, жұмыс істеу, дауыс беру секілді маңызды кезеңдерде әрине әйел мен еркектің құқығы тең. Бірақ алдымен, адам құқығы дегенге келейік. Кез келген адам өзінің рухани дүниесіне, денесіне, психологиясына шабуыл жасаған екінші адамнан қорғануға, құқығын таптатпауға қақысы бар. Феминизмнің осы уақытқа дейін бірнеше толқыны өтті. Әр толқынның сипаты да әртүрлі болды. Дәл қазіргі уақытта біздің социумда әйелдердің феминистік қозғалыстарының мәні – психологиялық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, сексизмнен, көшедегі немесе жұмыстағы сексуалды алымсақтықтан қорғану, өз өміріне өзінің ие болуына құқық сұрау. Теледидар мен әлеуметтік желілерде ашықтан-ашық “әйел-тауар” деп жатса, небір білгіштер әйелдің орнының қайда екенін үйретіп әуре болудан бір тынбаса, “жұрттың сөзі” әйелді бақытты болудан шектесе гендерлік теңсіздік жоқ деп айта аласыз ба? Осының барлығынан кейін әйелдердің бунтарлық әрекеттеріне таңқалып қараудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

– Мысалы, жақында осы мәселе қозғалды. Омар Жәлел “әйел академик болмауы керек, академик туу керек” деп айтты. Осыған көзқарасың қандай?

– Менің әкем Омар Жәлел мырзадан жасы жағынан әлдеқайда үлкен және ол соғыстан кейінгі жылдарда дүниеге келіп, кеңестік тәрбиені сіңіріп өскен жан. Өзіміз білетіндей, Кеңес үкіметі гендерлік теңдікті қабылдаған алғашқы елдердің бірі. Әсіресе соғыс жылдарынан кейін азаматшалардың азаматтармен бірге жұмыс істеуіне, білім алуына, қоғамдық-саяси өмірде де, тұрмыста да тең құқылы болуына мүмкіндік берілді. Содан да алғашқы ғарышқа ұшқан әйел осы елден шықты, небір оқыған білімді қыздар өздерін ер-азаматтардан кем түспейтінін дәлелдеді. Жетпіс жылдан астам уақыт өмір көрген, көкірегі ояу, көзі ашық әкем маған ешқашан өзіме де, анам арқылы да “сенің негізгі мақсатың – тұрмысқа шығу, бала туу” деген жоқ. Бірақ “оқы, оқы, білімді бол, жан-жақты бол” дегеннен жалыққан емес. Өйткені, баласы білімді болса, өзіндік дүниетанымы қалыптасатынын, дүниетанымы қалыптасса, өмірдің небір қиын сұрақтарына мүдірмей жауап бере алатынын, қателессе де, сүрінсе де, соңында өзін табатынын, өз таңдауын жасауға құқығы барын біледі. Мен Омар Жәлелдің емес, әкемнің қызы болғаныма қатты қуанамын.

– Сен әйел мен еркектің құқығы тең деп есептейсің, бірақ бізде бұрыннан қалыптасып кеткен “әйел еркектен бір саты төмен тұруы керек” деген ұғым бар ғой.

– Меніңше, бұл ұғымның өзінде “насилие” бар. Біздің қазақы тәрбиеде әйел адам өзінің ерін сыйлау керек деген түсінік бар. Сіз айтқан ұғымның орнына осы түсінікті қолдансақ, қандай әдемі болар еді. Әлбетте, табиғаттан әйелді әйел, еркекті еркек қылып жаратқан. Оған қарсы шыға алмаймыз. Мен бұл жерде биологиялық айырмашылықтары мен табиғи процесстер кезінде атқаратын функцияларына байланысты айтып отырмын. Бірақ бұл әйел адам құқығы жағынан шектеулі немесе еркекке бағынышты болу керек дегенді білдірмесе керек. Тас ғасырында ер адамдар аңшылықпен, ал әйелдер терімшілікпен айналысты. Бұл әйелдердің нәзік жаратылыс екенін, ал ерлердің физикалық тұрғыдан күштілігін айқындайтын концепция еді. Бірақ одан бері қаншама дәуір алмасты, заман өзгерді. Ерлермен бірге атқа мініп, жауға шапқан, көш үстінде дүниеге ұрпақ әкеліп, ашаршылық кезінде жан-жарымен бірге аштан бұратылып өлген әжелеріміз аз болды ма? Соларды әлсіз жандар деп айта аламыз ба?

– Сол Тас ғасырынан кейін “Матриархат заманы” келді емес пе?

– Матриархат пен феминизмді шатастыруға болмайды. Меніңше, ер адамдар, тіпті кейде қыздар да феминизмнің не екенін дұрыс түсінбей, оны еркектерге қарсы қоятын қару ретінде танитын секілді. Бұл дұрыс емес. Феминизм – әйелдер құқығы үшін гендерлік кемсітушілікке қарсы қозғалыс. Бұл күйеулерін, балаларын тастау, отбасын құрмау немесе жыныстық ориентациясын өзгертуге ша-қыр-май-ды! Феминистер әйелді жәндік емес, өсімдік емес, еркекпен тең жаратылыс екенін, өзіндік амбициясы, ойы, санасы бар екенін, егер қорғансыз болса, зәбір көрсетудің қажеті жоқтығын жеткізгісі келеді. Егер әйелдердің құқығы маңызға ие болмаса, Ыбырай Алтынсарин қазақ қыздарына арнап мектеп аша ма? Ең алғашқы роман “Бақытсыз Жамал” деп аталып, қазақ қызының тағдыры жайында жазыла ма? Содан кейін де “Ақбілек”, “Ұлпан”, “Қаралы сұлу”, “Ботагөз”, “Қалың мал” сынды романдар дүниеге келе ме? Қазақтың интеллектуалдары өткен ғасырдың басында шығып тұрған “Қазақ”, “Айқап” секілді басылымдарда қазақ қызының қоғамдағы рөлі, қазақ қызының тағдыры, қазақ қызының бас бостандығы жөнінде мақалалар жариялап тұрар ма еді?

– Келесі сұрақ та әйел мен еркек жайында болмақ. “Бір адамның сырт келбетіне қызығу – ұнату. Адамның ішкі және сыртқы сұлулығын ұнатқанда сіз ғашық боласыз. Ал махаббат – адамды адам төзбейтін кемшілігіне, қателігіне қарамай сүйдіреді”, - дейді Сент-Экзюпери. Ер адамның қандай қателігін кешіруе болады?

– Әйелдер қауымының атынан сөйлегім келмейді. Егер маған қатысты болса және мәселе махаббатта болса, Экзюперидің айтқанымен келісемін. Рэй Брэдберидің “Махаббат – екі адамның бір-бірін сүюі. Егер бір адам ғана сүйсе, ол – ауру” деген сөзі бар. Шын махаббат болса, жақсы көрген адамыңның кез келген қателігін кешіруге болады. Өйткені шын жақсы көрген адам өзі де кешірімшіл келмей ме?

– Бұл жерде бізде қазақта қоғамның пікірімен санасу деген бар. Қыз бен жігіт арасындағы қарым-қатынас қоғамның пікірімен санасудың нәтижесінде пайда болады. “Ел не дейді”, “жұрт не дейді” деген сұрақ бірінші орынға шығады. Осы тұрғыдан сұрағым кеп тұр.

– “Жұрт не дейді?” деген ой біздің халықтың ең бір дертті тұсы деп ойлаймын. Өзінің таңдауына сенімсіз болу, әрбірден соң өз-өзіне сенбеу, өз өміріне қатысты шешім қабылдаудан қорқып, тағдырының тізгінін сол жұрттың қолына ұстатып қою көп адамның үлкен проблемасы. Ең сорақысы – сондай проблемасы бар адам ұрпағын да солай тәрбиелейтіні. Ата-анаң “жұрттың баласын” үлгі ете берсе, әрине сен де сол жұртқа елеңдеп өсесің. Жеке өміріңді елдің алдында талқыға салуды дұрыс деп есептемеймін. Сүйіктіңмен араларыңда қандай жағдай болмасын, тіпті оны жақын құрбыңа да айтып керек емес. Қандай үлкен қателік, қандай ауыр сынақ болса да, екеуара сөйлесіп, түсінісе білген маңызды деп есептеймін.

– Ер адамның қандай қателігін кешіруге болмайды: опасыздық, сенімнен шықпау, әйелге қол көтеру?

Мен адамдарды жынысына, нәсіліне, дініне, таңдау құқығына қарап бөлгенді ұнатпаймын. Ер адам – ең алдымен адам. Біз сондай романтикпіз, адамды идеаландырғанды жақсы көреміз, мінсіз болғанын қалаймыз және одан көп нәрсе күтеміз. Содан соң ол адам миымызда қалыптастырып алған образға сай келмесе, “мен сенен ондайды күтпедім”, “сені жақсы адам деп ойласам” деп реніш білдіріп, тіпті кешіре алмай жатамыз. Бірақ, кешіріңіз, сіз өзіңіз кінәлісіз. Неге біреуден бірнәрсе күтесіз? Неге біреуге тәуелдісіз? Неге адамның қателесуіне мүмкіндік бермейсіз? Қателесу де сүю, жек көру секілді табиғи құбылыс қой. Қандай қателік болмасын, кешіру, кешірмеу керектігін әйел адам өзі іштей сезінеді деп ойлаймын. Әйелге ол үшін даналық керек шығар.

– Саясатта әйелдердің болуы қаншалықты дұрыс? Әйелдердің эмоциясы маңызды шешімдер қабылдауға кедергі келтірмей ме?

– Мүмкін біртүрлі шығар. Бірақ мен саяси мәселелерді жете түсінбеймін және де аса қызығушылық танытпаймын. Қандай әйел басшы эмоцияға бой алдырып соғыс ашқанын немесе бұрыс шешім қабылдағанын білмеймін. Бірақ бүтін бір елдің тарихына ықпал еткен, асқан көрегенділікпен бір ұлтты шашыратпай бірлікте ұстаған аналар өткенін білем. Мен ғана емес, бәрі біледі. Бірақ әйел мен еркекке қатысты шаблонды ойлардың өзгермейтіні ғана өкінішті. Барлық жігіт темір мен болаттан, төбелес пен “шрамдардан” жаралған жоқ. Тәтті бәліш пен балмұздақ аңқитын, түрлі-түсті түймелер мен жіптерден пайда болған жігіттер де бар. Сол секілді қыздардың бәрі бантик пен жылтырақтан, алжапқыш пен диетадан пайда болған жоқ. Көне кітаптардың иісінен, құстардың қауырсындарынан, аттардың тұяғының дүбірінен жаралған қыздар да бар. Әркім өз таңдауының нәтижесінен тұрады. Біз оған сыйластықпен қарауымыз керек.

– Ер мен әйелдің арасында достық бар ма?

– Әлбетте. Бұл сұрақ “ер мен әйелдің арасында достық жоқ, арты махаббатқа ұласып кетеді” дейтін пікірлер де бар болғандықтан туындап отыр ғой. Мен осы бір стереотипті түсінбеймін. Достық пен махаббатты кері ұғымдар секілді қарастыратындарды ұғына алмаймын. Махаббат бар жерде неге достық болмауы керек? Егер бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ерлі-зайыпты жандар бір-бірімен дос бола алса, махаббаттары берік бола түспей ме?

– “Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса” дегенмен келісесің бе?

Біреу келісемін, біреу келіспеймін дер, бірақ батысты, орысты айтпағанның өзінде небір мықты ақын апаларымыз, әпкелеріміз өздерін әлдеқашан мойындатып қойған.

– Нашар поэзия шынайы сезімнен туа ма? 

– Мүмкін. Өлеңге анықтама бергім келмейді. Десе де, жақсы поэзия үшін сезім аздық етеді деп ойлаймын. Өнердің басқа да түрлеріндей поэзия үшін де еңбек, ізденіс, эксперименттер қажет. Поэзия да тірі ағза секілді түлеп, түрленіп, дамып отыруы керек. Өйткені, бәріміздің сезінетініміз бір сезім. Барлық сезімнің атауы бар ғой. Демек, сіз ерекше сезім кешпейсіз, сіз де мен кешетін сезімді кешесіз. Мен біреуге “мен күйзелудемін, мұндай күйзелісті бұрын соңды ешкім басынан өткермеген” деуім мүмкін. Бірақ ешкімнің өткермегеніне аргумент таба алам ба? Жоқ. Мен күйзелгендей басқа да күйзеледі. Тек басқаша формада. Сол басқаша формаға салып жеткізуден қорықпау керек деп есептеймін. Әрбір рет ғашық болғаныңды ұйқасқа салып жаза беруді күнделік жазумен бірдей көремін. Бірақ сол форманы таңдайтын ақындардың шығармашылығына да құрметпен қараймын. Әркімнің өз оқырманы бар.

– Әйелдер мерекесіне орай, әйелдерге қатысты біздің қазақ қоғамында нелер өзгерсе екен дейсің? Қоғамның әйелдерге ойы қалай өзгерсе екен дейсің?

– Интернатта оқып жүргенде жоғарғы сыныптың ұлдары біздің сыныптың ұлдарына “қыздарыңа ие болыңдар”, “қыздарыңа шамаларың жетпей ме” деп қорқытады екен. Егер “ие” бола алмаса біздің ұлдар таяқ жейтін. Содан әрбір сегізінші сыныпта қыздар мен ұлдар арасында “бойкот” деген нәрсе болатын. Қазір әрине күліп еске алғанымызбен, ойлап қарасам, бұл да бір “феминистік қозғалыс” екен (күлді). 14-15 жастағы ұл балалар “қыздарды басып-жаныштау” деген ойды қайдан қалыптастыруы мүмкін? Ең алдымен, отбасындағы тәрбиеден. Отбасында анасын, әпкесін, қарындасын сыйлауды білмейтін ұлдардан қоғамда қыздарды тауар ретінде көретін, қыздарды еркінен тыс алып-қашуға болады деп санайтын, қыздарға нәпсісін қанағаттанырудың құралы ретінде ғана қарайтын “еркектер” пайда болады. Қыз балалар азаматтарды жақсы көреді, нағыз ер атына лайықты жігіттерді сыйлайды, жігіттерсіз гүлденіп, нұрланып жүрмес еді. Бірақ, өкінішке орай, бір қарын майды шірітіп жүрген құмалақтар да жоқ емес. Сол секілді қыздардың да “өздерінен де бар” кездері аз емес. Өз-өзін сыйлай алмаған әйелді азаматы да сыйламайды. Өз құқығын біреудің табанының астына салып беретін қыздар да бары өкінішті.

– Ал сол өз-өзін сыйлау үшін, құқығын қорғау үшін әйел адам не істеуі керек?

– Бір құрбымның таныс қызын 1-2 рет кездескен жігіті еркінен тыс алып қашып кетіпті. Бірақ қыз өзі жақсы көрмейді екен. “Кетіп қалды ма?” десем, “Жоқ, қалды” дейді. “НЕГЕ?” Менің ақылыма сыймады, түсінесіз бе? “Үйдің үлкендеріне көніп қалыпты” дейді. “Өзі қандай қыз еді? Қандай мақсаты бар?” “25-ке келіп қалдым, кету керек деп жүрген қыз”. Біз бұл жерде тағы да айналып “жұрт не дейдіге” келеміз. Бірінші жұрт қайтып келген қыз жаман дейді, екінші 25-ке келдің отырып қалдың дейді. Алло? Есіктің сыртында ХХІ ғасыр тұр. Қыздардың күйеуге тигеннен басқа мұраты болмаған киіз үйден баяғыда көшіп кеткенбіз. Ол кезде жай ғана сиыр сауып, сүт тартқаннан басқа қызметтің түрі болған жоқ, түсінесіз бе? Әрине, отбасын құрып, ана атану зор бақыт. Егер өз еркіңмен сол жолды таңдасаң. Егер таңдамасаң, ешкімнің сені зорлап көндіруіне, отырып қалдың деуіне ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ! Қыздардан тілейтінім, өз өміріне жауапкершілікпен қараса екен деймін. Өз таңдауы, көзқарасы, ойы қалыптасса екен деймін. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін өздері де білімді, жан-жақты болса екен деймін.

Әсел Кәрібайдан бір өлең

maktub

екеуміз дерттілерденбіз:
сертті берген ұл.
сертті берген қыз.
 
ең аяулы мұңымның куəсі етіп
сенің адалдығыңның көк тиын құнын
арқалап жеттім Көктемге.
несін сұрайсың?
мұздан тоңғам мың.
өрттен өлгем жүз.
қайғы-шалдың таяғына ұқсас көлеңкемді
өз елесіне
ертті келген Күз.
 
кітаптың ішіне сақтаған
гүлдеріңді өртедім.
жастықтың астына жасырған
хаттарыңды өртедім.
 
ендігі,
жаураған көшенің шамдарын жылытар қауқарым болмай,
жалғыздығыма тығылам.
қағазды айғыздап мөлдірім
жазғым келеді.
(жазу ішінде ғұмыр бар.)
шерін ішіп шексіздіктің отқа сіңдім мен бүгін.
обал ма?
көктемімді іздедім мен тоналған.
сəттерімді сағындым мен жоғалған.
 
мейлі, қош.
темекіңнің түтініндей будақтайды ойларым,
мың күдікке арбалып,
мың үміттен қайта жанған шырақ-мұң.
құрақ-құрақ жүрегім,
жамау-жамау көңілім,
қалай мені ұнаттың?
түсінбеймін...
маған сені жіпсіз байлап қойған кім?
жиегімде күңіреніп күн қалды.
аңыранып ай қалды.
 
шексіздік жоқ!
өтірік!
тағдырымыз Өмір-талдың бұтағын,
мекен еткен құс еді...
енді, міне,
есепсіз мүрделерден
ғибадатхана салғысы келген Антейдей
ғасырлар бізді жұтады.
дəуірлер бізді ішеді.
 
қартайған құстың қанаты сипап кеудеден,
Тəңірге деген тəубемен:
маған жазған өлеңіңнен дерттендім.
саған жазған өлеңімнен дерттендің.
 
...Ай қозғалып кетсе, мейлі,
айнымас,
қалай ғана тайдық екен серттен бұл?

***

P.S. Зорлық-зомбылықтың болуы немесе болмауы адамның білімі мен мәдениетіне байланысты. Қазақтың мінезі адуынды бір жазушысы “мен момын емеспін, мәдениеттімін” деген деседі. Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, Әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың (Шәкәрім). Мінез бен сөздің түзулігі – мәдениеттен. Біз әлі мәдениетті қоғам құра алмай жатқан сияқтымыз. Қоштасарда Әселге “жақсы өлеңдерің көп болсын” деп ырымдап қойын дәптер сыйладым. Біз мәдениетті қоштастық. Әсел көкжиекке сіңіп, қарайған нүктеге айналғанша қарап тұрдым.

...Көз алдымнан шашынан шаңыраққа асылып, қиналып өлген әйел бейнесі кетпей қойды. 

Сұхбаттасқан Тұрсынбек Башар