- Негізгі бет
- Поэзия
- Артур Яһуда: "Өмір...
Артур Яһуда: "Өмір деген – қаздар ізі көктегі"
Артур Яһуда – Атырау облысының тумасы. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі.
Ғизәтлі өлеңсүйер, өнерсүйер көпшілік. Адам әркез жаңалыққа, жақсылыққа құмар. Біз үшін бұл жігіттің есімі – жаңалық, өлеңі – жақсылық. Жырларынан Жұмекеннің исі аңқиды. Жақсы өлең жазатын тағы бір жас жігітпен таныса отырыңыздар. Тұманбайша айтқанда: «Әйбәт өлеңдер!». Мархабат!
Сөз
Азат едім әуелден, жүректен де, тәннен де,
Азат едім әуелден, әлемнен де әудемде.
Жүрегінен жұлдыздың ағып түскен аңдымай,
Мен – Сөз едім! Сөз болып ұшып кетем өлгенде.
Ұлық едім, құрығын созып жердің желегі,
(Уыз дидар дүние – уақ тірлікке сенеді).
Үніндемін аспанның, уілінде жұлдыздың,
Уысында біреулер ұстағысы келеді.
Сарсаң өмір сынында сан тұрып, мың сүрініп,
Мен өлемін күн сайын, мен күн сайын тіріліп!
Өлтіретін күн сайын көп наданнан беземін,
Тәбәріктей Тәңірдің тамағына тығылып!
Безіп келіп мен сонда, бесігіме сүйендім!
Баян етем енді мен, бейбақтарға киемді...
Шерлілігім Тәңірдей – жалғыздықпен жарасқан,
Шеберлігім өлімдей тентіретер иенді.
Жылулығым жалындай, сұлулығым өрімдей,
Ащылығым ажалдай, тәттілігім өмірдей.
Жылдамдығым жарықтай, суықтығым тамұқтай,
Жұмсақтығым мақтадай, қаттылығым темірдей.
Ақымаққа жеңілмін, ақылдыға ауырмын,
Адасқанға дауылмын, ауырғанға дәрумін.
Армандарды жалғанға жалғап жіпсіз-тізгінсіз,
Қорғанғанға қалқанмын, қолданғанға қарумын.
Қағанағын қарс жарып, қара түнді үйіріп,
Қара өлеңде – қадірім, аппақ нұрдан құйылып.
Бейдүниеге беттемей, бұ дүниеге түсіппін,
Періштеге дарымай, пенделерге бұйырып...
БАС
Көзіммен тінтіп қашық даланы,
Күндердің белін басып барамын.
Көрешегіме көлеңке кергіп,
Келешегіме жасып қарадым.
Тағдырым – тәлкек, төзіп келемін,
Төбе-белдерді кезіп келемін.
Тарихқа сыймай шашылып жатқан,
Бас-сүйектерді кешіп келемін.
Жұтып көрмеген кермегім аз ба,
Жүрегім сұмдық сезеді (кәззәп).
Жұрттағы бас бабамдыкі ғой,
Жапанда қалған, әзелі жазған.
Бозшулан дүние, сайрақ далада,
Бірлігім солай айғақтала ма?!
Бір-бір ру болып бөліне берсек,
Бас-басымызға байрақ тараған.
Жүрегім неге жиі мұздады,
Жанды жеп ойдың күйік-ызғары.
Тарихым – куә, бітігіп пе еді,
Тәңірдің добы иығымыздағы?!
Хан Кененің де (арманым кеш пе?!)
Басын қоспадық! Қалғаны бос тек.
Жәңгірдің басын алмас тілген ғой,
Махамбет басын заманы кескен.
Бассыз тарихтың азасы ашып,
Басы бар ұрпақ талас қылмашы!
Басымнан қайғы арылар ма екен,
Басымның дәйім бағасы басым!
Бас-сүйек жатқан бетеге-жалдың,
Киесі бізге жетеді мәңгі.
Бүгіліп барып түскенше басым,
Бабамның басын көтеріп алдым.
Қуалап сосын асыл ызаны,
Кірпіктен құлап, жасым ұзады.
Қазағым, ұлтым, бүтінделерміз
Біріккен кезде басымыз әлі!
Біздің үй
Қарашада, қоңыр қаздар алқына,
Көтерілер, көк зеңгірге малтыма.
Біздің ауыл тірлік кешіп қоңторғай,
Қоңыр қаздар қаңқылында балқыған.
Қарашаның қарабарқын әр күні,
Қара мұңға батырады жалқыны.
Біздің ауыл, әсіресе біздің үй,
Жек көретін қарашаның салқынын.
Қарашада қамықтырар күй бар-ды,
Қараша жұрт қыстың қамын жинар-ды,
Біздің ауыл, әсіресе біздің үй,
Бір Құдайдың мейіріміне иланып...
Қыр астында қуыстанып шұнақ көл,
Қозы-құлын су ішетін шұбап кеп...
Біздің ауыл, әсіресе біздің үй,
Жалғыз еді. Өріс – тегіс. Қуат кем.
Қарашада қамап алып сұр тұман,
Күліп әсте тұрар еді мұртынан.
Біздің ауыл, әсіресе біздің үй,
Жылайтындай көрінетін сыртынан.
Қанатына жасырып ап көп мұңың,
Қоңыр қаздай қарайламай өтті күн.
Біздің ауыл – сол баяғы қалпында,
Ал, біздің үй... Орыны да жоқ бүгін!
Сосын бізден бөтенсіді ел осы,
Состияды бара қалсам... О несі?!
Тек түсіме жиі-жиі енеді,
Жоқ үйімнің бұлдыр-бұлдыр елесі.
Түсімдегі үй маңынан жүгіре,
Жетім құлын кісінейді түнімен.
Сағыныш па?! Өкініш пе, бірдеңе,
Жүрегімді тырналайды түбінен.
...Қоңыр қаздай көктеп туған даланы,
Топырағынан көтеріліп табаным,
Мәликедей жасанып ап тұратын,
Мен де бүгін қалалық ұл боп алдым.
Бүгін тағы қарашаның сәттері,
Ал, қалада қазда ұшып өтпеді.
Ауыл жаққа қарайладым зарыға:
Өмір деген – қаздар ізі көктегі.
Маңдайдағы өлеңім
Сен дегенде, сөз өрілмей таңдайда...
Не жазайын?! Жанда дегбір қалмайды-ақ!
Әлдеқандай құдіреттің күшімен,
Әлдеқашан жазылыпсың маңдайға.
Маңдайымды жібітейін бүгін мен,
(Мәлике-мұң моншақтасын үнімнен).
Маңдайымның қыртысында Өлең бар,
Мағынасы Тәңірімнің тілінде!
Сонда күнім сен оқитын Сөз-Өлең,
Сарқылмайтын сезімімнің көзі – Өлең.
Жазмыш деген бар дейді ғой, сол жазған!
Жазғаным жоқ тартып алып көзеден.
Сол өлеңді саған сәулем арнаймын,
Сол өлеңді түсіндіре алмаймын.
Түсінудің керегі не, түбінде,
Өзіңсің ғой сипайтын бұл маңдайды.
Өмір мені дауыл болып үйіре,
Тастап келіп жібергенде биіне,
Осы маңдай мені ертерек есейткен,
Осы маңдай тасқа тиген жиірек!
Рас, кейде асқақтаймын көк кешіп,
Рас, өмірге болдым талай өкпешіл.
Мен қорғансыз гүлмін кейде, байқарсың,
Әлдекімдер маңдайымнан шертпесін.
Иә, кейде буырқанған дауылмын,
Көтеремін барлығын да ауырдың.
Жүз жасаған қариямын мен кейде,
Кейде, күнім, ақылымнан жаңылдым.
Өмір мені дәл осылай қинайды,
Қалауымды, қолым созсам, қимайды...
Менің жалғыз өлеңім бар: Ол сенсің,
Басқа ештеңе Маңдайыма сыймайды!
Түн
Кірпігім түнді адақтап қабыспады,
Кеудемді тағы не күй жаныштады?!
Кернеген қалың ойды бөліп-бөліп,
Көшенің иттері де алыстады.
Тек қана тәкәппар түн. Дымы ішінде,
(Бәрібір, өлісің бе, тірісің бе?!).
Тәнімді кезеді кеп қара сәуле,
Табытта да түн шығар... Түн ішінде...
Тарамыс қолын созып суық үміт,
Тамұқтан сығалайды... Суырылып.
Тәңірім, кірпік ілсем тәтті түс бер,
Тірліктен туым жатыр туырылып.
Мынау түн – мұнар мұңға көмілдіріп,
Маңыма төсек салар бәрін біліп.
Түске ендім... таң бозында...тым-тым тәтті
Өңімнен өмірімді бөліндіріп.
Балбыратып әкетті түнеу ғалам,
Бәрі ұмыт. (Бақыт деген міне, қара!).
Телефон шыр етті, әттең! «Сүйем» дейді-ей,
Талығып өмір жақтан біреу маған!
Таңға дейін
Жүрегіме тарқамаған мұнары,
Алакеуім адасып кеп құлады –
Түн секілді Тағдырыма Тәңірдің,
Таң секілді жағып берген шырағы...
Қайдан, күнім, шыға келдің, не біліп,
Кірпігіңді қақсаң нұрың төгіліп.
Қараңғылау кеспіріме қарамай,
Құшағыма қойып кеткен өмірім!
Қара түнде қабырғам сан сөгіліп,
Қарайлаймын алды-артыма не біліп?!
Жүз үміттің жетегінде отырам,
Жұлдыздардың сүт сәулесін кеміріп...
Тастап шығып тіршіліктің құндағын,
Мен өзімді әр күнімнен ұрладым.
Таңға дейін Таңдар жайлы ой салып,
Жүрегімді ауыртады Түн тағы.
Жүрегімді ауыртады Мұң дағы.
Екеуміздің Таңдарымыз елеңін,
Екеуміздің Тағдырымыз елегін,
Таңға дейін ойлаймын кеп, жүрегім
талыққанша...
Неге аямаймын мен оны!
Күлгін түсті менің қалам
Күлгін түсті қалам менің – өзің бе,
Қабағымнан қайғы-мұңды сезінген?!
Көшеңдегі жалғыз тағдыр едім ғой,
Көйлегіңнің етегінде көз ілген.
Күлгін түсті қалам менің – сенсің бе,
Күлгін түсті дүниені кеңсінген?!
Күдеріден қарғы таққан секілді,
Кереметтей кең дүние мен сүрген.
Күлгін түсті қалам менің – әр күнім,
Құдайсыздар есігінде қаңғыды.
Көз алдыңда, білмейсің ғой, панасыз
Көшеңдегі ұл-қыздардың тағдырын.
Күлгін түсті қалам менің – хәл нешік,
Күлгін тұман шашын жайып төнгесін.
Келбетіңе тым қаперсіз, бағыштап,
Кісінеттім көңілімнің пернесін.
Күлгін түсті қалам менің – кім ұққан,
Күлік тағдыр бағынбай тұр ырыққа?!
Күлгін тұман секілденіп мен тағы,
Көз алдыңда сіңіп барам ымыртқа...
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағаттан, xn--80aqafcrtq.cc, vk.com
Ш. Талап