Анар Шамшадинова 1974 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында туған. 1997 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика және шығыстану факультетін бітірген. "Шабыт-2003" халықаралық фестивалінде 3-орын иеленген. 2000 жылы "Қазақстаным – қара шаңырағым" атты республикалық радио мүшәйраның жүлдегері.
Қазақстан
Мынау жалпақ жердегі
Менің жұмақ мекенім.
Тағдыр оның ермегі,
Болашағы жеке мұң.
Мынау заржақ заманда,
Ашылған кең қабағы.
Жасырмаған табағын,
Жақсыға һәм жаманға.
Бөтен көрмей бәрін де,
Қадірлі етіп төрінде
Ұлт пен ұлыс тойлайды,
Өз үйім деп ойлайды.
Ақсақалы ардақты
Қамын күйттеп жан-жақты,
Берекесі баланың,
Мерекесі араның.
Жігіттері жалындай,
Қамал сынды алынбай
Жарылардай жүрегі
Жалына алмай жүреді.
Адамға да қоғамға
Намыс одан жоғалма.
Күлетұғын елжіреп,
Жылайтұғын тезірек.
Қазақ деген кәрі ел бұл.
Алмағайып әлемде,
Жоқ менде арман, бота мұң
Менің жалғыз Отаным
Менің жалғыз Отаным.
Елім,
Еркелігімді көтерер,
Өзіңдей дархан қайда бар?
Перзенттік парыз өтелер,
Тек сонда жаным жай табар.
Жерім,
Байтақтығыңа бас иіп,
Сай тоқтығыңа жылаймын.
Өлеңмен алдыңа ас үйіп,
Төсіңе тізерлер құлаймын.
Қазағым,
Айдалып, көшіп тегіннен,
Тартқансың тағдыр залалын.
Ертеңің үшін егілме,
Ұрпағың табар амалын.
Алматы,
Өз көркіне өзі мастана,
Маңайын ұрмас бас қала.
Құшағыңнан итерме,
Бермесең де баспана.
Туған жерім шақырып қоңырлардан,
Талпынамын жандай бір бағы ашылған.
Онда – әлемдік мейірім шоғырланған,
Онда – менің сүйікті анашым бар.
Түгі де жоқ қызығар жалпақ дала –
Әр жерде бір бәйшешек қылтияды.
Сағынышым жүрекке салмақ қана,
Шын махаббат тереңде бұлқынады.
Құмды дала жайын жұрт біле ме екен?
Соқса асау жел таңданба бұл тосынға.
Еркелікке келтелік жүре ме екен?
Нағыз достар ұнатқан ол да осында.
Батасы бар мұнда өсіп, үйленгеннің,
Таң шапаққа сәріде шығып қара.
Мен сүюді даламда үйренгенмін,
Ал, жылатып жүрген ол бұзық қала.
Кей адамның дұшпанын білгенімен,
Далам жұртқа жаяды шапағатын.
Мені Алматы ғашық қып жүргенімен,
Маңғыстауым – өзіңсің махаббатым!
Қайғы мен шаттық жарысып,
Жақсы мен жаман алысып
Зулайды уақыт.
Арманым күліп алдайды,
Жалғанды күдік жаулайды
Басталмай жатып.
Бұйырған сыйым кетпейді,
Тәңірге үнім жетпейді
Мейірім – жақұт.
Махаббат оты жанғанда,
Құмарым сірә қанған ба?
Таба алмай бақыт.
Құлазып кештер батса да,
Жұлдыздар жылап жатса да
Алдамас арман.
Үмітті үзе көрмегін,
Салса да мұңдар өрнегін
Баса бер алға!
Бақытың бес күн тірлігің,
Мәңгілік өмір сүрді кім?
Өтеді жалған.
Лапылда, жүрек, лапылда,
Жанартау болып атыл да
Өлеңім, самға!
Тал бойымды тоңдырып таң ызғары,
Қайталанып тағдыры сан қыздардың.
Сағындырмай, ешкімді сағына алмай,
Аға, бүгін тағы да жалғыз қалдым.
Арман алыс, қиялым қанатында
Тарлық көріп, талантым, тағатым да.
Жиын түгіл, жылауға шамам келмей,
Дем аламын тірінің санатында.
Аға, менің сезімім сарқылғандай,
Сезімдерсіз ертеңге нарқым қандай?
Түкпірінде кеудемнің тыпыршиды,
Жарым үміт жарыққа талпынғандай.
Түсінбеймін өзгені, өзімді де,
Кермек мұңым кеңістік сезінді ме?
Ғашықтық пен құмарлық адыра қап,
Құдай үшін, қанағат, көзіңді ілме.
Жалғыздықтан соншама шошынамын,
Таусылардай өлеңім, тосын әнім.
Айналамнан алданыш таппай қалып,
Ұлы көштің шаңына қосыламын.
Көкте күннің бешпенті ағытылды,
Құптағандай шаңқайда шабытымды.
Қайдан ғана іздеймін, айтшы, ағажан,
Әлі құшып көрмеген бақытымды.
Жауапсыз қалса да хаттарым,
Атыңды құрандай жаттадым.
Нұр шашқан жүзіңе ынтығып,
Құмарлық қақпасын аттадым.
Өзіңсіз өмірден жерідім,
Жаныма жоласаң, ерідім.
Кәлима қайталай беремін,
Болсаң деп өмірлік серігім.
Жауапсыз тұрса да сұрақтар,
Түрім жоқ сенен еш жырақтар.
Басыма бұйырған бақытсың,
Мейлі сен жүз қызға ұнап қал.
Ерніңнің отымен өртедің,
Сезімнің емес бұл селтеңі.
Өзіңді сүйерім ақиқат,
Ертегі болса да ертеңім.
Сен келерсің бір күні
Маған қымбат сый қылып
Жер бетінде күлкіні
Жанарыңа сыйдырып.
Таң таранып атқанда
Бәлкім түсте, кешқұрым
Оттай жанған шақтарда
Құштарлықты кеш күнім.
Сағынышым сенгісіз,
Шала шабыт жыр түрі.
Қайдан, қашан белгісіз,
Сен келерсің бір күні.
Қайдан, қашан белгісіз,
Сенсіз жалғыз жабықтым,
Бақыт жүзін жасырып.
Түндер есік қағып тұр,
Жұлдыздары шашылып.
Арманға асық ғаламда,
Үміт алдай қарады.
Саған ғашық санамда,
Сәуле қалмай барады.
Мұңым мынау сенгісіз
Тіршілігім күлкілі
Қайдан, қашан белгісіз
Сен келерсің бір күні.