Әнуар Аманжол: "Ең сұлу сезіммен сағынып отырмын..."

Әнуар Аманжол – 1997 жылы 15 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, филология факультетінің III курс студенті.

Әнуар әлемді өзінше көреді. Өң мен түстің арасында жарық таппай сенделген жанарсыз жандай құдды. Айтары – өз ішінде өзі адасқан сұлбаның сыбыры сынды... алыстан талып естіледі. Үңілсең, сәуле сүйген жүзінен ой жарқылдаған Жайық келеді көз алдыңа. Ал, өзі ағаш төбесінде жаңа ғана ағарған Ай секілді...

Марлен Ғилымхан

*** 

Я был только тем, чего ты касалась ладонью.. 

Иосиф Бродский 

Бөгелген уақыттың тұяғы мұқалған, 
Сәттерді көп күткен, төзімі жұқарған. 
Ең ауыр мезгілде мәні жоқ дұға оқып, 
Келмейтін мезетті аңсаған, күте алған. 

Ол - өкпелі. 
Жылайды күлгенсіп, 
Жел оның əрқашан көзінен үрген шық. 
Аспанға қарайтын, айға тым ғашық па?! 
Алатын түнменен кей кезде бірге өксіп. 

Ол - жалғыз. 
Кеше де, бүгін де, 
(Жалғыз боп өтеді -ау, расымен, түбінде!) 
Мұршасы болмайды кей кезде жылауға, 
Уақыты болмайды кей кезде күлуге. 

Жарыққа қарайтын көшіріп көзіне, 
ұнайтын өзіне! 
Жел аунап қасынан ауамен сүйіскен, 
Мәні жоқ дұғаның билейді сөзіне! 

Түн келді теңселіп... жамылып соқыр мұң, 
Мен қанша күрсіндім, зарығып, опындым?! 
Ең мəнсіз Дұғамен айтайын, 
Ең мəнсіз Өмірмен ант етіп, 
Ең сұлу сезіммен сағынып отырмын!

Ұзақ түн 

Əлем сенің көз жасыңа жуынып, 
Менің мөлдір мұңымның жұпарымен тыныстап, 
қалғып кетті бір сəтке. 
Ертең келер уақыттың толғағымен дірілдеп, 
мен қайтадан туылып, 
Кезеңдердің құрсағынан жыр ұстап, 
Келер ме едім. 

Сертімізде тұрсақ тек. 
Бізге естілген Тəңірдің əуеніне сөз жазып, 
Қараңғыда қаңғыған өз күнəма қамалдым. 
Мені іздеген періштенің қанатынан қайырып, 
тал түсімде көз жазып, 
Ал, сен əлі тосып жүрсің таң алдын. 

Сенің бейнең 
таң алдында шық жамылған гүлдердей, 
Аласұрып баса алмағам өртімді. 
Солай дегем жамалыңа теңеу тауып үлгермей, 
Тәңір сенің сұрағанда көркіңді. 

Ой түбіне сүңги-сүңги кетер ме екем жарылып, 
Түнге сыңар қиялымды өз қолыммен ұзаттым. 
...Таң алдында күтпе мені зарығып, 
Мен түннен де ұзақпын!

***

Біздің əлем тым бөлек сіздікінен, 
Сізде көктем, біздер де күздік рең. 
Бізде нəмəрт, сіздер де ізгі кілең, 
Сіздің əлем тым бөтен біздікінен! 

Үнсіздіктің үнінен əлди естіп, 
Сол меңіреу мезгілді қалғи кештік. 
Қырау шалған қарт жылдар көмейінен 
Езгі түнде естілген əнге үйлестік. 

Мен білмеймін ұғарын... 
сіздің... нені, 
Мен білмеймін не белгі? (Қыз күлгені) 
Сіздің жақта көктем бе, қандай жақсы, 
Біздің жақта мұң кешу, күздің лебі. 

Мен көктемде айтылған күздің əні ем, 
Діріліне ойымның төздім əрең. 
...Сіздің əлем тым бөлек біздікінен. 
Сіздікінен тым бөтен Біздің əлем!

Жаңбырлы Орал

Орал... 

Бүгін тағы жаңбыр жауды себелеп, 
Тағы егілді аспаным. 
Бір ғажайып күтіп ұзақ керемет, 
Тамшыларға жанарымды тастадым. 

Анау бұлтқа сезімімді жасырғам, 
Ол да бүгін жылап тұр. 
Базынама басу айтқан ғасырдан, 
Періштемді қайтем енді сұрап құр. 

Осы қала ұнамады неліктен, 
Бұл көшені танымадым мен неге? 
Бозбалалық мағынасыз желікпен, 
Сені күткен арбат анау сенделе. 

Бүгін тағы жылап жатыр бұл Орал, 
Қалай шыдап тұра аламын мен енді. 
Анау аспан бұлқынады құрғыр-ау, 
Жұбатпадым. Оқымағам өлеңді. 

Ұғындым ба бұл әлемнің бір сырын, 
Оқыдың ба жасындардан хатымды? 
Тамшылардың жүрегінің дүрсілі, 
Кенет сенің айтып қалды атыңды... 

Жасын оты жуып кетті көк жүзін...

***

Не позволю мямлить стих... 

В. В. Маяковский 

Сезімнің кетсе сүйкімі қашып, 
Оянбай қалса ұйқылы ғашық. 
Естілсе құстың қиқуы қашық, 
Жаныңды мұңның қиқымы басып. 

Танымай қалып өзіңді - өзің, 
Күтуден шаршап көз ілді төзім. 
Тəңірге жетпей үзілді сөзім, 
Уақыттан тығып жүзімді өзім. 

Үмітің ойшыл алдаса, кəні, 
Түседі түгел жанға салмағы. 
Құрғаған санаң қанбаса нəрі, 
Өмір сүргенің... далбаса бəрі. 

Əлемнің салған сазарып əні, 
Мұңымды естігем ғажабындағы. 
Өлең болмайды ғазалдың бəрі, 
Ойымның мен ем таза құрбаны. 

Мен 
Өлеңді тірілтіп алғам, 
Мұқағалидың мазарындағы!