Арман Қани: "Көктейді ертең көк-жасыл балғын тіршілік"

Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Арман Бақтанұлы Қанидің 65 жасқа толуына орай "Ақпандағы қауышу" атты шығармашылық кеші өтті. Алпыстың асқарына шыққан ақын ағамызды мерейлі жасымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

Ғұмырнама 

-І- 
Төсіңді тасқа ұрғылап ерен, 
Төгіліп таудан құладың. 
Тынбайсың әлі құлдырап төмен, 
Өр бұлақ, тентек бұлағым. 

Безеріп тұрған белеңде мынау 
Бармассың өжеттілікке. 
Шарасыздық па төменге құлау, 
Немесе қажеттілік пе? 

Қыркүйек Күні күйрейді жонда, 
Төскейде күз тұр көріксіз. 
Тіршілік заңы сүйрейді сонда, 
Сен түгіл мені еріксіз. 

Мәнісін соның ұғындың, тегі 
Үнсіз-ақ іштей егілдің. 
Сен бірақ қашан бұрылдың кері, 
Мен бірақ қашан шегіндім? 

Мойындау заңды мәрттік пе, қалай, 
«Осылай болу керек!» – деп. 
Сәбилік шақтан қарттыққа қарай 
Келеміз енді дедектеп. 

-ІІ- 
Талықсып жеттік, сабылып шаршап 
Безбүйрек, құба жонға біз. 
Таңданба қарсы жолығып қалсақ, 
Біз екеу едік, жол жалғыз. 

Аптапта талай үзілді үміт, 
Аңызақ таңдай кептірді. 
Ақ жаңбыр кейін ізімді жуып, 
Аяусыз мені бетке ұрды! 

Жасыннан дала өртенді, досым, 
Жар болсын бізге тек Құдай! 
Жаңбырға бірақ желкеңді тостың, 
Жолымнан енді кет былай! 

Күтіп тұр кімді сан құзарт алда? 
Біз емес оны анықтар! 
Екеуміз жүрген жалғыз-ақ жолда 
Бітіспес екі бағыт бар… 

-ІІІ- 
Өтсек те талай жартастан асып, 
Әлсізбіз, оны ұмытпа! 
Ғаламның барлық қақпасы ашық, 
Адамның миы құлыпта! 

Сен жүрсің, інім, «ағалап» күліп, 
Мен жүрмін жүдеу сезіммен. 
Адамшылықты қанағат қылып, 
Құдайшылықтан безінгем. 

Көкірегің сенің ғаламға құштар 
Жатады қайнап, бұрқылдап. 
Бас сүйегіңе қамалған күш бар, 
Сен енді соның кілтін тап! 

Болған соң менің тағдырым шерлі, 
Артамын саған зор сенім! 
Ашылмай қалған сан құлып енді 
Күтеді ажал семсерін… 

-IV- 
Самғап жүр көкте бір аңыз әлі, 
Сол жаққа соқпай өтпейміз… 
Белгісіздіктен шығамыз-дағы, 
Белгісіздікке беттейміз. 

Өткенді аңсап көз тікпе, досым, 
Тарқасаөмірқызығы. 
Қос қазық және қос нүкте осы 
Тартылған тағдыр сызығы. 

Қорымда уатты біздерді бір ән, 
Қорқытса ширек Ай мына… 
Жолымыздағы жұлдызды тұман… 
Шаттық па, әлде қайғы ма? 

Құрдымның түбі көргісіз түк те, 
Жұлдыздың нұры солғындау. 
Жоғалар сол бір Белгісіздікке 
Белгілі, көне Жол мынау… 

-V- 
Қиялға кейде санасыз ердік, 
Шындықтан шошып… бекер біз. 
Өмірге кеше шарасыз келдік, 
Амалсыз ертең кетерміз. 

Жанарым көкке жатырқап қарар 
Жаһанды қалай таниды? 
Бақиың бәлкім, ақиқат болар, 
Жалған, – деп жүр ғой, – фәниді. 

Аңсаған жаннат жемісін әне 
Сан адам әлі сорламақ. 
Біз кетсек, 
Кімді, не үшін және 
Безбүйрек ғұмыр алдамақ? 

Ей, пенде, сенің тірлігің кәріп, 
Ырқына көнсең уайымның. 
Үмітім – жұмақ, күдігім – тамұқ, 
Бәріне соның дайынмын! 

Айрылар кезде жыршы бақ менен, 
Мінажат қылсын тағдырға. 
Соңымда қалса бір шумақ өлең, 
Ақталам Тәңір алдында! 

-VI- 
Тұр енді мені елестер арбап, 
Тұтылған сынды Ай бүгін. 
Қаусырып сені, нәресте аруақ, 
Қап-қара шашын жайды түн. 

Желкені жыртық жаңбырлы әлем 
Тоқтады құлпытасыңа. 
Жатыр ма оны жатырқап денең, 
Шомылған көздің жасына? 

Жанары зағип жат мекен сені 
Көкірегінде тербетіп, 
«Әлди де әлди, ақ бөпем» – деді, 
Үнсіздік әже әндетіп. 

Жел айдап кетті анаңның зарын, 
Алаңсыз ұйықта бұл шақта. 
Қабірің, білем, қараңғы, жаным, 
Ұқсайды бірақ, құрсаққа. 

Толғатар ертең жаңғырып белес, 
«Оянам сонда!» – деп білші. 
Өйткені, өлім мәңгілік емес, 
Оның да өзі Өткінші! 

АЯҚТАЛМАҒАН СӨЙЛЕМ 

(Элегия) 

Егiз дүние және жалғыздық 

Жалғызсыраймыз өмiрде, 
Түскенде кейде басқа мұң. 
Жалғыздық тән ғой Тәңiрге, 
Жұбы бар Одан басқаның. 

Көңiлге енсе өктемсу, 
Көрiнер пәс боп көк аспан. 
Ашу мен сабыр, от пен су, 
Жаралған жұп боп о бастан. 

Түк ұқпай бәлкiм жалғанда, 
Енермiз ертең көрге бiз. 
Көк пен Жер егiз болғанда, 
Бақи мен пәни ол да егiз. 

Кiрпiгiм мұңнан шықтанса, 
Жақсы сөз жанға болды азық. 
Жарық пен түнек жұп болса, 
Жұмақ пен тамұқ ол да жұп! 

Аптап та егiз нөсермен, 
Сұм өлiм сыңар өмiрге. 
Тек ұлым жалғыз десем мен, 
Сөзiмдi құптар Тәңiр де! 

Шындық елесi 

Түспесем халге жынданар, 
Түс көрiп тұрған шығармын. 
Сұрғылтым өңдi сұлбалар 
Үйге енсе не деп ұғармын? 

Үймелеп олар үйге ендi, 
Үйiрiлген топтың iшiнен 
Көрмесем сенiң бейнеңдi, 
Ұлым-ау, не деп түсiнем?.. 

Жайым жоқ сабыр сақтарлық, 
Жанарда сан от шарпысты. 
Жұлқынған ойды көкпар қып, 
Күдiк пен үмiт тартысты. 

Бес елi сорын маңдайдың 
Тұрсам да сезiп жаныммен, 
Өзiмдi-өзiм алдаймын, 
Жақсыға жорып бәрiн мен. 

Көңiлде бiрақ шүбә бар, 
Көрген түс деуге барлығын. 
Кiм ендi жоққа шығарар, 
Жаратқан Хақтың жарлығын?! 

25-ақпан 

Ұмыта алам ба, Рауаным! 
Сол бiр күн әлi есiмде. 
Сөнгендей болды-ау жанарым, 
Ақпанның жиырма бесiнде! 

Қарады маған жатсынып, 
Қанталап көзi атқан Күн. 
Шынарым түстi шарт сынып, 
Жиырма бесiнде ақпанның! 

Жер жұтып Көктiң сыйлығын… 
Жұрдай боп жаным тоналды. 
Тұғырдан ұшқан тұйғыным 
Құс жолы жаққа… жоғалды. 

Күркiреп таудай толқыны, 
Бұрқырап ақты тасқындар. 
Құлама жарға сол күнi 
Құйғытып жеттi-ау жас тұлпар!.. 

Қошқыл бұлт Күннiң қанқызыл 
Қан жылым нұрын жатты емiп. 
Маңдайға бiткен жалғыз ұл 
Жоғалды көзден жалт берiп! 

Тумысы ерек сондай Күн 
Маған да ертең тумақшы. 
Сен жаққа сонда самғаймын, 
Көрiскенше ендi күн жақсы!… 

«Он бес деген жасыңыз» 

Әкеңе келмей көлденең, 
Толдың да, ұлым, он беске, 
Аттандың ауыр жолменен 
Аты өшкiр Барсакелмеске! 

Жалыны өртеп жүректi, 
Жарығы көздi қаратпай, 
Зу етiп он бес жыл өттi, 
Бейне бiр он бес сағаттай! 

Бейнеңдi өксiп жырлармын, 
Көлеңкесi де қалмаған. 
Жалынын сол бiр жылдардың 
Көр түнек уақыт жалмаған. 

Адыра қалса мың тiлек, 
Тұра ма әкең зарламай?! 
Он бес жыл отыз күндi тек, 
Қанағат қылған, қарғам-ай! 

Қалармын тiптi сорлап-ау, 
Ренжiсем албырт он беске. 
Алдымды орап жолда анау… 
Кеткенi ғана қалды есте. 

Қаралы шақта 

Жалғыздық кiмге жарасқан? 
Туыссыз күнiм мұң болар. 
Құлайтын кезде қара аспан 
Иықпен тiреп тұрды олар! 

Дос-құрбың бота дауысты 
Боздап-ақ жеттi жамырап. 
Солармен ендi қауышты 
Аруана анаң аңырап. 

Әкеңнiң безген өң-түсi, 
Қалай деп айтам жай-күйiм? 
Бес адам жылап, бес кiсi 
Сынауға келдi-ау, қайтейiн?! 

Мәрт жандар шықпас жадымнан, 
Қол ұшын берген сол кеште. 
Үйге енiп қара жамылған, 
Емiнген таныс… ол да есте! 

Қаралы шақта барлығын 
Қалтқысыз оймен кешiргем. 
Қара көрсетпей қалды кiм, 
Олар да шықпас есiмнен! 

Кешiрiм 

Тағдырдан қайтты-ау тауаным, 
Алдаспан жiгер кетiлдi. 
Кешiрме бiрақ, Рауаным, 
Қайтарған болсам бетiңдi! 

Жалғаннан сенi көшiрген, 
Сағымға сiңiп жатыр жол. 
Ақ сүтiн анаң кешiрген, 
Бақұл бол, ұлым, бақұл бол. 

Мәнi мен сырын өмiрдiң 
Сен түгiл әкең ұқпай жүр. 
Кешiрер өзi Тәңiрдiң 
Қылығың болса құйттай бiр. 

Қызғылт күн маған жат ендi, 
Қызықтан мүлде шеттегем. 
Кешiрермiсiң әкеңдi, 
Құрбандығың боп кетпеген?! 

Дәрменсiздiк 

Күңiрендi қара шаңырақ, 
Ошағымды ажал тепкiлеп. 
Аруана анаң аңырап, 
Нар әкең жерге шөктi кеп. 

Төзе алмай зарлы дауысқа, 
Көктегi Күн де тұтылды. 
Ғайып боп рухың ғарышта, 
Жас тәнiң жерге жұтылды. 

Тiрлiктiң уын iшуге, 
Сапында қалдым тiрiнiң. 
Көрiңе бiрге түсуге, 
Жан бөлек екен, құлыным… 

Өтiнiш 

Шаңқобыз жүрек зарланды, 
Күй тартып жалғыз шекпенен. 
Қидың-ау сен де жалғанды, 
Кiм келiп, кiмдер кетпеген. 

Жасырды көзден тәнiңдi, 
Жап-жарық, нұрлы, жас қабыр. 
Өзге әлем қарсы ап жаныңды, 
Басталды саған басқа өмiр. 

Мен де ертең ұшып бу болып, 
Жаңбыр боп қайта жауамын. 
Сол шақта ғажап нұр болып, 
Қарсы алшы менi, Рауаным. 

Қилы күндер 

Бұлдыр да бұлдыр, бұлдыр күн, 
Бұлт құрсап көктi сұрғылттау. 
Құрығы ажал құрғырдың, 
Құлыным, сенi қылғынтты-ау! 

Боран да боран, боран күн, 
Борап-ақ соқты қайрылып. 
Бақиға таяп оралдым, 
Амалсыз сенен айрылып. 

Мұнар да мұнар, мұнар күн, 
Мұңымды кiмдер түсiнбек?! 
Мен тiрi жүрген шығармын, 
Шырақшың болу үшiн тек. 

Аяқталмаған сөйлем 

Жоқтау жыр жазып, Рауаным, 
Жабығып жаным жұтады. 
Бiлгенге обал, сауабын 
Ашылар өмiр кiтабы. 

Ең соңғы күндер керуендей 
Көзiмнен өттi тiзiлiп. 
Аяқталмаған сөйлемдей 
Өмiрiң қалды-ау үзiлiп! 

Бұл сөзге бiрақ кiм сенер, 
Екi ойлы әлi ел iшi. 
Сөйлемнен кейiн тұрса егер 
Нүкте емес, сұрақ белгiсi… 

Жармасып тағдыр жалына, 
Iздесем соның жауабын, 
Тойымсыз тiрлiк тағы да 
Қояды басқа сауалын. 

Ыза 

Айрылып едiм өзiңнен, 
Айныды менен сабыр да. 
Айналдым лажсыз қазiр мен 
Айылын жимас содырға! 

Сайқалды күлге аунатып, 
Сүрмелеп жүзiн сәнденген. 
Сайтанды сабап зарлатып, 
Сойқан боп алдым әбден мен! 

Қарны тоқ, қарау ауылға 
Сор болу үшiн тоқтармын. 
Шайқыдан жұрдай қауымға 
Сопысынбайтын сотқармын! 

Ырқыма көнбей ой-сана, 
Ызалы жасты үзiлттiм. 
Мешiтке қамап қойса да, 
Пiрадар болмас бұзықпын! 

Жойқын күш бойын кернеген, 
Кисем де кебiн дүлейдiң, 
Дәл мендей қайғы көрмеген 
Жандарға бақыт тiлеймiн! 

Аңызға көңiл сенсе де… 

Еске алып ескi аңызды, 
Ерiксiз ендi мұңданам. 
Хам мен Сам, Яфид* тәрiздi 
Үшеу боп ұлым тумаған. 

Дертiме дауа табылмай, 
Үмiттiң оты маздар ма? 
Ол тiптi Әбiл, Қабылдай** 
Екеу боп туса сөз бар ма?.. 

Бiр ұлды айтам қалай мен, 
“ЖолынаХақтыңқұрбан!” деп. 
Ибрахим ғана сол оймен 
Ұлы iске белiн буған тек.*** 

Көңiлiм неден суынбақ? 
Сап-сап, ендi сабыр қыл. 
Дәуiттiң отыз ұлын ап, 
Бiр перзент берген Тәңiр бұл!**** 

Ал маған бiр ұл берсе де, 
Қайтадан оны өзi алды-ау. 
Аңызға көңiл сенсе де, 
Болды ғой ол да көз алдау… 

Тiрлiк 

-І- 
Келешегiңдi емес, Рауаным, 
Көрешегiмдi көрдiм-ау! 
Ашқанда саған аранын 
Құлқыны тоймас жер мынау. 

Шау тартым жаңа ғасырда, 
Толағай тауым шағылды. 
Жерледiм шаранасында 
Тұншыққан болашағымды. 

Ендi әкең сенi жыр етiп, 
Шарасыз ғұмыр сүредi. 
Сұм өлiм жетiмсiретiп, 
Қу жалған бөтенсiнедi. 

Әлi де бастан сұмдық күн 
Сейiле қоймас, бiлемiн. 
Өйткенi жесiр тiрлiктiң 
Әуелден өгей ұлы едiм! 

-ІІ- 
Қайтесiң сұрап жайымды? 
Қап-қара түнек айналам! 
Ессiздiк кеулеп ойымды, 
Бойымды үрей жайлаған. 

Естелiк айтсам әрдайым, 
Халымды қалай демекпiн? 
Қайтесiң сұрап жағдайын, 
Жар басындағы теректiң? 

Ұямды өртке алдырдым, 
Қанатымды өлiм қайырды. 
Ұлымды көрге қалдырдым, 
Қайтесiң сұрап жайымды?! 

Жалғанның қорлық, зорлығын 
Жаныммен ендi сезiнем. 
Жай-күйi осы сорлының 
Сорасы аққан көзiнен! 

-ІІІ- 
Зердемдi ажал күйреткен, 
Мәңгүрттей ендi көнбiспiн. 
Сүлдерiн алға сүйреткен 
Итжанды екем мен мүскiн! 

Нысана болып өлiмге 
Тұрса да бiздiң маңдай тұс, 
Бөлтiрiгi өлген бөрiге 
Ұқсап-ақ қалдым мен байғұс! 

Таусылмай қойса дәм-тұзым, 
Маңдайда қарғыс белгiм бар. 
Жұтсам да сенi, жалғызым, 
Жер басып жүрмiн мен мұндар! 

Түскенмен төмен сырғып күн, 
Қоламта, шоғы сөнбейдi-ақ. 
Бықсыған шала тiрлiктiң 
Түтiнiн жұтам мен бейбақ! 

Әйтсе де жетiм шындықты 
Зарлатып қалай күнелтем? 
Мен, сiрә, күйкi тiрлiктi 
Күйретiп тынам күнi ертең! 

-IV- 
Құлыным, сенсiз бұл өңiр 
Көрiксiз, өңсiз шырайсыз! 
Өзiңсiз және сұм өмiр 
Имансыз, арсыз, құдайсыз!!! 

Бұлт сезiм бiрақ сiркiреп, 
Амалсыз алға үңiлем. 
Ертең-ақ дүние дүркiреп 
Түлейтiн сынды түбiнен. 

Оңынан туып Ай-Күнiм, 
Саумал нұр бәлкiм саулайды. 
Жарқырап тағдыр айдыным, 
Жел қайық арман заулайды. 

Жазылар жүрек жарадар, 
Жетермiн сол бiр кезге ертең. 
Жаңғырып әлем жаңарар, 
Тiрлiктi өзiм өзгертем! 

Естiлсе болды бiр дүбiр, 
Көтерем аппақ желкендi! 
Қу тiрлiк, маған құлдық ұр, 
Құдайың менмiн ертеңгi!!! 

Күйiнiш және үмiт 

Тарттым-ау тағдыр зауалын, 
Жүрсем де Хаққа сыйынып. 
Таң алды туған Рауаным, 
Күн шықпай кеттi-ау сейiлiп! 

Өзiмше тiрлiк кешем мен, 
Не қайыр ендi Алладан?! 
Сұм ажал әке-шешем мен 
Сенi де ұлым жалмаған. 

Құйылар арна таба алмай, 
Шарамнан лажсыз төгiлдiм. 
Жаныма жылау салардай, 
Жаратқан Хаққа не қылдым?! 

«Бұл сөздi бiрақ кешiр» – деп, 
Тәңiрге айтар зарым бар. 
Пәниде менi есiркеп, 
Бақида сенi жарылғар. 

*Хам, Сам, Яфид – Нұх пайғамбардың ұлдары. Осы үшеуiнен адамзаттың үш нәсiлi тараған деседi. 
**Қабыл және Әбiл Адам ата мен Хауа ананың ұлдары. Қабыл iштарлықпен Әбiлдi өлтiрген. Ол жер бетiндегi қастандықтан құрбан болған тұңғыш адам саналады. 
***Ибраһим пайғамбар түсiнде Алла Тағала әмiр еткен соң, жалғыз ұлы Сымайылды құрбандыққа шалуға бел буған. Оның ниетiне риза болған Тәңiр әкелi-балалы екеуiне де кеңшiлiк жасап, құрбандыққа пейiштен семiз қой (аспаннан көк қошқар) түсiрiптi. 
****Тәңiр Дәуiт пайғамбардың отыз ұлын бiр күнде алып, олардың орнына кейiн пайғамбар болған Сүлеймендi берген көрiнедi.  

Заңдылықты мойындау 

Желгек бұлт желмен жарысар, 
Жонына айды өңгеріп. 
Кезекпен күн, түн ауысар 
Тәулікті қылдай тең бөліп. 

Бозғылт таң, аппақ шаңқай түс, 
Қызғылт күн нұрын төгіспек. 
Алты ай жаз және алты ай қыс 
Жыл он екі айды бөліспек. 

Арлы әлем жаны сүттей ақ 
Заңдылыққа осы илігер. 
Тек ажал кезек күтпей-ақ, 
Қапыда бізге килігер. 

Исабек ишан кесенесі жанындағы ой 

(Максилова Бақытжамал Шаханқызына) 

Әлі де әз екен ғой кешегі есім, 
Тәңірім иманды ойды еселесін.
Ұқсаттым ымырттағы аппақ нұрға
Исабек ишан ата кесенесін. 

Лүпілін жүрегімнің баяулатып, 
Келіп ем көк дөненді аяңдатып.
Көңілім Жайылмадай жайыла алмас,
Ақкөлге жетпеген соң жаяулатып... 

Алланың құдіретін түйсінбеген
Адамның сөзіне елтіп сүйсінбегем.
Аятын шырақшының ұйып тыңдап, 
«Сауабы сіз бен бізге тисін» – деп ем! 

Қараған кезде тағдыр қырын маған, 
Қайырын береді деп ырымдағам...
Жаннаттың төрінде енді жүрген шығар, 
Немерең Әлімжан мен ұлым Рауан... 

Сонда жүр кезін қимай он бестегі, 
Әйтпесе, үйге қайтып келмес пе еді?..
Алланың бұйрығымен жаратылған
Адамның рух-шарифы өлмес, тегі! 

Қуаныш – рас болғанда, қасірет – шын,
Шашуын «Нұр-Ана» Күн шашып өтсін!
Жаратқан екеумізге жұрағаттың 
Күлкісін қызықтауға нәсіп етсін! 

Аруақтың атын атап бұл күндері 
Жыр жазсам – ризашылық білдіргені!
Әнекей, «Әумин!» деген бір сөзді айтып,
Күмбезі әулиенің күңгірледі... 

Жарда өскен жалғыз терекке… 

Қашанда суық деміңді сенің сезінем, 
Қаралы үйде ізіңе ылғи кезігем. 
Ызғары бойды жауратар бұрқақ сәулеңді, 
Көрдім мен кеше қанды қол жендет көзінен. 

Сен кірсең қара шаңырақтар тұрар қан жылап, 
Сәбилер шаршап… 
Нар бабам лажсыз алжымақ. 
Кесірлі түнде жолыңды сенің кес-кестеп, 
Кесапатыңнан қалдым ғой мен де қалжырап. 

Қосылып жаугер қосынға, 
Шықсам жорыққа, 
Зу еттің құлақ тұсынан жебе болып та! 
Жарда өскен жалғыз терекке жасын тілеген 
Жайыңды білем, 
«Зормын» – деп бірақ зорықпа! 

Жаз шыға жазым болса егер тіпті бір шыбық, 
Жаутаңдап тұрам жанарым жасқа тұншығып. 
Ырқыңа көнбей, 
Қу түбірлердің түбінен 
Көктейді ертең көк-жасыл балғын тіршілік. 

Көктейді және көгілдір нұрлы әлемім, 
Көк тірнек қыран тәрізді мен де пәк едім! 
Көрместей болып жүрсем де, 
Кейде сені іздеп, 
Өзіңмен әлі алысып келем, Ақ өлім!