Алтынғадыс Күнтуғанұлы: "Малынған қызғылт айдың түнге етегі"

Сөз – көңілдің үзіліп түскен тамшысы болса, өлең – шер толқытқан көңілдің мың сан күйі. Асылы, қасиетті сөз өнері кез келген пенде баласының басына бұйырмайтын бақ болса керек-ті. Қасиетті сөз дертін өз дертім деп ұққан ақынның адамзатқа айтары бар. Тәңірдің аманатын арқалаған аяулы ақын жүрегінің үніне құлақ түріп көрейік!

Алтынғадыс Күнтуғанұлы – 1997 жылы наурыз айының 1 жұлдызында Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында дүниеге келген. Орта мектепті Өлгий қалалық 6-мектебінен тамамдаған. Бүгінгі таңда С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 1-курс студенті.

 

 

 

 

Қазақ

Ақ боз үйдің түтіні билей ұшып биікке, 
Ұрлап кетті келмеске қасиетті мендегі. 
Далам қалды алыста мамық құндақ сүйікті... 
Болашаққа батты әне жалғыз сүрлеу белдегі. 

Шаңырақтан төгіліп көк аспанның ирімі, 
Үй ішіне шашылған қоюланып ымырттан. 
Іргедегі самалдан сан ой қаптап миды ірі, 
Тұлымыма сіңеді көңнің исі жыр жұққан. 

Көңнің иісі-ай, 
Биіктігім арқан бойы басқадан, 
Бір құдірет аңқып ұшқан өн-бойынан тым ғажап. 
Қойынымда бұрқырап жусан жұққан қош ғалам, 
Бауырымда қалғыған жұмыр таулар құм балақ. 

Көкшіл шыңның басынан құлай келіп күй емген, 
Етегімді басады екпеттеген сұр тұман. 
Керуен-Көш адасып бара жатыр иенге... 
Боз атанның бұйдасын қиыр шеттен қырқып ән. 

Шығыс көктен жабырқау Ай тамады, көл жүдеп, 
Мен жоғалып барамын жер бетінен не болмақ??? 
Киіз үйге түнейін қымыз ішіп соңғы рет, 
О, Уақыт аялда, алайын бір көңге аунап!?

Eclat

Жан-дүниемнің ішінен аңсар исі бұрқырап,
Жапырақтың жүзінен мұң саулайды бей түрлі.
Теріс қарап солқылдап жылағанда түнгі бақ,
Сары өлеңге бүркегем сағынышты бəйтімді.

Жылдар-елес зырғыған жол жиегін кеміріп,
Өкініштер жұлады өксіп-өксіп балақтан.
Ақ жаңбырдың иісі болдырғандай мені күп,
Күрсінеді көкжиек езуінен қан аққан.

Күрең бұта ішінен күз жұпары бетті өбіп,
Күннің нұры үміттің ұшқынындай ұғымда...
Қаламымның маңдайын тіреп тұрып көкке нық,
Жыр іздеймін белдерден, сары мұңым жұғынған.

Бар болымыс мендегі сағынышқа бөленген,
Бəрін қойшы, аңсаймын əтіріңнің иісін.
О, құдірет көктемгі сора-сора өлеңмен,
Күз мүрдесі кезіп жүр қорқынышты ми ішін.

Сені іздеп түндерде, ойым шарлап жер түбін,
Екеуміздің арамыз "түсінбестік" жеті қат.
Жүрек жайлы сөз қозғау, мына күзді өлтіру...
Өкпем үшін дəл қазір сатып алам ECLAT. 

Шаһар

Тынышсыздық... 
Шаһар іші - мұң мекені, 
Малынған қызғылт айдың түнге етегі. 
Үстелде парақ жатыр күйік шалған, 
Білтені ой қанаты тербетеді. 

Көшелер қуаң тартқан жүзі желден, 
Үрей жүр көз алдымда ізіме ерген. 
"Қара жазу" қараймын есімімді, 
Уақыт парағында тізім өрген. 

Есі шыққан сөйлемдер жеріп мүлде, 
Сыбырлаймын ешкімге, желіктім бе?! 
Сені еске салады кəрі Шаһар, 
Жаны кіріп іштегі өліктің де. 

Қалам тайып сиядан, өлең құлап, 
Тас жолдардың бойында келем жылап... 
Қайыршы сағат сұрап отыр əне, 
"Уақытты кім біледі?" Менен сұрақ. 

Осылай ойға батып түн қақалды, 
Көмейіне сөздедің мұң тақалды. 
Сені жақсы көргізіп алыстатқан, 
Жек көріп кеттім қазір бұл Шаһарды.

* * * 
Ақ аяздың қызыл бетін шымшылап, 
Күн демінен ұлып ұшты мың шуақ. 
Қар жауып тұр жанарымда, қап-қара, 
Кірпігімді қыршып ап... 

Түсін мені қар жауып тұр қап-қара, 
Ақ қайыңдар дірдектеген, бақ - нала... 
Көктем көркі көшіп кетіп санамнан, 
Күзден қалған дақ ғана. 

Ессіз түндер оқтап ылғи жебесін, 
Мұң ішумен өртеді таң өңешін. 
Соңғы жапырақ саулатады жүзінен, 
Өткен күннің көкмет күлген елесін. 

Жанды мүжіп іштегі аңсар, шөкім дем... 
Түн неге ылғи қаға берді бетімнен!? 
Құм сағатқа кептелсе де жүрегім, 
Енді ештеңе ойламауға бекінгем. 

Тізбектеліп түн қолында көген- мұң, 
(Арасынан адасамын көп өңнің...) 
Жұмыр -ау, кірпігімнен сырғыған, 
Қақ тілініп қанатына өлеңнің.

Гипност

Көктем келер кешікпей жазым жақын, 
Жапырағын қайта төгер аңғал күз. 
Əуелеген қобыздың сазына шын... 
Жұмыр етте мекендеген сен жалғыз. 

Шырқауменен қартаяды-ау жан – əнім, 
Мойралар да ойнап жүрер жазумен. 
Сені сақтап түкпіріне сананың, 
Қайта жетем əр көктемде қаз үнмен. 

Ой асырап еңсерермін ғасырды, 
Ұзақ түнде шаншып шықты жүрегім. 
Ақ параққа шашып төгіп жасымды, 
Өлеңімнен жасап алдым, 
Бір ем – үн. 

Көкжиектен күрең - мұңым гүл атып, 
Кештер ылғи ой ұшында налытқан. 
Біз жандармыз Тюхэні жылатып, 
Эрот Құдай жебесіне жолыққан.

***

Көз алдымда өлең отыр жанарына мұң тұнып... 
Қаламымның иегінде көгершін хат шылқылы. 
Отқа оранып ойым кетті қанатында ауаның, 
Аспан үнсіз, Айдың беті күп боп іскен, 
Күлкілі... 

Естіледі үнсіздіктен үрккен ұйқы сазы анық, 
Таста бəрін, 
Өмір жайлы, 
Өлім жайлы жазалық!? 
Қап-қара қар... 
Дидарының ұяты өлген қара түн, 
"Аппақпын" деп мамық тұрды алақанда сазарып. 

Білте тілі қоя түннен қан аралас жалап нəр, 
Уақыттың сүйіктісі "Ұлымын" деп Ар аттар. 
Өлген сөздің мүрдесіне ұзынынан оралған, 
Бірін-бірі өртеп жатыр, сан мертіккен парақтар. 

Ақиқаттың ұшқынынан өңін жойып сағым із, 
(Қара жолмен шуап кеттік қайтпас жаққа бəріміз) 
Қалжаурадым, жүрегіме маза болар жер тауып, 
Кел де, мені алып кетші Дəрі – Күз! 

Көз алдымда өлең отыр жанарына мұң тұнып...