- Негізгі бет
- Поэзия
- Алтыншапақ Хаутай. "Ақындар...
Алтыншапақ Хаутай. "Ақындар патшалығында Жүректер ғана сөйлейді..."
Алтыншапақ Хаутай 1990 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. 2007 жылы Баян-Өлгей аймағының 5 аға мектебін, 2011 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология факультетін, 2013 жылы магистратурасын тәмамдаған. Халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өткен пәндік олимпиадалардың, көптеген жыр мүшайраларының жеңімпазы. Өлеңдері республикалық басылымдарда жиі жарық көреді. Жас қаламгерлер Қадыр Мырза Әлі атындағы сыйлықтың лауреаты. «Қаламымнан сағынышым сырғанап...» атты жыр жинағының авторы.
Шкаф
Уақытқа жылдар басын июмен
Жетелеп кетті-ау сан атын.
Бала күнімде біздің ас үйде
Биіктеу шкаф болатын.
Көнерсе-дағы сол ізгі күнім,
Көгеріп өскем көктей тым.
Бірақ шкафқа бойымыз түгіл
Қолымыз, әттең, жетпейтін.
Бойлаушы ем ылғи елесіме бай,
Жол іздеп соған шығатын.
Ал, оның арман төбесінде ғой
Тәттілер самсап тұратын.
Белгісіндей ме сол бала күннің,
Бал кәмпит.
Тағы, тағылар...
Сәтім болар деп ойлаған ба едім
Сол кездерімді сағынар?!
Сан қиял болып өрілуші еді,
Жоқ еді менде басқа арман.
Армансыз болып көрінуші еді
Шкафтан бойы асқан жан.
Ғұмырға сосын ынтығып әр күн,
Гүлдедім, қанша солдым мен.
Биіктіктерге ұмтылу, бәлкім,
Басталған шығар сол күннен.
Алыстап бүгін алаңсыз ол қыр,
Айға да қолды созған шақ.
Қаламын кейде шкафқа сол бір
Қолым жетпейтін кезді аңсап.
Күнадан таза, талғамнан ада,
Шалқитын жанда шекер ой.
Бала күндегі армандар ғана
Кәмпиттей тәтті екен ғой.
***
Қыз қиялы – жігіт жанын мекендеу.
Қылықты боп, қызықтырып сыр бағу.
Жігіт мұңы – сүйгеніме жетем деу,
Қармағыма түсірсем деп ұрлану.
Бір алдасып, бір арбасып күн кешкен
Біздің де өткен басымыздан талай күн.
Бүгін біздер бір жүрекпіз үндескен
Бақытыммен болашаққа қараймын.
Кино қалып, клуб қалып, кеш қалып,
Ай астында қыдырыстар жырақтап.
Отырамын сол күндерді еске алып,
Саған ұқсас сәбиімді құшаққа ап...
Шаңырақ боп шырқадық біз шат әнді,
Шоқ гүліңнен өнген сезім терең тым.
О, ару Ай, біздерге бер батаңды,
Онсыз өмір сүре алмаймын мен енді.
Өткен күннің еске алғанмен үзігін,
Өртемейді өзге сезім не түрлі.
Саусағыма салған неке жүзігің
Жүрегіме салған құлып секілді...
Бүгін бірге бөленеді жан жырға
Өз гүлің боп өміріңе ендім бе?
Сен күтпейсің тереземнің алдында,
Сағатыма қарамаймын мен мүлде...
Кетсек те «өмір» дейтін тасқынға еріп,
Бір қырда қауыз жарған қос гүл едік.
Бейнеміз құштар еді сұлулыққа
Беретін жанымызға от – жыр көрік.
Сырлас ек, парталас ек, мұңдас едік,
Жүректер болушы еді жырға жерік.
Біріміз қуансақ та, қайғырсақ та,
Кетуші ед қос кеудеге жымдаса еніп.
Жайнаушы ед жаз гүліндей тұлғамыз да,
Біздерге көз салмаушы ед кім қызғана?
Сол кезде күн шомылып күлкімізге,
Еркелеп сәуле ойнайтын сырғамызда.
Өтсе де басымыздан үміт – қайғы,
Өзіңді адал жүрек ұмытпайды.
Бірігіп жамандаушы ек мұғалімді,
Бірігіп сыр шертуші ек жігіт жайлы.
Бүтін едік, бұл өмір етті бөлшек,
Сыбағаңды тағдырың берді ме өлшеп?
«Ағайыны адамның аңсары боп,
Бір үйге келін болсақ», - деп тілеуші ек.
Кетті екен күндер қайда?
О, құдірет!
Қобданың суын жұтқан қос елік ек.
Бүгінде арман да жоқ ақша бұлттай,
Бүгінде ол сері жоқ, сол сері жоқ...
Өмірдің болғанымен мың айтары
Өткен күн қуантады, мұңайтады.
Бұрынғы күндерімнің белгісі боп,
Бүгінде сурет қана сыр айтады.
Бірігіп ұшып едік, қона алмадық,
Бір үйдің ұлына жар бола алмадық.
Сен кеттің бір қиырға, мен де кеттім,
Кеттік те туған жерге оралмадық.
Сол үміт бізді бірақ, мәңгі алдады.
Сағыныш қана біздің жалғар жанды.
Бұл күнде балалық шақ баурайында
Балауса жүректегі арман қалды.
Сен де енді сүйіктіңнің төріне ендің,
Мен де бір шаңыраққа келін болдым.
Сағындым құрбым сені.
Жаным сыздап...
Сағынып жүрмін сені жерім менің!!!
Қара бала
Сон-а-а-а-у күндер...
Сағымдай бұлдыраған.
Сәби жүрек пәк еді мұң, күнәдан.
Еміс-еміс елесі естелік боп,
Көкжиекке көмілді құрғыр арман.
Балалық-ау!
Жаныма бермей тыным
Беймәлім бір бақытқа шөлдейтінмін.
Қиялымның кемесін мініп алып,
Келер күннің теңізін тербейтінмін.
Бір жүректі билеуші ем дара ғана,
Жылжыған жыл жанымды жаралады, ә!
Көмескілеу бейнеңмен көз алдыма
Кейде келе қаласың, қара бала...
Баурады екен бала ойды қандай тылсым?
Мейіріңді тек маған арнайтынсың.
Бар досыңды жаныңа жиып алып,
Біздің үйдің маңына ойнайтынсың.
Махаббат па?
Білмедім сиқыр атын,
Өзегімде өзгеше күй тұнатын.
Бала қыздың күнәсіз қырсықтығы
Сезімін сезбеген боп қитығатын.
Маған құшақ, білмеймін, жаятын кім?
Алыс күннің аңсаймын тоятын мың.
Ұпайымды түгендеп әрқашанда
Ұстазыма ұрыстырып қоятынмын.
Сезінбеппін сүйгенін, сағынғанын,
Аңғармаппын алда аппақ таңым барын.
Шалдуар ұл шашымнан тартады деп,
Шешем түгіл, әкеме шағынғамын.
Білмегесін бақ пен сор кезігерін
Бейкүнә сол сезімнен безіп едім.
Тал бойыма телмірген ту сыртымнан
Жанарының жылуы сезілетін.
Қаншама қаз қайтты екен салып әнін,
Қанша үйірді қара бұлт бағыма мұң?
Мен сонда ойнап жүріп от кешетін
Балалық бал күнімді сағынамын.
Сол жүректі билеуші ем дара ғана,
Жылдар жылжып жаныңды жаралады, ә!
Қиыр-қиыр кетсе де жолдарымыз,
Кейде сені ойлаймын, қара бала...
Әр таңдарға үміт іліп, арманыма беттейтін,
Мен құс едім туған жерге бір оралмай кетпейтін.
О, туған жер!
Аңсағанда жаным толқыр күй қандай?
Менің байтақ жүрегіме бар алабың сыйғандай.
Жүрегімде сенің әлі жазылмаған жырың бар,
Сенің барлық бұлағың мен құстарыңның үні бар.
Арлы деме, адам болса өз мекенін ұмытқан,
Сағынышсың мәңгі менің бауырымды жылытқан.
...Әлі есімде меніменен жарыса алмай жол қалған,
Қайтып келем асыл шақты сарыла іздеп сол маңнан...
***
Ұждансың мәңгі маған,
Үніңді ән ғып алам.
Қолыңды бұлғап үнсіз,
Қиырда қалдың, анам...
Әнімді үзбесе егер,
Жырыммен жүздесе бер!
Аңсатты мейіріңді
Мейірімсіз көшелер...
Бойымда қаның тулап,
Атып әр таңым жырақ.
Аялар маңдайымды
Алақан сағындырад...
«Жарығың» - жанған үміт,
Түндерде...
Таңға жуық.
Жүрмісің Жаратқанға
Мен жайлы жалбарынып...
Алғаш рет сені білдім.
Төрін ал көңілімнің.
Байлығы сен ғанасың
Жұтаңдау өмірімнің...
Жасын тамызып жетім күз жылғаға ескі,
Тырау құлатып төбемнен тырналар көшті.
Тағы бір өлең толқыды теңіз – кеудемде,
Тағы бір сезім жанымды тырналап өтті.
Сары мұң ұшты.
Сарғайды сағыныштарым.
Сары Күз айтты қадамда жаңылыс барын.
Жасыл көктемін жастықтың кезіп жүргенде
Жайдары күннің сезбейміз сабылыстарын.
Адал боп адам, батса да күнәға, мейлі,
Көкжиек көне қалпымен қызара берді.
Бабалар кешкен баяғы замандарда да
Бағзы көктемдер осылай ұзаған дейді...
Жаз кетіп, бәлкім, жатқанда атырап тоңып,
Көңілдің барлық көліне ақырап қонып.
Күздер келгенде қуарған өмір – теректен
Біздер де бір күн құлармыз жапырақ болып...
***
Сыймаса сендік ұғымға,
Сенбесең, мейлі, сен, мейлі.
Ақындар патшалығында
Жүректер ғана сөйлейді...
Тамылжып таңның нұрына,
Таласа гүлдер жаны, іші.
Ақындардың хандығында
Жүректер ғана әмірші...
Жалпыға таңсық емес-ті
Балаша қуанатыны.
Жабығып қалса себепсіз,
Жырымен мұңаятыны...
Ашылмас сырымыз демей
Ақтарсын десең, ал, тыңда:
Талай мінімді іздемей,
Танышы осы қалпымда.
Ұйқымды түндер ұрласа
Ұғынбас күй бұл мендегі...
Жүректің сөзін жырласам,
Жазғыра көрме, сен мені...
***
Жігіті – жайсаң, қыздары – керім,
Жерұйық.
Жақын жанға тым.
Айтылмай келген сырлы әнім едің!
Ажары айдай Алматым...
Өзіңсің куә сырлас таңыма
Жасырам сенен несін бұл?
Жап-жасыл сенің гүл бақтарыңда
Жастығым менің көшіп жүр.
Жайдары күннің салқындап әні
Жүздерден әрбір әр таяр.
Алматы жап-жасыл қалпында, әлі
Адамдар ғана қартаяр.
Көшеңде кешкен бұла кезімді
Көксеумен жаным бақ табар.
Сарсылтсаң-дағы, сірә, өзіңді
Сүймейтін пенде жоқ, шығар!
Жақұттай арбар жетегіне мың
Жерұйық.
Жақын жанға тым.
Алатауымның етегіндегі
Ажары айдай Алматым...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: автордың жеке мұрағатынан
А. Құлтай