"Алты алашқа тәж қала" (Астана туралы өлеңдер)

Еліміздің бас қаласы, елордамыз Астана қаласы жыл санап гүлденіп, өркендеп өсіп келеді. Бүгінде бас қаламызда Халықаралық EXPO-2017 көрмесі өтуде. Бұл еліміздің дамығандығының белгісі. Астана 19 жылда танымастай өзгерді. Гауһардай жанған Астананы ақындар қауымы жырға қосып келеді. 6-шілде – Астана күні. Атаулы күнге орай ақындардың елордаға арнаған өлеңдер топтамасын ұсынамыз. 

Жаңа Астана

Анау жақтан мойнын созып Көкше шың, 
Санап тұрар әрбiр үйдiң текшесiн. 
Әр күн сайын бара жатыр ұзарып, 
Көшелерiң тық-тық басып өкшесiн. 

Самал желi бұйра талды тарайды-ай. 
Түнгi шамдар-ұжмақтағы арайдай. 
Түнгi Астана сұлулығын қызықтап, 
Оңға, солға шығып көрiп қарайды Ай. 

Көк құрақтар Есiл суын көмкерiп, 
Бойжеткен үй суға көзiн төңкерiп. 
Көшелерден түрегелген фонтандар, 
Қызғалдақтың күлкiсiне өртенiп. 

Көрiктiден көркi артса неше есе, 
Сөнiп қалған оттарымды көсесе. 
Шiркiн, деймiн, мына жерге әкелiп, 
Есiм ханның ескi жолын төсесе. 

Есiлiмнiң көше сынды айдыны-ай! 
Сол көшеге төгiлетiн ай нұры-ай! 
Қасым ханның қасқа жолы бiр көше, 
ол да жатса туралықтан айнымай. 

Ұлы елiң сенiм артқан гүл-өңiр, 
Сол жолменен сен де тура жүре бiл. 
Дiлi менен тiлiн сақтапбабаның, 
Тура жолмен келе жатсын ұлы өмiр! 

Оңайгүл Тұржан 

*** 
Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам, 
Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам! 

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам, 
Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам... 

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам, 
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам! 

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам, 
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам. 

Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам, 
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам. 

Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам, 
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен Астанам... 

Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?! 
Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?... 

Гүлнар Салықбай 

Астана метаморфозасы

(үзінді)

...Әр қаланың болады екен өз жаны!
Һәм
сүйегі,
қаны, 
ары, 
ожданы,
санасы мен сезімі де,
мұңы да,
ордалы ойдың орманы мен сөз бағы!
Арманы мен үміті де,
Сенімі,
Қасиеті мен киесі де – ең ұлы!
Туады олар,
Өседі олар,
Өледі,
Қала өмірі – халықтардың өмірі!
Ал өлімі – өркениеттер өлімі!

Жаяу – жалғыз,
Ат үстінде – көппіз біз!
Топырақпыз, желміз, сумыз, отпыз біз!
Сақта, Тәңір,
Жазмышты сөкпедік,
Заманаға тіл тигізген жоқпыз біз!
«Бар бол!» дедің...
Біз бар болдық,
Өрледік,
Шер де кештік,
Кер де кештік,
Өлмедік.
Малымыздың санын – даламен өлшедік,
Баламыздың басын санап көрмедік.
Айбатымыз – сыртқа,
Ішке – қайраты,
Халық болдық, 
Қазыққа ат байладық.
Қобыз аршып, 
қоңыр домбыра һәм жебе
жондық,
Қылыш қайрадық.

Сақта, Тәңір,
Әлһамдулләх, көппіз біз!
Домбырамыз, алдаспанбыз, оқпыз біз!
Дәуірлерді тежемедік,
Жоймадық,
Адамзатқа зиян қылған жоқпыз біз!
Сүйдік бәрін!
Бауыр дестік,
Аталы
Сөзге қонақ,
Тұрақ бердік баталы.
Анамыздың бауыры – кең жайлаудай,
Атамыздың қырық көш жер шапаны.

Жер бетінен жойылуға шақ қалып,
Тұрғанда да,
Аманатты ақтадық.
Қуғын көрдік – қанымызды бұзбадық,
Атылдық біз – арымызды сақтадық.
Бір қыранға қайран қылмас көп құзғын,
Шетін кетпей, шектен шықпай, шеп бұздым!
Біздің тарих ардан ғана тұрады,
Ұялатын ештеңеміз жоқ біздің!

Сақта, Тәңір!
Сақпыз,
Ғұнбыз, 
Түркіміз,
Тұранда өскен тұлпар тектес тұрқымыз!
Ер Тоңғаның,
Тоныкөктің,
Тұмардың,
Әз Тәукенің,
Абылайдың жұртымыз!

Сөз киесін,
Ой салмағын,
Жыр құнын,
Қасиетін білдік дала ғұрпының,
Көшпендінің қара шаңырағымыз,
Отанымыз үш жүз миллион түркінің!

Қоныс қарап,
Қанша қала тұрғыздық,
Көшін бастап,
Керуенін жүргіздік.
Дұшпандарды талтаңдатып қашырдық,
Досымызды алшаңдатып кіргіздік!

Қақ маңдайда Хақ Тәңірдің оты бар,
Таңдайымда – түркілердің даты бар!
Тараз, 
Сайрам, 
Баласағұн, 
Алмату,
Сүяб, 
Сауран,
Сарайшық пен Отырар –
Қала салған бабалардың шырағы,
Түн ғасырын жарық етіп тұрады.
Көк кесене, 
Түркістан мен
Сығанақ, 
Бозоқ,
Сүткент – тарихымның тұмары!

Содан бері қанша дәуір алмасты,
Қанша кезең кезеңдерге жалғасты.
Қанша қала құм көшкенде – жұтылып,
Қанша кітапханаларды шаң басты!

Сақта, Тәңір,
Сақпыз,
Ғұнбыз
Түркіміз,
Дәшті Қыпшақ,
Дін Исламның кіртіміз!
Әл-Фараби,
Яссауи,
Һәм Махамбет,
Бұқар,
Абай,
Жамбылдардың жұртымыз!

Бер Тәңірі!
Тәңір берген текті жұрттың даласын,
Алтай менен Атыраудың арасын,
Алатау мен Шыңғыстаудың арасын,
Кең жайлаған күллі қазақ баласын,
Қосатындай бір биік,
Ғасырлардың іште кеткен наласын,
Ғасырлардың іштен біткен жарасын,
Достардың да аласын,
Дұшпанның да табасын,
Басатындай бір биік,
Дүниеге әр қазақтың кесімін,
Дүниеге әр қазақтың шешімін,
Дүниеге әр қазақтың есімін,
Дүниеге әр қазақтың есігін,
Ашатындай бір биік 
Қала туды!

Ғасырларды жарып шыққан жан жайлы,
Қараңғыны қарып шыққан таң жайлы,
Қара қазақ – қайыспаған нар жайлы,
Һәм
Ар жайлы дастан еді бұл қала!
Көкіректен тарқатылған шер жайлы,
Көкірегін қалқан қылған ер жайлы,
Жарасынан енді айыққан жер жайлы,
Һәм 
Сұңғыла ел жайлы дастан еді бұл қала!

Әр ғасырға бір-бір таудан жидырып,
Әр жылдарға бір бөрене идіріп,
Әр күндерге бір-бір кірпіш құйдырып,
Әр сағатқа бір шатырын жаптырып,
Әр минутқа бір-бір шеге қақтырып,
Әрбір сәті дайын тұрған сап құрып,
Туды дағы өсе берді гүл қала,
Әр сәт сайын Бәйтерегі ырғала,
Әр қазақты айналдырар тұлғаға,
Тұлғалықтың дастаны еді бұл қала!

Сақта, Тәңір!
Әлһәмдулләх, көкпіз біз!
Бәйтерекпіз, Самұрықпыз, доқпыз біз!
Көзімізді жоғары ұстау үшін де,
Сөзімізді төмен айтқан жоқпыз біз!

Паң Астана,
Патша Астана,
Өр болған,
Мыңжылдықтың қолындағы мөр болған,
Алты құрлық салтанаты өзінде,
Алты алашқа төр болған,
Ақын қала,
Аппақ қала,
Әз қала,
Кербездене, бой түзейді наздана,
Алты құрлық аңсары бір өзінде,
Алты алашқа тәж қала!
Биік қала,
Бекзат қала,
Бақ қала,
Сен – Астана ғұнға, түркі, саққа да,
Алты құрлық назары бір өзінде,
Алты алашқа тақ қала!

Бер, Тәңірі!
Қала туды!..
Туады,
Туады әлі заманалар шуағы,
Тұрады әлі – 
Бір қаланың өзінде – 
Отыз миллион ұлы қазақ тұрады!..
Тұрады әлі,
Тұран – елдің бір аты,
Құзар шыңға қол созатын құлаты,
Мен арманшыл бір бала едім,
Арманым – 
Үш жүз миллион Ер Түркінің мұраты!..
.................................................................

Ерлан Жүніс

Астана

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам, 
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған. 
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым, 
Бермеген ел намысын жатқа қолдан. 

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған, 
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам. 
Баянды бақытымның бастауындай, 
Айналдың Астанаға аппақ арман… 

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана, 
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа. 
Сұрланып сырт айналған суық көздер 
Қарайды әлі саған сәл қызғана. 

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы, 
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады. 
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің, 
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы. 

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын, 
Қашан да еркіндіктің құны басым. 
Керіліп кербез далам көсіледі, 
Сезініп бостандықтың шұғыласын! 

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам, 
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам. 
Бірлікті байрақ етіп болашаққа, 
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған! 

Қалқаман Сарин