- Негізгі бет
- Поэзия
- Аналарға жыр шашу...
Аналарға жыр шашу
Көктем айының алғашқы мерекесі 8 наурыз да есік қағып тұр. Осынау мерекеге орай ана туралы өлеңдер топтамасын ұсынамыз. Қабыл алыңыздар!
Апама
Әр күніңе таң болып күле кірем,
Гүлің болам, бағыңа мың егілем.
Саған алқа сыйлар ем, қалтам тесік,
Мөп-мөлдір ғып мойныңа жүрек ілем.
Тыныштығын жанымның түнге ұрлатып,
Жыр жазамын, бұл – азап, бұл бір бақыт!
Қиялымның шетінен қиып алып,
Сырға тағып беремін сыңғырлатып.
Олқы соғар бір саған бұ да, сірә,
(Сыйлық күтпес ұлынан кім асыға).
Жүзіңдегі жылдардың дағын анау,
Жуып берем ойымның тұмасына.
Шырқасам деп халқымның аяулы әнін,
Сағат сайын, сәт сайын ояу жаным.
Самайыңның ағына берем жағып,
Қара түннің тұп-тұнық бояуларын.
Сырқатыңның жараса бір еміне,
Сөзім менің, басқаша тілегім не.
Нұры тайған көзіңе сәуле беріп,
Мақтанышпен қаратам жыр еліне.
Одан өзге қолдан жоқ түк келері,
(Байтағынан байлықтың күтпе мені!)
Қазірше мен ел кезген диуанамын,
Адастырған өлеңнің нүктелері...
Тарқамаған бойынан далам шері,
Жұмақ күнге жетелеп барам соны!
Қартайсам да, қайрыла, бір еркелеп,
Алу үшін, жан Апа, табам сені!
Мұрат Шаймаран
Ана
Бағланды жеке сойдырған,
Жағланға киім толдырған
Өрешеден алып дәмдісін
Алдыңа әкеп қойдырған
Осынау жалған дүниеде
Анадан жомарт бар ма екен?
Күлтелі көйлек кигізген,
Қымқапқа қолың тигізген
Бергекке басың жеткенше
Шашыңды талдап түйгізген
Бегімсал бермес ешқашан
Анадан шебер бар ма екен?
Мінгізіп сәурік жорғадан,
Барыстай алан қорғаған
Сен үшін жаумен алысып,
Сен үшін жылап, сорлаған
Балапан басқан шәулідей
Анадан батыр бар ма екен?
Енгенде үйің рауланған,
Басына жаулық байланған
Бекпатша сабыр иесі,
Мейірімінен көңіл жайланған
Қараған адам таң қалған
Анадан сұлу бар ма екен?
Сен үшін қазір айнамын
Жастықтың қайда қалғанын
Өзіме қарап өлшедің,
Көзіңнен орын сайладың.
Қолымды, ана, бір-ақ рет
Қолбаумен ғана байладың.
Қобызға тиген қияқтай,
Сыңсиды жаным, бірақ та-ай!
Жалғанның бүкіл жақсысы
Жетпейтін саған сияқты-ай!
Теңедің алуа, шекерге
Өмірге келіп бекерге
Қадіріңді сенің ұға алмай
Бекерге одан кетем бе?...
Мың түн жыр жазсам,
Сен күткен бір түнге,
Ана, жетер ме?...
Назира Бердалы
Ана
Ақылмын. Армын. Жүрекпін. Оймын.
Осының бәрін сезіну ғой - мұң.
Дауылдатса да, құйындатса да,
Мен Жерге мүлдем ренжуді қойдым.
Өйткені, онда сен барсың, Ана!
Қатігездіктен қаймыққан өрлік,
Балбал тастардан ойды ұққам сендік.
О, сені жылап тұрып та сүйем
Соры көп біздің бойлық пен ендік.
Өйткені, онда сен барсың, Ана!
Айдыным. Тауым. Орманым. Тасым.
Бәрі де – асыл, бәрі де – асыл.
Орнайды түбі бұл мекенге бақ
Солардың жасы құрғатылғасын.
Өйткені, онда сен барсың, Ана!
Қаптаса-дағы жер бетін қауіп,
Кетсе де барлық адамдық ауып.
Сонда да мына ғасырды тастап
Ешқайда менің кетпесім анық
Өйткені, мұнда сен барсың, Ана!
Мақпал Жұмабай
Апамның монологі
Құлыным-ау,
Тірісің бе келші үйге,
Ұлан-асыр той боп жатыр көрші үйде.
Иір-қиыр жолдар жатыр жоғалып,
Қасіреттей қара тау тұр мелшиген.
Сұрай-сұрай мен олардан жалыққам,
Құстың үні қуантпайды талыққан.
Көктем сайын көкке қарап жүруші ем,
«Шағанқолға» шашылғанда мамық таң.
Құстың үні қуантпайды аққулар,
Жылы жаққа жылжып кеткен ақ қыздар.
Қыз мінезді қыстың сайқал төсінде,
Алтай жайлы аңыз айтып жаттың ба?
Құлыным-ау
Сағындым-ғой келші үйге,
Ұлан-асыр той бап жатыр көрші үйде,
Төмен қарап өтті әлсіз жымиып,
Бәлкім сол қыз сен сүйген.
Ол да аңсайды-ау, көргісі кеп көп ойлап,
Мен сияқты меңдеп жүрген о, бейбақ.
Күлдір-күлдір кісінейсің түсімде,
Бұлдыр-бұлдыр үнің жетер жел айдап.
Сен түсімде жанарыңа жас толып,
Жүресің ғой бір ақылсыз басқа еріп.
Қасиетті жерден көрем қайтейін,
Тұрсың удай мас болып.
Құлыным-ау,
Сен өмірге келгенде,
Әбілхаят ана сүтін емгенде,
Бойыңдағы билеп жүрген жындардан
Ал басқасын бергем мен.
Құлыным-ау,
Құлыным-ау, Құлыным,
Жақсылықтың жасап жүрмін ырымын.
Ертең тағы қарап тұрам жолдарға,
Көзін сығып күмілжиді бүгінім.
Ырысбек Дәбей
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: ihsan.kz, kyzdar-alippesy.kz, Vk.com
Ш. Талап