Аманхан Әлімұлының "Жырдария" кітабы жарыққа шықты

ҚР Ұлттық кітапханасында М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Аманхан Әлімұлының 70 жылдығына  орай "Атамұра" баспасынан жарық көрген "Жырдария" кітабының таныстырылымы өтті.

Аталмыш кешке ақынның замандастары, белгілі ақын-жазушылар, Қазақстанның еңбек ері Мұхтар Шаханұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет т.б зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кештің жүргізушісі белгілі ақын, Бауыржан Жақып Аманхан Әлімұлының шығармашылық жолына тоқталды.

"Бүгін Аманхан Әлімұлының бір томдық "Жырдария" кітабының тұсауы кесіліп отыр. Бұл кітаптың жарық көруіне мұрындық болған "Атамұра" корпорациясы ЖШС Президенті Құл-Мұхаммед Рақымғали Абрарұлына алғысымызды білдіреміз Аманхан Әлімұлы өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғы мен 80-жылдардың басында ерекше екпінмен келген ақын. Аманхан ағамыз бүкіл өмірін өлеңге арнады", - деді Бауыржан Жақып.

Осыдан соң жиналған қауым "Жырдария" кітабының тұcауын кесті.

Аманхан Әлімұлының жары Күләй оның шығармаларын жинап, баспаға тапсырған.

"Аманхан, өмірде де өлеңде де бір Аманхан болып өтті. Қалай өлең жазса солай өмір сүрді. Шындықты жақсы көретін, шыншыл болып өтті. Жалғандыққа, әділетсіздікке жаны төзбейтін. Бірақ, аққкөңіл, қайрымды адам болатын. Балаларды жақсы көретін. Сондықтан оның қасына жас ақындар үйір болды", - дейді ақынның жары.

Тұсаукесерден кейін сөз алған, ақын, Қазақстанның еңбек ері Мұхтар Шаханов Аманхан Әлімұлының терең тамырлы ақын екенін атап өтті.

"Аманхан қазақтың қайталанбайтын дара перзенті еді. Менің бір шығармашылық кешімде Аманхан келді. Өлеңдерімді жатқ аоқып берді. Оның ішінде өзім ұмытып кеткен өлеңдер бар екен. Бұл ақынға құрметім ерекше еді. Алланың ісі жаны жанатта, топырағы торқа болсын", - деді Мұхтар Шаханов.

Бауыржан Жақып ақынның 70 жылдығы өзінің туғанжері – Қожатоғай өңірінде аталып өту бойынша жоспар бар екенін айтты.

"Осы мәселе бойынша Түркістан облысы әкіміне хат жолдағанбыз. Оның жауабы жыл соңына дейін келіп қалады", - деді Бауыржан Жақып.

Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет Аманхан Әлімнің замандасы болғанын айта келе, оының лирикалық өлеңдеріне тоқталып өтті.

"Аманхан әдебиетте өзінің сыршылдығымен танылған ақын. Ең алғашқы поэмасы БАМ-ға арналған болатын. Ол Сібірді қақ жарып өткен  теміржол атауы. Сол поэмасы арқылы орманның көрінісін, жапырақтың сұлулығын, ағаштардың әдемілігін сәтті жырлай білді. Орманды Оралхан Бөкей мен Қалихан Ысқақ қалай қара сөзбен жазса, Аманхан да өлеңмен солай жырлап өтті. Бүгінгі шығып отырған кітабы таңдамалы шығармалары", - деді Ұлықбек Есдәулет.

Жазушылар Одағының басшысы Аманхан Әлімнің өлеңдері ең алдымен  сыршыл лирика екен айта отырып, ақынның бір өлеңін оқып берді:

"Қас пен көздің, бауырым, арасында,
Асқақ кеуде соңына қарасын ба?
Басым кетіп барады білегінде,
Санам кетіп барады санасында.
 
Жаулап алған жанымды талма кеште,
Керемет күн кешегі қалмады есте.
Ернім кетіп барады ерінінде,
Шайқалады шаттығым алма төсте.
 
Кеш ұғынған қадірін тірегім бе,
Сол қыз қазір мұратым, тілегім де.
Көзім кетіп барады бұрымында,
Өзім кетіп барамын жүрегінде".

Аманхан Әлімұлының өлеңдерінің кітап болып басылып шығуына түрткі болған, жарыққа шығарған Рақымғали Абрарұлы кітаптың шығу тарихына тоқталды.

"Ағамыз көзі тірісінде, жақсы күндерде хабарласып, бір-бірімізді іздеп тұратын едік. Сондай бір хабарласу кезінде 2022 жылдың қаңтарында 70 жасқа толатынын, сол кезде "Атамұра" баспасынан таңдамалы өлеңдер жинағын шығарғысы келетінін айтты. Бірақ өкінішке қарай 70-ке толмай қайтыс болып кетті. Кітап шықпай қалды. Мен сол кезде қатты қапаланып жүрдім. Ағамыз алдындағы уәдені орындамай қалғандай күй кештім. Жақында ақын Бауыржан Әліқожа хабарласып, "ағамызбен осындай уәделескен екенсіздер. Сол сөз күшінде ме?" деп сұрады. Мен екі есе күшінде екенін айттым. Қаңтар айында, ағамыздың 70 жасында жаңа жыр жинақты жарына тапсырсақ деген едік. Бірақ жақсылықтың ерте кеші жоқ. Бүгін шығып отыр. Мен де парызымды орындап, жеңілдеп отырмын. Оқырмандары көп болсын", - деді "Атамұра" баспасының басшысы.

Осы кітаптың шығуына атсалысқан ақын Бауыржан Әліқожа бүгінгі шара туралы өз ойымен бөлісті.

"Бүгін Ұлттық кітапханада "Атамұра кітапханасы" сериясымен жарық көрген көрнекті ақын Аманхан Әлімұлының "Жырдария" кітабының таныстырылымы өтті. Кітаптың тұсауын қазақтың қабырғалы қаламгерлері кесті. Ақын-жазушылар Аманхан Әлімұлы туралы естеліктермен бөлісті. Әдебиеттегі қандай да бір әділетсіздіктер үшін жанымен күйінетін, ешнәрсеге немқұрайлы қарамайтын, әр мәселеге өз дауысын, өз үнін қосып жүретін асыл азамат – ақын ағамыз ортамызға оралғандай әсерлі күй кештік. Ақынын ұлықтайтын, ақынын ұмытпайтын ел бар екенін сезіндірген рухани, жайдары жүздесу болды. Ақын әруағын сыйлап келген барша қаламгерлерге, оқырман мен ақын арасын жалғап "Жырдарияны" жарыққа шығарған баспагер-ғалым, атымтай азамат "Атамұра" корпорациясы Президенті Рақымғали Абрарұлына айрықша алғыс!"

Айта кетейік, Аманхан Әлімұлы 1952 жылы қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін (ҚазМУ), Горький атындағы Бүкілодақтық әдебиет институтын бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық "Алаш" және М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты. Публицист, ҚР "Мәдениет қайраткері". "Кездесу" (1983), "Жанымның жапырағы" (1989), "Ай нұры алақанымда" (1996) жыр жинақтарының авторы. 2011 жылы "Өткірдің жүзі" атты публицистикалық шығармалары жарық көрген. Арыс қаласының "Құрметті азаматы".